» » » ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР


Әрбір берілген атақ пен даңқ астарында төгілген тер мен өлшеусіз еңбек жатыр. Бұл тұрғыда қоғамды дамытып, әлеуметтің әлеуетін арттыруда аға ұрпақ өкілдерінің орны ерекше. олардың жүріп өткен жолы, ұлағатты ісі, жастарға деген қамқорлық – баға жетпес байлық іспетті. Ауданда жақсы қалыптасқан дәстүр бар. Ол – жыл қорытындысымен елге елеулі қызмет еткен майталмандар мен сала озаттарын марапаттау рәсімі. Олардың арасынан «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» белгісіне ие болған сала ардагері Сәдуақас Шалабаевтың есімі құрметпен аталды.
Айтулы азамат Жосалы кентінде 1940 жылы дүниеге келген. Әкесі Сәрсен Шалабаев аудандық тұтынушылар қоғамында жұмыс істеп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысына аттанады. Ол 1943 жылы неміс басқыншыларымен болған ұрыста ерлікпен қаза табады.
№26 орта мектепті бітірген жас өрім комсомолдық жолдамамен Жосалы механи­калық зауытына токарь және мекемеде комсомол ұйымының хатшысы, аудандық комсомол комитетінің пленум, бюро мүшесі, штаттан тыс хатшы қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарады.
Еңбек ете жүріп ол Қызылорда қаласындағы политехникалық техникумынан «Өндіріс және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша білім алады.
Білікті маман жастығына қарамастан өзіне жүктелген тапсырмаларды тыңғылықты орандай жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады.
Елін, жерін сүйетін әрбір азамат секілді ол да 1962-1965 жылдары Ресейдің Ульяновск облысы, Дмитроград қаласы жанындағы әскери бөлімшеде Отан алдындағы борышын адал өтеп қайтады. Қабілетті жас өзін әскер қатарында жүрген шағында да жақсы қырынан көрсетеді. Бөлімше сарбаздарының патриоттық рухын көтеруде де көп еңбектенеді. Азаматтық міндетін орындаумен бірге, Дмитроград қаласы кеңесінің депутаты, әскери бөлімшенің комсомол ұйымы хатшысы болып сайланады. Қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен Отанға деген адалдығы ескеріліп әскери бөлімнің алғыс хаты және Ресейдің Қорғаныс министрлігі бұйрығымен «Үздік әскери құрылысшы» төсбелгісімен марапатталады.
Туған жерге оралған жалынды жас еңбек жолын аудандық комсомол комитетінің шешімімен №149 кәсіптік-техникалық училищесінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жалғастырады.
«Білікті маман – ел экономикасының басты тірегі» дегендей, С.Сәрсенұлы жастарды еңбекке машықтандырумен қоса, облыстық, республикалық деңгейлерде өткізілген тех­никалық-шығармашылық, спорттық жарыстар мен өнер байқауларда жоғары көрсет­кіштерге қол жеткізуге септігін тигізді.
1967-1969 жылдары аудандық ДОСААФ төрағасы, 1970-1985 жылдары Жосалы механикалық зауытында инженер, кадр жабдықтау, өндіріс және өнім тарату бөлімінің басшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы және жеті жыл қатарынан партком хатшысы қызметтерін атқарды.
Шалабаев зауыт өндірісінің артуына, еңбек өнімділігінің өсуіне, ұжым жұмысшылары мен қызметкерлері құқықтарының қорғалуын жіті қадағалап, ұтқырлық танытты. Өндірісте шығарылатын өнім сапасына мән беріп, ұжым мүшелерін кәсіподақ төрағасы ретінде ынталандырып отырды. Зауыттың партия ұйымының жұмысы жайында аудандық, облыстық басылым беттерінде бірнеше мәрте мақала жарияланды.
Оның жетекшілігімен өткен партия, кәсіп­одақ комитетінің жиналыстарында бесжылдықтардың қорытындысы шығарылып, алда жүргізілетін жұмыс жоспарлары бекітіліп отырды. Әсіресе, аудандық партия комитетінің тапсырмасына сай, жыл көлемінде егін, мал азығын даярлау жұмыстарына Тұрмағамбет, Қармақшы, Жаңажол, басқа да елді мекендерге қажетті мамандар, жабдықтар жіберіп, іскерлік қабілетін таныта білді. Оның бастамасымен аудандық жұмысшылар жабдықтау мекемесінің сауда орталығын салуға республикалық геология кәсіподағы комитетіне және Қазақстан геология министрлігіне хат жазылып, басталған іс оң шешімін тапты. Зауыт ауласынан сауда орталығы ашылып, тұтынушыларға қызмет көрсете бастады.
С.Сәрсенұлы 1986 жылы партия комитетінің ұйғарымымен №30 жылжымалы мехко­лоннаға аға инженерлік қызметке ауысады. Осы жерде ол 1995 жылға дейін аға инженер әрі партия ұйымының хатшысы болады. Бұл жылдарда аудан шаруашылықтарында егін алқаптарын инженерлік жүйеге көшіру, гидротехникалық қондырғымен жабдықтау, каналдар қазу, тазалау жұмыстарына қатысып, оның сапалы атқарылуына күш салады. Егіс қосындарын вагондармен қамтамасыз етіп, жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасайды. Азық-түлікпен қамтып, шаруа­шылықтың биіктен көрінуіне өзіндік үлесін қосады.
Еңбек ардагері зайыбы Тілектес Әбжамалқызымен бірге 3 бала, 10 немере және 3 шөбере өсіріп отырған ардақты әке. Балаларының барлығы да жоғары білімді мамандар.
Сәдуақас Шалабаев қазір де қоғамдық жұмыстардың қызу ортасында. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Аудан мекемелері, білім беру және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста.
Жастардың өнеге тұтар рухани ағасы, бағыт-бағдар сілтеуші ақылшысы. Осындай ағалардың арқасында жастар бой түзеп, тұғырлы елдің кірпіші болып қаланып келеді. Адал еңбектің көрігін қыздырып, көкжиегін кеңейіткен азаматты «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағымен құттықтап, бар жақсылықты тілейміз.

                                                                                                                                  Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
29 қаңтар 2018 ж. 1 277 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031