» » Ерлікке мәңгі тағзым

Ерлікке мәңгі тағзым

Отан. Кең байтақ атамекен. Былдырлап тілі енді шыққан бала жүрек осы бір атауды санаға түйіп өседі. Дархан дала төсінде тай-құлындай тебісе өскен ол өсе келе Отанға деген сүйіспеншілігін арттырады. Бейбітшілік. Көк аспанда еркін қалықтаған қыран, желмен желбірейтұғын көк байрақ. Тәуелсіз елдің болашақ ұрпағы тыныштықта бейбіт өмір сүруде. Әсілінде бізге бұл оңай жолмен келген жоқ. Отан үшін отқа түсіп, кеудесін оққа тосқан ата-бабаларымыз «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманды армандап кетті. Ол – орындалды. Тағзым. Ер есімін – ел ұмытпайды, оларды мәңгі ұлықтайды.

ЕЛІН ҚОРҒАУ – ЕРГЕ СЕРТ

1991 жыл, 25 қазан. Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен Қазақ КСР мемлекеттік Қорғаныс комитеті құрылды. Одан соң республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшу үшін қорғаныс комитеті ҚР Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жыл, 7 мамыр. Тұңғыш Президент жарлыққа қол қойды. Қазақстан аумағында орналасқан қарулы күштер мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Иә, дәл осы күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні деген тарихи датаға енді. Қазір Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін анықтайды, өз аумағында әскердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай, қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрама мен арнайы әскерлерден тұрады. Қош. «Отан қорғаушылар күні» дегенде көз алдымызға не келеді? Расымен, форма киген сарбаздар, әскер, қорғаныс істері қызметкерлері ойға оралады. Дегенмен ел қорғаны болу иыққа таққан шенге не қаз-қатар сап түзеген әскерге байланысты емес. Бастысы – Отанына адал, елін, жерін сүйген нағыз патриот болу. Ал қазіргі жастар қандай?
Жігіт әскерге барып-келсе арқадан қағып, нағыз өмірге шыңдалып келдің дейміз. Әрине, батылдыққа үйретіп, айбыныңды асыратын – әскер. Ол – елім деген жас жалыннан құралады. Ал біздің жігіттер болаттай батылдықты қажет ететін Отан қорғау ісіне дайын ба? Бұл сауалға жауапты аудан бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен таптық. Есік алдында бір топ жас бала құдды қобалжып тұрғандай, кеудедегі жалыны өшпейтіндей. Ал анау жігіт енді ғана комиссиядан өтті. Жанарынан қуаныш байқалып-ақ тұр. Демек «стандартқа» сай болса керек. Ә деместен әңгіменің тіні өздігінен тарқай берді.
– Мақсатым – Отан алдындағы борышымды адал атқарып, Қазақстан Қарулы Күштеріне өзіндік үлесімді қосу. Әскер адамды шынықтырады, шыңдайды. Міндетіміз – азаматтық парызды өтеу, – дейді 2003 жылы туған Ринат Қуанышбекұлы.
Ал енді бірі – 18 жастағы Сұлтанбек Алпыс­ұлы. Ол ҚР Ұлттық Ұланға ат­танбақшы. «Отанды қорғау – борышымыз. Әскер – қорғаныс бөлімінен басталады. Осында келіп, толық тексерістен өтіп, ендігі Отан қорғауға әскерге аттанбақпын» дейді ол сөз арасында.
Әскерге іріктелушілердің қатарында денсаулығына байланысты әскерге уақытша жарамсыз танылғандар да аракідік кездеседі.
– Жыл көлемінде 10 ай комиссия өтеді. Қыста 16-ға толған жасөспірімдердің әскерге тіркеу жұмысы жүргізілсе, 2 рет көктемгі, күзгі әскерге шақыру комиссиясы ұйымдастырылады. Негізінен жастарда – салмақ жетіспеушілігі, май табан, жүйке жүйесінің әлсіздігі сияқты ауру түрлері кездеседі. Әскери құралымдарда қызмет ету үшін денсаулық жағдайы талаптарына сәйкес өте алмай қалған азаматтар үшін емделуге 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзім беріледі. Емделгеннен кейін аталған азаматтар қайта медициналық тексерістен өтіп, жарап жатса әскерге жіберіледі. Бөлімнен шақырылып Жоғары әскери оқу орнын бітірген 20 азаматымыз бүгінде Қарулы Күштер қатарында түрлі офицерлік лауазымдағы қызметте. Жоғары әскери оқу орнында 3 түлегіміз білім алуда. 30-ға жуық жерлесіміз келісімшарт негізінде қызмет етсе, жыл сайын 100-ге тарта жас мерзімді әскери қызметке шақырылып, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқаруда, – дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Рүстем Тұрғанов.
Жергілікті атқару органдарының ұйымдастыруымен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жалғасын табуда. Бүгінде ҚР Қарулы Күштеріне әскери бөлімдерін жасақтау жүруде. Одан соң мамыр мен маусым айында ҚР Ішкі істер министрлігінің «Ұлттық Ұлан» әскери бөлімдері жас буынмен толықпақ. «Мемлекеттік Күзет қызметіне қойылар талап өте жоғары» дейді ол. Ал мерзімді әскери қызметке шақыру маусым айының соңына дейін жүргізілмек.
«Ер ел үшін туады, ел үшін өледі». Халықтың ұлы болу – әрбір ер азаматтың арманы болуы керек. Ал Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – нағыз қайсарлықтың көрінісі болып қала бермек.

СОҒЫС ӨРТІ ТҰТАНБАСЫН

1941-1945 жыл. Бұл жылдар айтқызбай-ақ Ұлы Отан соғысын еске салады. Ал мамыр айы жақындаған сайын Жеңіс күнін асыға күтеміз. Естеліктер, қуаныш, сағыныш. Мұндайда сұрапыл соғысты есіне қайта түсірген аталарға қарап тағы мұңаямыз. Басынан не өтпеді десеңші. Сондағы батыр әкелердің соғысқа қатысқаны – ұрпағының, яки біздің бейбітшілікте өмір сүруімізді қалағаны еді. Осылайша олар аттың жалында, түйенің қомында жүріп бізге бейбіт өмірді сыйлады. Уақыт өткен са­йын Ұлы Жеңістің маңызы артып келеді. Ал бізге нағыз патриоттықтың үлгісін көрсеткен аталардың қатары сиреп кеткен. Біз болсақ аудандағы соғыстың соңғы куәгері Қуанышбай Бисенбаевпен осыдан бірнеше жыл бұрын қоштасқан едік. «Біздің көрген соғысты сендерге Алла көрсетпесін» дейтін ақсақал.
Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті сол Ұлы Жеңісті әкелді де. Зұлмат жылдың ізі өшкен жоқ әлі. Соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ жоқ шығар, сірә? «Майдан», «тыл» деген атау ғана. Әйтпесе, бірі – мылтықты, бірі – мылтықсыз. Екеуі де жанкешті шайқас болатын. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген еді Бауыржан Момышұлы. Сол еңбекпен біте қайнасып, талмай-тынбай қызмет еткен жанның бірі – тыл ардагері Жаңыл Көккөзқызы. 1932 жылы бұрынғы Төрткөл ауылдық кеңесі, қазіргі Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген ол 41 жыл жол бойы вагон депосында жұмыс істеген. Жеңістің 60, 65, 70, 75 жылдығы қарсаңында медаль тағынған, Еңбек Қызыл ту орденінің иегері. Қазір 90 жасты еңсерген ана 5 баладан тараған 13 немере, 15 шөберенің ортасында. Ел басына күн туғанда ерлікпен еселі еңбек етіп, елдің алғысын арқалап, жұмысқа жегіліп, саналы ғұмырын бүгінгі толқынның болашағына сарп етті ол. Оның самайындағы әжім мен алақанындағы әрбір тарам талай тарих пен көненің кереғар кездерін еске салатындай.
– Қиындықты көрдік, оған көн­дік. Соның арқасында қазір жаман емеспіз. Балаларымның қызығын көріп, қуанамын. Аллаға шүкір деймін. Солардың, немере-шөберелерімнің амандығын тілеп отырамын. Елде бейбітшілік мәңгі орнаса екен. Біз көрген, замандастар бастан өткерген соғысты қазіргі ұрпаққа көрсетпесін, – дейді әже.
Ер азаматты оқ, бала-шағаны жоқ қинаған заман еді ол кезде. Қаншама адам қорғансыз, асыраушысыз қалды. Талай тарлан, небір боздақ құрбан болды. Талай жесір көзінің жасын бұлады, талай бала «әкешім» деп жылады. Бір кездері айдарынан жел ескен ер-азаматтар ауылы ақжаулықтылар ауылына, жайнаңдаған жастар мекені қариялар мекеніне айналған сол бір қасіретті шақты ойға алсаң жүрегің сыздайды. Иә, сұрапыл соғыста қаншама адам қыршыннан қиылды. Олар Отан үшін өз жанын пида етті. Ал олардың әрқайсысының анасы, баласы, сүйген жары, үлкен арманы бар еді. Алайда олар елге қауіп төнгенде оның барлығын құрбан етті. Бұл – шынайы ерлік болатын. Отан үшін отқа түсіп, өскелең ұрпаққа Жеңіс сыйлаған әрбір ардагерге бүгінде ұрпақтары тағзым етеді.

Айнұр ӘЛИ
07 мамыр 2021 ж. 689 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 995

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031