Жастардың жетекшісі
ҚАЗІР БАРЛЫҚ ТІРЛІК ҚАРЖЫ САЛАСЫМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ. ЖАЛАҚЫ АЛУ, АҚША САЛУ, НЕСИЕ РӘСІМДЕУ, ДЕПОЗИТ АШУ, АЙТА БЕРСЕҢ КӨПТЕГЕН ҚЫЗМЕТ ТҮРІН КӨРСЕТЕТІН САЛАНЫҢ ЖҰМЫСЫНА ЖҮГІНБЕЙТІНДЕР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ. АУДАНДА КЕЗ КЕЛГЕННІҢ ОСЫ БАҒЫТТАҒЫ ӨТІНІШ-ТІЛЕГІН ҚАНАҒАТТАНДЫРЫП, ШАРУАСЫН ШАРШАТПАЙ ШЕШІП БЕРЕТІН НҰРБОЛ, РУСЛАН, БЕКЗАТ ЕСІМДІ ҚАРЖЫГЕРЛЕРДІ ТАНЫМАЙТЫНДАР КЕМДЕ-КЕМ. ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЕЛДЕН АЛҒЫС, КӨПТЕН БАТА АЛЫП ЖҮРГЕН ЖАННЫҢ БІРІ – НҰРБОЛ ҮСЕНОВ ТУРАЛЫ ҚАЛАМ ТЕРБЕУДІ ЖӨН КӨРДІК.
Н.Мұқашұлы – Жосалы кентінің тумасы. №121 мектепте үздік оқығаны үшін оны 5 сыныпта №27 дарынды балалар мектебіне ауыстырған. Онда математика пәнін терең меңгерген. Нұрболдың білікті экономист болуына ұлағатты ұстаз Дәмелі Жалғасбаева мен сынып жетекшісі, математика пәні мұғалімі Аманкүл Ақжігітованың еңбегі зор. Мектеп бітірген соң қалаған оқу орнына түсе алмаған бозбала ветеринария саласына бет бұрып, мал дәрігері мамандығын алып шығады. Кейін алған бетінен қайтпаған ол жүрек қалаған қаржыгер мамандығын меңгеріп, еңбек жолын «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Байқоңыр өңірлік филиалының Қармақшы аудандық бөлімшесінде кассир болып бастайды. Банк саласындағы бақылаушы-кассир, аға менеджер сынды сатылардан өтіп, 2013 жылдан бері №4 дербес сервис орталығы басшысы қызметін атқарып келеді. Жұмысқа жауапкершілігі мен біліктілігі, тәжірибесі ескеріліп банк басқармасы, филиал басшысы, аудан әкімінен бірнеше рет мақтау алған.
Нұрбол Мұқашұлының анасы Ағлима Томанова зейнетақы төлеу орталығында қызмет етіп, зейнет демалысқа шыққан еңбек ардагері. Қаржы саласындағы бар білгенін баласына үйреткен ана – өнегелі әже. Немерелерінің сабағын қадағалап, олардың тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Нұрболдың зайыбы Салтанат аудан әкімдігінде есепші. Екеуі 3 қыз өсіріп отыр. Жібегі №250 мектеп-лицейдің үздік оқушысы болса, небәрі 4 сыныптағы Дарина таэквондодан «Көк белбеу» иегері. Облыстық, республикалық турнирлердің жеңімпазы. Бос уақытын балаларына, отбасына көбірек арнайтын әке – ортасын ұйыта білетін абыройлы азамат. Ұжым болып апта сайын футбол ойынына жаттығып, «Халық банкі» атынан түрлі додаларға қатысады.
– Орталықта 10-нан астам өз ісінің мамандары аудан халқына қызмет етеді. Біз кәсіби мерекемізді жыл сайын ұжым болып қарсы алып, атап өтеміз. Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енуі тәуелсіз Қазақстанның өзіндік нарықтық экономикасын қалыптастыруына жол ашты. Елде банк жүйесі құрылып, дамыды. Төл теңгеміздің қабылданған күні – қаржы саласының бойына да қан жүгіртті. Ұлттық валютамыз ел тәуелсіздігінің нығаюына, егемен елдің қаржы саясатына орасан ықпал жасады, – дейді Нұрбол Үсенов.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ