Бизнес бастағыңыз келсе...
qarmaqshy-tany.kz Кез келген кәсіп – маңдай тер, тынымсыз еңбектің жемісі. Ынтамен алға ұмтылып, жеке кәсіпті жігерлі түрде жетілдіріп отырғандар қаншама. Мемлекет бюджетінің де осы кәсіпкерлік саласынан түсетін салық арқылы жасақталатыны анық. Түлкідей бұлаңдаған нарықты тазы болып шалғандар – бүгінгі ірі бизнес өкілдері. Уақыт ағымына қарай бейімделген жұрт, кәсіп ашуға пейілді. Шағын дүкендермен интернет арқылы табыс тауып отырғандар да көптеп кездеседі. Бірі –азын-аулақ еңбекақыны еселегісі келсе, енді бірі – декреттік демалыста отырып, қосымша табыс табуды ойлайды.
Жалақыдан келесі жалақы алғанша ақшасын жеткізе алмай жүргеннен жеке кәсіп ашып, өзіңе өзің жұмыс істегенге не жетсін. Бүгінде елімізде қарапайым қызметкерден гөрі бизнес жүргізуге қызығушылық танытатындардың қатары көбейіп келеді. Дегенмен көпшіліктің бизнес ашуға ниеті болғанымен біліктіліктері мен қаржының жетіспеушілігі кедергі келтіріп жатады. Сондықтан, мамандардың айтуынша, ең алдымен жеке кәсіп ашу үшін идеяны пісіріп алу керек. Көздеген бағытыңыз қандай, оған әлеуетіңіз, төзіміңіз бен уақытыңыз жеткілікті ме? Міне, осы секілді сан сауал туындайды.
Біздің елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп. Осыған орай түрлі бағдарламалар да қолға алынған. «Даму» қоры, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, жергілікті жердегі кәсіпкерлік бөлімдері бар. Осылардың барлығы – халықтың кәсіп ашып, күн-көрісін жөндеп, әл-ауқатын жақсартуына көмектесу, қолдау үшін құрылған. Мақаланы жазудағы мақсатымыз – оқырманға ой салу, енді кәсіп ашып, табыс табудың мүмкіншілігін қарап, ізденіп жүрген азаматтарға бағыт-бағдар беру.
Кәсіпті жаңа бастауға ниеттілер үшін бүгінде жер-жерде түрлі семинарлар өткізіліп тұрады. Халықты жұмыспен қамтуға қатысты елімізде бірнеше бағдарламалар қабылданған. Нәтижелі жұмыспен қaмтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Жеке кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетемін деушілер үшін мемлекет тарапынан қолдау жетерлік. Өзінің жеке ісін бастауды жоспарлап, жобасын сызып жүрген еңбекке құштар, озық ойлы адамдарды қолдау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүйелі жұмыс істеп жатыр.
Кәсіп ашамын дегенді оқытады, бизнесті бастаудың қыр-сырын түсіндіреді. Кейін курсты тәмамдағандарына қолжетімді пайызбен шағын несие, қайтарымсыз грант та береді. Оны алатын адамға қойылатын басты талап жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер болуы шарт. Оған қоса, бизнес бастау курсын оқуы керек.
– «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және олардың құқығын қорғайды. Айталық, бізге «Кәсіп ашайын деп едім. Мынадай-мынадай ойларым бар» деп бір азамат келді делік. Идеясы бар, алайда тәжірибесі мен қаражаты жоқ. Біз оған бизнес-жоспар жасауға көмектесеміз, несие алудың жолдарын түсіндіреміз. Істі бастаудың мүмкіндіктерін бірге талқылаймыз, мемлекеттік органдарға тапсыратын құжаттарын дайындаймыз. Егер органдар тарапынан қандай да бір кедергілер мен келіспеушіліктер туындаса себебін анықтап, кәсіпкердің құқығын қорғап, көмектесеміз. Кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беретін семинар, курстар бар. Соларға жібереміз. Осының барлығы тегін жасалады. Қазіргі таңда облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан қайтарымсыз мемлекеттік гранттың екі түрі бар. Біріншісі – 1 225 000 теңге. Бұл грантты алу жолдарын білу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына, кәсіпкерлік бөлім мен палатаға келе алады. Ал екіншісі – 2-5 млн арасындағы грант. Бұл грант түрі облыстық бюджет арқылы жүргізіледі. Ол облыстағы туризм және кәсіпкерлік басқармасы негізінде жүзеге асырылады, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының төрағасы Алмат Өтегенов.
Мамандардың айтуынша, көпшілік мемлекеттік бағдарламамен кәсіпкерлік негіздерін оқытатын курстарға қатысып, түрлі тренингтерді тыңдайды. Өздерін бизнесте сынап көруді армандайды. Алайда, сол ойларын іске асыратындар сирек. Бизнеске батыл қадам жасау идеяға келіп тіреледі. Ойлаған идеяңыз алдымен өзіңізге ұнауы қажет. Бүгінгі қоғамды ештеңемен таңқалдыра алмайсыз. Ақиқаты – осы. Тек, ерекше сұранысқа сай кәсіпті таңдаған дұрыс. Өйткені, нарықтық бәсекеге төтеп берудің төте жолы – осы. Бірді екі етем деп жүріп, адалдықтан айнымай, жауапкершіліктен жалтармағанның ісі берекелі болмақ. Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсететін барлық кәсіп түрлері бар. Атауы бір болғанымен, қызмет көрсетуі әрқалай. Тұтынушының да талғамы жоғары. Оны да ескерген абзал. Ниеті түзу, ерінбейтін, ынталы жастар қатары көп. Олар тың идеялармен алға қойған мақсаттарына жетуде аз ұйықтап, көп ойланады. Қолда бар азын-аулақ қаражатты қажетіне жаратып, алдағы күнкөріс көзі ретінде көре біледі.
– Кәсіпкер болғысы келетін адамның кәсіпкерлік негіздері туралы шамалы болса да білімі, кәсіптің қыр-сырын біліп, салық түрлерінен хабардар болғаны жөн. Сонымен қатар алғырлық, ізденімпаздық қасиеттер, өзге адамдармен келіссөз жасай алу қабілеттері қажет. Мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпке байланысты жаңадан шығып жатқан өзгеріс туралы мониторинг жасап отырғаны өзіне пайдалы болмақ. Кәсіпкер болу оңай емес әрине. Алайда кәсіпкер өзін ғана жұмыспен қамтып қоймай, өзге де адамдарға жұмыс береді. Кәсіпкер болу – жергілікті жердің экономикасының жетілуіне, халықтың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік беретін үлкен қозғаушы күш, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының төрағасы Алмат Өтегенов.
Сондай-ақ, жеке бизнесті ашуда ең маңыздысы – жүйелі бизнес-жоспар құру. Шағын кәсіпкерлікте әр қадамды, жұмсалған қаражатты жазып отырсаңыз, іс жүйелі, қаржы үнемді болады.
Жаңа кәсіпті бастау үшін уақытты тиімді пайдалану, ерте тұру, кездесулерге кешікпей бару өте маңызды. Орынсыз қарызға кіру, несие алу жаңадан құрылып келе жатқан бизнеске кедергі болады, оны тұрақты жүргізуге алдымен жаттығу керек. Өз кәсібін сүю, өзін-өзі қамшылау, күнделікті алға ұмтылу, өзіне-өзі сену кәсіпкерді жүйелі арнаға салып, мақсатын айқындай түседі. Өз ісін жақсы көру, уақыт пен қаражатты пайдасына жұмсай білу, жетістікте өмір сүру, биік мақсаттарды бағындыру – сәтті құрылған бизнестің жемісі.
«Көз қорқақ, қол батыр» деген. Тек идея, ынта болса, қалғаны қиын емес. Кәсіпкер көбейсе, халықтың әл-ауқаты, тұрмысы жақсарады. Сондықтан да кәсіп ашуды көздесеңіз, қорықпай алғашқы қадамды жасағаныңыз абзал.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ