» » » ​ДОМБЫРА ЖАСАУДЫҢ ШЕБЕРІ

​ДОМБЫРА ЖАСАУДЫҢ ШЕБЕРІ

Қазақты қазақ ететін ұстынның бірі – ұсталық. Ол қанмен келеді, тек қуалайды. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлы өнерімізді ұлтымыз қашан да ұлықтаған. Өйткені, қолөнершілік ешқашан өшпейтін өлшеусіз өнер.
Осы бір қасиетті өнерді жанына серік еткен Бектас Аманов Жосалы кентінің тұрғыны. Бүгінде жасы – алпысты алқымдаған ағамыз ұсталықты осыдан бес-алты жыл бұрын бастапты. Ұсталық болғанда да, жай бір дүние емес – кәдімгі қазақтың қара домбырасын жасаудың шебері. Б.Әзілханұлы – кәсіби музыкант. Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетінің түлегі.  «Фортепиано» мамандығы бойынша бітірген. 8-сыныптан бастап өзі білім алған орта мектепте, содан соң мәдениет үйінде вокальды инструменталды ансамблінде гитарада ойнаған. Тіпті, уақытында елді мекен аралап, талай концерт қоюға атсалысыпты.
– Ұсталық өнер нағашыдан дарыған болуы керек. Қазалыда Тілек атты нағашым тұрады. Ағаштан сан түрлі бұйым жасап, қолөнермен айналысады. Сол кісі маған осы тірлікті қолға алуыма көп ой салды. Анамның да қолөнершілігі бар. Оның анасы да кезінде ісмер болған. Музыкаға құмарлығым бала жастан басталды. Әсіресе, мектепте оқып жүргенімде музыка пәнінен Уахитбек Сұңғатов ағамыз келіп, кенжелеп қалған пәнді қайта жаңғыртты. Ол бізге баян тартып, гитарада ойнауды үйретті. Ақырында қолдан гитара жасайтындай жағдайға жеттік, – дейді кейіпкеріміз.        
Б.Әзілханұлы бұған дейін де отбасында қол жуғыш, орындық сықылды тұрмыстық бұйымдар жасап, айналасына тарту ретінде ұсынып келеді екен. Шыны керек, Қармақшыда ұсталық ететін, қолөнермен айналысатын адамдар саусақпен санарлық. Шаммен іздегенде зорға табамыз. Жалпы кез келген адам қолөнерді қолға ала бермейді. Өйткені, ұсталық – кім көрінгеннің оң жамбасына келе беретін оңай дүние емес. «Ұсталық қасиет – қаныңда болмаса, қанша тырысқанмен түк шықпайды».  Иә, осылай дейді көнекөз қарияларымыз.
Қарапайым адам да екі көз болса, тілшіде ол үшеу болуы тиіс. Шебердің үйінде отырып, біраз әңгімеге қанықтық. Дастархан басында жылы шырайлы сөздер айттық. Ұстаның анасы Қаршыға Махамашева да өмірден түйген-білгенін айтып үлкен ықылас танытты. Қабырғада ерекше талғаммен ілінген гүлді картина кімнің болса да көңілін өзіне аударатындай. Одан соң жарты қабырғаны алып тұрған кітап сөресіне еріксіз көзім түсті. Мұқабасынан көрініп тұр, көбі – ескі кітап. Анамыз бір сөзінде: «Апаңның оқып тауысқан кітаптары ғой», –  деп қалды. Қырық жыл журналистика саласына еңбек сіңіріп, оның ішінде ұзақ жыл аудандық газетті басқарған Әзілхан Амановтың шаңырағында алғаш болуым маған кереметтей әсер қалдырды. Бектас ағамыз – осы әулеттің тұңғышы.
Ендігі ойымыз – домбыра қалай жасалады, оған қажетті материалды қайдан алынады? Бұған жауапты шебердің өз аузынан есту.
– Кәсіп етемін деп айта алмаймын. Ілуде болмаса бұйымды сата да бермеймін. Бұл менің – бар болғаны сүйікті ісім. Ересектер мен балаларға домбыра соғамын. Бір айда шамамен 3-4 домбыра жасалады. Ауылда домбыра соғуға керекті материал жоқ. Сырттан әкелемін. Домбыраға қарағаш пайдаланамын. Аспаптың тапсырысқа сай, пішімі, өлшемі болады. Алдымен өлшеп сызасың, содан соң кесесің және суға салып қоясың. Мұнан кейін қалыпта иіледі. Шанағы жонылады. Құрастырылып, желімделеді. Әйтсе де, кәсіппен айналыссам артық етпейді. Қазір неше түрлі технология бар. Лазерлік плоттермен көп шаруа тындырған болар едім. Мемлекеттен қолдау тапса – бойдағы бар қасиетті неге шыңдамасқа? Неге шәкірт тәрбиелемеске? Қол домбыра мен дайын домбыраның арасы жер мен көктей. Кейде дайын домбыраны жөндеуге әкеледі маған. Оны бұзғанда қанаты бір жүреді. Құйма домбыра. Ал, қолдан жасасаң – қанаты құрастырмалы болады. Мұндай аспаптың дауысы таза әрі шығымды, – дейді шебер.    
Қазақтың қолынан шыққан бұйымының жаманы болмайды. Ұста домбыра жасаумен бірге, жетіген аспабын, сондай-ақ балабақша баласына арналған ұлттық нақыштағы бесіктер жасайды.
Түйін:
Бүгінде елімізде ұлттық жаңғыруға аса көңіл бөлінуде. Көміліп қалған жауһарымыз аршылып, ұмытылып қалған дәстүріміз қайта салтанат құруда. Соның бірі – былтыр ұлттық Домбыра күнін атап өттік. Ірі қалалардағы мектеп, колледждерде домбыра сабағы өтуде. Бұл да болса, өшкеннің жанып, өткеннің қайтып оралғаны.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».  
23 сәуір 2019 ж. 3 590 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031