» » БАҒБАН БОЛСАҢ, БАҚ ӨСІР...

БАҒБАН БОЛСАҢ, БАҚ ӨСІР...

Ауылда бағбан бар ма? Көп іздедік. Өкініштісі, өз iсiнiң хас шеберi болатындай бағбан аз, тіпті жоқтың қасы. Неге десеңiз, бақ баптауды кәсiп, мамандық дәрежесiне көтере алмадық. Бағбанды бағалауымыз төмен. Ерiнбеген етiкшi болады. Бiздiң бағбан деп жүргенiмiздiң көбi жұмыстың жоқтығынан амалсыз бағбан болғандар немесе зейнет жасындағылар. Ал Францияда бағбан болып кiлең жас қыз-жiгiттер жұмыс iстейдi екен. Өйткенi онда ең бағалы, құрметтi мамандық осы – бағбаншылық. Еңбекақысы да басқалардан беделді. Бiз де бағбандықты сондай дәрежеге жеткiзсек, қаншама жасты жұмыспен қамтамасыз етіп, жерімізді әлдеқашан-ақ жасыл желекке көмкеруші едік.
Бау-бақша ісін нарықтық қоғамда нан табу үшін емес, қызығушылық пен табиғатқа деген жанашырлықтан бастаған жанның бірі – Жосалы кентінің тұрғыны, отставкадағы милиция майоры Бек Жәмиұлы.
Оның бау-бақшасы 3 үйлік жерді қамтиды. Құдды аула ішіндегі саябақ дерсің. Жарық жүргізіп, ортасына жеміс-жидектен дәм тататын үстел мен орындық қойған. Мына аптап ыстықта баққа кірсең шыққың келмейді. 50-ге жуық жеміс ағашының саясында бағбанмен әңгімелесу тіпті ерекше. Аяқ су келетіні бір бөлек, ертеректе қазылған жер құдығы және бар. Мал суаруға, көкөністерді  жиі ылғалдандыру үшін жер құдық пайдаға жарап тұр. Ағамыз ауладағы сары, қара өрік, жиде, шие, жүзім мен алмұрт ағашын зейнет демалысына шығысымен отырғызыпты.  Қияр мен қызанақ, қауын мен қарбыз, сәбіз бен қызылша жыл сайын егіліп, белгілі бір мөлшерде өнімін береді. Бағбан жемісін пұлдамайды. Өнімін ауыл-аймақ, туған-туыс, көрші-қолаңына тегін үлестіреді. Білгенін кейінгіге кеңес етіп айтып отырады. Әрбір күнін жеміс ағашының түбін қопсытудан бастайды. Ол:  «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген нақылды өмірлік ұстанымы еткен. Бақ баптаушы сиырдың қиын суға ерітіп, әр ұяға құйғаннан өзге химиялық тыңайтқыш қолданбайтын болып шықты.
Қол қусырып қарап отыру адамды мезі етеді. Ер азамат энергиясын шығармаса, терлеп жұмыс істемесе, сол сияқты өзі қалаған іспен айналыс­паса ашуға бой алдырып, ауру шақырады. Аға да сондай. Азаннан қара кешке дейін осы бақ болмаса уақыт өтпейтіндей.  Бір жылдары ешкі өсіріпті. Саны 40-тан асқасын бір өзіне күту қиынға соққан. Қазір жылқы баптайды. Жары, ардагер ұстаз Зейнеп Рысмамбетова екеуі 3 қыз, 1 ұл тәрбиелесе, оқу кезінде немеренің сабағын қадағалайды. Кітапханадағы қызықты кітаптардан оқымағаны жоқ. Зейнеп анамыз бүгінде келінімен бірге тосап қайнатып, қияр, қырыққабат тұздап қыстың қамына кіріскен.  Бұл отбасы дəруменге бай көкөністі сатып алып, шығынданбайды.
– Таңертең танауымызды алманың хош исi қытықтап оятады. Ерте тұрмасақ, жұпар ауаны жұта алмай қалатындай таңғы бес-алтыда атамызбен жағаласып оянамыз, – дейді отбасындағы қарадомалақтар.
– Ағаштың да жаны бар. Бұл да сенiң анаң секiлдi, жемiсi – балаларын арқалап тұр. Ағашқа ешқашан қиянат жасамаңдар. Олардың да сендердей өмiрi, көрер қызығы бар, – деді Нұрсұлтанға атасы түйнегін көтере алмай еңкейіп тұрған алма ағашын нұсқап. «Алма бақты мен арқалап кетпеймiн, сендерге, сендердiң ұрпақтарыңа қалады. Бұл – бізге Алланың берген сыйы» дейді немересіне тәлімін берген атасы.
– Сағат бесте тұрамын. Күнделікті жұмысым бауды тексеруден басталады. Сынғанын, құрт түскенін анықтаймын. Жеміс ағашының «жауы» құрт қой. Сол себепті, улау жұмысын уақытында жүргізіп тұрамын. Жалпы ауылда көп үйде алма ағашы бар. Бірақ, көпшілігі оны күтіп-баптамайды. Құрт жеп, жапырағы қураған ағашты көргенімде жаным ашиды. Сондықтан, жүрген жерімде көршіге, ағайын-туысқа: «Әуелі ағаш отырғызыңдар» деп насихат қыламын. Жерге еткен жақсылық жерден қайтады. «Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген бабамыз. Экологиялық аймақ саналатын біздің жерімізге жасыл желек өте қажет. Жемісі өз алдына, тал-терегі ауаны тазартады. Ал тазалық – ұрпақ саулығының кепілі. Сол үшін де ағаш санын арттырып, баламызға атарытып алыстан келген емес, өзіміз баптаған жемісті ұсынуымыз керек, – дейді бағбан.Түйін
Ала жаздай баптаған бағынан береке тапқан Бек ағамыздың еңбеккерлігіне тәнті болдық. Жан дүниесі табиғатпен үйлескен осындай азаматтарымыздың көп болғанына не жетсін, шіркін? 

Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
23 шілде 2019 ж. 2 307 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031