» » Мемлекет қаржысының сақшылары

Мемлекет қаржысының сақшылары

qarmaqshy-tany.kz Елдің әлеуетін арттырып, экономикасын дамыту жолында әрбір маманның еңбегі ескеріледі. Кез келген жұмыс, әр мамандықтың абыройлы болуы адамзаттың өз жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен, ынта-жігерімен қарауына тікелей байланысты. Қазақ халқының «Мамандықтың бәрі жақсы, ең бастысы – оны игере біл, игілікке пайдалануға жол аш» деуі де сондықтан.

Тәуелсіз ел атанғанына 30 жылдан енді асқан Қазақстанның алпауыт мемлекеттермен қатар тұруы үшін қаржы саласының орны бөлек. Көпшілік үшін қиын мамандық саналатын қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде тиімді жоспарлап, мақсатты пайдаланып, игеріп, ел экономикасының ілгерілеуіне күш салу.
Ел егемендігін алған соң небір кезеңнен сыналып өткен қаржы саласы жаһандану дәуіріне қадам басып, жаңа реформалар құрды. Бұл жылдары қаржы саласының ең үлкен жаңалығы – төл теңгеміздің теңгерімге енуі болатын. Нақтырақ айтсақ, 15 қараша күні Президент Жарлығымен ұлттық валюта – теңге айналымға шықты. Бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын әріптермен жазылған күн. Елімізде төл теңгеміздің енгізілуі ұлттық нарықтық инфрақұрылымды жасауға, өзіндік қаржы-несиелік және бюджеттік-салық саясатын жүзеге асыруға және реформаның алғашқы жылдарында тиімді саяси экономикалық тұрақтылыққа алып келді. Кейіннен Ұлттық валютамыз шыққан күн қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атанды. Бұл күннің таңдалынып алынуы да бекер емес. Себебі мереке ұлттық валютаның пайда болуының бастауында тұрғандардың еңбегін еске алуға және еліміздің қаржы жүйесінің қазіргі қызметкерлерінің лайықты еңбегін атап өтуге мүмкіндік береді.
Қаржыны тиімді жоспарлау, ауданның жылдық қаражат көзіне талдама жасай отырып, барлық саланың қажетті жылдық қаражатын тиын-тебеніне дейін есептеп, жоғары уәкілетті органдардан, облыстық және республикалық қазынадан бөлінген қаражатты жылға жоспарлау аудандық қаржы бөлімінің басты міндетіне кіреді. Осынау айтулы кәсіби мереке қарсаңында оларды назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Сол себепті аталмыш бөлімнің тарихы мен жеткен жетістіктеріне тоқталуды жөн көрдік.
Аудандық қаржы бөлімі 1922 жылы құрылған. Осы құрылған уақыттан бастап 1940 жылдар аралығындағы уақытта қаржы бөлімі туралы ешқандай құжаттар архивте сақталмаған. 1940 жылдан бастап сақталған архивтік құжаттар – бұйрық кітаптары мәліметтері арқылы анықталған мағлұматтар бойынша 1940-2016 жылдар аралығында аудандық қаржы бөліміне 15 кісі басшылық еткен.
Мәселен, 1940-1942 жылдар аралығында Ж.Тәжібаев, 1942-1943 жылдары Қойбергенов, 1943-1944 жылдары Аманов, 1944-1946 жылдар аралығында қайтадан Ж.Тәжібаев, 1946-1948 жылдар аралығында Иманов, 1949-1950 жылдары М.Жолымбетов, 1950 жылы Ә.Мұғалов, 1951-1956 жылдар аралығында Фатыхов, 1956-1963 жылдар аралығында А.Әділбаев, 1963-1965 жылдар аралығында К.Қойшығұлов, 1965-1968 жылдар аралығында С.Сүлейменов, 1968-1970 жылдар аралығында Ж.Тұрмаханов, 1970-2001 жылдар аралығында Ә.Сыдықов, 2001-2004 жылдары Т.Ильясов, 2004-2013 жылдары З.Метерова, 2013-2016 жылдары А.Байсыновтар басшылық жасаса, 2016 жылдың маусым айынан бастап М.Бекенов басшылық жасап келеді.
Аудандық қаржы бөлімі алғашқы құрылған жылдары оның құрамында қаржы, салық және мемлекеттік сақтандыру салалары болған. Алайда олар уақыт ағымына, қабылданған өзгерістерге орай бөлініп шыққан.
Аудандық қаржы бөлімі өзіндік тарихы бар мемлекеттік мекеме. Халыққа танымал болған, халық сыйлаған қатардағы және басшы мамандардан соғыстан кейінгі жылдары қаржы саласында Хан Володя – аға бюджет инспекторы, А.Цой – аға кірістер инспекторы, Н.Ким – бас есепші, Қ.Жәнібеков – аудандық ревизор, Қуанышбек Дәрібаев – қаржы бөлімі бюджет инспекциясының бастығы – меңгерушінің орынбасары қызметін атқарған тұлғалар да бар. Сондай-ақ бұл қатарды сол кезде финагент болып қызмет атқарған Апенді Маханов, финанс инспекторы Әбдіраш Мұғаловтар да толықтырады. Әсіресе соғыстан кейінгі дәуірде аудандық қаржы бөлімінің жұмысын жандандырып, беделін көтерген жоғарыда аталған кісілер екендігі тарихтан белгілі. Қаржы бөлімін 30 жылдан астам уақыт басқарған Әбділәмит Сыдықов та аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосты.
Сондай-ақ аудандық қаржы бөлімінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан Р.Ізкенова, А.Қаналиева, Б.Сланова, Ә.Қалабаева, З.Метеровалар бүгінгі күнде жастарға қамқоршы, тілеулес болып отырған ақ жаулықты әжелер.
Ал қазіргі таңда бөлімде 4 штат бірлігінде мемлекеттік және 3 келісім-шарт негізінде 7 қызметкер жұмыс атқаруда. Жалпы қаржы бөлімі – жергілікті атқарушы органдар саласында бюджетті атқару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және коммуналдық меншікті басқаруда басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.
– Бүгінгі күні аудандық қаржы бөлімі қаржы, мемлекеттік коммуналдық меншікті басқару, жекешелендіру саласындағы жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар аудан бюджетінің атқарылуына талдау жасайды, есебін жүргізеді, қабылдайды, түсімдер мен шығыстар бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарларын жасайды, бекітеді, өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне, олардың бағынысындағы мемлекеттік мекемелердің бюджеттік бағдарламаларында көзделген іс-шараларды жүргізумен байланысты міндеттемелерді қабылдауға рұқсаттар береді, өз құзыреті шегінде коммуналдық меншікке иелік жасайды, жекешелендіру бағдарламаларын іске асырады. Жалпы бөлімге жүктелген міндет те, сенім де мол. Бастысы бөлім қызметкерлері артылған сенімнің үдесінен шығу үшін аянбай қызмет ете береді, – дейді бөлім басшысы Марат Бекенов.
Негізінде қаржы ісі ерекше әзірлікті, жоғары білімді, өмірлік тәжірибені, кәсіби өсімді, тың жаңалықты игерудегі басымдықты, шынайылықты қажет етеді. Толағай табысқа бастайтын ілкімді істерді жүзеге асыруға аудандағы қаржы мекемелерінің тәжірибелі, өз ісіне берік, білікті қызметкерлері осындай қомақты үлесті қосып келеді. Мерейлі мереке қарсаңында істеріне сәттілік тілейміз. Себебі дұрыс жоспарланған қаржы – аудан әлеуетінің артып, өңіріміздің өркендеуінің бірден-бір кепілі.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
15 қараша 2022 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031