» » МАЙДАНГЕРДІҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ

МАЙДАНГЕРДІҢ ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ

Қасіреті бүкіл әлемді шарпыған кешегі «Екінші дүние жүзілік соғыстағы» фашистік пиғылдан бейбіт өмірді көксеген азаматтық мұраттар үстем түсіп, тарихта өшпес із, өмірлік сабақ қалдырған Ұлы Жеңіс мерекесін еліміз биылғы жылы 80-інші рет тойлағалы отыр.
Қасиетті жерімізде бұл соғыстың қанды шайқастары өтпесе де, киелі даламыздың боз жусанын жау табаны таптамаса да біздің қазақ халқы еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейін соғыс әкелген қасіреттен үлкен зардап шекті. Сұрапыл соғыстың барлық кезеңдеріндегі қанды шайқастарға миллиондаған отандастарымыз араласып қас дұшпанды күйрете жеңуге майданда жауынгерлік үлесін, тылда еңбек үлестерін қосты.
Ел басына бұлт үйірілген осынау шақта, отанымызды мекендеген барлық ұлт өкілдерінің татулық тұтастығының және елдің еселі еңбек еткен бірлігінің арқасында жиналған астықтың жартысы, жамаулы киіміміздің жылысы күн сайын вагондарға тиеліп, майдан даласына жөнелтіліп жатты.
Күн сайын өлім мен өмір, үрей мен үміт, қорқыныш пен қайсарлық алапат айқасқа түсіп, майдан мен тылдың арасында қаралы қағаздар мен от жалынға оранған үшбұрышты үшбу хаттар қарша борады.
Адамзат тарихындағы бұрынсоңды болмаған 1418 күн мен түнге созылған қасіретті соғыс от пен оққа кеуде тосқан миллиондаған ержүрек ерлеріміздің өмірін қиды, тәніміз бен жанымызға жара салды. Бірақ асқақ рухымызды түсіре алмады.
Бүгінгі күні аты аңызға айналған, ұрпағының бейбіт және бақытты тіршілігі үшін оққа оранып, от кешіп қаны мен терін аямаған қаһарман майдангерлерімізді үнемі есте ұстап, қадірлеп, қастерлей білу, ерлікке толы шежірелі істерін мақтан тұту – басты мұратымыз.
Олардың қаһармандық ерліктері ұрпақ жадында сақталады, жеңімпаз халықтың мызғымас берік рухының үлгісі болып қала береді. Себебі қай заманда да Отан қорғаудан қымбат, одан өткен қасиетті борыш пен перзенттік парыз болған емес.
Ұлы Жеңіске қазақстандықтар қосқан үлесте Сыр елінің, оның ішінде қармақшылықтардың да лайықты орны бар екенін әрқашан мақтан тұтамыз. Ауданымыздан аттанған бес мыңнан астам жауынгер екінші дүниежүзілік соғыста ерлік пен батырлықтың ерен үлгілерін көрсетсе, жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаев Кеңес Одағының Батыры атағын алып, халқымыздың мақтанышына айналды.
Қан майданнан елге аманесен оралған 1294 жерлесіміз бейбіт өмірдің әртүрлі салада еңбек етіп, елдің еңсе көтеруіне өз үлестерін қосты.
Солардың бірі бойындағы қаны «қазағым» деп тулаған, қан майданның да, бейбіт еңбектің де алдыңғы сапында тұрып, еліне елеулі болған ерекше тұлға Тілеген Әбдікешов ағамыз еді.
Тілеген Әбдікешов 1915 жылы 27 сәуірде Қазалы уезі, Қуаңдария болысы, «Күйеу асар» даласында, қазіргі Қармақшы ауданындағы Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген.
Әрине, бұл кісінің балалық шағы өткен кез біреуді біреу біліп болмайтын түрлі дүмпулерге толы «Ақтар», «Қызылдар» болып шайқасып жатқан ел ішіндегі адам түсінбес аласапыранның кезі ғой. Елде жетім, жесір, аш, жалаңаштардың көп уақыты. Әкесінен ерте айырылған бала жалғыз қарындасымен анасы Шабақтың тәрбиесінде болады.
Ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан ол Кеңес дәуірі кезінде латынша қаріп пен кириллицаны үйренді. Жастайынан зерек өсіп, өз білгенін ауыл балаларына үйрететіндей дәрежеге келген кезде елдегі сауатсыздықты жою ұранымен жаңадан ашылып жатқан мектеп оқушыларын білім нәрімен сусындатқан аудандағы алғашқы ұстаздардың бірі болды.
Өмірінің жастық кезеңін сараласақ, 15 жасқа аяқ басып, ат жалын тартып міне бастаған кезі елдегі тәркілеу топалаңына тура келді, жиырмаға қараған азаматтық шағында ашаршылық нәубетіне тап болды. Ал ес кіріп, ел ісіне араласқанда әр ауылдағы небір жақсы мен жайсаңдарды қолын қайырып байлаған күйінде арбаға отырғызып, әлдеқайда алып бара жатқан қуғынсүргін заманына тап болды.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, елдегі ашаршылық, қуаңшылық, қуғынсүргін уақыты еңсе көтертпей тұрған кезде қайсар жас халық ағарту, елдегі шаруашылықты ұйымдастыру ісіне белсене қатысты.
1930 жылы 15 жасқа енді толған жас бала сол кездегі майда шаруашылықтардың бірі – «Жаңа тілек» колхозында есепші қызметін атқарды. Төрт жылдан кейін осы маңдағы ірілене бастаған «Көктөбе», Карл Маркс атындағы колхоздарда бастауыш мектептің мұғалімі болып, 1936-1938 жылдары Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищенің студенті атанды. Арнаулы білім алды. 1938-1939 жылдары Ташкент теміржолына қарасты Жалағаш станциясындағы орталау мектебіне мұғалім болды.
1939 жылы туған ауылына келіп, Ленин атындағы орталау мектептің директоры қызметін атқарып жүргенде 1941 жылы дүниені дүрліктірген немісфашистерінің басқыншылық соғысы басталып, соғыстың алғашқы күндеріақ майданға алынды.
1941 жылдың маусымынан 1945 жылдың қараша айына, яғни қанды қырғынның басталған күнінен ақырғы күндеріне дейін әскер қатарында болып, Отан қорғау ісінде ерекше батылдығымен, алымдылығымен көзге түсті.
1942 жылдың екінші жартысы мен 1943 жылдың аралығындағы кеңесгерман майданындағы қарулы күрестің басты оқиғаларының бірі – Сталинград шайқасы болып еді. 1942 жылғы шілдеде неміс әскерлері Украинаға, кейіннен Донға және Сталинградқа жанжақты соққы берді. Фельдмаршал Паулюсқа қаланы басып алу үшін бір апта ғана уақыт берілді. Көсем атындағы қаланы жаулап алу Гитлер үшін өте маңызды болды. Өйткені фашистік Германия тарапынан бұл қимыл КСРО-ны рухани тұрғыдан сағын сындыру болып табылған еді.
1942 жылы жазда қаланы қорғаушыларға арналған Сталинград майданы құрылды. Қалай болғанда да қаланы аман сақтап қалу қажет болды. Сол кезде әйгілі Бас қолбасшы тарапынан №227 «Бір адым да шегінуге жол жоқ» деген бұйрық шықты. «Барлық уақыттың және бүкіл халықтың көсемі» Иосиф Сталиннің атын иеленген қала үшін кескілескен ұрыстар болды. Кеңес әскерлерінің мақсаты – не өлім, не жеңіс еді. Сол үшін де Волга бойында екі жақтан да үлкен жауынгерлік армия жан алысып, жан берісті.
Кеңес жауынгерлерінің алдына қойған тек бір ғана мақсат – ол немістің 330 мың адамнан тұратын үлкен армиясына тойтарыс беріп, фашистік жауынгерлердің көзін жою болды. Шексіз қатыгездік пен қаныпезерліктің небір сұрқия нышандарын көрсеткен бұл майдандағы күрес 200 күн мен түнге созылды. Ақиқатында бұл – кеңес әскерлері үшін орны толмас қазамен жеткен жеңіс еді, сипаты жағынан нағыз жердегі тозақтың өзі болып еді.
Ұлы Отан соғысындағы басқыншылықтың жолына тосқауыл болған негізгі майданның бірі – Сталинград шайқасы 1943 жылдың 2 ақпанында аяқталды.
Сталинград шайқасының қатысушылары, көптеген әскери бөлімдер, көрсеткен ерліктер мен қаһармандығы үшін жоғары құрметті атақтарға ие болды, орденмен және медальдармен марапатталды.
Шайқасқа 70 мың қазақстандықтар қатысты, олардың ішінде 48-і Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Сәл шегініс жасап бұл фактілерге маңыз беріп отырғанымыз, бүгінгі ұрпақ Отан қорғау дегеннің не екенін түсінсін, қиянкескі ұрыстың бел ортасында кімдер үшін жүргенін ескерсін дедік. Солардың арасында, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Тілеген Әбдікешов және басқа осындай ондаған қармақшылық аға-аталарымыздың да болғандығын біліп, кеуделеріне мақтаныш, бойларына соларға деген ізгі құрмет сезімі орнықтырсын дедік.
Сталинград шайқасына қатысқан қазақстандықтардың бірі қармақшылық Тілеген Әбдікешовтың 7 айға созылған майдан жорығы осы шайқастарда жан аямай күресіп, қанын, терін төккен жауынгерлермен бірге өтті.
Тап осы майданда Тілекең сол жақ жамбасы мен сол қолынан жараланып, госпитальға түсті. Ондағы ақ халатты абзал жандардың арқасында, қиынқыстау кездегі бейтаныс адамдардың бірбіріне көрсеткен ілтипатының арқасында тез жазылып, жазылғанымен қоймай госпитальден шығысымен қайтадан майданға аттанды.
«Майданнан бар қайтып ем, жараланып,
Дайынмын кек алуға және барып» деп жерлес әрі туысқаны болып келетін жауынгер ақын Әбзәли Егізбаев айтқандай, майданда төгілген қан мен тылда төгілген тердің өтеуі «тек жауды өз жерінде талқандау» деген берік байламнан туған өжет шешім мен патриоттық сезімнің ісі еді бұл.
Жуырда ғана ағасы Ажарбайдың жау қолынан ерлікпен қаза тапқаны туралы естіген хабары оның фашистік басқыншыларға деген өшпенділігін одан әрі өршіте түсті. Осыдан кейін әр шайқасқа кірерде:
«Аянбай кіріс жауменен,
Өлеріңді, өлмесіңді,
Тағдыр білер әзәлдә!» деген сөзін аузынан тастамай нақыл етіп айтып жүретін болды. Тіпті, керек десеңіз бейбіт күндерде де мектептегі әр сабағында «Отан қорғау ісі – әр азаматтың ең абыройлы, ең қасиетті борышы. Соғыс тағдырын ерлік шешеді, аянбай кіріс жауменен, өлеріңді, өлмесіңді, тағдыр білер әзәлдә!» дегенді көп қайталайтын. Бұл сөздің мағынасын «Боздақтар» кітабындағы мына бір мәліметті оқығаннан кейін жете түсінгендей болдық.
Ажарбай Әбдікешов – қызыл әскер, Қармақшы ауданы, бұрынғы «Көктөбе» колхозында 1914 жылы туған, білімі ортадан төмен, қызметкер, БКП(б) мүшесі, Қармақшы АӘК арқылы 1941 жылғы сәуірде майданға аттанып, атқыш ретінде соғысқа қатысқан, 1943 жылғы сәуірде Калинин облысы, Великие Луки қаласы ауданындағы шайқаста қаза тапқан. Бұл жайлы боздақтың майдандас досы, қармақшылық Қасқыр Наметшаев былай дейді: «Ажарбай батыр жігіт еді, түрегеліп отырып жауға оқ жаудыратын. Великие Луки қаласы үшін болған шайқастың бірінде Ажарбай көрініп отырыпақ жауға оқ жаудырумен болды. Оған оқ тисе де құламай, сол тік отырған қалпынан аумады. Атыс бітіп, саябыр табыла бергенде қасына жүгіріп барсам, ол әлдеқашан мерт болыпты, бірақ мылтығы қолына қарысып қалыпты. Мылтығын әрең деп босатып алып, өзінің сол отырған жеріне жерледім. Елге аман келген соң ағасының осы ерлігін туған інісі Тілеген Әбдікешовке айттым» (Қармақшылық соғыс және еңбек ардагері Қасқыр Наметшаевтың айтуы бойынша).
Отан соғысында екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталды. Сталинград, Харковь қалалары, Днепр өзені үшін болған шайқастағы, Кировоград қаласын неміс басқыншыларын азат етудегі жанқиярлық ерлігі бағаланып, бірнеше рет Бас қолбасшының «Алғыс хатына» да ие болды.
Соғыс бітіп, елге оралғаннан кейін 1945 жылдан 1949 жылға дейін мамандығы бойынша Ленин, Ворошилов атындағы мектептерде мектеп директоры қызметін атқарды. Соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде маман кадрлар мен білікті, іскер басшылар аудан орталығындағы мекемелерге де ауадай қажет еді. Бұл уақытта Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың қазақ тілі және әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түскен ол 1949 жылы Қармақшы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне ауысты.
Бұл кездер халық шаруашылығының түрлі салаларындағы сияқты кешегі майданда қаламын автоматқа айырбастаған мұғалім-жауынгерлердің елге аман оралғандары қажыдым, шаршадым демей жаудан алған жарақатынан түгел айықпағандарына қарамастан еңбекке кірісіп кеткен уақыты еді.
Ағарту саласында Тілекеңмен бастас азаматтар – Сахи Кішенов, Ерімбет Қойшыбаев, Бертай Тәшенов, Әнәуша Зияденов, Ибрагим Шамшатов, Төремұрат Ділімов, Жөкебай Бекмырзаев, тағы басқа ондаған майдангерлер мектептерде сабақ беру ғана емес, ауданның қоғамдық жұмыстарының да, партиялық үгіт-насихат ісінің де алдыңғы шебінде болды.
1951-1954 жылдар арасында аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1954-1955 жылдары осы күнгі №105 мектепке жақын жердегі №4 балалар үйінде директор қызметтерін атқарды. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, аудандық партия комитетінің Пленум мүшесі, Еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитетінің мүшесі ретінде аудандағы экономикалық, әлеуметтік мәселелер жөнінде тұшымды пікірлерін ортаға салып, оның орындалуына баса назар аударып отырды.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында да бұл кісінің қалдырған қолтаңбасын осы күнгі Жаңажол ауылдық округі тұрғындары ұмытқан жоқ. 1955-1959 жылдары аудандағы Энгельс атындағы колхоздың басқарма төрағасы қызметінде болды.
Сол кездегі Энгельс атындағы колхозда бастауыш партия ұйымын басқарған Шәрі Пернебаев: «Тілекең мал азығындық жемшөпті жеткілікті дайындауға көп көңіл бөлді. Барлық мал қыста жылы, жабық қоралармен қамтамасыз етілді. Малшы әулеттері қыста жылы тамдармен, жазда киіз үйлермен жабдықталды. Малшылардың өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруларына бар мүмкіндіктер жасалды. Соның нәтижесінде 1957 жылы мал басын аман сақтау, оның өнімділігін арттыруда Энгельс атындағы колхоз ауданның алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының санатына қосылды.
Майталман шопан Адамқайыр Бисенбаев, мемлекетіміздің ең жоғарғы наградасы Ленин орденімен, Аппаз Дүзімов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. СОКП мүшелері Берікбол Бұқарбаев, Әбдіхалық Рүстемовтердің еңбек көрсеткіштері де ел сүйсінерлік болған еді.
Колхоз басқармасы мен партия ұйымының органы – «Колхозшылар айнасы» атты көп тиражды газет айына бір рет аудандық баспаханадан басылып шықты. Ол ауданның барлық шаруашылықтары мен мекемелеріне де таратылып отырды. Құрылыс материалдарының тапшылығына қарамастан колхозшылар тұрғын үй сала бастады. Орталықта колхоз, ауылдық кеңес кеңселері, байланыс бөлімшесі, орта мектеп, балабақша, интернат үйлері бой көтерді. Осындай күрделі істерді тыңғылықты жүргізуде Басқарма төрағасы Тілеген Әбдікешовтің маңдай тері аз төгілмеген еді» деп жазды аудандық газетте жарияланған мақаласында.
1959-1960 жылдары ауыл шаруашылығы механизация мектебінде директордың орынбасары, 1960-1961 жылдары «Ақай» совхозында бөлімше меңгерушісі, «Октябрь» совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы, 1961-1963 жылдары аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды.
1963-1964 жылдары Чапаев колхозындағы №109 орталау мектептің директоры, 1964-1966 жылдары жаңадан ашылған «Қуаңдария» совхозындағы №186 сегізжылдық мектепке директоры болып ауысып, шалғай ауылдағы мектептің алғашқы ұйымдастырушысы, басшысы ретінде танылды. Мектеп үйі алдымен Ерімбет елді мекенінде, орталықтағы мектеп құрылысы біткен соң 1965 жылдың күзінен бастап ауыл орталығында болды.
1966-1970 жылдар аралығында аудан орталығындағы кешкі жұмысшы жастар мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, кейін директоры қызметтерін атқарды. 1970 жылдан денсаулығына байланысты II топтағы соғыс мүгедегі ретінде пенсияға шығып, 1970-1973 жылдары ауданаралық газ мекемесінің аға шебері, кейін осы мекеменің бастығы қызметтерінде болды.
1975 жылы жасының келуіне байланысты зейнетке шығып, аз уақыт аудан орталығындағы базар комитетін басқарды. Жастайынан ел мен жер тарихын, халқының дәстүрі мен салтын бойына сіңіріп, ұлылардан қалған ұлағатты сөздер мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырды. Сыр сүлейлерінің сырлы саздарын жадында ұстап, жаттап өскен Тілекең аудан халқының қиын кезеңдерді басынан өткерген беймарал шағында ағайынды ұйыстыра білген қадау-қадау елге белгілі тұлғалардың бірі болды. Өзінің өткір тілімен, үлкенге құрмет, кішіге қамқор пейілімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ел құрметіне бөленді. Оның көптеген әңгімесі мен көпшілік көкейінен шыққан істері бүгінгі күнге дейін ел жадында сақталып, айтылып жүр. Аудандық, облыстық газеттердің белсенді авторларының бірі ретінде жазған мақалаларын газет тігінділерінен табуға болады.
«Газет тігінділері» демекші, аудандық «Қызыл ту» газетінің 1945 жылғы желтоқсан айындағы нөмірінде газетке үздіксіз мақала беріп тұратын штаттан тыс тілшілер туралы:
«Отан соғысы басталғаннан кейін газеттің көптеген тілшісі қолдарына қару алып Отанын қорғауға аттанды. Ұлы майданда қаһармандық пен жауынгерліктің ерекше үлгісін көрсетті. «Қызыл ту» газетінің бұрынғы таңдаулы тілшілері Асқар Қожахметов, Омар Қошыманов, Әбдіқадір Қылышбаев, Мұзарап Жүсіпов, Тілеген Әбдікешовтер неміс фашист басқыншыларына кескілескен ұрыстарда болып қиыншылық күндерді басынан өткізген Отан соғысының мүгедектері. Бұлар және осылар сияқты жауынгерлер туған жеріне келіп, қажырлы жігермен адал еңбектің үлгісін көрсетеді» деген жолдар бар.
Бұдан Тәкеңнің өзі қатарлы замандастарымен бірге аудан өмірінің елеулі сәттерін ақпараттандырып отыруға да белсене қатысқанын байқаймыз. Жұбайы Әлила Тілеуқабылова екеуі 10 бала өсіріп, олардан немерешөберелер көрді. Әлила апай «бес биенің сабасындай» деуге келетін ашаң өңді, ақсары, толық кісі еді. Шалғай орналасқан Ерімбет қонысындағы №186 мектепке директор болатын жылы дүниеге бір ұл келіп, атын Ерімбет қойды. Алдында апамыз бірыңғай қыз туып, отбасына ұл келе қоймаған екен, ауыл болып қуаныш тойы тойланды. Біз баламыз ғой, сол кездегі аудандық аурухананың бастығы, белгілі дәрігер Тәуен Құлмұратов деген кісі «Жолдасың ұл туды» деп сүйінші сұрағанда астындағы «Москвич» маркалы машинасын ұсыныпты деген әңгіме тараған еді.
Ол кезде бұндай көлік ауданда бірліжарым болса бар шығар, болмаса жоқ кезі ғой. Азаматқа «Ақ түйенің қарны жарылғандай» қуанышты сәт сыйлаған бас дәрігер Тәкең ердің ерлігіне риза болып, автокөлікті алмай, костюмшалбарды қанағат тұтыпты дейтін жұрт.
Пейілі түскенде астындағы атын түсіп беретін, көңілі қаламаса бір атым насыбай алудың өзі қиын болып қалатын кең пейіл, ақ көңіл қазақтың осындай нар тұлғаларын көріп өскен біздің ұрпақтың сол кезеңдерді сағынышпен еске алатын сәттері аз емес.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасынан өрбіген тұңғыш қыз Кентай бастаған Бақыт, Жаңыл, Сара, Алмаш, Бота, Баян, Байжан, Несібелі, Кенже, Ерімбеттер отбасындағы ата дәстүрін жалғастырып, бүгіндері үбірлішүбірлі болып отырған жандар.
«Қуаңдария» кеңшар болып құрылған алғашқы жылы Ерімбеттегі мектепте үшінші қызы Жаңылмен бір сыныпта оқыдық. Бір партада отырдық. Бір дәуіттегі сиямен ақ қағазға әріптер түсірдік. Сыныптағы тоғыз баланың ішінде «мен мектеп директорының қызымын» деген ой Жаңылдың басына кіріпшықпағанына сенімдіміз. «Осы директордың қызы екен-ау» деп оған ерекше ілтипат көрсетіп жатқан біз де жоқ. Баланың балалығы болмай тұрмайды, кейде қызы жылап қалатын кездерде де мектеп директоры Тәкең де, интернат тәрбиешісі Әлила апай да Жаңылға болысып кластағы балаларға бір ауыз әңгіме айтқан емес. Интернаттағы барлық баланы өз балаларындай басынан сипайтын еді, жарықтықтар.
Қазір Жаңылдың өзі де Әлила апайды елестететін салихалы бәйбіше болған. Әкесі туралы «Ізгіліктен қалған із» атты кітап шығарып, артында қалған мұраларын тірнектеп жинастырып, ұрпақ кәдесіне жаратуға күш салып жүр.
Жолдасы Иманәлі екеуі бұрынғы Заводская көшесінің басындағы Тілекең салған үйде тұрды. Осы көшенің «Тілеген Әбдікешов» көшесі атануына елеулі еңбек сіңірді. Әкесінің аудан өміріндегі қоғамдық орнын, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлағатын, ата салты мен дәстүрін жалғастырудағы, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырудағы ізгілікті істерін елге таныта білді. Атаана алдындағы өзінің перзенттік борышының азғантай да болса өтелуіне тер төгіп, жұмыс атқаруды өзіне мұрат тұтты.
Мектеп бітірген жылдары Тілекеңнің қолынан ұстап апарып, сонау Шымкент қаласындағы Мәдениет институтына кітапханатану факультетіне оқытудағы, оқу бітіріп ауылға келгенде аудандағы Крупская атындағы кітапханаға мамандығы бойынша орналастырудағы еңбегін ақтай алды.
«Терек бір жерден көгереді» дегендей өмірінің 40 жылын кітапхана жұмысына арнап, жемісті еңбек етті. Қазір зейнет демалысында барлық әжелер сияқты немере жайын күйттеп, бар тәттіні солардың аузына тосуда, қолына іліккенін солардың иығына ілуде.
«Туған жерге туын тіккен» Сара Тілегенқызы туралы да айта кеткен артық болмас. Аудандық әуез мектебінде табан аудармай 40 жыл қызмет етіп, талай ұрпақты өнерге баулыды. Аудандағы сазды аспаптар оркестрінің, белгілі «Әжелер» ансамблінің белді мүшесі болды.
Ал Ерімбетте туған Ерімбет болса Шымкент қаласында тұрды. Құрылыс маманы болды. 1989 жылы Әлиланың қолына Қазығұрт ауданының Айдын атты сұлуын келін етіп түсіріп, ұрпақ өрбітті. Тағдыр ісіне шара жоқ екен, қазір ол да атаана түскен ізге түсіп, арадан алыстап барады.
Ал 1983 жылы ортамыздан кеткен Тілекеңнің тағдыр дәптеріне заңғар уақыттың 78 жылын қызықтау жазылған екен. Биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы Отан соғысының ардагері Тілеген Әбдікешовтің туғанына 110 жыл толуымен тұспатұс келіп тұр.«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» дегендей ер есімін ел есінде сақтау ісіндегі жақсы дәстүріміз бойынша аудандағы алғаш өзі ұйымдастырған «Қуаңдария» ауылындағы №186 орта мектепті Әбдікешов атымен атандырсақ, ұрпақ сабақтастығындағы бір жарасымды іс болар еді деген ойдамыз.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
04 ақпан 2025 ж. 107 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (10377)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (10376)

01 ақпан 2025 ж.

№7 (10375)

28 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 358
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728