» » Ресей патшаларымен кездескен Сыр қазақтары

Ресей патшаларымен кездескен Сыр қазақтары

Сол кезеңнің әртүрлі оқиғаларын сараптаған Әбілқайыр хан екінші рет Петерборға елшілік аттандырады. Елшілік басшысы, екінші ұлы Ералы сұлтанды, немере інісі Нияз сұлтанды, Кіші орда өкілдері атынан Қаратамыр Тәтімбет батыр (әрі би болған кісі) мен Бәйбек төлеңгітті және үш башқұрт пен Ұлы жүздің өкілдері Аралбай мен Оразкелді батырларды елшілікке аттандырады.
Елшілік Тевкелевпен бірге 1733 жылдың қаңтарында Уфаға келіп, Петербордан рұқсат болғанша жатады. Рұқсат алысымен сапарға шығып, 1734 жылдың қаңтар айында Петерборда құрметпен қарсы алынады. Осы жылдың ақпан айында елшілікті патшайым Анна Иоановна қабылдайды. Қабылдауда Ералы сұлтан патшайымға арнап сөз сөйлейді.
1734 жылдың 20-көкегінде патша­йым елшіліктің екі адамын қайтара отырып, Әбілқайыр ханға төмендегіше грамота жібереді.
«...Әбілқайыр хан, сенің бізге Тевкелев мырза арқылы айтқан өтінішің бойынша барлығы анықталғаннан кейін қайтарамыз, ал осының бәрін және ұлың мен ініңнің хабарын алдын ала біліп отыруың үшін біздің осы грамотамызды беріп, Тәтімбет батыр мен Бәйбек төлеңгітті, олармен бірге ұлты башқұрт үш атақты адамды – Қаржаш Рахманқұловты, Сейіт Баратқұловты, Бекшора Түйтеевті аттандыра отырып, бұдан кейін де берген анттарына сай адал қызмет етулеріңді және біздің бодандығымызға енуге тілек білдірген үлкен және орта орда хандарымен бірге бізге бодандықтарыңызды бекіте түседі деп білемін». Санк-Петербург, 1734 жылдың 20-көкегінде берілді. («Қазақ­стан тарихы»), Алматы, 2004.)
Елшілік құрамында аты аталған Тәтімбет батыр Бұлғақұлы Сыр елінің қазағы болатын.
Екінші бір деректе қырда туып, Сырда өскен Марал ишан губернаторларға хат жазып, Александр патшаның өзін қабылдауын сұраған. Марал ишанның хаты 1821 жылдың 28-тамызында жазылып, ақыры патшаға жетіп, қабылдауға шешім (1823 жылы) шыққанмен сол тұста Марал ишан таптырмайды.
Өзі патшаның қабылдауын сұраған керей Марал ишан Құрманұлының өз ойынан ауытқу, патша шенеуніктерінің ішкі арам ойын сезіп, айнығандығынан болар. Үшінші бір деректе Сырдария желісінің бастығы өзінен жоғары тұрған генерал-губернаторға (2 шілде, 1859 жыл) Сырдария қазақтарының өз қаражатымен патша қабылдауында болуын өтінгенін жаза отырып, олардың жол қаражатына 25 сом күміс ақша керегін де көрсетеді. Сөйтіп, жергілікті патша шенеуніктері Сыр қазақтарының Ресей патшасы ІІ Александрдың қабылдауында рұқсат алып береді.
Жылкелді жаппас Тайпы Жаңбыр­шин мен қыпшақ Тұрсынбай Бүркіт­баевтар көрсетілген мерзімде Петер­борға сапар шегеді. Олар алдымен бекініске, содан соң Орынбор қаласы арқылы Петерборға жетеді.
Сырдың атақты билерін жоғары мәртебелі патша ІІ Александр мен патшаның мұрагері Цесаревич және ұлы князь Константин мен Николай Николаевич Михайловпен кездеседі. Осы бір кездесу сәтінде ықылас танытып Тайпы Жаңбыршин, Тұрсынбай Бүркітбаевтарға алтын жалатқан ыдыс­тар тарту етіп, мойынға таға­тын Станиславский лентасымен марапат­талған.
Ресей патшасы ІІ Александрдың қабыл­дауын сұрағандардың бірі – алаша биі Есет Төлепов. Бұл кісіде де жоғарыдағыдай өз қаражатымен Петер­борға 1860 жылдың 3-мамырында сапар­ға шығып, патшаның қабыл­дауын­да болады.
Есет би Төлеповке де алтын жалат­қан ыдыс беріп. Станиславский лента­сымен марапаттайды.
Сыр елінің айтулы билері Тайпы Жаңбыршин, Тұрсынбай Бүркітбаев, Есет Төлеповтер патша және жоғары дәрежелі шенеуніктермен кездесулерінде қазақ халқының хал-жағдайы, тұрмыс-тірші­лігі, орыс-қазақ қатынастары, дін мен діл, елдің бірлігін сақтау, т.б. қазақ халқының өркендеп-өсуіне қажетті мәсе­лелерді қозғаған болулары мүмкін.
Патшаның қабылдауын сұрап, Петерборда болып, ел мүддесін қорға­ған жоғарыдағы билер осал тұлға болма­ғанын бүгінгі жас ұрпақ біліп жүргені жөн.
Т.ДАЙРАБАЙ.

19 қараша 2018 ж. 1 792 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 999

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031