» СЕКСЕН БЕСТЕГІ БАҒБАН

СЕКСЕН БЕСТЕГІ БАҒБАН

Көлеңкелі қосқа табан тірегенбіз. Елге мәлім бағбан Жақсылық Жалғасбаевты осында болар деп. Күн енді ғана қайтты, бірақ, бағбан әлі жоқ. Фотоаппаратты арқалап, алқапқа көз тастасақ, қарт бағ­бан иыққа кетпенін іліп, бақ­шалықты аралап жүр екен. Елдегі жасы отызға жетпеген талай жан «жұмыс жоқ» де­генді ұран етіп, жанына серік болған жалқау­лық­тан ажырай алмай жүр. Сексен беске келген қарияның ісін үлгі қылмас па?! Алқапты аралап келе жатқан ақ­сақал­ға сырттай қарап тәмсандым.

Орынға жайғаса бере бұйымтайды сұраған бағбан асықпай әңгімесін бастады. Қиындығы мен бейнеті мол диқаншылықтың жай-жапсарына келсек, сырттай қарағанда тек жемісін көретініміз анық. Ал, шөлімізді басатын қызара піскен қарбыз бен дәмі тіл үйірер шырынды қауын бізге дейін қалай жетті? Қалай күтіп-бапталды? Иә, бұл – зор еңбек.
– 1992 жылға дейін шаруашылықты басқарып, зейнетке шыққанда ары қарай тіршілігімді де Жер-Анамен байланыстырдым. Өйтпегенде ше?! Қолымнан басқа не келеді? Осылай тіршілік етіп жатырмыз. Әйтеуір, бейнет қой. Қолдағы техника құр сүлдерін сүйреткен сонау сексенінші жылдардың өнімі. Әупірімдеп жүріп, жұмыс бастаймыз. Үлгермей жатсақ, жаңа техникасы барлардың қызметін ақы беріп пайдаланамыз, – деді Жақсылық Жалғасбаев.
Күрішті суға бастыратын сәтте бақшалықтағы су деңгейі түсіп кетеді. Күннің батысына дейін он қарық, таңның атысына дейін он қарық суарып, көктемдегі қызу еңбекті желге ұшырмай, күтіп-баптайды. Бір ғана Балажарма каналының бойында 10-15 шаруашылық бар. Оның бәрі тіршілік нәріне қол созып, өсімдікті өлтіріп алмаудың қамын осылай істейді. Жақсылық аға биыл 20 гектар жерге көкөніс пен бақша өнімдерін екті. 20 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Бақша өнімдерінің басқа түрлеріне қарағанда қауын өсіру оңай. Дегенмен, әрбір пәлекке қолың тиеді ғой. Еңбекті қажет етеді. Мен биыл қызанақ егіп едім, әрбір түбін қолмен тартып өсіргендей болдым. Мәселен, 1 гектар жерге 36 мың түп қызанақ шығады екен. Есептей беріңіз, сол 36 мыңды қолмен тартып шығару дегеніңіз. Осы кәсіп арқылы нан жеп отырғаннан кейін еккен өніммен тілдесе білу керек. Оның не қажет етіп тұрғанын, шығуына не жетіспей тұрғанын айтпай ұғынсаң ғана жемісін көресің, – деді қарт бағбан.
Жер-Ананың құнарлы топырағы сіңген аялы алақан өсімдіктің жауларымен күресіп келеді. Ираннан шыққан қауын шыбыны айналып-айналып қарақалпақ елі арқылы алқапқа да жетіпті. Тәйірі, шыбынмен күресіп жүріп, түйнекке де кері әсер етіп алатын жағдайлар бар. Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі.
– Ираннан шығып, Ауғанстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанды аралап, біздің өңірге келіпті. Өткен жолы немістердің қолынан аталған шыбын жайлы ақпаратқа қанықтым. Бір жылда үш мәрте балалайды екен. Шыбын гүлге тұқымын тастап кетеді. Ол шіркінің он бес күн ішінде құртқа айналып, түйнекті жарып шығады. Жерге кіріп кетіп, шыбынға айналып, қайта келіп әрекетін жалғастырады. Қауынның жауы. Бұл шыбынға қарсы Нурелл деген дәрі бар. Соны шашып жатырмыз. Нәтижесінде шыбынды қуамыз деп түйнек аз шықты. Неліктен? Өсімдіктер шыбындар арқылы тозаңданады. Аталық гүлдің ұрығын аналық гүлге тасу арқылы олар түйнекті көбейтеді. Біз әлгі шыбынды қуамыз деп, табиғаттың заңдылығымен тозаңдандырып жүрген шыбындарымыздан айырылып қалдық. Мәселе, осында жатыр. Қаншама отбасы қауыннан нан жеп отыр. Енді бұл бізге кәдімгідей уайым болды, – деді тәжірибелі маман.
Бала күнімізде жеген кейбір қауын сорттары қазірде жоқтың қасы. Бұл мәселе республикалық деңгейде көтеріліп келеді. Ғалымдар да тыныш жатқан жоқ. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты қауынның түрлі сорттарын дайындауда. Бір сортты шығару үшін бірнеше жыл керек екенін ескерсек, олардың да еңбегі ерен. Қазір қолда бар қауын түрлерінің арасында елге ең өтімдісі – әміре. Оның да өз ерекшелігі бар.
– Әміре қара қауынға қарағанда 20 күн ерте піседі. Оның үстіне дәмі де тіл үйіреді. Бұрыннан халқымыз тәмсана жейтін қауынның бұл түрі әлі де өз биігінде. Бақшалықтағы әміреміз тез өтіп кетеді басқаларына қарағанда. Біз де нарықтың заңына бағынамыз, – деген Жақсылық аға алысқа көз тастады.
Өмірінің 65 жылға жуығы егіс даласында өтуде. Бақшалық пен диқаншылық – оның өмірі. Саланың ыстық-суығына төзіп үйренген ол ұланғайыр атыраптағы әрбір бақша өнімінің тілін түсінеді. Енді оның сара жолын немересі Абзал жалғап келеді. Алқапты аралап, кетпен шаппаса «ауырып» қалатын көрінеді. Қыста кетпен-күрегін сайлаумен жүреді. «Бақшаға келмеген күні ауырып қаламын» дейді күліп..
Аян Спандияр
---
25 қыркүйек 2018 ж. 2 448 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 162

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 142

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 293

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930