» » Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат

Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат

Өзінің 90 жылдығы аясында «Сыр бойы» газеті жаңа бас­тамаларды қолға алуда. Соның бірі – Елба­сының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қалаларына үделі түрде үн қосу.

Жеті аудан мен Қызылорда қа­ласы аумағында талай тылсым сырды ішке бүккен тарихи орын­дар мен ел ішіндегі елеулі деректерді оқырманға жеткізуді мақсат еткен бұл бастама әуелі қасиетті Қармақшы то­пы­ра­­ғынан бастау алған еді. «Жол­сапардың» бүгінгі жүгін арқалап газет тілшісі Дәулет Қырдан жолға шықты.

...Кешегі еріген мұздың салдары болар, асфальт беті жылтылдап, көліктер таяғына сүйенген қариядай еппен келеді. Әлсін-әлсін алдағы көліктен озған автобустың ішінде бірде оңға, бірде солға қисайып, ой бөліне берді. Терезеден арқа-жоны кең атырап көрінеді. Шегіне жетіп болмайсыз. Тәйірі, бабалардың батырлығында шек жоқ қой. Ұлы даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен мына бізге аманаттап жеткізгенін айтамын. Ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын осынау атырапта өмір сүрген кешегі бабалардың ұлықтығы ше?! Апырай... Өз ойыммен өзім алысып, екі сағаттық жолды еңсердік. Қасиетті Қармақшы топырағына табан тигізіп, ондағы ағеден елге «ассалаумағалейкүм» деп ене бардық.

КЕШЕГІ МАЗАР – БҮГІНГІ БЕЛГІ

Мұнда ат басын бұрған Алаш баласы сонадайдан менмұндалаған Қорқыт баба кешеніне бас сұқпай өтпесі анық. Сапардың басын сол жерден бастадық. Руханият әлемінің бұл­жы­мас дәстүріне сай құбылаға қарап тізе бүккен мұсылмандық ғұрыппен қол жайып, құран бағыштадық. Баба мұраларының ЮНЕСКО тізіліміне енуі ұзаған жыл үдесінде айтулы жаңалық болғанын жалпақ жұрт жақсы біледі.
Бұған дейін де сан мәрте табан тіреген кешенді аралап көріп, қобыздың ғажап үнін тағы бір рет естіп кетуге бел байладық. Гуілдеген үнге жан дүниеңізбен тереңдей түссеңіз, көз алдыңызға бабалар жүрген жолдың көрінісі келіп, тұла бойыңыз түсініксіз тылсымға берілетіні бар. Әлбетте, ол үшін кеудеңіздегі құлақты түріп, көкірек көзіңізбен қарағаныңыз абзал.
Күн ұясына батар сәт. Бұлтты аспан еңсені басқанмен, осы сапардың әуелгісі бұған дейін бірде-бір рет барып көрмеген Қорқыт бабаның зиратына қадамды мақсат еткеніміз күш-жігерді еселеп тұр. Кешеннен әрі асып, көлікке отырған төртеудің бірі болып, мазарды бетке алдық. Алдымызда үйілген омбы қарды көріп, біраздан бері мұнда кісі аяғы баспағанын байқауға болады.
– Мұндай уақытта аңшы қарасы да көрінбейді. Тек арагідік қансонарда шық­қандар болмаса, – деді көлік тізгіндеген Азат Әділбеков.
Жол қысқарсын деді ме, мәліметке қаныға отырсын деді ме, тарихшы-өлкетанушы Айдынбек Іскендіров алысқа көз тастаған күйі білгенін ақтарып сала берді. Бәлкім, үйілген қардан олай-былай қашқан көліктегі үрейімізді басқысы келген болар. Аудандық газеттің редакторы Дастанбек Садық екеуміз құлақ түре қалдық.
– Негізі кенттен бастап, солтүстік-батысқа қарай 17 шақырым болады. Ал кешеннен шыққанда оңтүстікке қарай бет бұрып 1,5 шақырымды артқа тастаймыз. Қорым үш кезеңді қамтиды. Сондықтан болар, жерлеу құрылыстары да әрқилы. Қазір сіздер мазар көреміз деп келе жатқан боларсыздар, бірақ орны белгісіз. Тек жорамал ғана бар. Дария арнасынан тасығанда су шайған болу керек, – деді күрсініп.
Әттең, осындай мұраларды алып қалатын мүмкіндік болғанда ғой. Бір сәт үнсіз қалған төртеуміз де жоқ жоғалтқандай кейіпте едік. Кешегі Кеңестік идеология да біздің тарихымызды жайдан-жай бұрмалады дейсіз бе?! Біз сол тарихымызға қаншалықты қанық болсақ, ұлттық рухымыз да соншалықты асқақ болады және ел мүддесі де соншалықты биік болмақ. Міне, идеологияның түп-тұқияны осында жатыр. Расымен жазық дала. Қар басқан аумақ. Аңызақ жел оқтын-оқтын сексеуілдің басын қозғалтып, елең еткізеді. Әрі-беріден соң Айдынбек Айтбайұлы қайта сөз алды.
– Мазардың мерзімі шамамен ІХ-Х ғасыр. 1925 жылдан опырыла бастаған, ал 1952 жылы өзен арнасынан тасығанда су шайып кеткен. Бұл жерде зерттеулер жүргізілмеді емес, талай ғалым осы мақсатта аяқ басқан. Ә.Диваев, И.Кастанье, П.Лерх тәрізді ғалымдардың зерттеуіне негіз болған. Бізге «Түркістан альбомы» жинағында жарияланған фотосуреттер арқылы жеткен. Диваев пен Кастаньенің жазуы бойынша құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек пішінді алты-сегіз қырлы күмбезді құрылыс. Ішкі көрінісі биік, қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Түптеп келгенде, түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған. Ал қазір бізде тек осы жерде болған деген белгі ғана бар, – деді ол белгіден көз алмай.
Тәуелсіздігімізді алып, тарихымызды түгендеуді қолға алған тұста археолог Т.Мәмиев бастаған топ осында келіпті. Қорымдағы бейіттерді құжаттау-мерзімдеу шараларына кіріскен. Олардың зерттеуі нәтижесінде бейіттер топографиялық сыртқы бейнесі жағынан бірнеше типке бөлінеді. Ал мұндағы ұзын саны 76 бейіттің 43-тен астамы тас бейіттер қатарында белгіленген. Үстінде сағана орнына үйілген тас бар. Бірі бор жасайтын қара қоңыр болса, енді бірі майда тас. Ал осындағы ерте кезеңдерде қойылған құлпытастарда алтын, жаппас, телеу, тама, жағалбайлы руларының таңбасы бейнеленіпті.
Қорқыт ата мазары маңынан берігірек бір шақырымға жетер-жетпес жер жүргенімізде кейінгі салынған бейіттердің арасынан атақты Төребай би Пышанұлының мазарының қасына таядық. Ойдағы сауалымызды түсінсе керек, Айдынбек Іскендіров даяр жауапты ұсына қойды.
– Мұнда Төреәлі биден бөлек Уәлі би, кейін қолжазбалары жойылып кеткен шежіреші-молда Іскендір, тағы басқа көптеген батыр-би бабаларымыз жатыр. Жанкент дәуірімен тұспа-тұс келетін қорым негізі, – деді ол әңгіме арасында.
Түбі бір түркі халқы тәу етер Қорқыт бабаны әрбіріміз өзімізге тартатынымыз анық. Әйткенмен, тамырсыз тастың да тарихы бар. Сол ұлы мұрат жолында ұланғайыр атыраптағы әрбір тарихи орынның тереңін зерделей алмасақ та, қал-қадірімізше талпынып келеміз. Тәуелсіздік тізгінін өз қолына алған қайсар қазақ бұл ретте жыл сайын қадамын нықтап келеді. Алдымен Ұлт көшбасшысы бастап, болашаққа бағдар алып, рухани жаңғыруға бет алдық. Енді, міне, «Ұлы даланың жеті қырын» санамалап жатырмыз. Бұл – түсіне білгенге, тереңіне бойлай алғанға, мән-мағынасын ойлай алғанға үлкен ұғым. Жетпіс жыл боданда болып, ой-санамыз да тәуелдене бастағанда тар қапастан шығып, ұшан-теңіз далаға қарап, еркін екенімізді ойладық. Иә, биіктікті көкте самғаған қыранның қанатымен өлшейтін елміз ғой, көзқарас көкжиегіміздің де кең ауқымда болуы сондықтан. Қорқыт баба мазарына барғандағы менің ойымдағы сан сауалға бір ғана жауап осы болды. Асқақ армандарға қол создық, енді сол орындалса игі...
Ой көші жылжи бере күн де ұясына батып барады. Бүгінгі күннің бергені де мол еді. Баба мұ­ра­сын зердеге тоқып, құлағыма қобыздың үні келе тәтті ұйқының құшағына кете бардым...

ҮШ ЖҮЗДІҢ ПІРІ БОЛҒАН МАРАЛ БАБА
немесе ишандар пантеонында кімдер жатыр?

Осыған дейін сан мәрте Марал баба жайындағы деректерге қанық болғанымызбен, қорымда басқа қандай белгілі тұлғалар жатыр деген сауалды арнайылап уақыт бөліп, араламаса, жауапсыз қалдыруымыз заңдылық. Өйткені, мұнда тек Марал баба жатқан жоқ, бұл қорым оған дейін де болған. Сондықтан ишандар пантеоны деп тартып отыру қажет болды. Тағы да ереуіл атқа ер салғандай боп қамданып жолға шықтық. Нысана Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырымды бағындырып, Сартөбедегі кесенеге жету. Бүгінгі табан тірер негізгі межеміз – осы.
Алдымыздан тағы да омбы қар шықты. Кірш-кірш еткізіп, шегелі доңғалақ аппақ қарды жарып өтіп келеді. Көлік жүрген қос аяқ із біз айтқан нысанға әкелетіні анық. Біз елде жүрген жанбыз ғой, алыстан ат арытып келгендер жолсерік болмаса, адасып кетері анық. Әттеген-айымыз, айтулы жерлерде жол мәселесі алдымыздан қылаң беріп келеді. Тағы да оймен арпалыс.
Алдымыздан көл шықты. Ауыз толтырып, мақтауын келістіргенімізбен көлікте суды кешіп өтер ерекше қабілет жоқ. Арнадан айналып өтер жол іздеп, адам аяғы түспеген ақ мамықты басып, жанамалап салдық. Алдымыздан шырақшының баспанасы көрінді. Сонадайдан менмұндалап күмбез тұр. Толқыныс та бар, үрей де бар. Бағытымыздың дұрыстығына сенімді болғанмен, өзіміздің дұрыстығымызды өзіміз бағамдай алмаймыз ғой. Аулаға тоқтап, үйге ендік. Жылы сәлемдесіп, қарсы алған шырақшымен әңгімеміз ә дегеннен жарасып, төргі бөлмеден бір-ақ шықтық.
– Мен Бекболат Ерәлиев деген азаматпын. Осында үш жылдың шамасы болды, шырақшымын. Отбасыммен осындамын. Баба бейітінің басында қызмет қылып жүрген жайым бар, – деген жаннан тың мәліметті сұрай келе, дастарқан басына жайғастық.
Мұнда шырақшы болуы бекер емес, есімін Әмит Ишанның баласы Әлиасқар Бекболат деп қойыпты. Иә, кеңестік кезеңде тығылып намаз оқитын қазақ едік қой, Марал баба Әлиасқарға аян беріп, есімін осылай қоюын тапсырған. Алайда ешкімге айтпай, ақырын Абай деген есімін Бекболат деп өзгерттірген екен.
Марал баба Құрманұлының елге жасаған жақсылығы мен шарапаты жетіп артылады. Алла тағаладан пәрмен келіп, «мәңгі орнығар мекенін» таңдау келген тұста, «Кіші жүз – менің туысым, осында қаламын» деген екен атақты әулие. Әйткенмен, туған жерінде жан тапсырыпты. Аңыз әңгімеде қасына қалпелері мен бір топ туыстарын ертіп, күндердің күнінде Қостанай өңіріндегі кіндік қаны тамған мекенге сапарлапты. Туған жеріне жеткен соң бабамыз өзінің өмірден өтетінін айтып ескертіп, «Мен өмірден өткенде ақ түйе келеді, менің денемді сол түйеге салып, соңынан еріңдер» депті. Айтқанындай болады. Қонар жерге келгенде ақ түйе тоқтайды, ал Марал бабаның денесі қозғалады екен. Бұл – осында қонамыз деген белгі. Осылайша, алты рет қонып, жетіншісінде бабаның бүгінгі мазарының орнына келіп, ақ түйе шөккен екен. Осылайша, туған жерінде жан тапсырып, кіші жүздің елінде жамбасы жерге тиген.
– Бұл жерде Марал бабаға дейін де қорым болған, – деді бізге бұрын-соңды естімеген мәлімет келтірген шырақшы.
Байқасақ, алдымызға түсіп алып, қарға көмілген көктастың бетін аршып, ысқылап жатыр екен. Ондағы жазу көне тілде жазылған. Түсініксіз. Мұны бірнеше кісі келіп, оқыған. Алайда, көп адам мәніне жете алмапты. Самарқанның көк тасы. Марал бабаға дейін осында жерленген адамдар.
– Әне, домалақ бейітті көрдің бе? – деді ол жанарымен нұсқап.
Көне екені көрініп тұрғанмен, кесегі мүжілмеген екен. Ғаламат. Құлпытасты байқамадық. Бірақ дөңгелете салып, үш бұрыштап қойған бейіттің әйел адамдікі екенін анықтаған. Алайда, қашан жерленген, кім екенін ешкім тап басып айта алмайды. Төрт бірдей есім қойылған. Әуелгісі, Қамыр ана дейді. Онан соң Айша ана дейтіні мүрде әйел адамдікі екені анықталып, есімі табылмаса қасиетті аналарымыздың есімін қояды екен. Домалақ ана дейтіні, бейіттің формасына қарай атайтыны. Жылауық ана дейтіні баласы мен ері тұтқында қайтыс болған соң, өмір бойы жылаумен өткен ана екені. Осылай деректер келтіріп айтып берген Бекболат Ерәлиев сәл үнсіздіктен соң үлкен қорымда айналаға қарап тұрып:
– Бұл кісі Жаратқанға жалбарынып, не мені әулие қыл, не әулиені қасыма жерле деп сұрайтын көрінеді. Көрдіңіз бе, Алла тағала тілегін қабыл етіп, қасына бір емес, ондаған, тіпті онан да көп әулиені әкелді. Енді Ишандар пантеоны емес деп көріңіз, – деді.
Расымен, бұрын «Қамырдың қорымы» деп аталып кеткен қорым қазір осылайша әулие кісілердің қорымына айналды. Бір қызығы, мұнда ерте кезден келе жатқан құлпытастар көп. Құлболды ишан бабамыз Марал бабаға:
– «Жатқан жерің сары төбе болады, айналаңда сексеуілден басқа ештеңе болмайды» депті. Сонда Марал ишан «Иә, солай екені рас. Алайда күндердің күнінде шырақшы болып маған бір бала келеді. Сол кезде тал да, гүл де келеді» деген екен. Кейде сол бала мен шығармын деген ой келіп, мұнда бірнеше ағаш егіп қойдым. Олар жапырағын жайқалтып, өскен сайын көңілім марқаяды, – деді Бекең.
Тағы бір деректерде Жәрімбет әулие, Марал ишан және Ер Сейітпенбет әулие үшеуі Сырдың бойында бас қосыпты. Сонда үш жүзге пір болған Марал баба әңгіме арасында:
– Әй, Сейітпенбет, жұрт сені «Ер Сейітпенбет» деп атайды. Әулие болсаң, айтшы, біз өлгенде қайда жерленеміз? – деп сұрайды.
Сонда Сейітпенбет ойланып тұрып:
– Мен білсем, Марал, сен ел жайлаған суы мол елді мекенде қаласың, Жәрімбет, саған өзің тұрған осы таудың басы бұйырар, ал мен қиян шөлге жайғасармын, – деп жауап беріпті.
Айтқанындай-ақ, келеді. Марал баба айналасын көл қоршаған, сулы жерге жайғасты. Жәрімбет әулие «Қарақ» тауының басынан орын тепсе, Ер Сейітпенбет те өзі айтқан жерге орнықты. Тағы бір нұсқаларда бұл қатарға Қармақшы атаны да қосады. «Елде қаласың, атың әлемге тарайды» деген екен. Қазір картадан ойып тұрып, «Қармақшы ауданы» деген жазу тұр емес пе?!
Бала күнде естіген аңыздың бірі ғой. Әйткенмен, мұндағы ишандар мен ахундардың, қалпелердің қатарына келсек, кей деректерде осында Марал бабадан тарайтын 88 мақсұм, 33 ишан жерленгені туралы айтылады. Өйткені, бір ғана Қалқай ишанның мазарының ішінде он алты адам жерленген және оның он бірі ишан болған көрінеді.
– Қауыс ишан, Оспан ишан, Есенбай қалпе, Әмит ишан, ел аузында Сары ишан атанып кеткен Мұсайыпхан ишан, Пірзада ишан, Қалқай ишан, Аралбай ишан, Мамырбай ишан, Құлжұмыр баба тәрізді тұғыры биік тұлғалар жатыр осында. Қалқай ишанның қалпесінің бейітін жақында тауып алдық. Сенесіз бе, 7-8 жасар қыз бала тапты. Оны науқастанып жүр деп Ақтөбеден ата-анасы алып келген. Бабаның басына қонып жүрді. Кенет Қалқай ишанның мазарының алдында отырған екі-үш адамды орнынан тұрғызып жіберіп, «арттарыңда ақ киімді ата қарап тұр. Құлпытасы мына жерде» деп бір жарым метр тереңдіктен қаздырды. Сол құлпытаста «Өмірге келген адам өлімнің дәмін татады. Алланың берген аманатын өзіне қайтардық» деген жазу тұр. Оны да оқитын адам таппадық, Меккеден келген кісі оқып берді, – деді Қалқай ишанның қалпесінің бейітін көрсетіп тұрып.
Қалқай ишан – Марал ишанның баласы. Шын есімі – Қалмұхаммед. Бабаның Жам тауындағы Жалаңаяқ ұстазының шын аты. «Қасымда қалқайып жүрсін» деп Қалқай атап кеткен. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімін қойған жан. Атақты Бұқар жырау әкесінің қазасына көңіл айтып келгенде:
– Көтер, Қалқай, басыңды,
Айырып дос пен қасыңды, – деген өлең жолдар бар.
Мазардың төбесінде жаңартылған тұсты байқап, себебін сұрап көрген едік.
– Қалқай ишан мазарының әкесінің мазарынан биік болғанын қаламаған. Сондай-ақ, әкесіне зиярат еткендердің кіргенін, ал өзіне кірмегенін қалаған жан. Тіпті, бір кездері сол төбе опырылып, есікті жауып қалған екен. Ішке ешкім кіре алмай, оның айтқаны орындалды. Алайда, кейіннен жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Қазір де есікті құлыптап қоямыз. Өйткені, оған да кісілер кіретін болса, онда оның дәрежесі әкесімен бірдей болар еді. Ишан соны меңзеген, – деді шырақшы.
Қалқай ишан жоғары білімді болған. Тіпті Меккеден арнайы келіп, ұстаздыққа шақырғанда «Өзімнің халқымды оқытқаным жақсы» деп, бармай қойған көрінеді. Айтулы діни медреселерді тәмамдаған.
Қорымда тағы байқағанымыз, көне құлпытастарда қошқармүйіз оюы бейнеленген. Бұл да өз алдына қызық жайт. Тарих толқынында тылсым жетерлік. Тіпті, кейде Марал баба мазарынан шыққан шұғыла қорымды айналып жүретін көрінеді.
– Бірде үй жақта жүр едім. Бабаның мазарынан аспанға тура тартқан жарықты байқадым. Жанына келіп қарадым. Құптан намазының уақыты еді. Иә, бұл бір керемет болды. Таң-тамаша қалдым. Бұл кісілердің әулиелігінде шек жоқ қой. Одан бөлек кесененің төбесіндегі саңылаудан шыққан нұр желдің бағытына қарамай, осындағы бейіттерді аралап жүреді. Жаратқаннан төгілген нұрды айналамен бөліскені ғой деп түсінемін, – деді Бекболат Ерәлиев.
Баба басынан шығып бара жатып, шырақшы атақты Бейсенбай әулие жайлы да сөз етті.
– Түріктің бір палуанымен шығар қазақ болмапты. Жауырыны қақпақтай батыр талайдың мойнын үзген екен. Бір күні Бейсенбай әулие Марал бабадан бата сұрай келіпті. Үш күн қатарынан келген оған бабамыз үшінші күні бата берген екен. Ертеңіне үлкен тойда әлгі палуанды өзінен асыра лақтырған Бейсенбай оның мойнын үзіп, мерт қылса, өзі белден айырылып, еңбектеп қалыпты. Сонда Марал баба шығып: «Енді маған келген қай-қайсысың болмасын, берген сыйларыңның жартысын Бейсенбайға беріңдер. Алдымен Бейсенбай әулиеге барып, содан соң маған жол тартыңдар. Ал біз өмірден өткен соң, менің есімімнен соң Бейсенбай әулиенің есімін қалдырмай атаңдар» деген екен. Ол кісінің бейіті де осы жерге таяу маңда орналасқан, – деді.
Көлігіміз қар үстінде сырғып келеді. Жолдың қарсы бетіне өтіп, төбе басындағы мазарға бет алдық. Әдеттегідей рұқсатын алып, құран бағыштадық. Таяу барып қарағанымызда тура жүз жыл өмір кешкен екен. Марал бабадан соң есімін атасақ та, осылай барғанды жөн санадық. Иә, қазақтың намысын ойлаған батыр ғой. Асқақ рухты оның да бойына Жаратқан сыйлаған. Осылай бабалар жолымен жүріп, тағы да даңғылға шықтық.
Ұлтжандылығы басым баба І Петр шақырғанда бармапты. «Шоқындырамыз» деп шоқ басқан империяның алдында тізе бүкпеді. Керісінше, мешіт ашып, бала оқыта берді. Сол кезеңдердегі мешіттер қалмаса да, қазір орны бар, солай аталады. Мәселен, солардың бірі – Қарабдалдың мешіті. Мұндай орындарға Қармақшы даласы кенде емес...

ЖАУҒА ДА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТКЕН МЕКЕН

Мына алып далада кімнің қаны төгілмеді десеңші...
«Бабамның қаны, анамның жасы,
Сіңген бұл далам, қымбатсың маған» деп келетін Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Елім менің» әні құйқаңды шымырлатады емес пе?! Қара жер талай сырды қойнауына бүгіп, үнсіз жатыр. Осы далада қазақтың хас батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы қарақалпақтың батыры Тықының басын алған. Сонда қарақалпақтың қалың қолы тарыдай шашырап, бытырай қашыпты. Ал батыр мүрдесі сол жерде қалған.
– Ел аузындағы аңыз әңгімелерге сүйенсек, күндердің бір күні Жақайымның Жылқыайдар батыры үлкейген шағында балаларынан бөлек Аяққұм, Жаршағылда отырған жерінде қарақалпақ Тықы батыр үш жүз қолымен ауыл ішіне ұрланып кіріп, бейқам отырған елді түн ішінде барынан айырып, малын айдап кетеді екен. Осындай бір кезде Жылқыайдар батыр да қапыда ажал құшқан. Атақты батырдың өлімін әруағы ақ түйелі адам кейпінде бір түнде үш жүзге хабарлап шығыпты. Жиналған халық жаназадан соң қарақалпаққа бет алады. Бұған дейін Сыр бойын жайлаған қарақалпақтарды Есет, Толыбай, Ақтан, Жанқожа батырлар қазақ жерінен көшіріп, Хиуаға апарып тыққан екен. Тықы батырды он жеті жастағы Жанқожа батыр жекпе-жекте шауып өлтіреді. Бытырай қашқан жау қолы қазақ даласында қалған Тықы батырын жерлеуге мұршалары келмеген соң, көмусіз қалған батыр денесін қазақ елі осылайша жерлеген екен, – деді тарихшы-өлкетанушы Айдынбек Айтбайұлы.
Міне, сол ескерткіш. Кекіреліден оңтүстік-батысқа қарай 12 шақырымнан астам жерде орналасқан. ХІХ ғасырда салынған. Зерттеушілер 2011 жылы осында табан тіреп, зерттеу жасаған. Ақмамбет тақырының шығыс бөлігінде, құрғаған өзеннің батыс жағындағы жағадан орын тепкен. Күйдірілмеген кірпіштен салынған ескерткіште жақтаушалар мен тіреуіштерге сексеуіл бұталары қолданылыпты.
Иә, жауына да батырға лайықты құрмет көрсетер қазақтың бұл қасиеті басқалардың бойынан табылар ма екен?! «Ұлық болсаң, кішік бол» деген ұлы даланың ұрпағының да өз заңдары бар. Бұл да адамгершілікпен астасқан рухани жарғының бірі болар...

ДАРИЯНЫҢ БОЙЫНДА БІР ҚАЛА БАР

Жосалыдан Төретамға қарай бағыттап келе жатып, оң жақ беттегі қара жолға түстік. Батысқа қарай 12 шақырымды асуымыз керек. Көлік каналға жетіп тоқтап, әрі қарай жаяу барамыз. Осыдан бес-алты ай бұрын қара көрсетіп кеткен едік. Ол кезде белгілі археологтар Сейдалы Біләлов пен Әзілхан Тәжекеевтер зерттеу жасап жатқан еді... Бүгінде қар астында қалған. Көктем шыға тарихи нысанға зерттеу жұмыстары келуі ғажап емес. Әйткенмен, көп нәрсе табылды. Көпірге келіп аялдаған жүргізуші «Іздеген Сортөбелерің осы» дегендей сұраулы жүзбен қарады. Жүзіндегі жылы жымиыстан «жақсы жеткіздім бе?» дегенді байқауға болады.
Мұнда келгендер әйтеуір бір тосын жайға кезігетіндіктен аумақты Сортөбе деп жергілікті халық атап кеткен. Әйтпегенде, топырағынан тұзы шыққан сорды байқамап едік. Қаланың үштен бір бөлігі ғана аман қалған. Төрт қабырғасы дүниенің төрт бұрышына қаратылып салынған қаладан төрт адамның мәйіті табылған.
– Қалашық қалдығы апатты жағдайда. Оның бір бөлігін Сырдария өзені шайып, қалашықтың сақталуына кері әсерін тигізуде. Археологиялық зерттеулердің басты мақсаты жедел түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, маңызды материалдарды анықтап, қала жөнінде толық мағлұмат алу, – деген еді зерттеу уақытында археолог Ә.Тәжекеев.
Мұнда түрлі құмыра сынықтары, нан жабу­ға арналған тандыр пеш пен мал сүйектерінен, мыстан жасалған басқа да тұрмыстық заттар табылды. Тарихшылардың айтуынша, б.з. VII ғасырда Арал маңы археологиялық кешені хақында қарастырсақ, Сыр өңіріндегі байланыстар төмендегідей аймақтарға бөлінеді: Оңтүстік Хорезм (солтүстік-шығысындағы мал шаруашылығымен айналысатын өңірмен тығыз байланыста болған афригид мәдениеті), Әмударияның оң жағалауындағы солтүстік Хорезм – Кердері аймағы (кердері мәдениеті), екі ауданға бөлінетін Шығыс Арал маңы: ежелгі Қуаңдария мен Ескідариялық арналардағы Жетіасар кешені және қазіргі арнаға жақын, Сырдарияның сол жағалауындағы «батпақтағы қалалар» ауданы. Бұл аймақтар мен аудандардың барлығы тығыз мәдени және этникалық байланыста болған. Солардың қатарында біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Сортөбе де бар.

АБЫЛАДАҒЫ ЖЕЛ ДИІРМЕН

Әлекеңмен біраздан бері таныспыз. Іргедегі Қармақшы ауылының әкімі Әлімбай Білжановты айтамын. Бұ жолы да төтеннен кабинеттің есігін ашып кіре қалған бізге таңырқай қоймады. Ауданға келсе, редакцияның есігінен еніп, өз ойымен бөлісе кететін азамат. Ауылға кіргенде, ең алдымен, ойымызға оралатыны – мұндағы жел диірмен.
– Жел диірменнің халықты аштықтан аман сақтап қалғанынан хабардармыз. Уақытында ел игілігіне жасалған дүние. Ауылдағы Алмағанбет Ысқақовтың басшылығымен салынғанын білеміз. Қазір осы жел диірменнің қасында балалық шағын өткізген қарияларымыз да жоқтың қасы. Білетіндердің «аттанып» кеткеніне де неше жыл, – деді ауыл әкімі.
Уақыт өткен сайын кешегі қат технология да қолданыстан шығып, орнын жаңалары басады. Бұл диірменнің салынуына 1940 жылы ауыл ұсталары Құсейін Мамыров, Әлнұр Тәтібаев маңдай терін төкті деседі. «Диірменші Мамыров Қ» деп келтіреді кей деректерде. Бұл колхоз дәуірі мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тұрмыс тауқыметін тартқан елдің қиындықты жеңуіне сеп болыпты. Араға уақыт салып, тозығы жеткен жел диірменді кейінгі ұрпаққа мұра ретінде 1980 жылы Ж.Алтынбасов қайта жаңғыртудан өткізген екен. Бүгінде көнерген кешегі күннің көмескіленген бейнесіндей сонадайдан көрініп тұр. Өмір керуені деген осы да.

ҚАСИЕТТІ ҚАРА ТӨС

Жосалыда өмірін ұсталықпен сабақтас­тырған Хамит Қарақұлов есімді азамат бар. Сонау 70-жылдардан бері қолынан балға мен төсті тастаған емес. Елге белгілі азамат іздеп барған бізге қасиетті қара төс жайында ерекше бір оқиғаны айтып берді.
–  Жұмысқа келіп, шеберханамды ашсам мына төсті айнала жатқан бірнеше жыланды көрдім. Әдепкіде бойымды үрей билегенмен, есімді тез жинап, ағашпен түрткілеп шығарып жібердім. Бұл көрініс бірнеше күн қайталанды. Тіпті келушілер де босағадан қорқа аттайтын болды. Бірде шеберханамды ашып, ауызда сүйеулі тұрған ағашымды алып, әдеттегідей жыланды шығарып тастамақ болғам. Бірақ олар жоқ екен. Қуанып кетіп, жұмысыма кірістім. Күндер зулап, зейнеткерлікке шықтым. Бірде балғамды төске қоя бергенде әлдебір жұмсаққа тигенін байқадым. Қарасам, жылан екен. Балам екеуміз дереу алып, жақын маңдағы қорымға апарып тастадық. Келесі күні көршімнің жөндеуге әкеліп тастаған самаурынының шүмегін жөндеуге сарайға кіргенімде төс астында жатқан баяғы жыланды көрдім. Тіпті, үйренісіп те қалдым-ау. Балам екеуміз тағы да шығарып тастадық. Қайдан естігенін білмеймін, бір күні үйге марқұм Аманкелді аға Ағытаев келді. Қасында өңі бозарған бала мен егде тартқан әйел бар. «Хамитжан, сен бізге өкпелеме. Сөзімізге де күлме. Қызымыздың дертіне еш жерден дауа таппадық. Сұрастыра келе сенің үйіңде өзің жұмыс істейтін, көптен келе жатқан төс бар екен. Төс деген киелі екенін сен білмейтін де шығарсың, айналайын, бізді сол төске апар, мына баламызды ұшықтатайық» деп ырымын жасап, ұшықтап кетті. Таңданғаным рас. Арада біраз уақыт өткенде Амангелді ағам алғысын айта келіпті. Сөйтсем, манағы бүлдіршін үйге барғасын құсып, терлеп, қатты ұйқыға кетіпті. Содан кейін тәуір болыпты, – деген Хамит аға төстің қасиетіне сонда ғана бойлапты.
Өзі жұмыс істеген «РТС»-тің шебер­ханасының есігін ақырын ғана ашып, әлгі төсті сипап тұрып, терең күрсінді. Қолындағы балғасын төстің үстіне қойып, ұрғылап жатып: «Қимаймын! Мына төс, мына пеш пен мына балға, бәрі-бәрі маған ыстық. Анау ілулі тұрған май-май алжапқыш менің бар саналы өмірімнің куәсі» деді көңіл толқынысын жасыра алмай.
Одан бері де талай жан дертіне шипа іздеп, төстің қасиетіне бойлады. Сол құралмен жұмыс істеген Хамит Қарақұлов та кенде болған жоқ. Маңдай тері ақталды. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалі мен Ленин комсомолының  жоғары наградасы – «Үздік еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанды. Ал суреті орталық алаңдағы «Даңқ аллеясына» ілінді.

Иә, тарихтың талай сырын ішке бүккен өлке ақ мамыққа оранып үнсіз ғана жатыр. Тағы да оймен арпалыс... Жүз шайыр шыққан өлкеден қалаға қарай тартып келеміз. Жазира жазық дала дидары маңғаз ғана қыс мінезін сездіреді...

Дәулет ҚЫРДАН.
Қармақшы ауданы.
syrboyi.kz
21 қаңтар 2019 ж. 1 434 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031