Еңбек пен руханияттың қайнар көзі
qarmaqshy-tany.kz «Қорқыт жері», «Жүз шайыр елі» деген құрметті атаудың ауыр жүгін абыроймен арқалап, өзінің әлеуметтікэкономикалық өсуі мен мәдениетін қалыптасуын дамудың сара жолына салып алған Қармақшы ауданының құрылғанына бұл күнде 95 жыл толып отыр.
Қарақұм мен Қызылқұмды жалғастырып жатқан аудан жерінің жалпы көлемі 31 мың шаршы шақырымды құрайды. Аудан орталығынан Қарақұмға дейінгі жазық Нұра деп аталса, Қызылқұм беттегі даланы Қуаң жері дейді.
«Жетіасар», «Шірік Рабат» мәдениеті деп аталған тарихи-мәдени ортаға белгілі археологиялық нысандар осы Қармақшы ауданының аумағында. Қорқыт ата мазары, Қармақшы ата, Марал баба, Сейітпембет, Жәрімбет әулие сияқты халықтың рухани қорғаны болған, қысылғанды демеп, жабыққанды жебеген жандар да өзінің мәңгілік қонысын осы Қармақшы жерінен тапқан.
«Сыр елі – жыр елі» деп аталған рухы мықты, ұранына берік өлкедегі «Жүз шайыр» мекені ойға сарабдал, сөзге жүйрік дара болмысты жыр сүлейлерін, «Сырда туған Абайдай» деп ақындар жырға қосқан тау тұлға Тұрмағамбетін мақтан тұтады.
Алғаш құрылған жылдары Қазалы уезіндегі Қармақшы учаскелері бөлігінің аумағындағы Жамансыр, Қуаңдария, Аққыр, Көшербай, Заңғар сияқты болыстықтардың халқын қамтыған әкімшілік аудан жер ыңғайына қарай Қармақшы, Сырдария, Жосалы, Төрткүл, Қашқансу, Бозарқаш, Дауылкөл, Жалғызқұм, Қосарық, Құмбөгет, Көктөбе деген ауылдық округтер құрып, жалпы саны елуден астам майда колхоздар мен артель, шаруашылық серіктестіктерді осы округтерге топтастырды.
Өзінің тіршілігін ауыл шаруашылығына негіздеген аудан халқы төрт түлік мал өсірумен бірге суармалы егіншілікпен айналысқан. 1945 жылдары соғыс кезінің ауыр тұрмысын бастан кешіп отырған 300-ден астам адам Сталин атындағы каналды кетпен, күректі пайдалана отырып, қолмен тазалаған. Бастауын Шіркейлі өзенінің аяғынан алатын бұрынғы «Қызыләскер» колхозының жеріндегі бұл арнаны тазалап канал ету үшін 153 мың куб метр топырақ шығарылғандығы жөнінде мәліметтер бар.
Бұдан басқа МТС қамтуындағы «Аю», «Қурайлы», «Үбіс», «Наурызбай» каналдары ауданның сол кездегі 38 колхозы мен көптеген майда артель шаруашылықтарын Сыр суымен қамтамасыз еткен.
Дарияның Қараөзек бетіндегі Қаракөл, Абыла жерінде «Жаңабай жармасы» аталған каналдың сілемі бар.
Аудан орталығы Жосалы стансасы төңірегіндегі Жосалы қыстағы болып белгіленді. Қыстақ Сырдария мен Қараөзектің қайта түйіскен тұсындағы Қармақшы ата бейітінің маңындағы «Қармақшы өткелі» деген жерге орналасқан.
Қармақшы атауы Қоқан ханы билігінің кезінде осы маңға салынған бекініс атауымен бір уақыт «Қосқорған» деп өзгерген кездері де болды. Дегенмен патшалық Ресейдің Қоқан хандығын ығыстыруы нәтижесінде бұл жер бұрынғы тарихи атауына жақындап «Қармақшы-Форт-2» деп аталды.
1928 жылдың 17 қаңтарында жаңа құрылған аудан осы Қармақшы атауын иеленді. Алғашқы жылдары ауданға басшылық еткен партия комитетінің хатшысы Көбенов, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Есетов деген кісілер болғандығы жөнінде мәліметтер бар.
Жалпы осы кезден бастап есептегенде кешегі Кеңестік одақ ыдырап, коммунистік партия өзінөзі таратқан уақытқа дейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып 16 адам сайланған және өз уақытының басқару жүйесі бойынша ауданға басшылық жасаған екен.
Оның ішінде Аққозы Ізбанов, Жаңаберген Дүйсенов, Нығмет Мырзалиев, Сейдулла Оспанов, Көмекбай Қаракөзов, Әмзе Әлжанов, Исатай Әбдікәрімов, Ахметжан Жанпейісов, Елеу Көшербаев, Қаһарман Табынбаев, Әбдіразақ Әлібековтердің есімі халық аузында жиі айтылады.
Атқарушы органға басшылық еткендерден Жақсан Шүленов, Төлеген Дәуітбаев, Ідіріс Егізбаев, Тұрсынкүл Әбдиева, Нәжмадин Ысқақов сияқты кісілердің қолтаңбалары бар.
Негізінен аграрлы салаға басымдық берілген ауданда басты мақсат егістік және жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану болып саналады. Осыған байланысты шаруашылықтың қай түріне болса да аудандық жер бөлімі (РайЗО деп аталды) басшылық жасады. Мал шаруашылығындағы көшу, қону жағдайын, көшті дариядан өткізу уақыты мен ұйымдастыру жағдайларын осы мекеме реттеп отырды. Малшылардың дариядан өту кезінде мұз бұзылмай тұрған қысқы уақыт таңдалып, сең жүріп кеткеннен кейін «Паром» артелінің қызметі пайдаланылды.
Аудандық жер бөлімі деген үлкен бөлімді 1937-1941 жылдар арасында Нығмет Мырзалиев, 1941-1945 жылдары Жарасов деген кісілер басқарды.
1935 жылы Ақжар МТС-і құрылып, оның жұмысы аудандағы «Бозарық», «Жаңабақыт», «Оян», Сталин, Ленин атындағы колхоздар мен ар жағындағы «Түпбөгет», «Томарбөгет» колхоздарын техникамен, ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтамасыз етті. 1935-1936 жылдарда бұл мекеменің алғашқы басшысы Жұбатқан Кенжәлиев деген азамат болды.
Соғысқа дейінгі және соғыс жылдарында ауыл шаруашылығының негізгі құралдары ретінде өгіз, ат, түйе күші пайдаланылды. Соқа, тырма, арба осы көліктердің күшімен жұмыс істеді. Егілетін негізгі дақыл түрлері бидай, күріш, арпа, сұлы дақылдарынан астық және мал азығы дайындалды. Бұны өңдейтін құрал түрлері келі, диірмен деп аталды.
Өндіріс орындарынан 1925 жылы іске қосыла бастаған механикалық зауыт жұмысы ерекше қарқын алды. Мекемеге 1938 жылдары Ефимов, 1944 жылдары Храпых, 1980 жылдары Әнуар Күсепов басшылық етті. Зауыт цехтарында түрлі мамандық бойынша 500-ден астам жұмыс қолы болды. Өз алдына емханасы, асханасы, дүкендері, клубы, өзін-өзі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ететін қосалқы шаруашылығы бар үлкен мекеме еді.
1926 жылы 350 адам әртүрлі жұмыс атқарған Жосалы автобазасы өз жұмысын бастады. Мұнда шаруашылықтарға жүк тасымалдау қызметі көрсетіліп, ауылдарға жолаушылар тасымалы жүйелі жолға қойылды.
Өнеркәсіп саласында қолынан іс келетін азаматтар топтастырылып, «Перед» («Алға» деп те айтылады), «Сталиндік Конституция», «Инвалид» атауымен артельдер ашылды. Олар киім, етік тігу, сағат, машинка жөндеу ісімен айналысты. Фотографиялар жұмыс істеп халықты суретке түсірді. Промкомбинат, промартель деген үлкен өнеркәсіп орындары пайда болды.
Оқу, ағарту саласында 40-қа жуық мектеп ашылып, үлкенді-кішілі ауылдардың бала санына қарай бастауыш, 7 жылдық, орталау және орта мектептер болып жұмыс істеді. Оларда оқу программасына сай, оқу-тәрбие жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығында №4, №18 деген екі балалар үйі жұмыс жасады.
Аудандағы ең алғашқы мектеп 1895 жылы ашылып, оған Михаил Широков деген кісі басшылық етті. Қазіргі Шоқан Уәлиханов атындағы №26 мектептің тарихы осы кезеңнен бастау алады.
1925 жылы Жосалы қыстағында 10 орындық аурухана болған. Алайда маман дәрігер болмағандықтан халыққа дәрігерлік көмекті фельдшерлік пункт ретінде көрсеткен деген мәліметтерді кездестірдік.
Бұл айтылып отырғандар газет бетінің сыйымдылығына қарай ықшамдалған шағын фрагменттер.
Аудандағы ел мен жер тарихы, мақтаныш етер тұлғалар тарихы, жер-су атаулары, жеріміздегі жануарлар дүниесі мен өсімдіктер дүниесі мектеп балаларының жас ерекшеліктері ескеріле отырып, сабақ процесі мен сыныптан тыс жұмыстарда үнемі зерделеніп отырса, жастардың отансүйгіштік рухта тәрбиеленуіне зор көмегі болар еді.
Өзінің жұмыстан бос уақытын Дубайда, Анталияда өткізетін қалталылар «өз жерімізде адам қызығатын не бар еді?!» деген астам ойдан арылып, бір сәт сол қызығатын нәрсені іздеуді өз туған жерінен бастаса, тарих тағылымдарын жасырып, ішке бүгіп жатқан орындар еліміздің қай түкпірінде де жетерлік.
Ауданның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында қазіргі техникалық прогресс заманында қол жеткен табыстарымыздың тарихи бастауын басқа емес, өз ата-аналарымыз осыдан 95 жыл бұрын жасап беріп кеткен деген ойды жастар санасына сіңірмей, жастар арасынан өз елінің таза патриотын шығару қиын.
Сондықтан мерейтой қарсаңында осынау азын-аулақ тарихи фактілерді тізбелеп, қағаз бетіне түсірдік.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
ардагер