» » » Ел мен жер тарихына зер салсақ...

Ел мен жер тарихына зер салсақ...

ХІХ ғасырдың басында Сыр бойы, Арал теңізінің солтүстік жағалауына дейінгі жерлерге Ферғана билеушілері үстемдік орнатқаны белгілі. Қоқан хандығы мен Хиуа хандығы Сырдария бойына, оның үлкен тармағы Жаңадария жағалауларына бекіністер салып, атышулы Жоңғар шапқыншылығынан кейін аз-кем тыныстаған халқымызды қос бүйірден қыспаққа алды. Дәлірек айтқанда аймақ халқы басынан өткерген бұл тар кезең 1800 жылдардан басталды.
1817 жылы Сырдарияның сол жағалауындағы қопалы, қалың қамыс біткен өзен тармақтары мен көлдердің ортасынан Ақмешіт қамалының ірге тасы қаланды. Қоқандықтар салған бұл қамал түрлі себептермен толық аяқталмай, келер жылы дарияның оң жақ жағалауына көшірілді. Енді бір аз уақытта сәудегерлер, қолөнершілер, отын-су даярлайтын кедей-батырақтар, қорғаныс мақсатында құрылған әскерлер жергілікті халықпен араласып, абыр-сабыры мол, у-шулы қалаға айналды.
Қамалға басшылық ететін әкімшілік құрылымның қожасы – «Бек» деп аталды. Өзіне бағынышты халыққа салынатын салық түрлері бар, сауда қатынастарының дамуынан келген пайда бар, не керек, қамалдың қорғаныс қабілеті артып, уақыт өткен сайын үлкейіп, күшейтілген белгілі бекініс болып алды.
1820 жылдары Орта Азиядағы тарам-тарам сауда жолдарын тоғыстырған Ақмешіт шаһары түстік пен терістікті, шығыс пен батысты жалғастырған үлкен орталықтардың бірі болды.
Бұл аймаққа әмірін жүргізген Қоқан бегі Тәшкеннің беглер бегіне бағынатын еді. Қамал салуға бұл жердің сауда қатынастарына ыңғайлылығы себеп болды. Бұхара мен Хиуаның Атбасар арқылы Батыс Сібірге шығуына, Тәшкеннен шыққан керуеннің Торғай арқылы Орынбор, Тройскіге өтуіне қолайлы деп табылған еді.
Қоқандықтар осы жолдың бойымен өткен керуеншілерден салық алып отырумен бірге жергілікті қазақтарға тізесін батырып, Сырдария бойын жағалай отырған халыққа үстемдігін аз жүргізген жоқ.
Бұл – бұл ма, осы кезеңдерде Жаңақорған, Жөлек, Шымқорған, Күмісқорған, Қосқорған, тағы сондай бекіністер салған Қоқан бектері жергілікті халыққа малдай және отындық сексеуіл, бау қамыс түрінде салық көлемдерін белгілеген. Бұл жерде айтылып отырған Қосқорған бекінісі Қоқан заманында қазіргі Қармақшы ауданына қарасты жерлердің әкімшілік орталығы болған. Алайда жергілікті халық батыстағы Хиуа хандығының теперішін көп көрген.
«1835 жылы хиуалықтар Қуаңдарияның сыртындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200-ге жуық әскер ұстады. Сырдарияның сол жағалауына Қожанияз бекінісін, ал содан соң Жаңақала бекініс-қамалын салды. Хиуа хандығы жергілікті қазақтардан зекет, ұшыр және басқа да алым-салықтар жинау үшін әскери қосындар жіберіп отырды. Қазақ рулары бұл озбырлық талаптардан бас тартқан кезде Хиуа әскерлері қазақ ауылдарын шауып тонады, әйелдері мен балаларын айдап әкетті» деген деректер кездеседі (Сыр өңірі тарихы. Алматы, 1998 ж, 85 бет).
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, 1852 жылдары генерал-губернатор Перовскийдің әмірімен Орынбордан шыққан полковник И.Бламберг отряды жолындағы қамалдар мен қазақы ауылдарды жайпай отырып, Ақмешітке де жетіп еді. Мыстан жасалған 3 зеңбірегі, 300-дей қорғаушысы бар Ақмешіт қамалын бұзған орыс патшасының басқыншылары өзінің Жоғары Мәртебелісінің жарлығымен 1953 жылы 31 тамызда бұл қамалды «Перовск қорғаны» атандырды.
Ендігі жерде Арал теңізі мен Сыр бойына талас негізінен жоғарыда айтылған Орта Азия алпауыттары мен Ресей империясының арасында күшейе түсті.
Жылдан-жылға басымдық Ресей үкіметінің жағына ауысып, 1867 жылы Ресей өкіметінің мемлекеттің әкімшілік-басқару құрылымы туралы жаңа ережесі жобасына сәйкес Перовск бекінісі Сырдария облысының уездік қаласы болып, оны форт коменденты басқарды.
Осыған орай, Қоқан хандығының Қармақшы өңіріне салынған «Қос-қорған» бекінісінің де атауы өзгеріп, орыс ықпалымен «Форт-Қармақшы-2» деп аталды. Бұның өзі Сырдария мен Қараөзек арнасының қиылысқан тұсында Қармақшы әулиенің мекені болған «Қармақшы өткелі» деген жер атауымен байланысты еді.
Архив деректері 1868 жылдардан 1928 жылға дейін бүгінгі Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарына қарасты аумақ Қазалы уезінің құрамында болып келгендігін көрсетеді. Ал уездер болса өзінің әкімшілік басқару жүйесін бірнеше болыстықтарға бөліп, жергілікті жанның, малдың санағын жүргізді. Сол арқылы салық салу жолдарымен өз мемлекетінің экономикасын жақсарту, әскерін күшейтуді ғана мұрат тұтты.
Қазалы уезі сол кезде Сырдария облысына қараған 4 уездің біреуі. Орталығы Ташкент қаласы болған Сырдария облысы батысында Ырғыз, Солтүстік-Батысында Торғай, Солтүстігінде Атбасар, Ақмола, Солтүстік-Шығысында Қарқаралы облыстарымен, Оңтүстік-Шығысында Жизақ уезімен және одан төмен Бұхар, Хиуа иелігіндегі жерлермен шектеседі.
Сырдария облысының әкімшілік-территориялық бөлінісі деп жобаланған карта-схема жобасы бойынша Қазалы, Перовск, Шымкент, Әулиеата уездерінен бөлек Әмудария бөлімі деп аталатын қазір Өзбекстан, Қарақалпақ аумағында тұрған бірсыпыра жерлер белгіленген.
Кешегі Қазан төңкерісінен кейін Сырдария облысы Түркістан Республикасына қарап, 1921 жылдың 1 қазанынан бастап оның құрамына 7 уезд кірді. Олар Әулие ата, Мырзашөл, Ташкент, Шымкент, Түркістан, Перовск, Қазалы деп аталды.
1922 жылғы 12 қазанда Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің қаулысымен патшалық ресейден қалған атаулар ығыстырылып, Перовск уезі Ақмешіт уезі, Перовск қаласы Ақмешіт қаласы болып бастапқы атауын қайта иеленді.
Орта Азия Республикалары шекарасын межелеуге байланысты 1924 жылы Қазақ ССР-нің құрамына кірген Сырдария облысы Сырдария губерниясы деген атау алып, құрамына біршама өзгерістер енгізілді. Губерния орталығы Шымкент қаласы болды. Жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктің құрамына осы күнгі біз тұрған Сыр өңірі аймағы Ақмешіт, Қазалы уездері деген бұрынғы атауларымен кірді.
Келер 1925 жылы ақпан айында Қазақ Орталық атқару комитетінің қаулысымен республика астанасы Орынбордан Ақмешітке көшірілді. Осы жылдың сәуір айында жаңа астанада Республика Советінің V съезі шақырылып, тап осы съездің шешімімен Ақмешіт қаласы Қызылорда деген жаңа атауға ие болды.
Жаңа қоғамдық формация, саяси-экономикалық өзгерістер, жаңа үкіметтің құрылуымен бірге көптеген атаулар дүниеге келді.
Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің Президиумы шешімдеріне сәйкес республикада әкімшілік-аумақтық құрылымның жаңа жүйесі бойынша бұрынғы губерния, уезд, болыстық деген атаулар округ немесе облыс, аудан, ауылдық округтер деген сияқты атаулармен алмастырылды.
1928 жылдың 17 қаңтарынан бастап бұрын құрамына 15 болыстық кіретін Қазалы уезі, 6 болыстық кіретін Қызылорда уезі қайта жасақталып, жаңа құрылған Қызылорда округінің құрамына кірді. Бұлардан басқа Қарсақпай ауданы мен Сырдария губерниясына қарасты 8 аудан қосылып, осы күнгі Қызылорда облысының құрамы нақтыланды. Жаңа округтің орталығы Қызылорда қаласы болып белгіленді.
Таратыңқырап айтқанда, Қазалы уезінің Арал, Қамыстыбас болыстығының ізінен Арал ауданы, Ақтөбе, Қазалы болыстығының ізінен Қазалы ауданы, Қармақшы болыстығынан Қармақшы аудандары құрылды. Қызылорда уезінің Аламесек болыстығынан Аламесек ауданы, Шиелі болыстығынан Шиелі аудандары осы жылы құрылды. (Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бөліну анықтамалығы 1938-2007 жж, 9 бет).
Сонымен, өзіміз өмір сүріп отырған Қармақшы ауданының тарихы 1928 жылдың қаңтар айынан басталады.
1930 жылдардың аяғында аудандарды қосып ірілендіру жұмыстары жүргізілді. Ол үшін Алматы қаласынан келген Өлкелік партия комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінен құрылған арнайы комиссия келіп, Тереңөзек, Аламесек аудандарын ыңғайына қарай шекаралас аудандарға бөлді. Осы кезеңде Тереңөзек, Аламесек аудандарына қарасты ауылдар Қызылорда және Қармақшы аудандарына бөлініп берілді.
Ол кезде осы күнгі Жалағаш ауданына қарасты аумақтың орталығы Аламесек елді мекені еді. Ол шамамен осы күнгі Шаған ауылының батысында Еңбек ауылына жақын жерде болған. Сырдариядан 70 шақырымдай қашықтағы ауыл 1926 жылға қарай Шіркейлі өзенінің суы тартылуына байланысты базары тарқап, әлділері Өзбекстан, Қарақалпақ жеріндегі Тамды, Кенимех аудандарына, Тәшкеннің Қазақ уезіне қоныс аударған. Кейбір малды байлар Қарақұм жеріне көшіп кетіп, ауылда тек кедей батырақтар ғана қалған. Кейін де сөз реті келгенде айтылар, көршілес бұл аудандарды бөлу, біріктіріп қайта құру жағдайлары 1964 жылға дейін екі рет қайталанған.
Қолымызға түскен архив деректері бойынша осыдан он жыл өткеннен кейінгі Қармақшы ауданының 1938 жылғы 15 қаңтардағы әкімшілік құрылымы Ақтөбе, Бозарқаш, Дауылкөл, Жосалы, Көктөбе, Қараөзек, Қармақшы, Қашқансу, Құмбөгет, Ленин, Майкөл, Сырдария, Төрткөл деп аталатын ауылдық кеңестерден тұрды (Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бөліну анықтамалығы, 1938-2007 жж).
1962 жылы облыстағы аудандарды ірілендіру барысында Қармақшы ауданына Жалағаш ауданының 6 ауылдық кеңесі қосылды. Олар Ақсу, Аманкелді, Калинин, Карл Маркс, Қаракеткен, 1 Май ауылдық кеңестері еді.
1964 жылы 23 қазанда облыстағы аудандарды бөлу кезінде осы қалпымен Жалағаш ауданына қайта берілді. (Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бөліну анықтамалығы, 1938-2007 жж).
Төңкеріс жылдарынан бұрын келе жатқан Қазалы уезіндегі Қармақшы, Жамансыр, Қуаңдария, тағы басқа болыстықтарының әкімшілік құрылымына қарасты ауылдарға «Бірінші ауыл», «Екінші ауыл», «Үшінші ауыл», «Оныншы ауыл» деген атау берілген. Кейін кеңестік дәуірде де осы атаулар қолданылып жүрді.
Ташкент – Орынбор теміржолының 110 шақырымдық бөлігі аудан жерінің үстімен өтеді. 5 теміржол стансалары, атап айтқанда, Төретам, Диірментөбе, Қорқыт, Жосалы, Қызылтам стансалары ел экономикасының күре тамыры темір жол бойында өткен ғасырдың басынан бері халық игілігіне үздіксіз қызмет атқарып келеді.
1904 жылы Орынбор-Ташкент теміржолының іске қосылған кезінен теміржол стансасының атауы осы төңіректегі жоса бояуы шығып жатқан «Жосалы төбе» деген жердің атымен байланыстырылып, «Жосалы стансасы» аталған.
Автомобиль жолдарының тарихына келетін болсақ, Сырдария өзеніндегі «Паром» аталған өткелден басталатын ескі «Доротдел» жолы осы күнгі «Самара – Шымкент» автожолының астында Иіркөлдің арғы жағындағы бұрылысқа дейін қатар, бірге жатыр. Көнекөздердің жадында ғана сақталған бұл ескі жол аталған бұрылыстан әрі қарай Ақжар МТС-не дейін тіке кететін. Наурызбай каналынан «Тақтай көпір» арқылы өтіп, бұрынғы Аманкелді колхозының үстімен, әрірек барған соң Әлібай ахун үйтамының шығыс бетімен жүретін еді.
Аудан жеріндегі «Жосалы-Қарсақбай-Жезқазған» жолының да өз тарихы бар. Алғашқыда ат арба, түйе арбамен қатынайтын жолдың бойында қоналқа бекеттер болған. Кейін «полуторка» деп аталып кеткен ағаш кабиналы машиналар жүріп, бұл жолдың бойы қайнаған қызу тіршіліктің күре тамырына айналған. Мыс, мырыш, жез сияқты кен шығатын орындарға ең жақын теміржол стансасы болғандықтан тасымал осы Жосалы бекеті арқылы жүргізілген.
Атақты кенші, көрнекті ғалым, еліміздің елеулі тұлғаларының бірі академик Қаныш Сәтбаев Мәскеуден келе жатқан жолында осы Жосалыға түсіп, Қарсақбайға қарай алғашқы жылдары ат арбамен, кейін «полуторка» автокөлігімен бағыт алады екен. Бұл жолдың халық аузында «Сәтбайдың жолы» деп аталып кеткен жайлары бар.
Кенттің Қарсақбайға қарай шығар көшесі кешегі күнге дейін «Қарсақбай көшесі» аталып келді. Бұл қазір Бәйтереков атындағы көше аталып тұр. Абыт көлінің Солтүстік-Шығыс бетінен бастау алатын осы көшемен шыққан жүкшілер керуені Қарсақбай қаласына «Жосалы көшесі» арқылы кіретін болған. Мұның өзі аталған екі кенттің бір-бірімен өзара өндірістік байланысының жоғары деңгейде болғанын және екі қаланың серіктестік ынтымағының берік болғанын көрсетеді.
Қараөзектің терістік беті ар қылы көне Қосқорған қамалынан Ақмешітке баратын жолдың да сілемі бар. Бұл жолдың бойында да зерттей түсуді қажет ететін тарихи орындар аз емес.
Ал Қызылорда қаласындағы Шымбай деп аталған мөлтек ауданнан бастау алып Шымбай қаласына тартылған «Қызылорда – Шымбай» жолының да Қармақшы жерінен өтетін тұстарын нақтылай түсу көптеген тарихи деректерді алға тартар еді.
«Тұрекеңнің:
Жазған сөзім қыдырды,
Шорахан, Төрткүл, Шымбайды.
Киіз үйлі қазақтың Есіткендері сөзімді,
Аяқ асты қылмайды», деп келетін шумақтары Сыр бойы қазақтарының аталған елді мекендермен үнемі байланыста болғандығының нақты дәлелі.
Мына бір: «...Өткен жарты жылдың ішінде Қызылорда – Шымбай жолында автомобильмен 300 жолаушы, 370 пұт жүк, пошта тасымалданған» («Еңбекші қазақ» газеті, No80, 10 сәуір, 1927 ж) деген дерекке назар аударсақ, бұл жолдың бойында да бекеттер, жолшыларға қызмет еткен шағын ауылдар салынып, қайнаған қызу тіршілік орнағанын көруге болады.
Әуе жолын сөз етсек, Қызылорда аэропортынан ұшқан 12 кісілік «Ан-2» қос қанатты ұшағы осы күнгі Тұрмағамбет ауылына қонып, әрі қарай Қуаңдария, Жаңақаламен оралып, Жосалы аэропортына қонатын. Біраз уақыт кідіріп, жанармай құйып алатын еді де, екінші рейс сол ізбен қайта жүріп, Жаңақала, Қуаңдария арқылы Мәдениет ауылына соғып, Қызылордаға ұшатын. Екі рейстің аралығында жақын жердегі Жосалы ауылына бір барып келуді де ұмытпайтын.
Сексенінші жылдардың бас кезінде алыстағы мал жайылымында отырған «Тышқан тамы», «Кекірелі» аталған ферма орталықтарына да аптасына екі рет қатынап жүрді.
Айта кететін жай, кешегі алпысыншы жылдарға дейін Жосалы аэропортына ұзақ рейстерге қатынайтын үлкен самолеттер де қонып, қажетті жанармайын құйып ұшуын жалғастыратын.
Өзінің тіршілігін ауылшаруашылығына негіздеген аудан халқы төрт түлік мал өсірумен бірге суармалы егіншілікпен айналысқан. 1945 жылдары соғыс кезінің ауыр тұрмысын бастан кешіп отырған 300-ден астам адам Сталин атындағы каналды кетпен, күректі пайдалана отырып қолмен тазалаған. Бастауын Шіркейлі өзенінің аяғынан алатын бұрынғы «Қызыләскер» колхозының жеріндегі бұл арнаны тазалап канал ету үшін 153 мың куб метр топырақ шығарылғандығы жөнінде мәліметтер бар («Қызыл Ту» газеті, No46, 27 ноябрь, 1945 ж).
Бұдан басқа МТС қамтуындағы «Аю», «Қурайлы», «Үбіс», «Наурызбай» каналдары ауданның сол кездегі 38 колхозы мен көптеген майда артель шаруашылықтарын Сыр суымен қамтамасыз еткен. Дарияның Қараөзек бетіндегі Қаракөл, Абыла жерінде «Жаңабай жармасы» аталған каналдың сілемі бар.
«Жетіасар», «Шірік Рабат» мәдениеті деп аталған тарихи-мәдени ортаға белгілі археологиялық нысандар осы Қармақшы ауданының аумағында. Қорқыт ата мазары, Қармақшы ата, Марал баба, Сейітпембет, Жәрімбет әулие сияқты халықтың рухани қорғаны болған, қысылғанды демеп, жабыққанды жебеген жандар да өзінің мәңгілік қонысын осы Қармақшы жерінен тапқан.
Жетіасар даласындағы «Алтынды-асар», «Қос асар», «Жол асар», «Тік асар» қалаларының сілемі шығысқа қарай «Қара асар», «Моншақты асарларға» жалғасып, көршілес Жалағаш ауданы жеріне ұласады. Ал Жаңадария бойындағы «Шірік Рабат», «Сырлытам», «Қосқала» сияқты көне заманның тарихи архитектуралық ескерткіштері орналасқан аумақ жерінің шалғайлығына қарамастан қызығушылық танытқан жандардың саяхат жасап, тынығып қайтатын тарихи орны.
Ауданда орта ғасыр ойшылы, түркі дүниесінің абызы, күй атасы Қорқыт бабаға, Фирдоусидің «Шаһнама» дастанының қазақша нұсқасын жасаған ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовке, Оңғар жырау Дырқайұлына, жырау Көшеней Рүстембековке қойылған заманауи ескерткіштер бар. Сонымен қатар, екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандарға арналған мемориалдық кешен, «Тәуелсіздік» монументі, кентке кіреберісте «Рәміздер», «Қазақ хандығы», «Қобыз» композициялары бірін-бірі толықтырып, келушілерге қонақжай қолын бұлғайды.
«Жүз шайыр елі», «Жыраулық өнердің өрістеген жері» атанып, әйгілі Сыр сүлейлеріне мекен болған құтты қоныс Қармақшы даласы Қарақұм мен Қызылқұмды жалғастырып, Байқоңыр айлағы арқылы ғарышпен шектеседі. Қарақұмға дейінгі Нұра, Қызылқұм беттегі Қуаң деп аталатын жазиралы жерлер ата-бабаларымыздың ат тұяғымен талай шиырлап, табан ізін қалдырған ыстық мекеніміз, ата қонысымыз.
Айтпақшы, балалар ойнайтын доптың шар тәрізді жиырылып, бір түйінге байланған кіндігіндей, жер әлемді тұтастырып, ғаламшармен байланыстырып тұрған жердің кіндігі де осы біздің далада. Сонау батыстан мұнартып көрінген «Жеркіндік» тауының атауы бізге соны меңзеп тұрғандай. Бір ғажабы – жарықтық ата-бабаларымыз ғарышты игеру дегеннің не екенін басқа жұрт білмей тұрғанда бұл тауды осылай атаған. Әр түрлі бағдарламамен жасалып жатқан ғарыштық сапарлар осы даладан бастау алады.
Жас кезімізден құлағымызға сіңісті болған, әке-шешелеріміз айтып отыратын әңгімелердің ішінде «Аңыз» деген түрі бар еді. Ол өте ертеде, біз тыңдап өскен ертектердегі оқиғалардан да әріректен келе жатқан әңгімелер сияқты болып, сағымды сәуле түсіретін санамызға. Жетілмеген жас түйсігіміз аңыз кейіпкерлерін барша адамзаттың қолдаушысы, қорғаушысы, жебеушісі, қамқоршысы ретінде танитын. Соған табындыратын.
Мен білетін осындай аңыздардың үлкен екі кейіпкері болды. Біреуі – Асан қайғы, екіншісі – Қорқыт.
Екеуі де ел қамы үшін желмаясынан түспей дүниені шарқ ұрып, шарлап жүріп, ұрпағына жайлы қоныс, мәңгі өмір іздеп өткен даналар. Бүгінгі күннен – ертеңге, ертеңгі күннен – болашаққа үміт жалғаған өмірдің диалектикалық заңдылықтарына сай екеуі де әлі күнге жарқын болашақ іздеп жүрген сияқты көрінгенімен, олар әлдеқашан-ақ іздегендерін осы біздің даладан тапқан. Бірі «Жерұйығына» халқының қоныстанғанын көріп, көңілі жайланған, екіншісі еліне «мәңгі өлмеудің» жолын көрсетіп, бүгінгі ұрпағына рухани демеу болып, Қармақшы жұртына қырқаның ар жағынан қарап жатыр.
Сондықтан да сұлу Сырдың бойындағы осынау аймақты жұрт «Қорқыт елі, Қармақшы жері» деп атап кетті. Баба сарынынан бастау алып, жүз құбылған сиқырлы үнімен, мың құбылған мағыналы мақамымен тыңдаушысының бойын балқытқан өнер иелерінің көптеп шығуына байланысты «Жүз шайыр елі» деп те айтылатын жайлары бар.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
ардагер журналист
12 қаңтар 2023 ж. 688 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031