» » Ұрпаққа үлгі болған майдангерлер

Ұрпаққа үлгі болған майдангерлер


1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 4 жылға, яғни 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар Қармақшы ауданындағы қазіргі Ақтөбе ауылынан (бұрынғы Чапаев кеңшары) барған жаужүрек жандар аз емес-ті. Олар қан майданда от кешіп, Отан үшін кеудесін оққа тосты. Бізге бейбіт өмір сыйлау үшін жан беріскен батыр әке-ағаларымыздың бұл күнде есімін бірі білсе, бірі білмейді. Себебі олар «Мен соғысқа бардым, қан төгіп, елді қорғадым» деп көкірек ұрып, даңғыра қағып, халыққа танылуды көксеген жоқ.
Мен жасымнан ұрпағына қанағат пен қарапайымдылық сынды асыл қасиетпен үлгі болған сол ардагер ағалардың жанында жүріп, бірге жұмыс істеп, тәрбие мектебінен өткенімді мақтан тұтамын.
Жер бетін тып-типыл еткен соғыс бар адамзаттың тағдырын ойрандады. Соның бәріне шыдамдылық танытып, Жеңіс үшін өмірін, жастық шағын қиған, тағдырдың ауыр да азапты тауқыметінен өтіп, Отанға деген махаббатын от басып, су кешіп жүріп дәлелдеген тұлғаларды ұмыту әсте мүмкін емес.
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі туралы әңгіме қозғалғанда бүгінде арамызда жоқ Әбілхан Сейтов, Қыпшақбай Қостанбаев, Жаңаберген Даулетбаев, Байшолан Байбосынов, Жұбаназар Кершеев, Ерназар Сексенбаев, Ермахан Әлиев, Көбеген Мамытбаев, Қошемет Әлиев, Бекау Меңешаев, Ермағанбет Мереков, Ыбырай Дәужігітов сынды ауылдас майдангерлер еріксіз еске түседі.
Ұлы Отан соғысына аттанғанда өрімдей жап-жас жігіттер соғыс аяқталған соң туған елге аман-есен оралды. 1950 жылдары сол кездегі Бозарқаш, Чапаев, Жданов, Аманкелді деп аталатын 4 ауылды біріктіріп, Чапаев кеңшарын (қазіргі Ақтөбе ауылы) құрып, еңбек майданына қызу араласып кетті.
Мен әскери борышымды өтеп, жоғары оқу орнын бітірген соң туған ауылым Чапаевқа келіп, осы ағалардың жанында араласа жүріп алғашқы еңбек жолымды бастадым. Қолымыз қалт етсе майдангерлерді сұрапыл соғыс жайлы әңгімеге тартатынбыз. Біз өткенді өзгерте алмағанмен, олардың айтқан әрбір сөзін есте сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізушіміз.
Әбілхан Сейтов 1942 жылы соғысқа аттанғанда 40 жаста болған. Оны бәріміз «тәте» дейтінбіз. Қаумалап, соғыстағы оқиғалар туралы айтып беруін сұраймыз. Сол кезде тәтеміз «соғысы құрысын, соғыс болмасын» деп амалсыздан еске алып, әңгімесін бастайтын. Соғыстың алғашқы жылдары тәжірибенің жоқтығынан Мәскеуге дейін шегінгендерін, 1943 жылы «Катюша» зымыраны шыққаннан кейін ғана еңселерін көтеріп, жауға қарсы тойтарыс беруді бастағандарын айтатын. «Катюша» зымыранын сол кезде трактормен сүйреп алып келіп, жауға атқанда «Катюшаның» снаряды түскен жер қопарылып, өртенетін» дегенде ауыл балалары таңырқап тыңдап, қарашығымыз көзден шығып кететіндей үрейленіп, аянышты күйге түсеміз. Сол кездері ұрыс даласында үздіксіз жарылыстан кейін бір бірінен қол үзіп қалған фашистер жан сауғалап, орыстың ормандарына тығылып паналайтынын, сол ормандағы фашистерді жүздеп, екі жүздеп, тұтқынға әкеліп өткізгенін айтады. 1944 жылы фашистер «Катюшаға» қарсы қару ойлап тауыпты. Қару 10-15-тен бөлініп отырған солдаттардың ортасына түссе, денесі бөлшектеніп, жоқ болатын көрінеді. «Ол қаруды біз өзімізше «Анюта» деп атайтынбыз, кейіннен бұл зымыранның оғы атылған уақытта гуілдеп дауыс шығаратынын аңғарып, бұрынғыдай топталып отырмай, гуілдеген дауыс шыққанда жан-жаққа бөлініп жүгіретінбіз» деп еске түсіреді. Соған қарамастан жауға қарсы шабуыл жасап, соғысты 1945 жылы аяқтап, жеңісті Польшаның Прага қаласында қарсы алғандарын мақтанышпен айтқанда, кеудемізді қуаныш кернейді.
Соғыс ардагері Жұбаназар Кершеев қазақтың Батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бір взводта болған. Марқұм Мәншүкпен бірге жаумен шайқасқанын ерекше толғаныспен еске алушы еді. Мәншүк өжет, бауырмал, сауатты, орысшаға жүйрік болған деседі. Соғысқа елден барғанның басым көпшілігі тіл білмейтіндіктен басшыларға уәжін Мәншүк арқылы жеткізетін көрінеді. Ол қаза тапқанда барлық қазақ қаруластар қайғырып, жер қойнына қимай тапсырыпты.
Ерназар Сексенбаев соғыс кезінде Украинада атақты партизан Федоровтың бригадасында партизан болып, лейтенант әскери дәрежесімен елге келіп, қызмет етеді. 1962 жылдан 1982 жылға дейін ауылды басқарған уақытта ауыл азаматтарының қажырлы еңбегінің арқасында мал басы көбейді. Күріш түсімі гектарынан 100 центнерге дейін өсіп, шаруашылық қарқындады. Ауыл көркейіп, 1972 жылы «Миллионер кеңшар» атанды.
Майдангер ағамыз Ыбырай Дәужігітов мал шаруашылығының майталманы еді. Ауыл шаруашылығы деңгейінің жоғарылауына көп еңбек сіңірді. Қой басын аман сақтап, көбейтуде рекорд жасап, бірнеше марапатқа ие болғанына куәміз. Тәуелсіздік алған жылдары Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қармақшы ауданына келген іссапарында көпті көрген майдангер Ыбырай ағамыз Сыр елі халқының атынан Елбасына қазақы дәстүрмен ақ түйе мінгізді.
Ұлы Отан соғысының енді бір ардагері – Ермахан Әлиевтің үйіне барғанда төрінде ілініп тұрған қылышты көретінбіз. Қайдан келген деп сұрағанымызда, соғыс кезінде көрсеткен батылдығы үшін әскер басшылығы сыйлағанын білдік. Ол қылышты аға ұрпақтары әлі күнге дейін қастерлеп, сақтауда. Ермахан ағамыз ауылда пошта саласында еңбек етті.
Жоғарыда аты аталған майдангердің бәрі де ауылдың көркеюіне сүбелі үлес қосты. Қандай қиындық болмасын жүктелген міндетті орындау парыз екенін, соғысты бастан өткерген адам нағыз қанағат пен өмірдің құндылығын түсінетінін таныта білді.
«Жақсының өзі кетсе де, көзі кетпейді» деген. Ақыл-парасаты мол, халықтың қамын қара басынан артық қойып, дүние-байлық жинауды мақсат тұтпаған, адамгершілік пен қарапайымдылықты қос қанатындай қатар ұстай білген майдангер аға-әкелеріміздің өмір жолы бізге өнеге. Соғыс ардагерлерінің ұрпақтары әкелері салып берген сала жолмен ел қамын ойлайтын азамат болып қалыптасты. Қыпшақбай Қостанбаевтың баласы кеңшарда бригадир болып жұмыс істеген Жақсылық Қыпшақбайұлының 1972 жылы кеңшар миллионер атанғанда еңбегі ескеріліп, Қазақстан Республикасының «Алтын кітабына» есімі жазылды. Осыдан соң Жәкең Жаңажол ауылында парторг, кейіннен Чапаев кеңшары төрағасының орынбасары, кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін атқарып, зейнетке шықты. Қазіргі таңда Ж.Қыпшақбайұлы Ақай ауылында тұрады. Сол ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ауылдың бірлігі мен тыныштығының ұйытқысы. Жастардың арқасүйер ақылшысы.
Ал, Ермағанбет Мерековтің ұлы Асқар Мереков кеңшарда бас энергетик болса, кейін ауылды басқарды. Жосалы кентіне қоныс аударып, мұнда қызметтің сан сатысынан өтті. Ұзақ жыл Жосалы кентінің әкімі болған ол қазір зейнет демалысында. Қармақшы ауданының құрметті азаматы.
Сұрапыл соғысты жеңіспен аяқтап, бүкіл адамзат қауымы үшін бейбітшілікті баянды еткен ардагерлеріміздің ерлігі қандай құрметке болса да лайық. Біз өз ұрпағымызды бейбітшілікті бағалауға, өмірді сүюге және Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырларымыздың ерлігін құрметтеуге үйретуіміз керек. Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Әнуар ДӘУЛЕНБАЕВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы,
облыстық мәслихаттың депутаты
05 мамыр 2020 ж. 1 677 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031