» » Өрісті өңір, жемісті тіршілік

Өрісті өңір, жемісті тіршілік

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына қарай ауданның ауыл шаруашылын өркендету ісінде бұрын «майда колхоздар» деп аталған ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, шаруашылық артельдерін ірілендіру, колхоздар мен совхоздар құру ісі өз нәтижесін бере бастады. Шаруаның қолындағы азын-аулақ малдың жайылымы кеңейіп, өз төлі есебінен көбейе берді. Шаруашылықтың ыңғайы ендігі жерде егіншілік кәсіпке ғана қолайлы болып тұрған «отырықшылықтың» қауызына сыймауға айналды.

1957 жылы құрылған Ақжар, Ленин атындағы совхоздардың өзінде ғана 24-25 мыңнан қой болып, қыс айларында ауыл айналасына қыстатып, көктем, жаз, күз айларында дарияның терістік бетіндегі Нұра, Қарақұм жерінің кең жайылымдарын игеру ісі жаңа қарқынға ие болды.
1960 жылы Ақжар совхозына Шымкент облысының Шәуілдір ауданынан 10 отар қаракөл қойы жермен айдап әкелінді. Сол кезде шөл және шөлейт жерлерде өсіруге шыдамды, ет, сүт, жүннен басқа қаракөл өнімінің түрлі сорттарын беретін қой малының бұл тұқымы біздің аудан үшін тиімді деп табылған болатын.
Ауданда Чапаев, Энгельс атындағы және ІІІ Интернационал колхоздарында егіншілік пен қой бағу ісі қатар жүргізіліп, ауыл шаруашылығының перспективалық жоспарлары мал жайылымының ауқымын кеңейту ісіне бағытталды.
Осы бағытта Қызылқұм массивін игерудің, ол үшін он тоғызыншы ғасырдың 20-30 жылдарынан бері табанына су келмей, сусырап жатқан Жаңадария, Қуаңдария арналарына су жіберудің жан-жақты жобалары талқыланып, облыстық деңгейде жоғары орындарға түрлі ұсыныстар беріліп те жатты.
Аудандық партия комитетіне Көмекбай Қаракөзов басшылық еткен сол бір тұста қысқы мал жайылымына Шәргелтай, Ақсойыл-Мақұл, Қаратерең, Бақанды-Бәйтерек, Шалғасқат, Ерімбет, Қарақ маңы жерлері пайдаланылып, Ақжар, Ленин атындағы совхоздардың күйлі саулықтары мен бойдақ қойларын осы төңірекке қыстату ісі кеңінен жолға қойылды.
1957 жылы Ақжар совхозының Тыныштыбай Ешмұратов басқаратын №1 және Шамшат Жалғасбаев басқарған №3 фермалары қарамағындағы малдан 11 мыңнан астам қойды іріктеп алып, Қызылқұм бетке мал қыстатуға қызу кірісті. Бұл іс совхоз директоры Әбдуәли Бөлегеновтің тікелей бақылауымен жүргізіліп, шопандар жылы үйлермен, жабық қоралармен, жылы киім, күш көліктерімен толық қамтамасыз етіліп тұрды.
Совхозда жаз-күз айларында екі-үш отбасыдан біріккен шағын құрылыс бригадалары жасақталып, олардың қарқынды жұмыстарының нәтижесінде Қарақ пен Қаратереңнің ортасындағы үлкен алапта ондаған ферма қыстаулары бой көтерді. Ортадағы сырттан кіретін бір бөлмеден екі жаққа кететін пешпен бөлінген екі бөлмеліктен екі үй қыстайтын шопан үйлері сол кезде «қоржын тамдар» деп аталды. Олардың бәріне құрылыс материалы үшін қолдан құйылған қам кесектер мен төбе ағаш, бауқамыс сияқты жергілікті материалдар пайдаланылды. Мұндай «қоржын тамдар» қазіргі Қуаңдария жерінде Бақандыда, Әліп тамында, Наркеткенде, Қаратереңде, Жиделіде, Шалғасқатта, Алмас қыстауында (кейін Әді қожа аталып кетті), Қаршұқырда, Қосмұржада болған еді. Ұзындығы 200, ені Қуаңдария алқабымен қосқанда 110-130 шақырымдық көлемді қамтитын бұл алаптың жалпы атауы «Қарақ мал жайылымы» деп аталып, ондағы Ерімбет, Қаратерең сияқты жерлер ферма орталығына бейімделді. Бұл жерлерге ферма бастықтары, шаруашылық мамандары және ірі қара малдың бақташылары тұратын үйлер тұрғызылды. Сол кездегі байланыс жүйесінің үлкен жетістігі рациялар орнатылды.
Сонау тәркілеу жылдарының алдында күйдірілген қызыл кірпіштен салынған Ерімбет мешітін бұзып, сол ойдан мектеп үйі тұрғызылды. Алыстағы мал жайылымында тіршілік етіп жатқан мал мамандары мен шопан балалары үшін жеті жылдық болып ашылған бұл мектептің құрылыс жұмыстарына Боқанбай Медешов басқарған аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты мекемесінің қызметкерлері, сол кездегі малшылар арасына мұғалім болып келген Дербіс Көздібаев, осы жердің тұрғыны Исағабыл Нұржанов деген кісілер белсене атсалысты.
1960 жылдарға дейін «Қарақ мектебі» деп аталған бұл мектепте 3-4 жылдай шопан балалары оқыды. Кейін оқушылардың аздығына және шопандардың жаз айларында Қарақұмға көшуіне байланысты мектеп таратылған. Сонымен бірге Ерімбетте «Қарақ ауруханасы» деп аталған 5-6 орындық аурухана ашылып, оның жұмысына фельдшер Қасымхан Омаров, кейін Сағилат Нысанбаевтар басшылық еткен.
Сондай-ақ мектептің терістік бетіндегі қарсы қабаққа қызыл қыштан ірге тасы биік құйылған аралас тауарлар дүкені мен малшыларға мәдени қызмет көрсететін №2 қызыл отау үйі бой көтерді. Құрамы 9 кісіден тұратын қызыл отау советі мәдени көпшілік жұмыстарының өз уақытында, мазмұнды өтуіне күш салып, Тасқара Шөкетаев, Бұйратбек Зәріпов, Сайлау Жанбаев, Әбілда Төртбаев, Дәуренбек Оспанов сияқты шопандардың озат тәжірибесін кеңінен таратты. Басқа да көптеген мәдени іс-шара өткізіп отырды.
Кітап қоры 2224 әдеби кітаптар мен түрлі газет-журналдардан тұратын кітапханаға 200- ден астам оқырман тартылды. Қабырға газеттері шығарылып, радиоқабылдағыштан түрлі хабар мен концерттер тыңдау ұйымдастырылды. Кітапханада домбыра, гармон тартуға үйреніп, шахмат, дойбы сияқты ойындар ойнауға болатын еді. Ақжар, Ленин атындағы совхоз малшыларына қызмет ететін бұл қызыл отаудың меңгерушілері алғашында Қ.Мырзахметов, кейін ұзақ уақыт бойы Қазтай Қанатов деген кісілер болды.
1962 жылдың аяғына қарай Ерімбеттегі мектеп үйінде жоғарыда аталған екі совхоз шопандарының біріккен кеңесі өтіп, оның жұмысына аудандық партия комитетіне бірінші хатшы болып келіп жатқан Әмзе Әлжанов қатысты. Қарақ қысқы мал жайылымының болашағы талқыланған бұл жиында 13 адамнан тұратын шопандар советі құрылды. Оның құрамына Ақжар шопандарынан И.Ержанов, Ә.Төртбаев, Ә.Шынарбаев, Қ.Оңалбаевтар, Ленин атындағы совхоздан Ж.Байжанов, Ә.Үмбетбаев, Ә.Қайруллаев тағы басқалар енгізілді. Совет төрағасы болып Иманғали Ержанов сайланды. Бұл қыста Қарақ мал жайылымына екі совхоздан 45 мың мал қыстап шықты. Осы кезеңдерде Аққыр жалының арғы ойынан «мұнай шығады» деп қазба жұмыстары жүргізіліп, көше бойына екі үйліктен 10 кесек там тұрғызылған. Бірақ бұл жерде жүргізілген бұрғылау жұмыстары өз нәтижесін бермей, мұнай іздеушілер жұмысты аяқтамаған. Сол кездегі біледі-ау деген кісілердің айтуы бойынша мұнаймен екі ортадағы қабатта қалың қыртысты тас кездесіп, бұрғы оны тесіп өте алмаған сияқты. Жуандығы адам құшағы толатын науадан «Аққырдың ыссы бұлағы» деген атаумен кешегі күнге дейін 37-40 градус шамасындағы ыстық су толып ағып тұрды. Қазір екпіні әлсіреген бұлақтың айналасында сол кездері үлкенді-кішілі үш жақты темір бұрғылар тот басып ана жылдарға дейін әр жерде жатушы еді.
Шөл және шөлейт аймақтарда мал шаруашылығын өркендетуге байланысты Үкімет қаулысымен құрылған Қуаңдария кеңшары сол бір 1964 жылдың көктемінде аудан басшылары, кеңшардың әкімшілігі мен қоғамдық ұйым басшылары, елдің ақсақалдары шаруашылыққа орталық болуға лайықты деп, Қуаңдария арнасының бойындағы Шалғасқат қыстауы тұрған жерге қазық қағуға пәту қылды.
Қазық Қасай Ілесбай ақсақал қыстап отырған Шалғасқат қыстауындағы кесектен тұрғызылған қоржын тамның есігінің алдынан қағылды. Ол жер осы күнгі Қуаңдария көшесінің шығыс жақ басындағы бірінші үйдің тұрған жері болатын. Алдындағы сайда шегенделген құдық бар еді. «Шал қасқа ат» деген сөзден шыққан деп отыратын үлкендер. Бұл көнеден келе жатқан атау. Қуаңдария арнасынан аққан судың бір мол кезінде ағыс ернеуінен асып, бөгет бермей, қонысын су алып кете берген жұрт жиылып ақылдаса келіп, құрбандыққа бір қасқа атты шалғанға ұсайды. Су екпінін азайтуды сұрап, хақ жолына деп шын ықыласымен төккен халықтың көз жасын Жаратқан да мейіріммен қабылдаған болса керек, су екпіні қайтып, ел көңілі тынышталыпты. Содан бұл жер «Шал қасқа ат» деген сөздердің орфоэпиялық нұсқасымен Шалғасқат атанып кеткен көрінеді.
1964 жылы наурыз айында «Қазық қағу» рәсіміне құзіретті орындардан өтіп, бұйрық алып жаңа келіп жатқан кеңшардың бірінші директоры Жандос Есетов, аудандық партия комитетінің нұсқауымен бастауыш ұйымының хатшысы қызметіне келіп жатқан Қауынбек Бәйенов, әйгілі жырау Сәрсенбай Бөртебайұлы, осы жылдары «Ерімбет» елді мекенінде тұратын, жаңа құрылып жатқан совхоздың көрші шаруашылықтармен шектесетін жерлерін нақтылап, шекара бөлу ісінде жолбасшылық жасаған Исағабыл Нұржанов ақсақал, кеңшардың шаруашылық ісіне белсенді араласып жүрген Жанжігіт Наурызбаев, №1 ферма меңгерушісі Ильяс Мырзақұлов, кеңшардың бас зоотехнигі, жас маман Сламбек Жақсылықов, алғашқы үйлердің қабырғасын көтеруді бастап жатқан құрылыс прорабы Ідіріс Мырзақұлов, байланыс бөлімшесінің бастығы Әбдіраш Өмірбаев, кеңшардың бас есепшісі Тұрман Қалымбетов, ферма есепшісі Шамшат Жалғасбаев, селекционер-зоотехник Қуаңбай Дәуменов, енді ғана аға шопан атанса да төл алудан жақсы көрсеткіштерге жетіп, атағы елге жайыла бастаған Сахи Ибраев сияқты кісілер қатысып, сөз сөйлеп, жаңа қоныстың жаңа тұрғындарына кеңшар құрудың негізгі мақсаты, оның болашағы туралы пікірлерін айтты.
Бұлардан басқа Ақжардан бөлініп, енші алу кезінде «Бәйтерек» төбесінің түстік бетіндегі Шалғасқат табанында тұрып жаңа совхоздың еңбекшілеріне бата берген қарт шопандар Дәуренбек Оспанов, Ыбырай Тоқпанов, Төребай Бекбосынов, Әбілда Төртбаев, Емберген Тышқанбаев, Әліп Шағаев, Үсенбай Қаракөзиев, Топай Жұбандықов, Тоқа Бисенбай сияқты қариялар мен кейінгі буын Назаман Сейтімов, Құндақбай Құпияев, Тәжібай Исаев, Есдәулет Шөкеев, Сәрсенбай Жиенбаев, Шілдебай Қараманов сияқты Қуаңдария совхозының өсіп өркендеуіне елеулі үлесін қосқан малшылар бар еді.
Соғыс теперіштерін көріп, еңбек майданында маңдай терін сан рет сыпырған бұл абзал жандар кейін сексен-тоқсаныншы, кейбірі екі мыңыншы жылдарға дейін келіп, ауылдың ақ тілекті ақсақалдары, батагөй қариялары атанып, бастары бұзылмай ауыл ажарын кіргізіп жүрді. Осы жиында бұлардың бірсыпырасы өзінің малшылық кәсібінде ұзақ уақыт қолданған құтты таяғын балалары мен інілері Сахи, Жайшылық, Тұрлыбай, Абат, Қосай, Ермахан, Қарсақбай, Күзембай, сияқты жастарға ұстатып, жаңа құрылып жатқан шаруашылықпен бірге жаңа өмір лебі есіп келе жатқандығын жұртшылыққа паш етті. Жиын соңында мал сойылып, дастархан жайылды. Жас жырау Бегалы Сәрсенбайұлы Сыр сүлейлерінен бірауық термелетіп, ол сол уақытта халықтың сүйсініп тыңдайтын «Көрұғлы» жырынан бір үзік жырлап берді. Ақсақалдар бата беріп тарасты. Құрылыс жұмысы қызу жүріп кетті. Алдымен Қуаңдария көшесінің шығыс жақ басындағы үйлерді тұрғыза бастады. Алғашқы біткен үйлердің қатарына көшенің аяғына дейін енді салынатын үйлердің ағаш-тасы алдынала түсіріліп, үйіліп жататын. Келесі жылдардан бастап бригада-бригада болып шешен ағайындардан құрылған жалдамалы жұмысшылар отбасымен келіп, дайын тұрған ағаштар мен қамыс шитілерден көтеріп, алғашқы кеңшар кеңсесін (Молдаван көшесінің бас жағындағы) тұрғызды.
1965 жылы екінші көшеге осы кеңсе тұсынан шығысқа қарай екі пәтерлік үйлер салынды. Одан кейінгі қатарға гаражға қарай созылған мектеп үйі мен оған таяу жерге интернат салынды. Интернат 25-30 бала сиятындай екі бөлме, оған жалғасқан асхана, шағын қойма болып, ұзынша 5 бөлмеден тұратын еді. Одан кейінгі жылы ортадағы ойдан клуб үйі тұрғызылды. Шаруашылық әдісімен салынған бұл ғимараттар ұзақ жылдар бойы өз қызметін мүлтіксіз атқарып, қазір уақыт тегеурінінің заңдылықтарына сәйкес көз көргендерінің сағынышына айналуда. Бұл жұмыстарға жаңа серпін берген Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1963 жылғы қараша айындағы №901 «Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында қой шаруашылығын өркендету арқылы шаруашылықтар ұйымдастыру туралы» қаулысы болды.
Облысымыздағы Тереңөзек ауданының Іңкәрдария, Жалағаш ауданының Жаңадария, Аққыр, Қармақшы ауданының Қуаңдария, Жаңақала, Қазалы ауданының Қызылқұм совхоздары осы тарихи құжаттың баянды етілуі нәтижесінде тыңнан түрен тартып, жаңаша тіршілік бастаған еді. Шөл және шөлейт жерлерді игеру бағытындағы осындай ірі жұмыстардың алдын ала ойластырылған жобалары бойынша 1958 жылы ұзындығы 625 шақырым болатын Жаңадария арнасына су жіберілді. Дарияның сағасына секундына 50 текшеметр су өткізетін тоспа салынып, оған Құрөзек, Тораңғылсай, Құтырған сай, Томар өткел сияқты өзектерді жалғау арқылы мол су жеткізілді.
Ал Қуаңдария арнасы болса Майлыөзек арнасы арқылы Жаңадарияның 210 шақырымдық тұсындағы Қышбөгет деген жерден саға алды. Қарақ тауының сыртымен Қоңыраулы, Қосайдардан әрі Бозкөл ойпатының үстімен солтүстік-батысқа қарай созылатын бұл өзектің ұзындығы 436 шақырым. Бұған су 1965 жылы келе бастады. Сумен бірге береке келіп, аталған екі өзектің бойына қалың жынысты биік сексеуіл өсіп, ит тұмсығы өтпейтін орманға айналды. Күзге қарай су тартылған кезде дариялық табанына жантақ, қамыс, ажырық сияқты түрлі қарашөптер мол шығып, мал азығындық дақылдарды жинап алуға жақсы жағдай туды. Оған қоса Қызылқұм биіктерінің етегіне дейінгі Іңкәрдарияның екі жағындағы тақырашты, құмақты кең алапқа бұрғылау арқылы су шығарылып, бұлақтың көптеп қазылуынан бұл өңір кенезесі кеуіп, сағымданған даладан малы мыңғырған, шаруашылығы шалқыған елдің жайлы қонысына айналды.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
02 ақпан 2024 ж. 254 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031