ЖЕМІСТІ ЕҢБЕК, ӨРІСТІ ӨНЕГЕ
Әлем тыныштығы мен елдегі бейбіт өмірдің әрбір күні бейбітшілік сүйгіш халқымыз үшін әрқашан маңызды. Бірлік пен ынтымақты, берекелі тіршілік пен адал еңбекті ту етіп, тарих тағылымын ұрпақ бойына сіңіре беру біз үшін – парыз.
Бұл ретте биылғы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толуын лайықты атап өтуде жас ұрпаққа оның мәні мен маңызын терең ұғындырып, осы күнге жеткізген аға ұрпақтың өрелі ой, өнегелі істерін жан-жақты насихаттап отыруға байланысты мазмұнды шаралар жоспарлы ұйымдастырылып жатқанынан да хабардармыз.
Осыған орай, кешегі қан майданда от пен оқтың ортасынан келіп, алған жарақатына қарамастан тұралап қалған ел тіршілігін түзеу ісіне белсене араласып кеткен аға ұрпақтың қажымас қайраты мен қажырлы еңбегі көз алдымызға келеді. Олар кешегі күнге дейін халық шаруашылығының сан салаларында еңбек етіп, шаруашылығын дамытты, баласын оқытты, мәдениетін көтерді, денсаулығын жақсартты, өндіріс пен өнеркәсібін өрістетті.
Сондай үлгі тұтар тұлғалардың бірі – 1912 жылы Қазалы уезіне қарасты Қармақшы болысы жерінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген Ерімбет Қойшыбаев ағамыз еді.
Алдымен ауыл молдасынан ескіше сауатын ашқан ол 1926 жылдарға қарай сол кезде Қармақшыдағы жалғыз төрт жылдық білім ошағы болған «Ұлттық тұңғыш бастауыш мектебінде» сабақ алады. 1895 жылы Михаил Тарасович Широков ашқан орысқазақ түземдік мектебі сол жылдары осылай аталған болатын. 1931 жылы «4 кластық колхоз жастар мектебі» болып өзгеріп, жаңа мәртебеге ие болды. Бұл – уақыт ағымына қарай өзгертіліп отырған қазіргі Шоқан Уәлиханов атындағы №26 мектептің әр кездегі атаулары.
Мектепте алдымен Байтұрсынов әліппесіне негізделген төте жазуды жетік меңгерген Ерімбет Қойшыбайұлы 1929 жылдардан кейін латын қарпіне көшкен кезде де сабаққа ұғымтал болып, жазу-сызуды өз қатарластарына үйрететін дәрежеге жетті.
Қармақшы ауданы болып құрылған алғашқы жылдардан-ақ кездескен түрлі қиыншылықтардың аяғы ашаршылыққа ұласып, елде біреуді біреу біліп болмайтын қиянаты мол қасіретті кезең басталғанда аудандағы белсенді жастардың бірі болып Дәмегүл Мырзағалиева, Самалбек Ахметов сияқты бас көтерер азаматтармен тізе қосып жұмыс істеді.
1930-жылдардың басында Қызылорда қаласындағы екі жылдық мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, аудандағы «Бестам мектебіне» мұғалім болып орналасты. Мұнда мектеп оқушыларымен қатар мектеп жасынан әлдеқашан асып кеткен жастарды сауаттандыру ісіндегі ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, оқу-тәрбие жұмыстарына ілкімділігі бар жас жігіт аудан орталығына ауыстырылды.
Сөйтіп, оған 1925 жылы негізі қаланған өндіріс ошағы – механикалық зауыт жанынан ұйымдастырылған жұмысшы жастар мектебінің директоры болып орналасты.
Бұл мектеп соншалықты қол күшін қажет ететін зауыт жұмысшыларын сауаттандыру мақсатында ашылған еді. Келер жылы зауыт өндірісін қажетті шикізаттармен қамтамасыз ететін Қарсақбай-Жосалы жүк тасымалы мақсатында ашылған автобаза жұмысшыларын сауаттандыру ісі де осы мектепте жүзеге асырыла бастады. Қолда бар деректер бұл автобазада 350 адам жұмыс атқарғанын көрсетеді. Мекеме 1939 жылдарға дейін, яғни Қарағанды-Жезқазған Қарсақбай теміржолы іске қосылғанға дейін жұмыс істеп тұрды.
Күні бойына құлақ тұндыра тарсылдаған, гүрсілдеген темір станоктар дыбысынан мезі болып, ауыр жұмыстан шаршап шыққан жастарды оқыту ісі де оңай болған жоқ. Олардың көпшілігі жұмыстан кейін сабақ оқуға зауқы болмай, мектеп партасына отыруы қиындықпен жүріп жатты.
Әлдінің әлсізге жасайтын түрлі езгілері мен әділетсіз қоғамның қияпатты қылықтарының салдары болған – ашаршылық, қуғын-сүргін уақыттарында қалжыраған халық өкілдерінен сауатты-салауатты жұмысшы табын қалыптастыру – ол кездегі оқыған азаматтар алдында тұрған күрделі жұмыстардың бірі еді.
Мұндай қиындықтардан «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, тек өзінің сүйікті мамандығына деген құштарлық пен сары алтындай сабырлылық, асқан төзімділік қана алып шығатынын түсінген жас ұстаз әр ісін ойша саралай отырып, сарабдалдықпен үйлестіре білді.
Иә, көптеген қиындықтармен жаңа қоғамның білімді, білікті азаматтары өсіп, қалыптасып келе жатқандай да жайы бар еді. Алайда еліміздің батыс бетінен талайды сансыратып, талайдың отбасына опат әкелген «соғыс өрті» көптеген жоспарлар мен алға қойған мақсаттардың орындалуына тосқауыл болды. «Ел шетіне жау тиді!» дегенді есіткен қай қазақ қол қусырып қарап отырған, Отан қорғау жолында батысқа аттанған азаматтарымен бұл да майдан даласына бет алды. Бұл 1941 жылдың күзі болатын.
Қарап отырса, соғыс басталған жылы 29 жаста екен! Еңбектің қай саласында жүрсе де «Елім үшін!» деген қағиданы ту еткен шынайы коммунист, елжанды азамат алғаш майданға кіргенде атқыштар бригадасы құрамында болып еді. Қаруластарымен де етене араласып, командир тапсырмаларын шапшаң әрі мүлтіксіз орындауға күш салды. Еңбекке ерте араласқан икем-дағдысы әр істе көмекке келіп, окоп қазу, қорғаныс блиндаждарын даярлау кезінде ептілік танытты.
Ұрыс қимылдарындағы икемділігі мен жауынгерлік белсенділігін, шебер ұйымдастырушылық қабілетін байқаған командирлері оны Хабаровск қаласына офицерлер даярлайтын 6 айлық әскери курсқа оқуға жіберді. Одан соғыс техникасының қыр-сырын үйреніп әскери біліммен майдан даласына қайта оралды. Жан-жақты даярлықтан өткен жас жауынгер жау шебіне 1942 жылы лейтенант шенінде 1 армия сапына 64 атқыштар полкінің взвод командирі ретінде кірді.
Майдан даласының түрлі бағыттарында жаумен әлденеше рет бетпе-бет келіп, көптеген қалалар мен селоларды жаудан азат етуге атсалысты. Ресей, Украина, Белоруссия жерінің орманды далалары мен иірімді өзендерінен өтіп, қаруластары арасында ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысындағы еліміздің Жеңісіне елеулі үлес қосты.
Сондай қиян-кескі ұрыстардың бірінде қарша жауған жау оғы бұның жүрек тұсына бағытталады. «Құдай бақса – бәле жоқ, құдай қақса – пана жоқ» дегендей, Алла тағаланың қалауымен алда көретін жарығы бар екен, алыстан жеткен бір қаңғыған оқ төс қалтадағы партиялық билетінің қыртысты беттерін тесіп өтіп, әлсіреген қалпымен жүрекке жетпей тоқтайды.
Бұл 1943 жылдың наурыз айы болатын. Ұлы Отан соғысының ардагері жанын сақтап қалған осы бір партиялық құжатты кейін талай билет ауыстырған кезде өзінде сақтап, соғыс кезеңінде басынан өткен тарихи сәттің ескерткішіндей ұрпағына жәдігер етіп қалдырды. Қазір бұл партбилет аудандағы тарихи өлкетану мұражайының бір экспонаты ретінде көрерменіне соғыс қияметтерінен сыр шертіп, өз қызметін жалғастыруда.
Жүрек тұсынан ауыр жарақат алған ол алдымен жергілікті майдан госпиталінде, кейін Ташкент қаласындағы әскери госпитальде күрделі отадан соң екі айдай емделеді. Науқастың беті қайтқан соң 1943 жылы маусым айының 27 күнгі №1270 эвакуациялық госпитальдің бастығы, медициналық қызмет майоры Зайдманның қолымен жазылған: «лейтенант Қойшыбаев Ерімбеттің Советтік Отанды қорғау жолындағы ұрыста кеуде тұсынан ауыр жарақат алуына байланысты майданға жарамсыздығы туралы» анықтамалық құжаты бойынша елге оралады.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығының қай саласында оңған хал болсын. Мамандығы мұғалім болғандықтан білім саласындағы мешеулікті жою жұмысын одан әрі жалғастыру үшін аудандық оқу бөліміне жұмысқа тұрды. Бөлімнің жұмысшы-шаруа жастар мектебі жөніндегі инспекторы болды. Бұл кезде халық шаруашылығын қалпына келтіру және өркендетудің бес жылдық жоспарына сай еліміздің экономикалықтұрмыстық жағдайын көтерумен қатар жаппай ауылдық жерлерде 7 класс, қалалық жерлерде орта білім беру ісін кеңінен жолға қою белгіленеді. Партия мен үкімет тарапынан мектеп жасынан асқан азаматтар үшін кешкі жастар мектебін ұйымдастыру талаптары қойылды.
Үкімет қаулысына сәйкес соғыс жылдарында майданға кеткен әкелерінің, ағаларының орнын басып, оқудан қол үзіп қалғандар үшін аудан орталығынан орыс және қазақ тілінде оқытатын екі сыныпты кешкі мектеп ашылған болатын. 1946 жылғы 1 қыркүйекте оған 111 оқушы тартылып, алғашқы жұмысын бастады.
Алайда жұмысшыларының кешкі мектепте оқып, білім алуына көптеген мекеменің басшылары көңіл бөлмеді. Оқуға тартылған жастардың толыққанды мектеп бағдарламасын игеріп алуы үшін сол кездегі механикалық зауыт директоры Ефимовпен, «Эмалштамп» зауытының директоры Көкебаевпен, сондай-ақ Астық даярлау, Қармақшы сельпосы, Шикізат дайындау мекемелері басшыларымен тығыз байланыса отырып кешкі мектеп жұмысын жолға қойды. Кейінірек осы мектепке бірсыпыра уақыт директор да болып қызмет атқарды.
Ұрпақ тәрбиесінде өлшеусіз еңбек сіңірген ұстаздың 1949 жылы ашылған пансионды мектеп-интернатының директоры болған жылдары ел есінде қалды. Бұл жұмысты 1967 жылға дейін 18 жыл бойы атқарған оны әріптестері мен сыйлас азаматтардың «Қармақшының Макаренькосы» атандырған кезі де болды. Әсіресе, сол жылдары интернат тәрбиеленушісі болған кісілер сол бір кезеңді аса қимастықпен, сағынышпен еске түсіріп отырады бұл күндері. Алыс мал жайылымындағы малшы балалары мен теміржол бойының жұмысшы балаларына, ауыл мектептерінен 7 сынып бітіріп, жоғарғы сыныпта жалғастыруға келген оқушыларына арналған интернат ол кезде тәрбиеленушіге толы болатын. Сонымен бірге соғыстан кейінгі жылдары ата-анасынан айырылып, көшеде қараусыз қалған балаларды да тауып әкеліп, ішер аспен, киер киіммен қамтамасыз еткен жайлары да көп болды.
Оның ұстаздық мол тәжірибесі, мейірімге толы аялы алақаны, жұмыстағы принципшілдігі мен талапшылдығы интернатта жүйелі тәртіп орнатты. Тәрбиеленушілер «үлгілі оқушы», «тәртіпті тәрбиеленуші» деген ұғымның қалай қалыптасатынын жүрегімен сезінді. Олардың сабаққа даярлану уақыты, тамақтану, мәдени-демалыс шараларына бөлінетін уақыттары тиімді ұйымдастырылып, интернат балалардың екінші үйіне айналды.
Жеке бастың тазалығы, киім киюдегі ұқыптылық, жүріс-тұрыс этикасы, бәрібәрі тәрбиешілер тарапынан қалт жібермей қадағаланып, мектептегі сабаққа даярлықсыз бармау, сабақтан кешікпеу сияқты қарапайым болғанмен мектептің негізгі ережелері саналатын талаптар мүлтіксіз жүзеге асырылды.
Осы интернаттың алғашқы директоры болып, негізін қалаған Ерімбет Қойшыбаевтың өздеріне деген ыстық ықыласы мен мейірлі алақанынан жан шуағына бөленген тәрбиеленушілер уақытында өздері жатқан интернатқа мемориалдық тақта орнатуға бастамашы болды.
Отан үшін от кешіп, жалынды жастығы мен арынды аптығын туған жері мен өскен елінің игілігіне арнаған майдангер соғыс кезінде алған жарақатының меңдеуінен 1970 жылы 58 жасында дүниеден озды. Алайда артында қалған қатар-құрбы азаматтары, әріптестері, ұжымдастары, мектептегі шәкірттері, интернаттағы тәрбиеленушілері оның ғибратқа толы ғұмырындағы елеулі істерін ұмытқан жоқ. Ер есімі ел жадынан өшірілмек емес.
Өмірлік жары Күлбакира Әшімқызымен жұбайлық өмірі де асқан сыйластықпен, бір-біріне деген терең құрметпен мазмұнды өтті. Отбасында саналы ұрпақ өсіріп, қызықшылығына бөленді. Олардың бәрі жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша білікті дәрігер, ұлағатты ұстаз, инженер, әскери қызметкер болып еліне абыройлы еңбек етуде.
Екеуінің білікті ұстаз, тағылымды тәрбиеші ретіндегі абыройлы істері балалары мен немерелеріне жұғысты болып, бүгінгі күні әулетінен белгілі-белгілі 10 ұстаз, ел басқарған азаматтар шығуы ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегінің жемісті, өнегесінің өрісті болғандығын көрсетеді.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы