«Уақытша ереже» жүйесіндегі ел басқару
qarmaqshy-tany.kz Қазақ жұртының Ресей бодандығына толық өтіп болу кезеңі ХІХ ғасырдың екінші жартысына тура келеді. Бұны Ресей үкіметіне хат жазып, ел болу ниетін білдірген Әбілқайыр заманынан да бұрынғы І Петрдің: «Барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің қақпасы – қазақ хандығын Россияның қол астына өткізіп алу керек» деген (Тарихи зерттеулер. Н.Мұқаметқанұлы. 76-бет) шапқыншылық жолымен ірге кеңейту арманының орындалу кезеңі еді десек те болар бәлкім.
Ендігі жерде патша үкіметі өзінің отарлау саясатына сәйкес осы бір ұлан-байтақ жерге билік-хандығын нығайта түсіп, үстемдігін одан әрі арттыра беруді көздеді. Елді емін-іркін билеп-төстеудің түрлі жолдарын қарастырып, боданындағы аймақта жаңа әкімшілік басқару жүйесін өмірге әкелді. 1867 жылдың 2 шілдесінде жарияланған «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөніндегі уақытша Ереже» деп аталған әйгілі құжат бір замандары әлемді тітіреткен Тұран жұртының кең байтақ жерін бөлік-бөлікке бөліп тастап билей берудің ең қолайлы тәсілі еді. Бұл құжаттағы тапсырманы жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстарға сәйкес 1868 жылдан бастап осы күнгі Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары тұрған аймақ бір уезге бағындырылып, орталығы Қазалы қаласы болып белгіленді.
Сырдарияның төменгі ағысындағы осы тұс Бұхара, Хиуа иелігіндегі Жаңадария жағалауына орналасқан майда қалалардың солтүстікке шығар қақпасы болған керуен жолының бойы еді. Ендеше 1847 жылы қазақ жеріндегі территориялық, экономикалық және саяси жағдайдың аса күрделеніп тұрған кезеңінде Орынбор әскери губернаторы, генерал-лейтенант В.Обручевтың Орта Азияда орыс ықпалын жүргізуіне қолайлы жер ретінде тап осы жерден бекініс салуды тиімді көргені даусыз.
Алайда бұл істі жүзеге асыру 1851 жылы Обручевтың орнына келген кавалерия генералы В.Перовскийдің еншісіне бұйырды.
Орынбор өлкесінің жаңа басшысы генерал-губернатор Перовский Қоқан, Хиуа хандықтарының бұл аймақтағы ықпалын әлсірету үшін іске қызу кірісті. Жергілікті жағдайды терең зерттеп, оң-солын бажайлап алған ол 1852 жылғы 29 қаңтарда орыс әскери министрлігінің атына хат жазды. Рапорт түрінде жазылған бұл құжатта патшадан ықтияр сұрап, Қазалы өзеншесінің Сырдарияға құяр жерінен форт салуға қаражат бөлуді өтінді.
Осыған орай, император Александр ІІ Сырдарияның оң жағалауына форт орнатуға рұқсат етіп, 1853 жылы генерал Перовскийдің басшылығымен бекініс құрылысының іргесі қаланды. Бұған горнизондағы жаяу әскерден бөлек 50 қазақ, 300 башқұрт жұмысшылары тартылды. 1855 жылдары бекініс горнизоны Орынбордан көшірілген казак-орыс қоныс аударушыларымен бұл жерде халық саны молая түсті.
«Форт І» аталған әскери-әкімшілік құрылым орналасқан осы жер ұлғая келе кейін 1867 жылғы атауы Қазалы қаласы болып өзгеріп, осы аттас уездің орталығы болды.
Сөз арасында айта кетейік, Қазалы деген сөз «Қаза» деп аталатын балық аулау құралынан шыққан деген пікір бар. «Қазалы өзегінің Сырға құяр жерінде» тұрса, жергілікті халық балық аулау ісінде қазаны қолдануы әбден заңды. Екінші нұсқа бойынша сол аумақта әділ қазылық еткен бір бидің құрметіне аталған деп те айтылады. Үшінші бір нұсқада айдыны мол сулы жерде аққу, қаз, үйрек көлдің бетін бермейтін аса көп болғандықтан «Қаз елі» атанып, Қазалы деген сөз содан шыққан дейді.
Қалай болғанда да сол кездегі ресми атауы Түркістан генерал-губернаторлығы, Сырдария облысы (орталығы Ташкент қаласы болды), Қазалы уезі болып, оның құрамына Арал, Қармақшы аумақтары жеке-жеке болыстықтар болып кірді.
Арал теңізінің тарихы тереңде болғанмен Арал қаласының тарихы осы жерге патшалық ресейдің балықтан түсетін мол олжаны игеру мақсатында теміржол құрылысын тартуымен байланыстырылады. Бұл шамамен 1905 жылдарға тура келеді. Бір деректер Арал қаласының іргесі 1905 жылы Аққұдық деген қыстақтың негізінде қаланғанын айтады. Нақты дерек 1913 жылы Арал қыстақ атанып, онда 1026 адам тұрған. (Арал тағдыры. Құрастырған Мереке Құлкенов, Алматы, 1989ж. 53-бет).
Біз сөз етіп отырған кезеңде бұл аумақта Арал, Қамыстыбас деген екі ірі болыстықтың атауы айтылады. Ал Қазалы жерінен Қарасақал болыстығы, Қарабастоғай болыстығы, Ақтөбе болыстығы деген атауларды кездестіреміз. Әрине бұлардан басқа да үлкенді-кішілі бірнеше болыстықтардың болғандығында сөз жоқ.
Қазіргі Қармақшы ауданына қарасты жерлерде Қармақшы болысы, Жамансыр болысы, Қуаңдария болысы, Ақтайлақ болысы, Көшербай болысы, Заңғар болысы деген болыстықтар ел басқару ісіндегі өзіне тиісті жұмыстарды атқарды.
«Болыс болдым, мінекей,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап», – деп Абай атамыз айтпақшы, қарапайым қазақ халқы мен озбырлықпен суарылған, айлакерліктің алпыс түрін де азсынатын ресей патшалық билігінің арасында абыройлы жұмыс жасау сайланған болыстардың қай-қайсысына да оңай болған жоқ.
Империялық озбыр саясаттың бір бөлігі отар елдермен арадағы қарым-қатынас десек, жабданда жайсын жатқан әрбір ауылға, әрбір қазақ отбасына орыс ықпалы осы болыстар, ауылнайлар арқылы жетті.
Райым бекінісі мен Қазалы бекінісін жаңадан салып, Қосқорған, Ақмешіт сияқты Қоқан хандығының иелігіндегі бекіністерді басып алған, сөйтіп оларды «Қармақшы-Форт ІІ», Перовск атандырған патша өкіметі бұл аймақтағы елдерге түбігейлі өз тәртібін орната бастаған кезі осы тұстан басталады.
«Түтін салығы» деп әр үйге жылына бір сом елу тиыннан салық салынып, ол салықтан мемлекеттік қызмет санатындағы – болыстар, ауылнайлар босатылды. Тіпте байлар мен би-сұлтандарды да өзіне қарату мақсатында осындай салық жеңілдігін жасап, түрлі құйтырқылықтармен қара халықты ашық қанаудың жолдарын тапты.
Бұл жөнінде тарихшы Нәбижан Мұқаметханұлы Мишал Рухиннің ханзу тілінен аударылған «Россия Орта Азиада» атты еңбегіне сүйене отырып, «Россия үкіметі кіші жүз қазақтарынан алынатын алым-салықты көбейту үшін 1837 жылы бір күркешеден бір жарым сом баж алуды белгіледі. Сондай-ақ бұрынғы қазақ билеушілері арқылы алым-салық жинау сынды әдісті де күшінде қалдырды» (Тарихи зерттеулер. Н.Мұқаметқанұлы. 76-бет) деп жазды.
Салықтан басқа да егін суаратын бөгеттерді жөндеу, кіре тартуға күш көліктерін беру, байланыс қызметі үшін лауға жарамды жүйрік аттар дайындап отыру, жолдарды ашып, көпірлерді жөндеуді тегін жасау сияқты міндеттемелер де қарапайым халықтың мойнына артылды.
«Атаңды жау шапса бірге шап» дегендей, тап осы кездерде билеуші-болыстар ішінде өз елін жаудан бетер тонайтын тойымсыз жандар да болды. Керісінше еліне қамқор қолын созып, халқына пана болуды ойлаған және қорған бола білген, кең ойлы кемеңгер билеушілер де тарих сахнасына шықты. Алайда соңғыларына орыс үкіметі шексіз билік ұстата қойған жоқ. Сондықтан бұлар тарихтан біз білетін аз уақыт болыс болған Абайдың тағдырын қайталап, бұл мансапта ұзақ отыра алмады.
Тап осы арада Ақтайлақ бидің сөзі еріксіз еске түседі. Атақты шежіреші «Тоқсан екі баулы қыпшақ» дегенде осылардың ішіндегі көп тараған танымалдары қазақ, башқұрт, түркімен, черкеш, тибтар (башқұрт жерінде тұратын татарлардың бір тобы), ноғай – дей келіп, бұлардың көбі және бай тұратындары ноғай деп көрсетеді. Оған біреулер: «сіз ноғайды асыра мақтап дәріптейсіз, орыстың бодандығына бірінші өткен солар емес пе еді» – дегенде:
– Солай бола тұрса да олар 40 жыл бойы атысып, шабысып, жеңіліп барып берілген. Біздің билеушілер сияқты ұсынған жемді жеп, берген қарғыбауын тағып, алдағанға мәз болмаған, – деген екен жарықтық.
1868-1928 жылдар арасындағы 60 жылдық уақыт ішінде орта есеппен бір болыс осы орында он жылдан отырды деп есептегенде де әр болыстықтан кемінде 6 адамның атын атауға болар еді. Алайда әзірге әр қайсысынан бірді-екілі адамның ғана атын атау мүмкін болу себебі халыққа тізесі батқан озбырлығымен, өз қамын ғана ойлайтын малжанды топастығымен көптеген болыстардың аты ел жадында ұзақ сақталмады. Бұны олардың жазу-сызудың шала кезінде айтып жүрер үлгілі істері мен артына қалдырған өнегелі сөздері болмағандығынан деп білеміз. Оның есесіне олардың билер деп аталған халық арасынан шыққан көмекшілерінің істері көбірек есте қалған сияқты.
Енді қолымызға түскен әдеби-тарихи жазбалардан кездестірген бірсыпыра болыстар мен болыстықтарды тізбелеп назарларыңызға ұсына кетейік.
Қармақшы болыстығын Ағытай балалары Өмірзақ пен Ұзақ кезек-кезек басқарды – деген дерек келтіреді белгілі зерттеуші-этнограф Тынышбек Дайрабай ағамыз. (Сырдың сырлы сазы. Тынышбек Дайрабай. Алматы. 2005ж. 402-бет.) Орталығы осы күнгі Жосалы кенті, екі жағы Төретам мен Қызылтамның аралығы, Қармақшы өткелінің екі бетіндегі майда ауылдар осы болыстыққа қараған жерлер деп топшылауға болады.
Ал Жамансыр болыстығын әр жылдары Мимық, би Жұбанбай, Пышанның Төребайы және Қазанбас бидің баласы Кірекес басқарды – дейді.
Осындағы Мимық жөнінде айтқанда Сәден Нұртаев ағамыз: – Барған жерінде қозының етін сүтке астырып жейтін, кедей-кепшіктерге «бұзау, баспағыңды семірт, көктемде келіп тоқбас жілігін кеміремін» деп, тізе көрсетіп жүретін озбыр болыстың кейпінде суреттейді. Ол түскен үйде екі келіншек шай құйып беріп, екі қыз екі тізесін басып отырмаса сол ауылға әңгіртаяқ ойнатып кететін әпербақан болған сияқты. (Имандылық иірімдері. Сәден Нұртаев. Алматы, 2004ж. 104-бет)
Ел намысын аяққа таптаған осындай келеңсіздіктерін естіп ыза болған Тамды жағында тұратын Шолан батыр тәкаппар болыстың сазайын тарттырайын деп келсе, астыртын хабардан естіп Мимық бір түнде қашып кетіп, арқадағы атақты би, батыр Самыратты паналайды.
Самырат ауылына барған адам атпен екпіндеп түсе алмайтын, үйіне қозы көш жерден аттан түсіп, жаяулап барып кіретін беті қатты адам болса керек. Қашқын болысты қуып барған Шолан мен 17 жасар Төребайды менсінбей қарсы алады. Дегенмен жас та болса батыл, өрлігімен ауызға ілігіп келе жатқан Төребайдың:
– Бұл Шолан деген батыр ағамыз болады. Арқада қашақтың үйі, бұзықтың биі бар деген соң соны іздеп келеді – деген сөзінен кейін ештеме деместен бұларды жеке қонақ үйге түсіріп, үш күн күтеді. Төртінші күні:
– Мимық ауылда жоқ. Жол жүріп кетіп еді, – деп, болыстың мөрі мен салықтан жинаған бір дорба ақшасын Төребайдың қолына ұстатып, шығарып салғандығы айтылады ел аузында.
Жамансыр болыстығы осы күнгі Иіркөл, Төрткөл, Қашқансу ауылдық округтерінің жерін қамтыған айдынды көлі, шұрайлы жері, берекелі елі бар белгілі адамдар шыққан аймақ болды.
Қуаңдария болыстығына Ақтөбе ауылынан әрі қарай Майлыөзекке дейінгі жерлер қараған сияқты. Бұл жерде болыс болғандардың ішінде Жүрген баласы Қара, Мырзабек, Бектібай Шонаев, Кете Жүсіп, Құланбай Қалданов деген кісілердің аты аталады. Нақты жазба дерек кездестіре алмадым, бірақ бұл болыстықты біраз уақыт Қожагелді Ақсұңқардың әкесі Көшек басқарғаны туралы ауызша әңгімелер бар. Мұндағы Жүрген баласы Қара Темірбек Жүргеновтың әкесі болса, Құланбай Қалданов шөмекейдің белгілі адамы Сарықасқа Қалдан бидің баласы.
Ақтайлақ болысы Бекеттің құмының батыс беті, Қаратерең, Бақанды, Бәйтерек аумағын қамтыған болуы керек деп шамалаймыз. Жерге қоныстану жағдайына қарасақ, бұл болыстықты Тұңғышбай, (Тайшық бидің әкесі), Дәуімшар, Кәнісбек кете Қаражандар басқарған. Тұңғышбай Ақтайлақтың оңтүстік-батыс бетіндегі Кезең жерін мекендесе, Қаражан Бақанды, Бәйтерек маңын қоныс еткен екен. Ал Ешнияз бұлағының терістігіндегі Жетіасар тақырының құмаққа қараған бетінде Дәуімшардың үйтамы тұр. Осыған қарап біз айтып отырған аумақ Ақтайлақ болыстығының жері еді деп топшылауға болатын сияқты.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
ардагер журналист.
(Басы. жалғасы бар)