«Іскер ана» орталығының бизнес инкубаторы алғашқы түлектерін қанаттандырды
Өтіп бара жатқан жыл өз қиыншылықтарымен келсе де, өмір жалғасын тауып жатыр. Бір кәсіп бастап, өнер үйренуге ұмтылғандар қашан да жолын табады. Мәселен, Алматыда көп балалы аналарға қолдау көрсету мақсатында өңірлік «Бақытты отбасы» орталықтарының базасындағы «Іскер ана» бағдарламасы да көп іс тындырып отыр. Мұнда оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытады.
Биыл Алматының көп балалы аналары кәсіп ашу үшін 406 млн теңгеге дейін грант алды. Сол сияқты «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы жобасы іске қосылып, мүгедек жандарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақсатында алғаш рет Ten qogam әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Жыл соңына қарай, Алматыдағы «Іскер ана» орталығының Медеу ауданында орналасқан жалғыз бизнес инкубаторы алғашқы түлектерін қанаттандырды. Алдымен «Іскер ана» орталықтары қаланың барлық ауданында жұмыс істеп тұрғанын, бірақ Медеу ауданының артықшылығы әлеуметтік бизнес бастау атауына ие болғандықтан, 4 модуль бойынша әйелдерді кәсіпкерлікке оқытатынын атап өту керек. Бизнес инкубатордың алғашқы түлектері бір жыл білім алды. Енді қабылданатын топтар жарты жылдан оқитын болады.
«Бақытты отбасы» орталықтары көп балалы әйелдердің әлеуметтік тұрғыда алға жылжуына қаржылай емес қолдау көрсету мақсатында құрылған еді. Ал Медеу ауданының «Бақытты отбасы» базасында құрылған бизнес-инкубатор қабырғасындағы қолдаудың бұл форматы жас кәсіпкер аналарға жұмыстағы тәуекелдерді азайтуға, клиенттер тартып, табысқа жетуге көмектеседі.
Әлеуметтік инкубатор – Медеу ауданы әкімдігінің қолдауымен тегін қамтамасыз етілген, әр әйелге арналған жеке бөлмелері бар, кездесулер мен білім беру іс-шараларын өткізуге арналған кеңсе алаңы, кәсіпкерлер, үкіметтік емес сектор мен жергілікті билік арасындағы әлеуметтік серіктестіктің қанатқақты жобасы. Әйелдердің кәсіпкер ретінде өсуінің тамаша бір айғағы – бизнес-инкубатордың екі қатысушысы 505 мың теңге стартап-гранттан бөлек әрқайсысы 2 млн теңге көлемінде екінші мемлекеттік қолдауға ие болды. Әйелдер өздерінің жаңа жобаларында осы инкубатор аясында одан әрі ынтымақтастықты біріктіруді көздеп отыр.
2020 жылы 15 меморандумға қол қойылып, олар инкубатордың тұжырымдамасын әрі қарай дамытуға септесті. Әлеуметтік инкубатордың ендігі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарын табысқа құлшындыра отырып, осы арқылы өмірлік қиыншылықтарды жеңіп шығуға ықпал ету. Бұл үшін олар кәсіпкерлерге идеялық кезеңнен бастап тұрақты позицияны қалыптастыруға дейін қолдау көрсетеді. Іс бастаған қыз-келіншектер бизнестің қыр-сырын меңгереді.
Бүгінгі түлектер шамамен 10 млн теңгенің өнімін сата алды. Түлектер – бұл көп балалы аналар, олардың арасында бастапқыда АӘК алушылары болған. Бұл қыз-келіншектер жеке кәсіп ашқаннан кейін АӘК-тен бас тартып, өздері де табыс таба бастады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар да бар.