» » ӨРІСІ МАЛҒА, ІРГЕСІ БАРҒА ТОЛҒАН ИІРКӨЛ

ӨРІСІ МАЛҒА, ІРГЕСІ БАРҒА ТОЛҒАН ИІРКӨЛ

Қармақшыға келгеніме көп бола қойған жоқ. Екі жылдың жүзі болды.  Мұндағы ауылдарды да аса біле қоймаушы едім. Күре жол бойынан әрлі-берлі өткенде ауыл сыртынан көріп, атын естігенім болмаса, ауылды жақсы білмейтінмін. Жұмыс бабымен ауылға сапарлап, оның тіршілігімен танысып, тыныстап қайтатын жақсы үрдіс қалыптасқалы біршама уақыт болды. Осылайша біз ауыл өмірімен жақсы танысып, оның халқымен етене байланыс орнатып келеміз. Өзім туып-өскен Шиелідегі ауыл бір-біріне жақын орналасқан-ды. Тіпті кей ауыл мен аудан арасы бірігіп кеткен. 5-10 минутта зулап ауылға жете қоясыз. Мұндағы ауылды да солай елестетсем керек. Дей тұра ауылдар аудан орталығынан қашық орналасқанымен әр ауыл өзіндік шаруа қожалығымен, талантты тұлғаларымен де ерекшеленеді екен.
Әлгі айтқан жақын ауылдардың бірі – Иіркөл. Ол ауданға іргелес орналасқан  ауылдың бірі. Біздің бұл жолғы сапарымыз осы ауылға ойысты. Ауыл әкімдігінің алдынан бізді «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығының төрағасы Ардақ Мырзахметов күтіп алды. Өзі ауылдағы жастар саясатын жүргізетін білікті маман.
– Ауылдағылар ептеп мал шару­ашылығымен айналысады. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында жақында ауыл азаматы несие алып, жылқы баптап отырған жайы бар. Әуелі сол жаққа барып, шаруасымен танысайық, – деп бізді бірден сонда ертіп алып барды.
Жылқы түлігін баптау сәнге айналды
Осыдан 6 мың жыл бұрын ең алғаш қазақ жері жылқы малын қолға үйретіп, ер тоқым салған екен.  Сондықтан да болар әрбір қазақ бір уақыт атқа қонып серуендеуге аңсары  ауып тұрады.
Рас, жануар мінезін жетік білетін халық­пыз. Асаулық, тектілік сынды қасиеттер жылқының тегінде бар. Бұл ұғым қазақтың ұлттық болмысына тән. Әсілінде, қазақ жылқыны төрт түлік ішіндегі төресі, ер қанатына балаған. Мұнысы тегін емес. Еңку-еңку жер шалған, егеулі найза қолға алған. Қиын-қыстау кезеңде бабалардың өмі­рі ат үстінде өтті. Тіпті қазақ әде­биетінде жылқы тақырыбында қалам тербемеген жан жоқ деу­ге болады.
Ауылда жылқы малын баптап отырғандар қатарында Ғали Нәбиев те бар. Ол жақында «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында Ресейден асыл тұқымды жылқы алып келген.
– Қазақ қашан да жеті қазынасының біріне санаған жылқы малын ерекше қастерлеген ғой. Жылқыны ерте көктемнен бастап алдыра бастадық. Қазірде жергілікті жерді жерсінбей аздап үйреніскендей. Жылқыдан өзге ірі қара, қой түліктерін де бап­тап күтудеміз. Ауыл жері мал ша­руашылығына қолайлы, – дейді Ғали.
 Азамат Ахметбеков – жылқышы. Ол таңда тұрып осы аттардың күтіміне кіріседі. Оны баптап мезгілімен жем-шөбін беріп, жуындырып баптайды. Біз келген бойда қорадағы жылқыларын таныстырып «Бұл осы қорада ең жақсы көретін жылқымыз» деп қорада жүрген бір жылқысын сипап бізге көрсетті. 
– Ресейден әкелген жылқылар қазірде жер­гілікті жердің табиғатына үйретіп жатыр. Өзі 6 жасар  «дон» тұқымы. Оған «Золотой» деп ат қойғанбыз. Ауыл адамдары тұқым ауыстырсын деген мақсатта әкелгенбіз. Әрі ет бағытында. Мұнан бөлек 3-4 үйір жылқы бағамыз. Олар қазір жайылымда жүр. Асыл тұқымды жылқыларды үйірге қосқанымыз жоқ. Оларға үйренгенше ерекше күтім керек, – дейді Азамат.
Қазақ қазына тұтқан түлікті бап­тайтындардың қатарында Төлеген Шүкіров те бар. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасымен 5 млн. теңге қаржы алып, мал бордақылаумен айналысып келеді. Мұны, әке жолын жалғастыру десек те бол­ғандай.
Төлегеннің әкесі Серік Шүкіров те кезінде жылқы баққан. Осы ұрпақ сабақтастығын жоғалтпайын деп жылқы баптап, оны кәсіп көзіне айналдырып отырған жайы бар. 
– Біз бүгінде 10 бие сауып отырмыз. 40 бас жылқы бар. Күніне 3 мезгіл сауамыз. Ауыл тұрғындары осы уақытқа үйренген. Сау­мал ішуге келіп тұрады. Саумалдың үлкен сапар кесесі – 250, 300 теңге болса, литрін 600 теңгеден сатамыз. Қымызды алыс-жақын ауылға, әрісі Төретам кенті мен Қызылорда қаласына тасымалдап отырмыз, – дейді ол.
Бір қызығы ауыл адамдары бос қарап жатқанды құп көрмейді. Үйдің келіншегі Гүлмира Төреханова қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Ол 2013 жылы «Ақниет» бағдарламасымен 450 мың теңге көлемінде грант иеленген. Бұл бағдарламамен  бір оқпен екі қоян атуға мүмкіндік бар. Себебі грант жеңімпазы өз ісін бастау арқылы ауылдың дамуына да үлес қосады.
–       «Ақниет» арманға қол жеткізген бағдарлама болды. Әсіресе, ауылдықтар үшін үлкен қолдау болғаны рас. Мен осылайша қолөнер бұйымдарын жасап, оны кәсіпке айналдырдым. Әйел заты әрдеңемен айналысып, қарап жатпайды ғой. Бейнеттеніп еңбек етеді. Біздікі де сол, – дейді қолөнерші.
Жастар жылындағы жаңа бастама
Биыл – жастар жылы. Бұл елімізге жаңа леп алып келді. Жаңа толқынның көрінуіне үлкен мүмкіндік. Қоғамның әр саласында жігерлі жастар белсенділік танытуда. Ал Иіркөл ауылының жастары игі бастаманы көтеріп жатыр. Атап айтар болсақ, ауылда бұрын-соңды болмаған жаңа мешіт салу қолға алынған. Иә, мешіт салу – сауабы үзілмейтін игі іс. Бұл әрине, көңіл қуантарлық жайт. Шағын ауылда осыған дейін мешіт болмаған көрінеді. Осы орайда ауылдың жігерлі жастары имандылық ошағын салуды жөн көріп отыр.
–  Жастар жылы – бізге берілген мүм­кіндік. Әрине, бұл мүмкіндікті ауылға пайдасы бар іспен байланыстыру – біздің міндет қой. Мешіт құрылысы 2018 жылы басталды. Қаражатты ауыл тұрғындары жинады. Аудан кәсіпкерлері есік пен терезені алып берді. Мешіттің ішкі, сыртқы құрылысын әр жылғы тумалар бөліп алып отырмыз. Бұл – көппен бітетін іс. Сол себепті ауылдың ер азаматтары құрылыс жұмысын бөліп алдық. Алла амандығын берсе Құрбан айт мерекесі қарсаңында ашпақ ниетіміз бар. Енді мұнда ауыл адамдары құлшылық жасайтын болады, – дейді Ардақ Мырзахметов.
Шебердің қолы алтын
Мұнан соң бізді бағыттаушы жолсерігіміз Ардақ Мырзахметов  Төре­хан Молдабектің үйіне ертіп алып барды. Үйге кіргенде ағамыз домбырада ойнап отса, ал үйдегі Пәнтай апамыз «қыстың қамын жаз ойла» деп банкі жабуға келінімен дайындалып жатыр екен. Ағаны бірден әңгімеге тартып, домбыраны қайдан алғанын сұрай жөнелдік.
– Аға мына домбыраны өзіңіз жасадыңыз ба?
– Кезінде құрылыс саласында жұмыс істегенмін. Кейін жұмыстан қысқарту болғанда қолдан келетін іспен айналысу керек болды. Ал менің қолымнан келгені осы – ағаш жонып, бұйым жасау. Қолымдағы домбыраны 1970 жылы істегенмін.
– Өзі ап-ауыр екен. Мұның сыры неде?
– Қайыңнан жонып жасаған соң ауыр. Қолмен ойғаннан болар, қалың болатыны.
Ағаның қолдан ойып жасаған шкафы, теледидар астына қоятын ағаш бұйымы да үйде әлі күнге дейін тұр. Жап-жаңа секілді, әдемі-ақ. Ойып салған оюын айтсаңызшы. Төрехан аға мұнан өзге бесік, қолжуғыш, желпуіш те жасаған. Үйге кіреберісте желпуіштері ілулі тұр. «Зейнеткерлікке шыққан соң мұның бәрі қалыс қалды ғой» дейді аға бізбен әңгімесінде.
Ағаның ұлы Дархан Төреханов жылқы малын баптайды. Үйде 2-3 бие ұстайды. Оның қымызын сатып та отыр. Жылқыға да арнайылап қора  жасап қойған. Әлгі сіз бен біз теледидардан көретін жылқыларға арналған қора ше? Тап сондай. Ол енді тіптен бөлек, жылқыға жайлы әрі таза. Суы мен шөбі әр жылқының алдына бөлек қойылған. Дарханның баптаудағы ұқыптылығы кө­рініп-ақ тұр.
Сонымен бірге ол мал азығын да да­йындайды. Ауыл тұрғындарын қысы-жазы осы азықпен қамтамасыз етіп отыр деуге де болады. Былтыр мал азығының барлығын дерлік Дарханнан алғанын айтады ауыл тұрғындары. Есік алдында трактор мен ком­байн, шөп кесетін құрылығысы тұр. Осы техникалардың көмегімен шабындық пішен шөпті әзірлейді.
– Ауыл адамдарында қарап жату деген жоқ. Тіршілік ету керек. Сондықтан болар ең­бектеніп, пайдалы іспен айналысуға бейім тұрамыз, – дейді Дархан.
Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір
Қой шаруашылығын ата кәсібім деп ардақтаған қазақ «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» демеп пе еді?! Қазаққа ұлттық тағамды етсіз елестету әсте қиын, әрине. Сыйлы қонағы келсе, қойдың басы мен жілігін алдына қойған халықпыз.
Ауылда Шопан ата түлігін өсіруді қол­ға алып отырған Дәурен Шарипов өзі­нің ау­ласында гиссар тұқымды қойды бор­дақылаумен айналысады.
– Бүгінде 50 бас гиссар тұқымды қойым бар. Ерекшелігі – бұл қойлар жылына екі рет төлдейді. Үстінде жүні болмайды, құлақтары ұзын келеді. Бірінші көзге түстетіні де – құлағы. Бұл қойдың аталықтары 80 келіге дейін ет береді.  Оны Оңтүстік Қазақстан облысы, Қарабұлақ ауданы, Текелі ауылынан алдырамын. Қойлардың жергілікті жерге үйренісуі қиын. Алғашқыда мұны білмедік. Бірлі жарым қой өліп қалды. Ол үшін арнайы вакциналарды егу керек екен. Қазір біршама үйренді. Бордақылау ісімен айналысып жатырмыз. Күзге қарай сатпақ ойым бар. Осы уақыттың өзінде сұраныс көп. Сатып аламын деушілердің қарасы көбейіп жатыр, – дейді Дәурен бізбен әңгімесінде.  
Дәурен Шарипов бүгінде мем­лекеттік бағдарламаға жеке құ­жаттарын әзірлеп жатыр. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демей ме халқымыз?! Дәурен де мұны білсе керек. Осы кәсіппен айналысып, оны пайдасына жаратпақ ниетте.
Шаруасы мығым шаруашылық
Мұнан кейін Иіркөл ауылындағы егістік алқабына бет алдық. «Жаңа­тұрмыс» шаруа қожалығының төрағасы Ардақ Мыр­зах­метовтің айтуынша, егін алқабына 20 жылдан бері ештеңе егілмеген көрінеді. Осы жерді биыл өз шаруа қожалығына алған ол жердің 250 гектарына күріш, 10 гектарына бақша дақылдарын еккен.
– Жалпы көлемі 7619 гектарды құрайтын шаруа қожылығын құрып,  ауылда еңбек етудеміз. Оның 250 гектарына «Лидер» кү­рішін ектік. Ол 120 күнде піседі. Ауыл тұрғындары тұтынатын бақша дақылдарын  да ектік. Оны алыс-жақын қалаларға шығарып сату да ойымыз бар. Техниканы «Жаңажол» ЖШС-нан 5 жылдық келісімшарт негізінде алдырамыз, – дейді «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығының төрағасы Ардақ Мырзахметов. 
Дәл қазіргі уақытта егіс алқабында арам­шөптерге гербицид себу жұмысы басталған. 90 гектар жерге арнайы жалауша белгіленіп, ұшақпен гербицид себілуде. 
– 8 жылдан бері бұл жер қараусыз қал­ған. Жерді қайта қолға алып жатырмыз. Жыл басынан арықты қайта қазып, жерді жырту жұмыстары жүргізілді. Егін алқабы қоршалды. Өзге ауылдарда су тапшылығы болып жатса, бізде су жақсы келіп тұр, – дейді бригадир Амангелді Қуаңбаев.
Бұл биыл ауылдағы тың бастаманың бірі болып отыр. Қараусыз қалған жерге егін егіп, тіршілік етуде. Шаруа қожалықта бүгінде 10 адам жұмыс істейді.
Р.S.
Иіркөл ауылындағы сапарымыз  осымен мәресіне жетті. Бір байқағанымыз, ауыл шағын. Тұрғындардың дені  мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан бұл ауылға осы кәсіпті бір жолға қойып, әрі қарай дамытып, алға қарай ілгерілеу қажет-ақ.
Ақнұр АХМЕТ,
«Қармақшы таңы».
21 маусым 2019 ж. 1 720 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031