» » » ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВ – СЫР МАҚТАНЫШЫ

ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВ – СЫР МАҚТАНЫШЫ

«Егінші мәрт, жер жомарт». Жердің құйқасын танып, қойнауын ашып, қазынасын ала білген әрдайым дәулетті болмақшы. Бақ та басында, атақта соның төңірегінде. Жалқау өзіне жау. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны. Бұл аты аңызға айналған атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың өмірлік қағидасы. Ол Сырдария өзенінің теріскейіндегі Қарғалы деген жерде қалың қамысты ескі көлдің жағасында дүниеге келді. Ыбырайдың балалық шағы қиын кезеңде өтті. 1913 жылы жаңбыр аз жауып, Сырдарияның кемері төмендеп, су азайып, азын-аулақ егінге қараған қараша ауыл жұтауға айналды. Таршылық заман оны ерте есейтіп, еңбекке ерте араластырды. Ыбырай Жақаев былай дейді: «Бір күні біздер бидай егудің қамына кірісіп жатқанбыз. Таяғына ауыр сүйеніп қасымызға әкем келді.
-Нанның асылын бидайдан пісіреді. Ол рас. Бірақ сол бидайды не өсіреді. Ол – қара топырақ. Сыр бойының боз топырағын бидай шіркін жерсініп жүр ме? Жоқ. Ендеше сендерге тиімдісі күріш, – деді. Бәрімізде үнсіз, томсырайып, отырып қалыппыз. Кенет «егеміз күріш» деген дауыс саңқ етті. Жалт қарасам Қойшыбай екен. Қойшыбай қолдаған соң маған да ерекше күш біткендей болды. Егеміз дедім менде, – дейді өз естелігінде.
Бастапқы кезде Сыр өңіріндегі суармалы егіншіліктің көлемі 40 000 гектар жер болса, 1930 жылы 71 000 гектарға жеткен. Ал 1940 жылы Сырдың оң жақ бетінен ұзындығы 70 см, ұзындығы 27 см Шиелі арнасы 1-ші қазығын 14 метр кетпенші қазып бітірді.
1943 жылы Ыбырай өнім көр­сет­кішін 130 центнерге жеткізіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Араға 3 жыл салып, гектарына 60 центнер өнім жинап, Ким Ман Санның 1942 жылғы рекордын қайталады. Сол жылы Жақаев пен Кимге КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Сыйлық қаражатына Ыбырай ұжшарына 5 трактор сатып алып берсе, Ким Ман Сан ауыл клубын салдырды.
Жері мен судың жайын, тұқымды таңдау мен баптаудың сырын білген диқан көптен күткен арманға қол жеткізді. Бұл 1947 жыл еді. Ыбырай Жақаев 5 гектар танаптың әр гектарынан 172 центнерден өнім алды. Осылайша әлем тарихында жаңа дүниежүзілік рекорд орын алды.
– «Болар істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, агроном-ғалым Әнес Алтынбеков егін шаруашылығының дамуына зор үлес қосты. Ауыл арасында болатын әңгімеге, түрлі болмашы сылтау­­ларды қаперіне де ілмей, тойтарыс беріп отырды. Шиелі ауданындағы сол кездегі 23 ұжшардың түгел 7-8 танапты егіс тәртібіне көшкені, сол арқылы өнімді молайтып, мол табыстың алғашқы көздерін аша бастағандығы әлі есімде. Мен диқан ретінде ешқашан Әнестің алдын кесіп ала жібін аттап өткен емеспін. Оның маған беріп отырған кеңестері әрдайым жаныма қуат болды. Мен Әнеске қарыздармын, – дейді өз сөзінде Жақаев.
Қазақ жеріндегі рекорд жайлы хабар Кореяға да жетті. Жеті атасынан бері күріш өсіріп келе жатқан кәрістердің өздері Жақаевтың диқан­шы­лық тәсілімен танысу үшін арнайы шақырту жіберді.
Диқан Корей Республикасына 1958 жылы тәжірибе алмасу мақсатында барған болатын. Сол кезде кәрістер атақты диқанның күрішті қолмен егіп, оның арасындағы шөптерді қолмен жұ­лып, суын кешіп жүріп еңбек еткенін көріп, сұрақ қойған көрінеді. Ол кісі сонда былай деп жауап беріпті: «Бізде шеңгел деген өсімдік болатын. Сол шеңгелді байтесе деген имек құрал түбірі мен тамырын қатар алып түседі. Шеңгелді шабу арқылы бүкіл жерді тазартып, сол жерге егін еккен кезде шеңгелдің топырағының құрамы өте құнарлы болады екен. Еккен күріш екі есе өнім береді екен.
Корей халқы даңғайыр диқанға 5 гектар күріштіктен жоғары өнім алғаны үшін өзіне ақ жадағай шапанның етегіне, жеңіне күріштің суретін салып, кестелеп сыйға тартқан екен.
Күріш ең көп еңбекті қажет ететін дақыл. Оны өсірудің тәсілін үлкен төзімділікпен жалықпай үйрену керек. Егер шын диқан болғың келсе, егін өсірудің сан алуан тәсілін көп ізден. - Бұл атақты күрішшінің шәкірттеріне айтқан сөзі.
Ыбырай Жақаевтың көзін көр­ген­дер оның, қарулы, қайратты кісі бол­ғанын айтады. Парасат пайымы мол ди­қанның әңгімесін тыңдауға алыстан ат арылтып келетін аға-інілері аз болмады. Мәселен, Мұхаммеджан Қаратаев Ыбекеңнің есімі Еңбек Ері ретінде бүкіл халқымыздың мақтанына айналды. Ол социалистік мектептің әрі мектебі әрі ұстазы десе, Әбділда Тәжібаев «Диқан атамсың, сүйенерімсің, сүйерім» деп жырға қосты.
Ыбырай Жақаевтың: «Бәрінің анасы жер. Жерді таңдай біл. Оны баптай біл. Егінші мәрт. Жер жомарт» деген сол. «Адам сияқты егін де таза суды тілейді. Ескірген судан егінде ауырады. Оған үнемі таза су бер». «Жас күріштің сабағы ешкінің түбі­тіндей нәзік келеді. Оны тек тамырмен суарып аласың. Жер дымқыл болса, тамыры тереңге кетеді. Күріш өмірлі болады». «Күріштің жауы – арамшөп. Қаулаған арам­шөптен күрішті арашалай білсең, кү­ріш сені байлыққа белшеңнен батырады». «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ға­на. Ысы­рапсыз жинап алу – мәре. Бұл сыннан да мүдірмей өт. Сонда ғана ерлеге­нің». «Күріш өсіруге әдіс керек. Оған із­денсең ғана жетесің. Ізденуден жалықпа», деп айтқаны еңбек, жер, күріш туралы қанатты сөзге айналды. Қара нардай қайыспайтын еңбек­кердің асыл сөздері бүгінде жас ұрпақтың зердесінде.
1966 жылы заңды демалысына шыққан әйгілі диқан еңбектен қол үз­ген жоқ. Өмір бойы жиған-терген тәжі­рибесін жастарға өсиет ретінде ұсынды.
Бүгінгі таңда дала академигі атан­ған даңғайыр диқан Жақаев атында мек­теп бар. Жақаев ауылы бар. Одан кейін Ыбырай Жақаев атындағы музей бар. Облыс орталығында күріш зерттеу институты бар. 120 жылдық тойына байланысты Жақаев атындағы саябақ ашылды. Ыбырай Жақаев саналы ғұмырында бір өзі бір дәуірдің жүгін көтеріп өтті. Оның қайталанбас рекордтары еліміздің аграрлық саласының дамуына зор серпін берді. Біртуар тұлғаның есімін мәңгі ел есінде сақтау үшін талай игілікті іс жасалды.
Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге нә­сіп деп білген диқан атаның өсиеті мен өнегелі еңбегі бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақ­тың жадында мәңгілік жүруі тиіс.
Айжан ТОҚШЫЛЫҚОВА.
11 қаңтар 2018 ж. 4 531 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031