МІНБЕРДЕ БАСТЫ ҚҰЖАТ ТАЛДАНДЫ
Жуырда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында «Теміржол» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты ҚР-ның Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру мақсатында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Дастан Буханов Елбасы Жолдауында қазақстандықтардың әлеуетін арттыруға арналған он міндетке, оның ішінде адами капитал жаңғыру негізі, тиімді мемлекеттік басқару сияқты бөлімдер бойынша өз пікірін білдірді.
Шара барысында «Теміржол» бастауыш партия ұйымының төрағасы Айдынбек Скендіров баяндама жасап, бастауыш партия ұйымына қарасты топтық ұйымдардың Елбасы Жолдауын насихаттау, қолдау мақсатында сала, кәсіпорын қызметкерлеріне бүгінгі күнде жұмыстар жүргізіліп жатқандығына тоқтала келе Жолдаудағы 9-міндет, яғни жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігінде нақтыланған міндеттер жайында өз пікірін зерделеді.
Содан соң сөз алған аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры, аудандық мәслихат депутаты М.Ибраев Елбасы Жолдауына аудан жастары әрқашан қолдау білдіретіндігін айта отырып, міндеттер туралы пікірін білдірсе, «Теміржол» ұйымына қарасты №250 мектеп-лицей топтық ұйымының жетекшісі, мектеп директоры Гүлзира Еркебаева Жолдаудағы: 7 міндетке тоқталып, барлық білім беру ісіне ұдайы үлес қосатындығын және мектеп ұстаздарының арнайы білімін жетілдіру курстарында тағылымдамадан өтіп жатқанын, жас ұрпаққа сапалы білім беретінін сөз етті.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.