» » «Көгентүп» салтын ұмытпадыңыз ба?

«Көгентүп» салтын ұмытпадыңыз ба?

Қазақ қонағын Құдайындай сыйлап, несібеден қақпаған. Мәселен, алыстан бір ағайыныңыз бала-шағасымен амандасуға шаңырағыңызға келсе, малыңызды сойып, етіңізді асып, қонақ етесіз. Содан соң «қуыс үйден құр шықпа» деп қолына тәтті дәм мен сый-сияпатты да ұсынып жатамыз. Ал қонаққа жас сәбиін көтеріп келсе, оған да ырым етіп қолына барымызды ұстатқымыз келіп тұрады. Бұл қазақтың кеңпейіл қонақ-жайлығының бір көрінісі. Атадан қанға сіңген бұл қасиет бүгінге дейін жалғасып келеді. Тереңіне үңілсек, біздегі бұл қасиет ертеректе қолданылып, қазір ұмытыла бастаған «Көгентүп» дәстүрінің бір жұрнағы екен. Ескіліктің көзін көрген ата-әжелер бұл салттың түп-төркінін жақсы біледі. Әрі әдеттен жаңылмай жас сәбиге қомақты дүние атап та жатады.
«Мың шақырым жол бір қадамнан басталады» дейді данагөй халқымыз. Қолға ұстауға жарап қалған сәбиінің бірінші рет қонаққа барғанына да дәл біздің қазақтай мән беріп қуанатын халық жоқ шығар. Баланы көтеріп жақын ағайын-туыстың, құда-жекжаттың үйіне барғанда көңіл жетер жақын адамдары «бірінші рет үйге келді» деп «көгентүп» беретін болған. «Көгентүп» немесе «көгендік» дегеніміз – балаға берілетін қозылақ, бұзау немесе құлын. Ал «Көген» деп төлдің мойнына байлайтын жіпті айтады, яғни «көгентүп» – балаға «көгеннің түбі болсын», «алғашқы малы болсын» деген ниетпен берілетін малдың төлі. Бұл салт бүлдіршінімен қонақта жүрген ата-ананың дәулетінің жоқтығынан емес, дарқан көңілді қазақтың бала қадамына ерекше мән беріп, сәттілік тілеген таза пейілінен шыққан. Мұның өзі – баланың бірінші рет қонаққа келгенін ескеру, оның алғашқы қадамына «өмірі берекелі болсын», «малды болып жүрсін» деп ниет білдіру. Бір жағынан, ағайын-туыс арасындағы татулық пен сыйластықты одан әрі қоюлата түсу, татулықты бекіту. Баласын елеп жатқанды кім жек көрсін?! «Сыйласаң, баланы сыйла, берсең, балаға бер» дейді, өйткені бала – пәк, пендешіліктен ада. Бала шынайы қуанады. Бала арқылы бір-бірінің көңілін сыйлау жатыр мұның астарында. Қазақ көңілге көп қарайды. «Көңілі қалмасын», «көңілін қалдырма» деп жатамыз. Көңіл жақсы жерде арақатынас та бүтін болады. Қазақтың бірлігі көңіл сыйлай білуде жатыр.
Ал көгендікке мал атап қойып, бермей қою – тәрбиесіздік, дүниесүйгіштік. Көгендік қазақтың даныш- пан халық екендігінің, үйіне келген адамды бос қайтармайтындығының, көрегендігінің айқын дәлелі. Көгендік екі отбасының өзара татулығын одан әрі күшейте түседі. Қазақ кішкентай сыйды да қанағат тұтып, мақтанышпен айтқан. Сәбидің көз жанарындағы қуаныш үшін ата-бабамыз барын арнаған, өзгенің көңіліне ерекше мән берген. Бұл іс – көрегенділіктің, тектіліктің, тәрбиенің негізі. Көгентүп салты ағайындар арасындағы ауызбіршілікті, көршілердің сыйластығын, туысқандардың татулығын, ойын баласының қызығушылығын арттырады.
Көгентүп көшпелі өмірдің қиын-қыстау кезеңінде қазақтың жақынына, отбасы құндылығына, өз тарихына құрметпен қарағанына тағы бір мәрте көз жеткізуге мүмкіндік береді. Халқымыздың бірлігі көңілді сыйлай білуінде жатса керек. Өкінішке қарай, бүгінде ескіден келе жатқан салтты бірі білсе, бірі білмейді. Жаһандану заманында бір-бірімізге сый-сияпат көрсетпек түгілі, жылы сөз айтуға уақыт таба алмай жүргеніміз де жасырын емес. Ұлттың қадір-қасиетін сақтаған бабаларымыз қандай текті болған. Шынында да, «көгентүп» деген салтты білмейтіндеріміз арамызда көп. Десек те, арзымайтын ақшаға алынатын, бірақ көңіліңді таудай көтеретін сыйлықты беруді ескере бермейтініміз анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 қазан 2022 ж. 1 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 297

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 395

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930