Ата даңқы жадымызда
Ел басына күн туғанда ерлер атқа қонса, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес елін жаудан қорғау үшін азаматтар майданға аттанды. «Ерлік – елге мұра» дейді халық даналығы. Биыл қасіретті кезеңнің аяқталғанына 76 жыл толып отыр. Ата-бабаларымыздың қанымен келген жеңіс жолындағы әрбір ерлік бізге даңқты, ұмытылмас мұра. Біздің өлкеден де майдан даласына аттанып, кеудесін оққа тосқан батырлар жетерлік. Солардың бірі – Алмаш Салмырзаев.
Ол 1906 жылы дүниеге келген. 1941 жылдың аяғында Бозарқаш ауылынан (қазіргі Ақтөбе ауылы) соғысқа шақырылып, әйгілі Курск доғасында жаяу әскер қатарында шайқасқан. 1943 жылдың аяғында елге жараланып оралған. Майдан даласындағы ерлігі үшін бірнеше орден, медальмен марапатталған. Соғыстан кейін Бозарқаш ауылында, ауданда ферма меңгерушісі, кеңшар басшысы болып елге қызмет жасаған. Алмаш ата жары Айнашпен Асылбек есімді ұл өсірді. Одан 5 қыз, 3 ұл тарап, бүгінде олар жоғары білімді, сан салада қызмет етіп жүрген азаматтар.
– Бүгінгі жастар ата-бабалардың жанқиярлық ерлігі үшін мәңгі қарыздар. Мен майдангер атаның келіні болғанымды мақтан тұтамын. Немере-шөберелеріне әрдайым аталарын үлгі етемін. Ата ұрпақтары өсіп-өніп, тәуелсіз ел игілігі үшін еңбек етуде. Майдангер атамыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Отан үшін шайқастағы әкелер мен аналардың қаһармандық ерлігі мен тылдағы еңбектерін қазіргі ұрпақ көңілге түйіп, жадында берік сақтауы тиіс, – дейді келіні Дүрия әжей.
Бүгінде қара шаңырақта Алмаш атаның келіні 22 немере, 28 шөбере тәрбиелеп отыр. Олар ата ерлігін әрдайым есте ұстайды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ