» » АҚСАҚАЛДЫҢ СЕКСЕН БЕСІНШІ КӨКТЕМІ

АҚСАҚАЛДЫҢ СЕКСЕН БЕСІНШІ КӨКТЕМІ

Қармақшы талай жақсы мен жайсаңның, талай дүлдүл мен дүрдің туған мекені. Толқыны тебірене соққан, желі емірене жеткен қасиетті өлкенің тарихы да, бүгінгі келбеті де кімнің жүрегін елжіретпеген. Кімнің жанына пана, кімнің зарына араша түспеген. Бағзы заманнан сыр шерткен сырбаз да сырлы өлке қаншама ұрпақты құшағына қысып, қаншамасын төсінен өрлетпеді. Сол ертеден келе жатқан ұрпақ сабақтастығының нәзік тіні бүгінде үзілмеген. Кешегінің теберігі, қағазға түскен хаттай болып жеткен аға ұрпақ өкілі – қазір де аттан түспей, қоғам жұмысына белсене араласатын ардагердің бірі – Әбдібек ақсақал Лақбаев. 
Көктем келгелі күннің көзі шығып, көңілді жайлылық басатыны бар. Сондай жылылықпен Бауыржан Момышұлы атындағы көшемен адымдап алға жүріп келемін. Жосалы кентінің шеткі бөлігінде орналасқан ұзын көшенің ұшы көрінбейді. Судың мол келетіні көше бойы­на егілген ағаштардың көкпеңбегінен байқау қиын емес. Осылай айналама қарап, жаңадан салынған үйлерді тамашалап келе жатып абыз-ағаның үйіне келгенімді де сезбей қалдым. Үйде бір өзі. Сексен беске келдім, енді жатып демалайын, – дейтін адам көрінбейді. Дарбазадан кіргенімде-ақ жақын туысын күткендей, ақжарқын амандасты. Өзі алдын ала айтпаса ешкімде оған мұндай жасты бермес еді. Бұл – шындық. Жеңіл қозғалады, шалт қимылдайды. Адаммен сөйлескенде де емен-жарқын. Жылы шырайлы. Әдетте, аға буын өкілі араға  шекара қойып сөйлеуші еді, бұл кісіде ондай жоқ. «Жақсының көңілі – кең жайлау» дейтін еді аталарымыз ертеде. Міне, қазақтың кең жайлауы мен ақ пейіл қасиеті осы кісіге өзі келіп қонғандай.   Аулада жүзім байлап жүрген ардагермен аз-кем дидарластық. Әсіресе, сөзіміз бау-бақша, көгалдандыру жайында өрбіді. Қорадағы отыз сотыққа тарта жердің бәрі бақшалық. Жеміс ағаштары гүлдеп, табиғаттың әсемдігін әйгілеп тұр.
– Қызым-ау, жақсы келдің. Мынау ағаңның бар жиған-тергені. Ұзақ жыл басшылық қызмет істедім, одан жаман болғаным жоқ. Отанасы Қалдыгүл Бақбергеновамен ұрпақ өсіріп, балаларымызды құтты орнына қондырдық. Аллаға шүкір, олардан да немере сүйдік, – деп ағынан жарыла сөйледі ол.     
Рас әдетте, шүкір дегенді өмірден көргені мен түйгені, бойында иманы мен ибасы барлар айтады. Абыз-ағамен әңгіме тарқата отырып, оның басқа түскен тағдырға арымағаны, күйкі тірлікке күйінбегені көрініп тұр. Кейде  жаны күйзелсе де күрсінбегені, аяғы сан мәрте шалынса да шыдағаны,   жүрегі жараланса да жабырқамағаны дауыс ырғағынан сезіледі. Кейбіреу секілді жетімдіктің өңешіне жұтылып кетпей, жүзі шағылып, сағы сынбағаны – әлі қабырғасы қатая қоймаған бала үшін ерлік еді. Оның жайдары мінезі, бірсөзділігі, үлкен мен кішіге бірдей ілтипаты көп аузында. Бір сөзбен айтқанда,  парасаты жоғары, болмысы таза адам. Иә, біз де бір сәтке  сегіз қыры, әнтек сыры бар сексен бесінші көктемін қарсы алып отырған ақсақал Әбдібек Лақбаевтың әдемі әлеміне осылайша қалай кіріп кеткенімізді ұқпай қалдық.
Бізді қызықтырғаны – ардагердің бағ­бандығы. Жасы келсе де, қолынан кетпенін тастамай, бақшалығын баптап жүргені. Атамыз қазақ: «Атыңды қалдырғың келсе, бақ қондыр», – дейді екен. Осыбір бірауыз сөз ел ағасының жүрегіне таспен қашалып жазылғандай. Ауладағы көрініске көзің тоймастай. Тынысымыз ашылып, көктің иісіне көкірегіміз рахаттана түскендей. Бақта жаныңа не керектінің бәрі табылады. Алма, шие, өріктің түр-түрі егілген. Ақсақал мұнымен қоса, асқабақ, қызанақ, қияр, қауын егіп, қыстың қамын жаз сайлайды. Бізге де көктемгі көркейту, көгалдандыру жайын баппен түсіндіруде. Айтпақшы, ағамыз бақшасына жақында  сирень гүлін отырғызыпты. Оның жылы алақанын сезгендей гүл де тез тамырлап, айналасын әсемдікке бөлеуде. Бағбан еккен өнім дұрыс болып шығу үшін уақытымен суарып, тыңайтқышын мөлшерімен салу керегін айтады.
– Әкем Лақбай қайратты кісі еді. Бау-бақша баптаудың кәнігі шебері. Мені бала кезден қасына ертіп жүріп пішен орғызып, бақша салдыратын. Бүгінде Жосалы кентінен тысқарыда «Лақбай тоғайы» бар. Тоғай әкемнің атымен аталады. Кезінде өзі сол жерге көптеген ағаш отырғызып, көгерткен. Жастайымнан қолға алған ісім әлі күнге жалғасын тауып келеді, – дейді ақсақал.  
Ауланың ауанымен танысып болған соң ағамыз үйге жол бастады. Жайғасып отырған соң біршама құжат пен мадақтама хатын үстелдің үстіне қойды. Бұл не қағаздар екен деп отырмыз. Біртіндеп оны да көрсете бастады. Бірі – қаржы саласында еңбек етіп жүргендегі түрлі марапаты болса, енді бірі – облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің алғыс хаты. Оның ішінде ерекшеленіп тұрғаны –  шахматтан алған дипломдар. «Шахмат – ойлылар ойыны», – дегендей, ағамызбен қоса, оның басқа да отбасы мүшелері бұл ойынды жетік меңгерген. Әсіресе, соңғы кезде түрлі шахмат жарысынан жеңімпаз атанып жүрген №121 мектептің оқушысы Бағдәулет атты немересінен атасының үміті зор. Ақсақал бүгінде 7 баладан тараған 16 немере мен 11 шөберенің мәуелі бәйтерегі. Отбасылық құжаттарын көрсете отырып, қолымызға әбден сарғайып, жұқарған біржапырақ қағазды алақанымызға салды. Үлбіреп тұрған қағазды абайлап ұстауға тырысып, жаймен көз жүгірттік. Бұл 1943 жылы Киев облысының Опушка орманында жау қолынан қаза тапқан  туған ағасының қайтқанын растайтын құжат болып шықты. Бізді бұл кісінің тағы бір тәнті еткен қыры – ұқыптылығы еді.
Ардагердің келесі қыры – саламатты өмір салтын ұстануы. «Ұзақ жасауымның сыры да осында», – дейді ол сөз арасында.
– Қол боста балық аулағанды, дене шынықтырумен айналысқанды құп көремін. Таңертең ұйқыдан тұрғаннан бастап, кешке дейін дене еңбегімен шұғылданамын. Шахмат, бильярд ойнаймын. Ардагерлермен шүйіркелесіп, жастарға кеңесімді айтамын. Дене жаттығуын жасағаныма отыз жылдан асты. Салқын суға жуынамын. Ол менің өмірде сергек те тың жүруіме септігін тигізеді. Досқа, жалпы адам баласына адалмын. Жетім өскен соң ба, бойымда қайсарлығым бар. Жан-жағыма кішіпейілмін. Кіммен болса да тез тіл табысқышпын. Адам жатырқамаймын. Бәлки, осы дүниелер менің жасымның ұзақтығына әсер еткен  болуы керек. Мен мына жарық дүниеге келгендегі миссиямды адал орындағаныма сенемін. Перзенттеріміз өмірден өз орнын та­уып, бір-бір шаңырақтың иесі атанды. Ешкімді ренжіткен адам емеспін, – дейді Ә.Лақбаев.  
– Әбекең көптің адамы. Жүрген ортасына сыйлы, қашан да құрметті. Басшылық қызметте де мекемесін алға шығарып, озаттар қатарына қосты. Ол кісінің адалдығы, азаматтығы өз алдына бір дастан. Қанша жылдан бері сыйласамыз. Рухани жан дүниесі бай, өте керемет жан, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қармақшы ауданының құр­метті азаматы Қаршыға Есдәулетов.   
Түйін:
Қоштасар сәтте абыз-аға қолындағы көкдәптерін бізге қарай ұсынды. Ол бастан-аяқ латын қарпінде жазылған екен. Қолжазбаға қарап таңқалдық. Себебі, 2025 жылға дейін кім бар, кім жоқ деп жүрген кейбіреуге бұл үлкен өнеге еді. Бұл – не деген өмірге құштарлық, не деген іңкәрлік деген ой келді басымызға.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
04 мамыр 2019 ж. 784 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031