» » » ТҰСАУКЕСЕРДІҢ ДЕ ТҮЙТКІЛІ БАР

ТҰСАУКЕСЕРДІҢ ДЕ ТҮЙТКІЛІ БАР

Қазақтай тойшыл халық жоқ шығар? Той десе астындағы жаман тайын пұлдап, жалғыз түлігін сойып, ертеңгі күнге алаңдамай жүретін де осы қазақ қой. Сенбейсіз бе? Қазақта не көп, той көп. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, қазақтың тойы қатарынан басталады. Өлгенін де еске алуды той ететін ел емеспіз бе? Торқалы той дегенің соның нышаны. Той дегенде домалайды-қу бастар. Сондай тойдың бірі - тұсаукесер. Бала бауырын жазып, қаз-қаз тұра бастаған сәтте үлкендер жағы қамдана бастайды. Ертеректе баланың тұсауын, өзімен тетелес балаға кестірсе, қазіргі күні қызметі үлкен, лауазымды тұлғаға арнайылап кестіртіп жатады. Оның мәнісі неде?
Бала бесіктен белі шығып, еңбектенуден өткен соң, аяғын баса бастайды. Бұл кішкентай бөбектің ең алғашқы талпынысы. Осындайда дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «тез жүріп кетсін» деген ниетпен тұсаукесер тойын жасайды. Халықтың түсінігі бойынша тұсауы кесілмеген бала «сүріншек». Ертеректе тұсаукесер тойын дәулетті адамдар көкпар тартқызып, ұлттық ойындардан түрлі жарыс ұйымдастырып, ұлан асыр той етіп өткізген. Қазіргі күні де жағдайы келетіндер тұсаукесер тойын үйлену тойынан кем етіп өткізбейді. Ертеректе баланың тұсауын кесу салтын өзімен тетелес бала орындайтын болған. Ол үшін балалардың жаяу жарысы өтіп, жарыстан бірінші келген бала сәбидің тұсауын кескен. Мұндағы мақсат- бала тез жүрсін, жүйрік болсын деген ниетпен істелген ырым. Кейін жіпті кескен балаға сыйлық беріп, дастарханның үлкен қонағы саналған. Ал қазір тұсаукесер рәсімін - жүрісі жылдам, іске ширақ, іске епті адамға табыстаған. Баланың тұсауын кім кессе, соған тартады деген сенім бар халық арасында. Тұсау кесетін адам, өзімен бірге пышақ пен ала жіп алып келу керек. Баланы көпшілік ортасына әкеліп, екі кісі екі жағынан ұстап, қадамын бастырып, еркіне жібереді. Кілемнің үстіне жүріп келе жатқан сәбиге түрлі тәттілерден шашу шашылып, «тұсаукесер жыры» шырқалады. Кей жерлерде кілем үстіне кітап, қамшы, ақша және тағы басқа заттар қойылады. Мысалы, кітап таңдаса ғалым болады, қамшы таңдаса батыр болады, ал ақша таңдаса бай болады деген наным бар.
Әжелердің тұсау кескені дұрыс па?
Баланың аяғына көпті көрген, немере-шөбере сүйген ақ жаулықты әже жіпті байлап, ақ батасын береді. Бірақ, қазақта ешқашан жасы егде кісіге тұсау кестірмеген. Қыз бала болса, пысық, ақжарқын, көпке қадірлі сыйлы келіншекке, ал ер бала болса, ел аузында жүрген қадірлі ер-азаматқа кестірген. Бұл күндері тұсауды көбінде жасы үлкен әжеге кестіру жиі кездесіп жүр. Осыған өзіміз мән беріп көрдік пе? Негізінен тұсау кесілген жіпті сол топтағы жаңадан нәрестелі болған немесе бала көтере алмай жүрген келіншекке ырым етіп таратылған.
Тұсау кесу үшін не үшін ала жіп дайындалған?
Ертеректе тұсауды «іші-сырты майлы, малды болсын» деп тоқ ішекпен, «жайқалып өссін», «шөп сияқты көбейіп, көкте» деп көк шөппен байлаған. Ол кезде де ала жіп қолданылған деседі. Оның мәнісі – «біреудің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырататын, адал азамат болсын» деген ниетпен байлайды. «Жақсылықта асып-тасымасын, жамандық көрсе жамысасын, қиыншылық басына түскенде еңсесі түсіп басылмасын, екеуінен тең өтсін» деген тілекпен ала жіп таңдалған. Ала жіп адалдыққа жол ашады деп есептелген. Оған ақ пен қара жіпті айқастырып еседі. Ертеректе тұсауды қайшымен кеспеген. Өйткені баланың өмірі қайшылаудан басталса, алдағы өмірі күрделі, кедергіге толы болуы мүмкін деп есептелген. Сол себепті, пышақпен кескен. Сондай-ақ, пышақтың жүзін жоғары қаратып кесу қажет. Егер пышақтың жүзін төмен қаратып кессе, бала жерден басын алмайтын, ынжық болып өседі деп ырымдаған. Сондықтан өршіл, ер мінезді ұрпақ болсын деген ақ тілекпен пышақ жүзін жоғары қаратып кескен.
Түйін: Тұсаукесер - баланың өмірдегі сапарының сәтті болуы үшін, ақ ниетпен жасалған ырым. Әрине, қазақтың ертеден келе жатқан салтының жойылып кетпей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткені көңіл қуантады. Бұл күні қазақ жұрты баласының тұсауын кескенде, ел-жұрттың аузында жүретін той өткізуді ойлайтын тәрізді. Қалай десек те, атадан балаға жалғасқан қазақ салтының қадірін кетірмесек екен...
Арайлым АБАЙҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».
29 мамыр 2018 ж. 4 321 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031