» » «Уақытша ереже» жүйесіндегі ел басқару

«Уақытша ереже» жүйесіндегі ел басқару

Көшербай болысы. Тынышбек Дайрабайдың Балқы Базар туралы мақаласында Базар Қазалы уезіне қарасты Көшербай болысы жерінде туған делінеді. Біз бұрыннан жыраудың Қарақ тауының етегінде туғандығы жөнінде көп есіткенбіз. Ендеше Бәйтеректің терістік беті Қарақ тауымен қоса алғанда Сырдарияның бойына қарай – Қазалыға дейінгі жер осы Көшербай болыстығына қарауы әжеп емес.
Ауызекі әпсаналарда аты көп айтылатын Уақ болыс осы Көшербай болыстығына басшылық еткен болуы керек. Көмекбаев ауылының азаматы марқұм Мақат Мырхиевтың көрсетуі бойынша: «Қошқаралы Уақ Қазалы уезінің бір болыстығында 30 жыл болыс болған...». (Шөмекей шежіресі. Құрастырған Мұқамбетқали Мырхиев. Ақтөбе, 2005 ж. 59-бет) деп жазыпты.
Неге Көшербай болысы? – дегенге келетін болсақ, үлкейген уақытында Уақ болыс айналасына тынышсыз болып, жанындағыларға жағдайсыз қылық таныта берсе керек. Осыған төзе алмаған Дөсек Жанай баласы Ерімбет бір сайлауда Уақпен болыстыққа таласатын болады. Сайлау өтетін жерге үйлер тігіліп, әр рудың басшылары бас қосқан кезде Ерімбеттің дауыс берушілерді түгелге жуық өзіне аударып бара жатқаны байқалады. Осы кезде Ерімбет тіккен үйге Жолай Алмас бидің адамы келіп:
– Ереке, сізді Алмас ағаңыз батамды беремін деп шақырып жатыр, – деген хабар әкеледі. Ерімбет болса:
– Алмас ағамның батасын өз үйімде аламын. Малым, ағама деген сый-сияпатым дайын, осында әкеліңдер, – деп қанша бұлғалақтағанмен жіберген адамдары көндіріп, Ерімбетті Уақ бидің үйіндегі Алмасқа алып келеді.
Сонда Алмас:
– Ерімбетжан, сен би болып, билік те жасай аласың, болыс боп ел де басқара аласың. Басқа да шаруаның барлық түрі қолыңнан келеді. Ал мына Уақтың қолынан болыстықтан басқа боқ та келмейді. Өзі де өлер шаққа келді. Ағаңды сен өлтірмей-ақ қой. Қолыңды жай, тоқсанға келгендегі сарқыншақ батамды берейін деп отырмын. Тұла бойым иіп барады, – деп бата қайыруға ыңғайланған екен дейді. Ерімбеттің қол жайып отыра кетуден басқа лажы болмай:
– Аға, айтқаныңызға көндім. Тек Уақ болыс менің төңірегімдегі билікке араласпасын, – деп еріксіз қол жайып, үлкеннің батасын алған екен.
Осында аталған ел тізгінін ұстаған билер мен белгілі азаматтар қонысы жағынан Қарақ тауының маңында өмір сүрген адамдар. «Ерімбет мешіті», «Алмастың құдығы» деген жер атаулары да осы аумақта. Уақты Көшербай болыстығын басқарып, болыс болды деуіміздің мәнісі осында.
Заңғар болысына Жаңадарияның арғы бетінен Боқантауға дейінгі Қызылқұм бөктері түгел кірген деп шамалауға болады. Заңғар Қызылқұмдағы биік шоқының атауы.
«Бестөбе, Бетегелік, биік Заңғар,
Тұсында Суықбеттің Сеңгір там бар» – деп келетін өлең болып еді кезінде Қызылқұмды жайлаған Тамды қазақтарының арасында.
Тынышбек Дайрабай: «1872 жылы Боқантау маңында көшіп-қонып жүрген Заңғар болысы қазақтарының 14 үйін кездестіргенін есаул Бакланов атап өткен. Қазақтар өздерінің болысы Бақа Айбековтің хиуалықтардан қорғайтынын, оның құрметті адам екендігін, айтқан сөздерін қолжазбасында жазыпты» деп көрсетеді. (Сырдың сырлы сазы. Тынышбек Дайрабай. Алматы, 2005 ж. 150-бет.).
Н.Аничковтың деректеріндегі «Шөмекейдің сардары, зауряд хорунжий Бақа Айбеков – Қазалы оязының екінші көмекшісі, орыс тілін жетік білетін, кейін Николай ІІ-нің (1894) Мәскеуде өткізілген таққа отырғызу тойына қатысқан» (сонда) деген пікірлері Балқы Базардың:
«Айбектің батыр Бақасы,
Шөменнің алтын сақасы», – деген теңеулерімен толық үндеседі.
Демек, белгілі бір уақыттарда Заңғар болыстығына Айбек баласы Бақа би-болыс болған. Қазір Жалағаш ауданының жерінде болған соң көп тоқталып жатқан жоқпыз.
Бұлардан басқа Қазалы уезіне қараған «Аққыр болысы», «Қышбөгет» Ресей империясының бодан халықты басқарудағы болыстық құрылым жүйесі қарапайым халық үшін онша қолайлы болған жоқ. Халықтың өзін-өзі басқарудағы дәстүрлі ағымы бұзылды. Ел арасында жүргізілген ресей ықпалын арттыру саясаты болыстардың елмен ара жігін аша түсті. Қарапайым халыққа салынатын түрлі салықтар мен әлсізді қанау ісі болыстардың қолымен жүргізілетін болғандықтан «болыс» деген атаудың өзі халық санасында негізінен жағымсыз адамдардың кейпін қалдырып, елмен етенелігі жоқ жандар жөнінде ебедейсіздеу ұғым қалыптастырды.
Халық арасындағы жер дауы, жесір дауын шешу, ұрлық, барымта, сырымта мәселелерін реттеуде үкім-кесімдер шығарудың ата жолы адыра қалып, орыс ұлығының аузына қараған күн туды.
Сондықтан да болар жоғарыда аттары келтірілген елдің сөзін сөйлеп, маңдайынан сипаған аздаған адам болмаса, өз қалтасын толтырып, қарнын қампитқан болыстардың көбі ел есінде қалмады. Қалса да оған деген халықтың құрмет ықыласы төмен болып, көбісінің аты ілтипатқа ілінбей біздің уақытымызға жетпеген болар деп ойлаймыз.
Дегенмен ел арасында ауызекі әңгімелерде Нұрман болыс, Алтыру болыс, Смайыл болыс, Саржан болыс, Алмас болыс, Аман болыс, Қалдан баласы Тәшібай болыс, Тапай болыс деген кісілердің аты айтылады.
Болыстар халық арасындағы аузы дуалы, сөзі өтімді адамдар арасынан билер тағайындап алып, оларды ел ішіндегі жұмыстарды реттеуде өздеріне тірек етті. Тарихта бір болыстықтың аумағында бірнеше би, белгілі жыраулардың болғандығы, олар ел арасындағы даулы мәселелердің әділ шешімін тауып, ел еңсесін көтерер сөздерімен, ел бірлігін сақтаудағы ілкімді істерімен есте қалғандығы белгілі.
Бұл жерде болыстықтардың жобамен көрсетіліп отырған шекаралары да шартты нәрсе. Тек болыстықтың атауы мен болыстардың аты болмаса нақты дәйектемелер көрсетілген деректер қолымызда жоқ. Шаруашылығы төрт түлік мал өсіріп, оларды жайып бағуға негізделгендіктен қазақ қолданысында «қыс қыстау», «жаз жайлау» деген ұғымдар бар. «Пәленшенің жайлауы», «Түгеншенің қыстауы» деген сияқты жер бөліністері малы көп байларға ғана қатысты болып келеді және аты белгілі биік төбелермен, сол жерді қоныс етушілердің арғы, бергі аталарының бейітімен белгіленеді. Болмаса кейде сексеуіл томарларынан үйілген қарақшылар, қазылған құдықтар, жер атаулары жер иесінің кім екенін айқындап тұрады.
Ол кезде саудаға шығарылатын малды Сыр бойынан сонау Атбасар, Тройск, тағы басқа қалаларға жәрмеңкелерге қой-ешкілерді отар-отарымен, ірі қара малдарды үйір-үйірімен қыспай айдап, жайып, семіртіп қоңыр күзге дейін бір жетеді екен. Базарлы жерге барамын дегенше жолшыбай талай мал жайып отырған жайлаулардың үстімен өтеді. Сол жердің тұрғылықты байлары: жерімнің үстінен өттің, жердің отын пайдаландың, жерді тоздырдың деп мал айдаушылардан «шөпауыз» деген салық алып отыратын болған.
Осындай базарға мал айдап бара жатқан Пышанның Төребайы бір жолы қасындағыларға:
– Сендер малды жаймен айдай беріңдер, – деп жол бағытын көрсетеді де, өзі тарту-таралғысын молдау ғып алып, жанындағы нөкерлерімен аттың басын Орынборға бұрады.
Орынбор генерал губернаторымен келісіп, арнайы карта жасайтын мамандар алып, өзі отырған жайлаудан Атбасар қаласына дейінгі аралықтың картасын сыздырып алса керек. Ені екі шақырым, ұзындығы діттеген жеріне апаратын бұл жолсызықты (айтушы «полоса» деген еді) карта осы аралықтың Пышанның Төребайына қарасты жер екенін айқындайтын бірегей құжат болған. Орынбор ұлығының қолы мен мөрі басылған картадағы осы жолмен Төребайдың керуені жыл сайын мал базарға еркін жүріп тұрған. Осы әңгімені 1998 жылы әңгімешіл, шежіре қария Қаратамыр Әлтай деген кісінің аузынан есіткен едім.
Осының өзінен-ақ:
– Қазақ мал бағудан басқаны білмейтін, өзін-өзі басқаруға қабілеті жоқ халық. Революцияға дейін республикадағы қазақтың екі пайызының ғана сауаты болған, – деген жетпіс жылдық уағыздың бос сөз екенін байқауға әбден болады.
Қаратамыр Пышанның Төребайы, кетедегі би Жұбанбай, Қаражан би, Сарығасқа Қалдан батыр (әрі би), аспан Бақа би Айбекұлы, Керейт Көбдік би, жолай Алмас би, дөсек Ерімбет, арғын Таңатар елші, төре Сауқым сияқты көкірек көзі ашық, ұлық алдында именбей іс қыла алатын белгілі тұлғаларымыз ел қорғаған батырлармен бірігіп, халқымыздың үш жақты қыспақтан аман қалуы жолында аянбай күресе білді.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
ардагер журналист
20 қаңтар 2023 ж. 633 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031