» » Ерлігі елге өнеге

Ерлігі елге өнеге



Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, талай қыршынды құрбан қылған Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы құрамында болған біздің елімізді де айналып өтпеді. Ел басына күн туғанда, етікпен су кешіп, қорған болар асыл азаматтарымыз соғысқа қатысып, ерлік көрсетті. Азаматтардың кейбірі туған жеріне кеудесін орден мен медалға толтырып оралса, кейбірі ауыр жарақат алып, жарымжан-мүгедек болып қайтты. Ал енді бірі майдан даласында ерлікпен қаза тауып, туғандарымен табыса алмай, туған жерден жырақта жерленді. Хабарсыз кеткендер де көп еді. Жау қолына тұтқынға түсіп, елге сол уақытта «абыройсыз» болып қайтып келгендер де болды.
Соғыс – адам баласы үшін үрей тудыратын, қорқынышты сөз. Ұлы Отан соғысы аталарымыз бен әжелеріміздің және олардың ұрпақтарында өшпес ізін қалдырып кеткендігі ақиқат. Әдетте, соғысты жауыздық, қанішерлік бастап, артынша әділеттік үстемдік құрып, жеңіске қол жеткізіп жатады. Гитлершіл Германия және оның одақтастары бастаған соғыс қарапайым халыққа қасірет туғызып, бейбіт өмірге бүлік әкелді, қарғыс арқалап, артынша жеңіліс тапты. Жеңіске қол жеткізу үшін ел басқарған азаматтардан бастап, әскер басқарған сардарлар мен қару асынған сарбаздар, одан бөлек фронтта жүргендерді азықпен, киіммен, қарумен, әскери техникамен және тағы басқа қажетті жарақтармен қамтамасыз етуде еңбек еткен диханшы, тігінші, тракторист, токарь, инженер және тағы басқа адамдардың еңбегі орасан зор болды.
Егер Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтар болсақ, жеңіс сағатын жақындатуға Қазақстанның қосқан үлесі көп екенін байқауға болады. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз зұлмат соғысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылған. Майдан даласында 394 мың қазақ боздағы елге қайтпады. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады. Бірінің әкесі, бірінің ағасы мен інісі, ал біреудің баласы қаза тапты. Қаншама жас боздақ қыршын қиылды.
Қазақстан жауынгерлері Украинаны, Беларуссияны, Балтық бойын, Молдавияны, Шығыс Еуропа халықтарын Гитлер бастаған әскердің тепкісінен азат етуге қатысты. Осы шайқастарға аудан тумасы Мінәж Пірманов та қатысып, ерлігімен көзге түсті. 1943 жылдың ақпан-наурыз айларында Харьков түбінде Кеңес және Вермахт әскерлері арасында кескілескен үлкен шайқас болғаны белгілі. Осы Мінәж атамыз неміс және олардың одақтастарының артиллериялық шабуылына тап болып, ауыр жарақат алады. Госпитальда ауыр жарақатынан емделу кезінде танкистер даярлайтын училищеге іріктеу болып жатқанын естіп, сол курсқа жазылады да, екі ай танк басқарудың әдіс-тәсілдерін үйреніп алғаннан кейін майдан даласына танкист болып қайта оралады. Талай жеңісті де, жеңілісті де шайқастарда 4 рет ауыр жарақат алса да, ем алғаннан кейін майданға қайта оралып, елімізді Германия әскерінен азат етуде ерлік көрсетіп, жеңіс күніне танкист болып жетеді. Жеңіс туы көкке орнағаннан кейін де әскер қатарында жүріп соғыстан кейінгі тәртіпті, бұзылған елді-мекендерді қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан.
Осы ретте соғыс ардагері, әңгімемізге арқау болып отырған Мінәж Пірмановтың өмір жолына тоқтала кетсек. Ол 1924 жылдың 1 қаңтарында аудандағы Байзақ тоғайында дүниеге келген. Сол жерде 7 жылдық мектепті тәмамдаған. 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан, шайқастардағы жетістіктігі үшін Қызыл жұлдыз ордені, Ерлігі үшін, Берлинді алғаны үшін, Германияны жеңгені үшін, Варшаваны азат еткені үшін және тағы да өзге көптеген медалмен марапатталып, 1947 жылы аман-есен елге оралады. Елге оралғаннан кейін халыққа адал қызмет етіп, абырой биігінен көрініп, беделді қызметтер атқарады. Калинин ұжымшарында түрлі қызмет атқарып, 1953 жылы Молотов кеңшарында ауылшаруашылық бригадирі, 1965-1967 жылдары Октябрь әскери округіне қарасты 22-ші әскери кеңшарында (қазіргі Ақай ауылы) басқарушы, 1973 жылдан Октябрь әскери кеңшарында директордың орынбасары сынды беделді қызметтерді абыроймен атқарып, 1984 жылы зейнет демалысына шыққан. Сонда да еңбек жолын тоқтатпай, 1989 жылға дейін қойма меңгерушісі қызметінде болады.
1967 жылы Ақай ауылындағы қызметке баруына сол кездегі Ленинск қаласындағы (қазіргі Байқоңыр) гарнизон-тылдың бастығы Василий Иванович деген азамат себепкер болған. Ол уақытта Ақай ауылының әскери басқарушысы майор Харченконың қарамағында кеңшар басқарушысы болып абыройлы қызмет атқарады. В. Иванович отставкаға шығып Мәскеуге көшіп кеткенімен де Мінәж ағамызбен байланысын үзбей жиі хабарласып тұрыпты. Ол кісінің қызы Нелля Васильевна Қазақстанға келгенде арнайы атбасын бұрып, әкесінің сәлемдемесін жеткізіп, үйіне қонақ болып кететін. Мұны да адал достықтың белгісі ретінде қабылдауға болады. Мінәж ағамыз жұбайы Қадишамен бірге ұрпақ өрбітіп, 1 ұл 5 қызды тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Балалары заманға сай білім алып, қазіргі таңда әке мен ана салған жолды жалғап, елге абыройлы азамат атанып қызмет етуде. Олардан да ұрпақ тарап, қазіргі таңда үлкен әулетті ел атанып отыр. Асыл ата, ардақты ардагер 2000 жылы 76 жасында өмірден озған. Алайда оның өнегелі өмірі, қадірлі есімі ұрпақ жадынан өшпейді.
Иә, от кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Десе де, олар жасаған ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Зұлым жаумен шайқаста аталарымыз қан төгіп, қолы жеткен Жеңіс шапағы кейінгі ұрпақтарға өнеге. Болашақ үшін, дүние жүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұл туралы ұмытуға болмайды. Ал соған қол жеткізіп, аспанымызда бейбіт күннің орнауына атсалысқан аталарымыз бен әжелеріміздің атын мақтан тұтып, өсіп келе жатқан ұрпаққа дәріптеп жеткізу – біз үшін міндет.

А.СҮЛЕЙМЕНОВА
08 маусым 2024 ж. 296 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 510

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 582

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031