ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ – ҰЛЫ МАҚСАТТАРҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
«Теміржол» БПҰ–на қарасты «Мәдениет» топтық ұйымының ұйымдастыруымен аудандық кітапхананың «COWORKING» орталығында елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласын ұйым мүшелеріне түсіндіру, насихаттау және осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында дөңгелек үстел болып өтті. Жиынға «Мәдениет» топтық ұйымының жетекшісі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Наурызбаева, жырау, ҚР ерен еңбегі медалінің иегері Б.Үрістембекұлы, жырау С.Жақсығұлов, «Теміржол» БПҰ төрағасы, тарихшы-өлкетанушы А.Скендиров және басқа да топтық ұйым жетекшілері мен мүшелері қатысты.
Жиын барысында сөз алған Н.Наурызбаева: Біздегі мақсат – өз¬деріңізбен ой бөлісіп, ақылдаса отырып, бірге істейтін алдағы шараларымызды айқындап алу деді. Мәдениет саласының өткені мен келешегіне қатысты жаңа жоспарларды ортаға салды. Мәдениет пен тарихтың дамуындағы рөліне айрықша тоқталып өтті. Бұдан кейін сөз алған жырау С.Жақсығұлов бүгінгі күні мыңжылдық тарихымызды ауыздан ауызға жеткізіп келе жатқан көнекөз қариялар мен шежірешілердің сөздерін жазып кейінгі толқынға қалдыру мәселесін атап өтті. Бұдан кейін сөз алған «Теміржол» БПҰ төрағасы, тарихшы-өлкетанушы Айдынбек Айтбайұлы аталған мақаланың төл руханиятымызды дамытуға ерекше серпін берген «Рухани жаңғыру» кешенді бағдарламасының жалғасы екенін, жаңа идеялар арқылы ел болашағын баянды ете түсудің шешуші сәті екенін айтып өтті. – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы дер кезінде жазылған дүние. Өйткені өз тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан қарап зерделеу қажет. Мықты далалық өркениетіміздің бар екенін әлемге танытқанымыз жөн. Мақаланың әр бөлімі өткенді сараптай отырып, бүгінмен ұштастыра, ойластыра айтылған. Қазақ жұртының тарихи түп-тамыры өте тереңде жатыр. Мақаладағы көне тарихымызға қатысты негізгі жобалар Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді, – деген ол осы бағыттағы жұмыстарды жетілдірудің жаңа деңгейін айқындаған бастама деп атады.
Сондай-ақ жиын барысында топ жетекшілері мен мүшелердің пікірлеріне сәйкес, «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жүзеге асыруға, арив саласына байланысты аудан тарихы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаларға және аудан тарихына қатысты дыбыс-жазба мен бейне қорларын ашу, мектептер мен өңір¬дегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру сияқты бастамаларға қатысты нақты ұсыныстарын айтып, шараның жоғары деңгейде өтуіне ерекше атсалысатындарын жеткізді.