» » Батыр жерлесіміз жадымызда

Батыр жерлесіміз жадымызда

Ұлы Жеңіске биыл 75 жыл толып отыр. 1941 жылы 22 маусымда басталып, 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа аттанған қазақстандық 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы майданнан қайтып оралмады. Кеңес Одағының Батыры атанған 500-ден астам кеңес жауынгерлерінің 100-ден астамы – қазақтар. Ал, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Солардың қатарында жерлесіміз Зиядинов Әнауша да бар.


Ол 1924 жылы Төрткүл өңірінде, қазіргі Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Шыққан тегін айтсақ, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жетінші ұрпағы.

Ә.Зиядинов 1942 жылдың қарашасында майданға аттанып, 1945 жылдың 13 мамырына дейін әскер қатарында болады. Майданда жүріп 5 рет жараланады, 2 рет ауыр басына соққы алады. Алғашында кіші командирлер дайындайтын сержанттық курсты үздік аяқтап, сол кездегі Түрікмен КСР-ның Мары қаласында орналасқан пулеметшілер дайындайтын әскери училищеге түсіп, кіші лейтенант шенін алады. 1943 жылы ақпанда Солтүстік Кавказ майданының 51 армиясы 63 бригадасының пулеметшілер взводын басқарып соғысқа кіреді. Моздок, Нальчик қалаларын азат ету шайқастарына қатысады. Шайқастарда көрсеткен жеке ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Мұнайлы ауданды басқа аймақтардан бөліп тастауға ұмтылған неміс командованиесінің жоспары Кавказда іске аспай қалады. Сәтсіздіктер мен қиындықтар, адам шығыны қатар жүрсе де, солтүстік Кавказ майданы жас командир Зиядинов Әнауша үшін саяси және әскери шыңдалудың үлкен мектебі болады. 1943 жылдың шілдесінен бастап ол екінші дүниежүзілік соғыста шешуші рөл атқарған Курск шайқасына қатысады. 1943 жылы 5 шілдеден 23 тамызға дейін созылған ұрысқа екі жақтан 4 млн аса адам, 69 мыңнан астам зеңбірек пен миномет, 13200-ден аса танк пен өздігінен жүретін қондырғы, 12 мыңға жуық ұшақ қатынасты. Прохоровка деревнясы маңында болған тарихтағы аса ірі танк шайқасы да Курск доғасында өтеді. Гитлердің әскери басшылығы құрған “Цитадель” жоспары бойынша неміс әскерлері Орел – Курск және Белгород – Курск бағыттарында бірден күшті шабуылға шығып, Курск доғасындағы кеңес әскерлерін қоршауға алып, жойып жібермек болды. Алайда, кеңес әскерлері қарсы шабуылға шығып, 1943 жылы 29 шілдеде Волхов, 4 тамызда Орел мен Белгород қалалары азат етіледі. 23 тамызда жау Харьков қаласын тастап шегінеді де, Курск шайқасы аяқталады. Осы шайқастарда жүріп, майдангер «Курск шайқасындағы ерен ерлігі үшін» медалімен, «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі» орденімен марапатталады 1944 жылы қарашада болған Днепр өзені үшін болған қанды шайқасқа Әнауша батальон командирі дәрежесінде қатысады. Днепрден өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Майдан жолдары одан әрі жалғасқан жауынгер 1945 жылы ақпанда Дунай өзені бойындағы Будапешт қаласын жаудан азат етуге қатысады. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Будапешт қаласын азат еткені үшін» медалімен марапатталады. Батыр әкеміз Ұлы Жеңісті Чехословакия елінің территориясында қарсы алады.

Соғыс аяқталған соң кеңес әскерлері қатарын соғыста ысылған командирлермен нығайту қажеттілігі туындайды. Әнауша Зиядинов – тәжірибелі командирлер қатарында Москва қаласынағы Жоғары Әскери Академияға оқуға қабылданады. Бірақ, соғыста алған жарақаттарына байланысты 1946 жылы гвардия подполковнигі шенінде елге оралады. Осы жылы тамыз айына өзі оқыған №183 орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Қызылорда педагогикалық институтын бітіреді. 1953-1955 жылдары Жаңажол елді мекеніндегі Комсомол жетіжылдық мектебінің директоры болып қызмет атқарады. Аудан орталығындағы №105 орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Ұрпаққа өнегелі тәрбие мен терең білім беріп, еңбекте де биіктен көріне біледі. 1984 жылы №183 орта мектебінен зейнеткерлік демалысқа шығады. Ұстаздық жолындағы ерен еңбегі үшін «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен мадақталады.


Жолдасы Гүлбарам Айманшаевамен бірге Бақытжан, Батыржан есімді ұлдарын, Мәреш, Мәкеш, Кәмеш есімді қыздарын тәрбиелеп өсірді. Ұлағатты ұстаз, еңбек және соғыс ардагері Ә.Зиядинов 2010 жылы дүниеден өтті. Өмірден өткенімен оның ерлік істері мен өнегелі өмірі ол кісіні білетіндердің жадында ешқашан ұмытылмайды.

Қайырхан ТҰРЫМТАЕВ,
№183 орта мектебінің
тарих пәні мұғалімі

23 мамыр 2020 ж. 947 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031