» » » Бір үйден – үш батыр

Бір үйден – үш батыр


ЖОСАЛЫ, 9 маусым – qarmaqshy-tany.kz ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ТАРИХ САХНАСЫНДА ӨЗІНДІК РӨЛІМЕН МӘҢГІЛІК ЕСТЕ ҚАЛДЫ. СҰРАПЫЛ СОҒЫСТА ЖҮЗДЕГЕН, МЫҢДАҒАН АДАМ ҚОЛЫНА ҚАРУ АЛЫП ҰРЫСТАРҒА ҚАТЫСТЫ. ҚАЗАҚСТАННАН БАРҒАН ӘСКЕРЛЕР МАЙДАН ДАЛАСЫНДА ЕРЛІКПЕН ШАЙҚАСТЫ. ҚИЫН УАҚЫТТА ДҰШПАННЫҢ ҚАПТАҒАН ҚАРАҚҰРЫМ КҮШІНЕ ТӨТЕП БЕРІП, ОЛАРМЕН ТАБАН ТІРЕСЕ ШАЙҚАСҚАН ӘКЕЛЕРІМІЗДІҢ ЕРЛІГІ КӨКІРЕГІМІЗГЕ МАҚТАНЫШ СЕЗІМІН ҰЯЛАТАДЫ.


Бұл зұлматты жылдар көптің есінде қалса керек. Әсіресе, бір үйден үш майдангер шыққан біздің әулет үшін бұл оңай кезең болмады. Әкем Бертай мен ағалары Исатай, Орынбек Ташеновтерді бүгінгі ұрпағы жадында сақтасын деп, естелік қалдыру үшін қолыма қалам алып, ақ қағазға түсіруді жөн көрдім. Олар Қармақшы ауданы, Жаңажол (бұрынғы Төрткүл) өңірінде, шаруашылық аумағында руы төре Әбдіғаппар атамыз бен Айша әжеміздің шаңырағында дүниеге келген. Тегі бойынша арғы атасы Нияз сұлтан, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың немере ағасы болып келеді. Нияздан Дүрмағамбет сұлтан, одан Құлқатай, Нұрмұғамбет, Тәшен, Әбдіғаппар, одан Исатай, Орынбек, Бертай тарайды. Әкемнің үлкен ағасы Исатай 1916 жылы дүниеге келген. Толық емес орта мектепті тәмамдап, отбасының шаруашылығына көмектесіп, еңбек еткен. 1937 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, әскери борышын өтеген. 1940 жылы елге келген соң мектепте мұғалім болып, әскери пәннен сабақ беріпті.


1941 жылдың 28 тамызында әскерге қайта шақырылып, 1945 жыл аралығында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыста ротаның старшинасы болған. Неміс басқыншыларымен болған соғыс жеңіспен аяқталса да, ол елге қайтарылмай, әскери батальонымен бірге Жапон милитаристерімен соғысқа Оңтүстік Сахалинге жіберіледі. Сол себепті соғыстан тек 1946 жылдың шілдесінде ғана елге оралады. Соғыс кезіндегі ерліктері бағаланып бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірінде жастар мектебінде оқып, толық білім алады. Мектептен соң қойма меңгерушісі болып 2 жыл жұмыс істейді. Мұнан кейін өмірінің соңына дейін аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінде инспектор болып қызмет атқарды. Қай жерде болмасын, әскердегідей тәртіптің, орындаушылықтың, тазалықтың болуын басқалардан талап етіп отыратын. Адал, бауырмал, адамгершілік қасиетті жоғары ұстаған текті тұқым ұрпағы Исатай Ташенов 56 жасында, 1972 жылдың жетоқсанында өмірден озды. 1941 жылдың қаңтарында соғысқа дейін шаңырақ көтерген жары Балатай Барсова екеуі 7 перзент тәрбиелеген. Ұлтай, Еркінай, Жарқынай есімді қыздары мен Алмасбек, Мұсабек, Ордабек, Кенжебек атты ұлдары бүгінде аудан орталығында сан салада еңбек етуде.


Ал Ташеновтер әулетінің ортаншысы Орынбек 1920 жылы дүниеге келген. 1939 жылы Қызылордадағы педагогикалық училищені тәмамдаған. 1939-1941 жылдары Черкаск қаласындағы жаяу әскер командирін дайындай- тын әскери училищеде оқыған. 1941 жылдың шілдесінде соғысқа кірісіп кетеді. Бұл Ұлы Отан соғысында 1-ші Беларусь майданының атқыштар взводының командирі, рота командирі, батальон командирінің орынбасары болып жауапты әскери қызметтер атқарған. Жаудан тайсалмай, қарамағындағы солдаттарды шабуылға өзі бастап көтеріп, соғыс әдістерін дұрыс қолданып, жауын жеңіп отырған. 1945 жылдың 30 қыркүйегінде аман-есен елге оралады. Бейбіт өмірде Алматыдағы кеңестік сауда техникумын оқып, алған мамандығына сай Қармақшы ауданы орталығындағы механикалық зауытта, «Райорснабда» жабдықтаушы, Кентау қаласында «Байжантай» тау-кен өңдеу комбинатында жабдықтаушы-инженер болып қызмет атқарған. Әйелі Күләндә Әбдірахмановамен Сабырбек, Төребек есімді ұлдары мен Ақылай, Қырмызы атты қыздарын тәрбиелеп өсірді. Орынбек 1980 жылы Кентауда дүниеден өтті.


Ал ұрпақтары бүгінде Шымкент, Кентау, Алматы қалаларында тұрады. Әкем Бертай Ташенов 1925 жылы өмірге келген. 1941- 1943 жылдары аудандық статистика басқармасының учаскелік инспекторы, аудандық жол бөлімінде аға техник, «Комсомол» елді мекенінде мұғалім қызметін атқарған. 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, авиаполкте ұшақтардың мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырған. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде 1946-1948 жылдары Қызылорда педагогикалық институтының студенті, 1948-1954 жылдары облыстық радио комитетінің Қармақшы ауданындағы өкілі, жұмысшы жастар мектебінің директоры, оқу ісінің меңгерушісі, М.Фрунзе атындағы №27 мектептің мұғалімі қызметін атқарған. Одан соң 1963-1966 жылдары №105 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, №183 орта мектептің директоры болса, 1966-1988 жылдары Қармақшы аудандық селолық Кеңестің төрағасы, Жосалы механикалық зауыты директорының орынбасары, мектеп мұғалімі қызметін атқарған.


1988 жылы зейнеткерлікке шықты. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Бертай Ташенов «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және тағы да басқа медальдармен марапатталған. «Қазақстан Халық ағарту ісінің озаты» атанған. Анам Ағымкүл екеуі Балжан, Алтынай, Жалғас, Әнуар атты 4 перзент тәрбиелеп өсірді. Олар бүгінде Қызылорда, Нұр-Сұлтан қалаларында тұрады. Ал мен туған жеріміз – Қармақшыда қалдым. Майдангер әкем 1996 жылы, анам 1999 жылы өмірден озды. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді қазақ тәмсілі. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай ата- бабаларымызға рухани тағзым ретінде, жер, Отан, жарқын болашағымыз үшін жасаған ерен ерлігін мәңгілікке есте ұстап, жадымызда сақтаймыз. Қанша жыл өтсе де біз, ұрпақтары, жеңіс алауын мәңгі сөндірмей, Отан үшін от кешкен ардақтыларымызды әрдайым жүрек түкпірінде ұстаймыз.

Алтынай ТАШЕНОВА

09 маусым 2020 ж. 1 226 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031