» » Ағаштан түйін түйген ақсақал

Ағаштан түйін түйген ақсақал

Тәуелсіздік алғалы «өшкеніміз тұтанып, өлгеніміз қайта тіріліп» жатқаны ақиқат. Жаңғыруды талап етіп тұрған салт-дәстүріміз бен атадан балаға мұра болып қалған өнерлеріміз жоқ емес бар. Ұлтымыздың бағзы заманнан келе жатқан шеберлік өнерін меңгеріп, атадан қалған ұлы мұраларды қайта жаңғыртып, оған бір леп беріп жатқан жандарды көргенде шыны керек қуанып кетесің. Олай деуіміздің себебі қазір қолөнершілерге сұраныс артып келеді. Он саусағынан өнер тамған жандар әр ортаға керек. Ал олардың еңбегін бағалап, халыққа насихаттап жазу біздің басты міндетіміз.
Қайбір күні Иіркөл ауылына барған сапарымызда «мында қол өнер шебері, Молдекең ақсақал тұрады» дегенді естіп, ұстаның үйіне жол тарттық. Қақпасынан кіріп, ауласына ене бергенімізде жеміс ағашына ілінген ағаш бұйымдарды көріп, шебердің төл туындысы екенін іштей сездік. Алдымыздан қарсы алған үй иесі Молдабек Төрахановтың ашық жарқын көңілінен-ақ ә дегеннен әңгімеміз жарасып кетті. Жасы жетпістен асқан шебердің қолынан шыққан бұйымдар әлі күнге сақтаулы тұр. Ол бұған дейін бесік, сандық, домбыра, шифонер тағы да басқа дүниелерді қолдан жасап шығарған. Бірақ бұл қасиет ешкімнен дарымапты.
– Менің аталарымның ешқайсысы ұста болмаған. Бала күнімде ағашқа жақын өстім. Қолдан бесік жасап үйрендім. Содан қызығушылығым оянып, үй жиһаздарын жасай бастадым. Біршамасы үйде сақтаулы тұр. Қазір денсаулығыма байланысты ұсталық өнерді қойдым, – деді шебер.
Ұстаның сол кезде жасап шығарған шифонері әлі күнге кәдеге жарап, қолданыста жүр. Еш жері сынып, бүлінбеген. Қолмен ойылған әрбір өрнегі оның қандай ынтамен және төзімділікпен жасалғанын айқындап тұрғандай. Атамыздың тағы бір туындысы ол – қара домбырасы. Қонақ бөлменің төріне ілінген қазақтың нар аспабы нағыз қазақилықты көрсетіп тұр. Қайың ағашынан жасалған домбыраның қос ішегін шерткеннен қоңыр үнін шығарып күмбірлеп тұр. Әңгіме барысында аздап ән айтып, оны шертетінінде жасырмады. Домбырасын қолына алғаннан қазақтың «Еркемай» әнін нақышына келтіріп орындап берді.
Кейіпкеріміз жас күнінде әр түрлі салада қызмет істепті. Қой бағып елге үлесін тигізген. Ауылдың көркеюіне атсалысып, үйлерді тұрғызуға көмектескен. Тоқсаныншы жылдары ел тоқырауға ұшырған тұста ауылдың да тұрмыс деңгейі төмендейді ғой. Сол уақытта Молдабек ағамыз бала-шағаны асырау үшін ауыл маңындағы көлдердің басында апталап жатып балық аулап, оны сыртқа сату арқылы күн көрген. «Ол кездегі жағдай тым қиын болды» деп бір күрсінді. Қазір Молдабек ұста бейнетінің зейнетін көруде. Зейнетке шығып, өз алдына мал басын көбейтіп, кәсіп қылуда.
«Қолы ұста адамның қойнында алтын бар» деген. Алтын қолды шебердің құнды дүниелерін көріп, онымен тілдескенімізге біз де риза болып тарқастық.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
01 наурыз 2021 ж. 599 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031