» » «ОРЫС КҮЙЕУ»

«ОРЫС КҮЙЕУ»

Менің балалық шағым «Қашқансу табанында» қоныс тепкен ІІІ Интернационал ауылында өтті. Елдің шығыс жағында бұрынғы майда серіктестіктерден (ТОЗ) құрылған Жаңажол ауылы орналасқан. Шіркін-ай, дала қандай кең, ауа қандай тап-таза десеңізші! Түн ортасында үрген иттердің дауысы ана ауылдан мына ауылға ап-анық естіліп жатушы еді-ау. Екі ауылдың арасын шаң қылған қызығы мол қайран күндерді еске алып отырудың өзі бір ғанибет.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Әлгі ауыл уақыт өте келе менің қайын жұртыма айналды. «Күйеу жүз жылдық» дегендей, араға ай, кейде жыл салып, әлгі ауылға ат ізін салып тұрамыз. Бірде жол түсіп, ондағы жасы үлкен қария Қамиланың отбасына соқтым. Жасы тоқсанның жарты ортасынан асса да, кәрілік жеңбеген кейуана маған бір сәт көз салып тұрып: «Сен әлгі орыс күйеу емессің бе?» – деп, мен күтпеген тосын сауалды көлденеңнен қоймасы болар ма?
Мен аң-таңмын. Осы абдырап қалған қалпымды сезді ме, сөзін әрі қарай жалғай түсті. «Бұл ауыл-сенің қайын жұртың. Қазақ қайын жұртты «сыншыл» демеуші ме еді. Сен есік ашарда «ескіліктің ізі» деп салт-дәстүрлердің біразын жасамадың. Атаусыз той сияқты өткіздіңдер. Содан ғой, әлгі жұрттың саған «орыс күйеу» деп ат қойып, айдар таққаны», –деді де қария көзінен жас аққанша күліп алды.
Бұл әңгіме менің жадыма біраз жайттарды қайыра түсіргендей болды. 60-жылдардың орта тұсы болатын. Елде Хрущевтік реформалардың қызу жүріп жатқан кезі. Ол өзгерістердің зардабы Қазақстанға ауыр тиіп жатты. Республикадағы облыстар территориялық жағынан бөлшек­теліп, жаңадан құрылған өлкелердің құрамына енгізілді. Қызылорда, Жамбыл, Шымкент облыстары Оңтүстік Қазақстан өлкесінің құрамына кірді. Орталығы-Шымкент. Бұл жәй ғана өзгеріс емес, Ұлттық мүддеге мүлдем кереғар, қитұрқы саясаттың нақ өзі болатын. Бас хатшы Н.Хрущев әбден бастамашыл болып алды. «Орыс тілін жете меңгерсек, коммунизмге тезірек жетеміз» деп ұрандатты. Бұл ұлттарды түбегейлі орыстандырудың тура жолы екендігіне көз жете тұрса да, жұрт іштен тынып, ләм-мим дей алған жоқ.
«Әр заманның өз сұрқылтайы болады» деген сөз рас. Айдашап идеологтар компартия көсемінің нағыз сұрқылтайларына айналып шыға келді. Бас хатшының аузынан шыққан сөздерді іліп алып, оны ұрандатуға көшті. Озаттарды «Коммунистік еңбектің екпінділері», «Коммунизм шамшырақтары» деп ардақтап, атақ-даңқын айға асырып жатты. Жоғары топтың белсенділері «коммунизм» дегенді киелі сөзге айналдырып, жер-жердегі мектеп пен ауылдарды «коммунизм» деп атау жөнінде шешім шығара бастады. Қармақшы аудандық «Қызыл ту» газеті «Коммунизм шамшырағы» деп өзгертілді.
Материалистік идея ұстанымдағыларға ұлттардың дәстүрлері мен салт-санасы да ұнай қойған жоқ. Көпшілік қатысқан жиындарда «Ескілік етектен тартпасын» деген сөз әңгіме өзегіне айналып, атадан қалған жөн-жоралғы аяусыз сын тезіне салына бастады. Басылымдарда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «Үйрен жақсы әдептен, жирен жаман әдеттен» деген бас тақырыптармен берілген сын мақалалар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға бастады. Тойларды өткізуге де саяси мән беріліп, киіт кигізу, құда аттандыру, бата беру кәделерін құдайшылықтың белгісі деп ашық түрде айыптау белең алды.
Мен онда аудандық газетте жауапты хатшы едім. Үйлену тойынан соң есік ашу рәсімін жасауға тура келді. Есік ашу – күйеу жігіттің ата-енесінің табалдырығынан алғаш аттау салты. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дейтіндей, оның толып жатқан кәде-кәуметтері бар. Үйде есік ашуды қалай өткізу жөнінде әңгіме болды. «Жаңажол қожа, төресі бар, қырық рулы ел. Есік ашуды ата жолымен жасамасақ, ел алдында ұятқа қаламыз» десті үлкендер.
Төрдегі ағалардың бірі маған қарап: «Сенің көңілхошыңды сезіп отырмын. Баспасөз саласында қызмет атқарасың. «Ескіліктің салтын жасады» деген әңгімеге қаларың сөзсіз. «Кәде» деген алыс-берістің бір түрі ғой. Ертеректе Арқаның қулары қызыл тастаған итті алдағандай, азын-аулақ кәде жасап, барған жеріне өздерінің түпкі ойларын өткізіп қайтатын болған екен. Көйлек кигізіп, иығына жаулық жапса да, оны кемсінбей «кәдеге жарайды» деп ала беретін әйелдердің әдеті емес пе?» – деп бір қойды.
Екінші бірі: осы ойды жалғастыра түсті: «Кәденің түрі көп. «Ас кәдесі, қонақ кәдесі» дегендер де бар ғой. Ас кәдесі – бата. Қонақ кәдесі – домбыра шертіп, бір ауыз өлең айту. Ал есік ашудың кәдесі жетерлік. Одан ақы-пұлсыз құтыла алмайсың. Дүние жүрген жерде дау-дамай да қоса жүреді». Бұл сөздер отырғандарға ой салғандай болды. Сонымен ағайындар бір уәжге келіп, есік ашуды той ретінде өткізуге уағдаласты. Солай жасалды да.
Той өтті. Ел тарасты. Сырттан сан саққа жүгірткен неше-түрлі әңгімелер айтылып жатты: «Ата салтынан аттағандары ма? Орыс емеспіз ғой, бұлары несі?!». Ал маған тағылған «орыс күйеу» деген сөз арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ара-тұра айтылып келеді. Ел аузына қақпақ бола ма?
Менен кейін інім Роман үйленіп, оның негізгі шаралары сол жылдары дәстүрге айнала бастаған комсомолдық той ретінде өтті. Бұл – ІІІ Интернационал ауылындағы алғашқы той болатын. Көп ұлтты ауыл ғой. Домбыра тартып, сырнайлатып-кернейлетіп дегендей, әрқайсысы өз өнерлерін көрсетіп, мәре-сәре, ақар-шақар болып жатты. «Тойдан тобықтай» деп жатқандар жоқ. Ол той «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» деген нақыл сөздің нақты көрінісіне айналғандай болған еді. Сондағы көріністер әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес.
Иә, бұл – өткен күндерден қалған бір белгі. Заман өзгерді, ел жаңарды. Ұлттық болмысымыздан айырыла жаздаған сүреңсіз күндер артта қалып, мәңгілік еліміздің көк туы желбірей түсуде. Бұл бақытты шақ, жаңа дәуірдің жарқын көрінісі. Тәуелсіздік таңы кең дүниені жаңартып, еркіндік әлемінің есігін айқара ашып тастағандай әсерге бөледі. Осындай бақытты сәттерді қалай ұмыта аларсың!
Аяулы жарым Шарапат жаңа ғана көзін ашқан немересіне қарап тұрып: «Бұлар – жаңа дүниенің перзенттері, бақытты ұрпақ» – дейді өз-өзімен сөйлеп. Біздің ұл-қыздарымыз орыс мектебін тәмамдаған еді. Немерелерімізді әу басынан-ақ қазақ мектебінде оқытуды ұйғардық. Солай жасадық та. Қазір Нұрислам, Нұрымжан есімді екі немерем Алматы қаласында колледжді бітіріп, оқуларын әрі қарай жалғастыруға талаптанып жүр.
Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
ардагер журналист.
14 ақпан 2018 ж. 1 614 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031