» » БАЙҚОҢЫРДЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫСЫ

БАЙҚОҢЫРДЫҢ ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫСЫ

Тарихқа көз жүгіртсек, 1955 жылы алғашқы іргетасы қаланған осы Байқоңыр қаласы мен ғарышкерлер алаңын салуға  Кеңес Одағы құрылысшыларымен бірге қазақстандықтар да, оның ішінде киелі Қармақшы өңірінің азаматтары да еңбек сіңірді.Солардың бірі де бірегейі, бейнетті жылдардың зейнетін көріп отырған ардақты азамат Сағидулла Ршауов.
Иіркөл ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысында Сталинград қаласы маңында неміс фашистерімен өткен қанқұйлы ұрыста қаза болған Ршау ақсақалдың ұлы, Зинегүл анамыздың тылда «Барлығы да Жеңіс үшін, барлығы да Майдан үшін» ұранымен қыста таңның атысы мен батысында ауыл фермасында сиыр сауған, жаз-күз айларында егін егіп, өгіз арбамен қалаға астық тасыған Ршаудың жалғыз ұрпағы Сағидулла да балалық кезеңін өзге замандастары сияқты егіс даласында масақ терумен өткізді.
– Ерте азанмен дорбаларын арқалап, аудан орталығындағы №26 орта мектепке келген біз, түс қайта сол жұбымызбен улап-шулап ауылға қайтамыз. Үйге келген соң, иығымыздағы дорбамызды лақтыра сала, дастарқанда ораулы тұрған таба нанның бір үзімін бөліп алып, егістік басына жүгіреміз. Өйткені, онда бізді белі бүкшеңдеп бидай орып жатқан аналарымыз күтіп отыратын. Егіс басына жете сала дорбаларға толтырып қойған бидайды атыз басында жиналып қалған қаптарға саламыз. Бұл –  біздің күнделікті жұмысымыз. Ал, кешке жұмыстан шаршап келсек те біздер ертеңгі сабағамызға дайындаламыз. Иә, жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз айтқандай, «Махаббат қызық мол жылдар» емес, «Бейнетке толы балалық жылдар» деген заманды басымыздан өткердік қой. Түнде төсекке жатар кезде Алладан тезірек соғыстың аяқталғанын, ал азанда атқан таңның тезірек батып, жеңісті күннің жетуін тіледік. Бұл тілек мен сияқты сол заманның әрбір баласының арманы болды емес пе, – деп өткен күндерін мұңая еске алады Сағидулла аға.
Көптің асыға күткен соғысы да аяқталып, туған елге омыраулары орден-медальға тола жауынгерлер де келе бастады. Майданнан әке-ағалары аман-есен оралған балалардың отбасында той болып жатса, Сағидулла мен әкесі қаза болған басқа да балалар оларға қызыға қарап тұрды.
Десе де, олар да сол бір сұрапыл соғыстың аяқталғанына қатты қуанған-ды. Зымырап арада жылдар да өтті. Талай дарын иелерін үлкен өмірге қанат қақтырған аудан орталығындағы №26 мектепті тәмамдаған соң Сағидулла да өз замандастары сияқты Жосалы теміржол стансасына қарасты Ордазы бекетінде теміржолшы мамандығы бойынша жұмысқа қабылданып, онда 11 жыл табан аудармастан еңбек етті. Сол жылдар аралығында ол бекет кезекшісі, станса бастығы қызметтерін абыроймен атқарып жүріп, Орынбор қаласындағы теміржол училищесінде білімін жетілдірді.
Ал 1967 жылы Ордазы бекетіне жақын орналасқан Байқоңыр қаласындағы 11535 әскери құрылыс бөліміне қарасты карьер бастығы Бижан Жақсылықовтың зейнетке шығуына байланысты ол сол қызметке тағайындалады. Білікті маман өзінің қарамағындағы 45 солдатпен бірге еңбек ете жүріп, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағындағы ракета ұшырылуға арналған әскери алаңдар құрылысын салуға күн сайын 60 вагон карьер тасын жөнелтіп тұрды. Осы қызметті ол 25 жыл бойы үзіксіз де абыройлы атқарып, 1992 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
– Полковник Василий Гробошевский басқарған әскери бөлімде бірнешеұлт өкілдері қызмет етті. Ол кезде жастар әскери міндеттерін үш жыл өткеретін- ді, кейіннен барып қой екі жылға қысқартылғаны. Сол жылдары күннің атысы, түннің батысы мен басшылық жасаған карьерде Отан алдындағы азаматтық парызын атқарған Кеңес Одағы жастарының жұмысқа деген құлшынысы бөлек еді. Жастар арасындағы идеологиялық тәрбие жұмыстары да өз дәрежесінде жүргізілді. Байқоңырға еліміздің түкпір-түкпірінен әскери міндеттерін атқаруға келген жастардың басты мақсаты сол жылдары еліміздегі алып құрылыстардың бірі – ғарыш айлағын салуда қолтаңбасын қалдыру болатын. Олар әрбір өз отбасына жазған әрбір хатының басында «Ғарыш астанасы Байқоңырдан жалынды сәлем», «Біз әлемдегі алып құрылыс Байқоңыр ғарыш айлағын салудамыз» деп мақтанышпен жазатын. Бұл олардың да, өзге жастардың да патриоттық сезімін арттырмаса, төмендеткен емес. Жастарымыз өздеріне тиесілі әскери міндеттерін атқарып, елдеріне оралған соң да менімен достық қатынаста хат жазысып тұрды. Тіпті, сонау Укратна, Беларусь, Балтық жағалауы мен Қап тауынан балаларының әскери қызметтік өмірімен танысуға келген ата-аналар менің отбасымда қонақ болып, ұлттық тағамдарымыз, ет пен шұбат, қымыздан дәм татып, олардың дәмділігіне таңдай қағысып қайтқандар да бар, – дейді қарт құрылысшы.
– Бір кездері ағаң қызмет еткен салада мен де еңбек еттім, – дейді отағасының сөзін жалғастыра кеткен Ақсұлу апа. – Біраз жыл мен де ағаңмен бірге қызметтес болдым. Карьерден вагондарға тиеліп, Байқоңырға жөнелтілген қиыршық тастарды таразы арқылы өлшеу менің міндетім болды. Ол жылдары күніне 60, тіпті одан да көп вагон жөнелтетінбіз.Тынбай жұмыс істеген жастарға қызыға қарайтынмын. Бүгінде сол кезеңдерді еске алып, сағынамын, – деді.
«Еңбек түбі – береке» дегендей, еңбек майталманы Сағидулла Ршауұлының ширек ғасырдан астам жылдар бойы Байқоңыр ғарыш айлағын дамытуға арнаған елеулі еңбегі де өз жемісін берді. «Туған жерге туың тік» демекші, туған елінің өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін ол «Байқоңыр қаласының құрметті құрылысшысы» атағына ие болса, қаланың өсіп-өркендеуіне арнаған еселі еңбектері үшін де «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60, 65 жыл», «Байқоңыр ғарыш кешеннің дамуына үлес қосқаны үшін», Ресей мен Қазақстан елдері арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы қосқан үлесі үшін «Байқоңырға – 55 жыл» медальдарымен , «Біз Ұлы Жеңіс ұрпақтарымыз», Байқоңыр қаласының дамуына қосқан еңбегі үшін «Еңбек, Абырой, Құрмет», Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Еңбек ардагері», сондай-ақ басқа да  мерекелік төсбелгілер және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Адамзат баласының өмірі ұрпағымен мәнді болатыны рас. Сағидулла ағайымыз жары да, досы да болып, өмірдің қызығы мен ащысын бірге бөлісіп келе жатқан «Алтын алқа», сонымен бірге І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» медалі мен орденінің иегері Ақсұлу Болысбайқызымен бірге бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар.
Ұрпақтарының барлығы да жоғары білімді, Мыңділда мен Ерділдасы әскери полковник, Күнсұлуы мен Жансұлу да осы салада, ал Жанділдасы теміржол саласында, Сәулесі мен Нұрсұлу және Ләззаты өздері қалаған мамандықтары бойынша ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген сыйлы жандар.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
10 сәуір 2018 ж. 1 551 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 044

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031