» » Ер есімі - ұрпаққа мұра

Ер есімі - ұрпаққа мұра

Майдан даласында әрбір жауынгер қасиетті жері үшін шайқасып, зұлым жаудан Отанын қорғады. Сол жауынгерлердің қатарында жерлесіміз Қаппар Төлеков те бар. Ол ел басына күн туғанда иығына қару асынып, бейбіт өмір үшін күресті.
Қаппар Төлеков екінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, одан кейін бейбіт өмірге араласып, артында өшпестей із қалдырған жан. Ол 1924 жылы қазіргі Қармақшы ауданында дүниеге келген. Әкесі Төлек ақсақал соғысқа дейінгі ашаршылық кезеңде елдің ырысын еселеуге атсалысып, ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етті. Төлектен үш бала бар. Үлкені Әлипа, екіншісі Жолдасбай, үшіншісі Қаппар. Олардың балалық шағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келіп, ес білісімен еңбек майданына жегілді. Өйткені балалардың әкесі Төлек өмірден ерте кетіп, үйдің кенжесі Қаппар 13 жасында әкеден айырылды. Сол жылдарды тарихи деректермен сөйлетсек, 1930 жылдан 1933 жылдың жазына дейін 3 млн 379 мың қазақ ашаршылықтың құрбаны болған. Мұның бір миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Бұған 1921-1922 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1,7 млн адам шейіт болды. Осылайша әкеміздің жастық шағы аштық нәубетіне тап келіп, өмір оны ерте есейтті.
Ашаршылықты еңсерген жұрт таңмен тұрып, пешенесіне жазылған беймарал шаруаларымен айналысып жүр¬генде, ауылдың бір-ақ түнде ой-раны шықты. Бейқам жатқан елге фашистер басып кіріп, 1941 жылы әлемді дүр сілкіндірген соғыс басталды. Кеңес одағының батыс шекарасы қып-қызыл өртке оранды. Жарты құрлықты алып жатқан алып елге алапат қауіп төнді. Отан Ана – ел қорғауға ұлдарын шақырды. Жылқышы құрығын, шопан таяғын, диқан кетпенін қаруға айырбастап, жауынгерлік сапқа тұрды. Олар сан ғасырдан бері бабалардан аманат – Отан қорғау борышын өтеуге қан майдан даласына аттанды. Онсыз да ашаршылық әбден сілелеткен халыққа бұл соғыс оңай тимегені анық. Соғыс басталысымен әскери комитет өкілдері ауыл азаматтарының тізімін жасақтап, майдан даласына жіберіп жатқан тұста Қаппар Төлеков: «Майданға ағам Жолдасбай мен немере ағам Жалғасбай да кетіп барады. Мені де ала кетулеріңізді сұраймын», – деп комиссариатқа өтініш берді. Ол кезде Қаппар небәрі 17 жаста болатын. Сол үшін әскерилер оның өтінішін бұл жолы орындай алмады. Ауылда қалып, анасына қамқор болуын түсіндіріп, әскер қатарына қосуға оның жасы жетпейтінін ескертті.
Отан қорғау жолында жаумен шайқасып жүріп, Мылтықбай баласы Жалғасбай мен Төлек баласы Жолдасбай есімді екі ағайынды майданда алғы шепте жүріп ерлікпен ел қорғады. Отан үшін от кешіп жүріп өмірден өтсе де, артында өлмес мұра ерліктері қалды. Қолда бар деректер бойынша Мылтықбай баласы Жалғасбай 1909 жылы Қармақшы ауданы, Қызылтам ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанға дейін осы аудандағы жол жөндеу мекемесінде басшы болып қызмет атқарған. Қармақшы аудандық әскери комиссариат арқылы әскерге алынып, Сталинград майданында неміс фашис¬теріне қарсы шайқаста ерлік көрсеткен. 1943 жылдың наурызынан кейін хабарсыз кеткен.
Әкесі Мылтықбай шаруа адамы болған, жұбайы Бихат екеуі 3 қызды дүниеге әкелген. Бүгінде бой жетіп, отау құрған қыздары – Қанымша екі, Жақсылық он, Ұлмекені он екі бала тәрбиелеп өсірген Батыр аналар. Ал Төлек баласы Қаппардан тараған Бақыткүл мен Бақытбек ұл-қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы иелері. Ал Төлек баласы Жолдасбай 1920 жылы Қызылтам ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1941 жылы №123 мектепте бастауыш сыныпта сабақ беріп жүрген жерінен әскерге шақырылды. Украина майданында жаумен шайқас¬та көптеген қалаларды азат етуге қатысқан ол 1943 жыл¬дың қаңтар айынан кейін хабарсыз кеткен. Соғыс үрдісіне сай боздақтың аты-жөні хабарсыз кеткендер қатарына тіркелді. Өкініштісі, майдан даласында қаза тапқан Жолдасбайдың артында ұрпақ қалмады. Жастайынан шейт болған оның есімі бүгінде «Боздақтар» тақтасында жазулы тұр.
Ал сұрапыл соғыс басталған тұста бауырларымен бірге майдан даласына бара алмаған Қаппар келесі жылы тағы да: «Соғыстың ұзаққа созылатын түрі бар. Елмен бірге жауға қарсы тұруым керек. Мені әскер қатарына қосыңыздар!» дейді комиссариат алдында. Оның ерік-жігері мен патриоттық сезіміне тәнті болған әскери бөлімдегілер Қаппарды 1942 жылдың тамызында Грузиядағы Батуми шекарасына жіберді. Бұл қала Түркиямен шекаралас орналасқан екен.
Әскерге барар алдында пойызға мініп тұрып: «Мені уайымдамаңдар, Отан алдындағы борышымды өтеп келемін» деп, анасы Бөкенді қайта-қайта құшағына қыса берген көрінеді. Бәлкім бұл сапары ұзаққа созылатынын сезген болар. Өйткені Қаппар әкеміз соғысты аяқтап, одан әрі екі жыл тағы шекарада әскери борышын өтеп, 1947 жылы елге оралды.
Он сегіз жасынан иығына қару асынып, мұз жастанған жауынгер қайтсек те жаудың бетін қайта¬рамыз деген мақсатпен қандай бұйрық берілсе де, әр шабуыл сайын қатарластарының азайып бара жатқанын көрсе де ерік-жігері жасымады. Батумидағы әскерилер шекараны күзетіп қана қоймай, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Алдымен ол әскери дайындықтан өтіп, онда "Катюша" қаруымен танысады. Кейін өзінің жауынгерлік шеберлігін шыңдап, "Катюшаны" еркін меңгеріп алды. Шекараны бұзып өтпек болған фашистердің жолын кесіп, күндіз-түні ел қауіпсіздігін күзетті. Осындай жауынгерлік шеберлігінің арқасында сол жақтағы әскери бөлімшенің басшысы қызметіне дейін жоғарылап, оған «сержант» мәртебесі берілді.
Майдангер Жеңіс тойын сол жерде қарсы алды. «Соғыс аяқталды, енді елге қайтам» деп қуанып жүргенде, тағы екі жыл әскерилерді шекарада қалдырып, Қаппар әкеміз 1947 жылдың наурызына дейін Отан алдындағы борышын өтеді. Елге келген соң соғыстан кейінгі экономикалық қиындықтарды еңсеруге жұмылды. 1949 жылы «Совхоз техникумында» ветеринария мамандығы бойынша оқыды. Кейін мамандығы бойынша кеңшардағы малдардың басын көбейтуге атсалысып, сонда мал дәрігері болды. Мал фермасындағы жұмыс өте ауыр болғаны белгілі. Соған қарамастан ол өгіз бағып, сауынды сиырлардың бабын келістіріп, қажырлы еңбек етті.
Төл алу мен мал басын аман сақтауға атсалысқан майдангер кейін 1984 жылы Қармақшыдан Жалағашқа көшіп келді. Мұнда да төрт түлікті асылдандыру әрі мал ауруының алдын алу бағытында өз тәжірибесімен бөлісті. Әр ауылдан құрылған фермаларға барып, мал дәрігерлік қызмет көрсетті. Оның біліктілігі мен еңбексүйгіштігіне тәнті болған өңір басшылары аудандық кеңес депутаттығына ұсынды. Қырық жыл партия мүшесі болған майдангер кейін облыстық, аудандық кеңесте 10 жыл депутат болды. Халық қалаулысы ауыл шаруашылығы саласын оңтайландыру, мал бордақылау мен ірі қараны асылдандыру жұмыстарын жетілдіру жөнінде өз ұсынысын жеткізіп, ауыл тіршілігін жандандыруға шақырды. Жеңісті жақындатқан әкеміздің соғыстан кейінгі қажырлы еңбегін елеген елі көптеген мерекелік медальмен және сол кезеңдегі Қазақстан жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен марапаттады. Соғыс және еңбек ардагері, елге сыйлы әкеміз 1987 жылы 63 жасында дүниеден өтті.
Жары Бейбіқатша анамыз екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, қанаттандырды. «Атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп» дегендей жастайынан ат үстінде өсіп, әкесінің қасына ерген Бақытбек Төлеков әкеден қалған атакәсіпті жалғап, сиыр ұстап, жылқы баптауда. Бүгінде ол өткенге құрмет көрсетіп, жыл сайын соғыс ардагерлері атындағы аудандық турнир өткізіп, игі іске ұйытқы болып келеді.
Қорыта айтқанда, өткен ғасырда дүниені дүр сілкіндірген, халқымызға қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы тарих бетінде өшпестей жазылып қалды. Сол сұрапыл соғыста жоғарыда айтылған ағайынды жауынгерлер де ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Отанын қорғады. Бірі – аман-есен елге оралса, ал енді бірі – жау оғынан ажал құшып, майдан даласында қалды. Олардың Отан қорғау жолындағы ерліктері мен өмір жолдары кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра, тарихымызға тағылым. Сондықтан да ер есімі ұрпақ жадында мәңгі жаңғырып тұрары анық.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Жалағаш ауданы



16 маусым 2020 ж. 931 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 510

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 582

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031