МАЙДАНГЕРДІҢ ӨНЕГЕЛІ ҒҰМЫРЫ
Биыл сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына – 80 жыл. Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы кімге де болсын қасіретін тартқызбай қоймады. Зұлмат жылдар ішінде талай бала жетім қалып, талай ана жесір атанды. Қан майданға ауданымыздан да бірнеше мыңдаған боздақ аттанды. Олар сұм соғыста жаумен арпалысып, азаттық жолында жанын құрбан етті. Міне, осындай Отан үшін кеудесін отқа тосқан ерлердің қатарында Сүлеймен Абылов та болған еді.
Ол 1906 жылы ауданға қарасты Ақжар ауылында туған. Он бес жасынан бастап туған ауылында түрлі жұмыс атқарып ауылдастарымен бірге өмірдің қиындығы мен ауырлығын бөлісе көтерді. Алғашқылардың бірі болып Ақбел колхозын ұйымдастыруға белсене араласты. Мұнан соң 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, 1943 жылға дейін соғысқа қатысқан. Соғыс кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградталған. 1943 жылы екінші топтағы соғыс мүгедектігіне байланысты әскер қатарынан босатылып елге оралады.
Өмірінің соңына дейін туған ауылында Ақбел, Қазақстанның 30 жылдығы колхоздарында, Ақжар совхозында әртүрлі жұмыс атқарды. Қай салада еңбек етсе де тапсырылған жұмысты адал, тиянақты атқарып, ауыл экономикасын нығайтуға лайықты үлесін қосты.
Сүлеймен еңбекқор жан еді, ауыл басшылары оны шаруашылықтың ең ауыр деген жұмыстарына жұмсайтын. Ол егіншілік мәдениетін, ауыл шарушылығы дақылдарын күтіп баптауды жақсы меңгерген еді. Ауыл тұрғындары арасында қызанақ, қияр, баклажан, жуа сияқты дақылдарды алғаш рет егіп, оларды өңдеуді ауылдастарына үйретті. Сонымен бірге ауылға қажетті өнім өңдеуді меңгеріп, халыққа ұсынды. Өз отбасынан ауысқан бақша, көкөністерді, оның өңделген өнімдерін дүкендерге өткізіп, қосымша табыс тапты. Мұнан өзге сыпырғыш егіп, оны байлап ауылдағы тұрғындарға, мектеп, аурухана, балабақша сияқты мекемелерге дайындап беріп, ауылдағы кәсіпкерліктің негізін салды. Ол кісінің байлаған сыпырғыштары өзінше ерекше болатын. Басқалар сыпырғышты сыммен байласа Сүлеймен талдың бұтақтарын жазда дайындап, оны қысқа дейін арнаулы жерде сақтап, сыпырғышты талдың бұтағымен байлайтын. Байлаған сыпырғыш басқалардан әдемі болып, тұтынушылардың талғамына лайық бағасын алды. Өзінің еңбекқорлығы, адалдығы, жоғары адамгершілік қасиеті, қонақжайлығы, ағайынға жағымды мінездерінің арқасында ауылдастарының арасында беделді болды.
Өмірлік жарымен бірге 3 бала тәрбиелеп өсірді. Балалары да ол кісінің еңбекқорлығын, іскерлігін, жақсы істерін үйреніп, өмірде басшылыққа ала білді, сөйтіп лайықты азамат болып өсті. Балалары қазір де түрлі салада абыройлы еңбек етуде. Немерелері де ата-дәстүрін жалғастырып, еліне адал қызмет жасау турасындағы ата аманатына адал болу мақсатында еңбек етуде.
Майдангер Сүлеймен Абылов 1970 жылы 64 жасында дүниеден озды. Міне, кешегі сұрапыл соғыста Отан үшін от кешіп, жан аямай ерлік көрсетіп, кейіннен бірнеше жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында тынбай еңбек еткен майдангердің еңбек жолы осындай. Оның сан қилы тағдыры болашақ ұрпаққа үлгі.
Иә, бүгінде егеменді ел болып отыруымыз – кешегі соғыстың өтінде тобықтан қан кешіп, туған жерінің азаттығы үшін жанын шүберекке түйген ата-бабамыздың ерлігінің арқасы. Сәйкесінше, бұл толғағы қанша ащы күн болса да, халқымыз үшін қуанышты күн болып саналмақ. Өйткені бұл күн – бабалар есіміне тағзым ету, сонымен қатар Ұлы Жеңіс күні.
Жақсылық ЕРХАНОВ,
Кеңес Одағына еңбегі сіңген құрметті теміржолшы