» » » Өмірден кім өткенін білесіз бе?

Өмірден кім өткенін білесіз бе?

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ КУӘГЕРІ
Қуанышбай Бисенбаевпен қоштасу сәті
Ол кісіні бала кезден танып өстік. Қарапайым қалпы, біртуар болмысы айналасын баурап, мейірімге қандыратын. Бала көрсе басынан сипап, бауырына басатын. Онымен әңгімелескен, шүйіркелескен жан ерекше күй кешіп, далаға тән қазақтың кең пейілі мен дарқандығын сезінер еді. Өмірдің соқпағына сынбай, теперішіне төтеп берген қайсар ұлдың өмір жолы өнегеге толы болатын.
Міне, Қармақшы қауымы осындай ардақты да аяулы азаматынан 95 жасқа қараған шағында айырылып қалды. Осы жылдың 3 қарашасында Ұлы Отан соғысының өңірдегі соңғы куәгері, еңбек майталманы Қуанышбай Бисенбаев жарық дүниемен қош айтысты.
Оның балалық шағы ел басына күн туған аштық, зобалаң жылдармен тұспа-тұс келді. Жоқтық жайлаған, аштық билеген қоғамда өрімдей бала буыны қатпай жатып-ақ еңбекке араласып, адал астың қадірін біліп ер жетті. Еңбек оның еңсе тіктеуіне, алға қарай ұмтылуына баспалдық болды. Ата-анадан алған тәлім әркез Отанды сүюге, туған жерді аялауға үйретті. Қасиетті топырақтың әрбір тасы мен тамшы суын қастерлеп өскен өрімдей жігіт небәрі он сегіз жасында сұрапыл соғысқа аттанып, Отан қорғауға кете барды.
От пен оққа кеудесін тосқан жауынгер неміс басқыншысы мен жапон мелитарисімен болған талай ұрыста өшпес ерліктің даңқын көрсетіп, омырауына көптеген медаль жарқыратты. Жеті жылдан соң Жеңіспен елге оралған ол соғыс даласын еңбек майданына ауыстырды. Отбасын құрды, ұрпақ өрбітті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып, зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбектен қол үзбеді. Өмірден ерте озған жары Балдама анамыздың орнын білдірмей, әке орнына – әке, ана – орнына ана бола білді. Майдангер ардагер елдік мәселеге араласып, қоғамдық жұмысқа да белсене кірісті. Өзінен кейінгіге ақылын айтып, жол көрсетті. Мектеп оқушыларының ортасынан табылып, ақ батасын беруден жалықпады. "Біздің көргенімізді сендер көрмеңдер, бейбіт заманда білім алып, ата-ана мен ұстаздың сенімін ақтаңдар" деген тілегін білдірумен болды. Сонда байқайтынымыз, Қуанышбай ата соғыс жайында сөз қозғауға құмар емес еді. Қан майданды айтқаннан гөрі жас ұрпақтың болашағы мен келешегіне қарай сөзді ойыстыратын. Бұл да болса оның парасаттылығын, үлкенге тән ағалығын танытса керек. "Соғыс қызықтайтын нәрсе емес, онда қаншама адамның қаны төгіліп, қаншама тағдыр зардап шекті" деп жанарына жас үйірілетін.
Ардагермен соңғы кездесуіміз – осыдан бір ай бұрын, 2 қазанда болыпты. Сол күні аудан басшысы Мұса Қалдарбеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов бастаған бір топ азамат Қарттар мерекесімен құттықтап, батасын алған едік. Ұлттық шапанда қарсы алған майдангердің сөзі шұрайлы, еңсесі биік-ті. Ерлік пен өрліктің белгісіндей болған тау тұлғаның мәңгілік бейнесі нақ осылай есте сақталып қалды.
Кеше Қармақшы халқы қарт майдангерін ақтық сапарға қимастықпен шығарып салды. Онда аудан әкімі Мұса Оспанұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, сондай-ақ батырдың туысы Шәмшат Қалмахановтар ерлік пен еңбектің нарқын арттырған нар тұлға жайында естелік айтып, өмір жолын өнеге етті.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
05 қараша 2019 ж. 1 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031