» » Қой өсіруді қолдау қажет

Қой өсіруді қолдау қажет

«Әкесі атақты шопан болған. Отар-отар қойы бар-ды. Мал басын көбейтуде біздің ауыл алдыңғы қатардан көрінді. Қонағымызды қой сойып күтетінбіз». Ауылдағы ақсақалдардан естелік сұрағанда осындай әңгімелерге жиі қанығасың.
Иә, содан-ақ ауданның қой шаруашылығы жөнінен өзгелерден оқшау тұрғанын танисың. Қой өсіру– ежелгі атакәсіп. Халық «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» дегенді себепсіз айтпаса керек. Төрт түліктің ішінде оның жөні бөлек болатыны да содан. Ертеректе кең жазира, шөбі шүйгін берекелі өрісті жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығында мың сан отар қой жайлап жататын көрінеді. Ал соңғы жылдары тек Қармақшы емес елімізде қой шаруашылығының дамуы кенжелеп қалғандай. Оның себебі не?
– 1990 жылдан бастап қайта құру кезеңі басталды. Талан-таражға әкелген сол науқанның зардабын ұмыту мүмкін емес еді. Ұжшарлар мен кеңшарлар тарады. Әр отбасы өзінің үлесіне қарай, еншісін алды. Жаңадан серіктестік, акционерлік қоғам, шаруа қожалықтары құрыла бастады. Көбі қолға тиген қойын баға алмайтын болған соң, сатып пұл қылды. Орнына үй, көлік, жылжымайтын мүлік алды. Ал қой малының ерте ме, кеш пе, табыс көзі болатынын түсінгендер атакәсіптен қол үзген жоқ дейді, – бір жылдары отбасымен қарақұмда қой баққан Жәмила Рысалдықызы.
Соңғы бес жылдықта Қазақстанда да мал басын асылдандыру, өнімін шет мемлекеттерге экспорттау жолға қойылуда. Себебі бұл үрдіс ет шаруашылығымен қатар ел экономикасының дамуына да жол ашады. Қой кешегі өндіріс тоқтаған, еңбекақы мен зейнетақы көзден бұл-бұл ұшқан қиын кезеңдерде қазақтың берекесін сақтап, ақша орнына жүрді, азығы да, киімі де болды. Бірақ бүгінде елдің жағдайы түзелді, қой басын көбейту қайта қолға алынды. Қой шаруашылығын дамыту үшін қандай жұмыстар істелді?
– Ауданда жалпы саны 55 114 бас қой мен ешкі бар. Өткен жылы жоспарға сәйкес 7 800 бас қой малын сатып алу бекітілген. Бүгінгі күнге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қой малының аналығын сатып алу жоспары 30,1 процентке орындалып отыр. Барлық сатып алынған қой малы 2 344 басты құрайды. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округінен Сабыр Аралбаев 10 млн теңге несиеге, 332 бас, Нұрлан Қыпшақбаев 2,5 млн теңге несиеге, 83 бас, Рашид Баймұрзаев 7,5 млн теңге несиеге, 250 бас, Сейсенбай Қыпшақбаев 10 млн теңге несиеге, 332 бас, Алпысбай Тоданов 6 млн теңге несиеге, 199 бас, Жосалы ауылдық округінен Камшат Тұрғанбай 10 млн теңге несиеге 332 бас, Ботагөз Бимағамбет 7,5 млн теңге несиеге 250 бас, Төретам кентінен ЖК Шайпанов 10 млн теңге несиеге 332 бас қой сатып алды. Ақжар ауылдық округінен Талғат Байқадамов 3 млн теңге несиеге 96 бас, Жосалы кентінен Мұхамбет Смағұлов 1 млн теңге несиеге 34 бас, Т.Көмекбаев ауылдық округінен Ақтай Қайрулаевтар осы лектен табылып, жұмысын бастады, – дейді ауылшаруашылығы бөліміндегі мамандар. Ал жыл басында ІІІ Интернационалдағы «Достық Жер МК» ЖШС 50 бас қой әкелді.
Осы ретте шаруашылық директоры Мұрат Сәрсенбаев:
– Бұл тек басы ғана. Қойдың санын әлі де арттырамыз. Сонымен қатар, ірі қара алу да жоспарда бар, – десе, қой алып, кәсіп қылуға ниет білдірген шаруаның бірі Сабыр Аралбаев:
– Қойдың бәрі төлдеп жатыр. Әзірге пұл қылмадым. Жазғытұры сатылымға шығарып, несиені төлеуім қажет. Қыстан шыққан соң қазір қоңсыз. Жүніне сұраныс жоқ. Қырқамыз да, оны үйіліп тұрған жерінен жағып жібереміз. Еш жерден бұл жүн қабылдап жатқанды, – дейді ол.
Қой басының артпауына себеп те жоқ емес. Ет пен теріге, жүнге деген сұраныс аз. Ауыл маңында жайылымның жоқтығы да қой санын көбейткісі келетіндерге кедергі келтіреді.
Қой етіне деген сұраныстың қандай екенін көру үшін базарға бас сұқсаңыз жетіп жатыр. Оның бағасы сиыр етінен 200-300 теңгеге, жылқы етінен 400-500 теңгеге арзан болатын. Өңірдегі ет сататын дүкендер негізінен сиыр етін алуға ынталы еді. Қазір өзгеріс барға ұқсайды. «Соңғы уақытта қой етіне де сұраныс артып келеді деп қуанады» олар. Ал жүні ше? Қой жүніне деген сұраныс әлем бойынша азайған. Соңғы 20 жылда әлемдегі жүн өңдеу өнеркәсібі 33,3 процентке қысқарған. Өйткені мақталы мата мен синтетикалық талшықтар қой жүнінен жасалған матадан әлдеқайда арзанға түседі. Мал шаруашылығындағы шаруа қожалықтары қой жүніне сұраныс болмаған соң, оны өртеуге мәжбүр. Тіпті бір кездері алтынға бағаланған қаракөл елтірісіне де сұраныс жоғалған сыңайлы. Қойдың бір уыс жүнін далаға тастамай киіз басатын. Қазір киіз басатындарды да саусақпен санап қалдық. Қой өсірген соң көл-көсір табысқа жетудің жолын да табу керек шығар. Тек көптеген кедергінің кесірінен атакәсіптен ажырап қалмасақ игі.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
11 наурыз 2020 ж. 1 310 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031