» » » Сырға тұнық ер-тұрман

Сырға тұнық ер-тұрман

Әдетте бабадан қалған көне жәдігерлерді мұражайдан көріп тамашаласақ, ал «атамнан қалған мұра» деп үйінде сақтаушылардың қатары әлі де бар. Кент тұрғыны Құдабай Іскендіровтің үйінде көненің көзіне айналған ер-тұрман сақтаулы тұр. Жұрттан мың рет естігеннен бір рет көргенді жөн көріп үйіне жол тарттық.
Қазекем «аттан айырылсаң да ер-тоқымыңнан айырылма» деген. Жәдігер иесінің айтуынша ер 1892 жылы жасалған. Сонау жылдан бері атадан балаға мирас болып сақталып келген.
– Іскендір атам үш жасында әкеден ерте айырылып, інісі Бәйімбеттің қолында өскен. Кейін ол алты жасқа келгенде ағасы ұстаға ер-тұрман мен киіз үй жасатқан. Ұстаның аты қазір есімде жоқ. Естуімше қолынан балтасы түспеген деседі. Сол кісінің қолынан шыққан ерді атам астынан тастамай пайдаланып келген. Қазір ол менің қолымда сақтаулы, – дейді ол.
Иә, сол кездегі шебердің есімі жылдармен жұмбақ болып қалған. Көргендердің айтуынша, ұстаның өзі өсірген бағы болыпты. Сол ағаштары бабына келіп өскенде балтасымен шапқылап, қажетті тапсырыс бұйымдарын жасайды екен. Мәселен, мына ер-тұрман Сырдың жидесінен жасалған. Оны құрастырарда бірде-бір шеге қолданылмапты. Қайыспен тігіліп өрнектелген. Қазақта мұндай ерді «құранды ер» деп атаған. Ер-тұрманға қарасаң біраз сырды ішіне бүгіп жатқандай. Жыл өткен сайын бойындағы ағашы қурап, кей жерлері сынып қалыпты. Құдабай ағаның сөзінше оның бүлінуінің себебі бар.
– Атамның қырсық есегі болған. Мал бағып жүргенде есегі қатты ыршып, үстіндегі атамды ерімен қосып аударып жіберіпті. Сонда салмақпен ердің артқы қасы жақтауынан ажырап сынған. Кейін өзі қолдан жалғап қойған жерлері бар. Аяқ салатын үзеңгісі мыстан жасалынған екен. Уақыт өте ол да жоғалып қалды, – дейді ердің иесі.
Іскендір өз заманында жылқышы болыпты. Сол уақытта жүз биеден жүз құлын алғаны үшін медаль тағынған. Онымен қоса, ақындығы да бар деседі.
Құдабай ағамыздың әжесінен қалған тағы бір жәдігерге куә болдық. Ол қызыл ағаштан жасалған – күбі. Күмісай әженің күбісін келіндері кешегіге дейін пайдаланып келіпті. «Күбінің ішін «құртқа шаш» дейтін өсімдікпен ыстап отырған. Ол кезде ағаштан жасалған ыдыстарды солай залалсыздандырса керек» дейді ағамыз. Кейін ағашы тозып жаңқаланып айран пісуге жарамай қалған.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
22 қыркүйек 2020 ж. 1 250 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031