КӨРКЕМ КҮЗ ЖӘНЕ КЕНТ КЕЛБЕТІ
Жаймашуақ жаздың жадыраңқы күні көзден бұл-бұл ұшып, жылауық күз керіле есігімізден аттады. Түстіктей борасыны болмаса да, өкпек желі өңменіңнен өтетін киелі өңір – біздің туған Қармақшы. Айтпақшы, жақында ғана тарихы 90 жылға жүк болар ауданымыздың тойы елдік деңгейде аталып өтті. Алыс-жақыны, ізгі-жайсаңы жиылған көп тойдан рухани азық алды. «Қонақ – аз отырып, көп сынайды», – дейді. Шынында, тойдан нәр, рухани қуат алмаса, оның – несі той. Біздің қуанғанымыз – «тойдың болғанынан, боладысы емес». Келген мейманның аудан орталығы – Жосалы кентінің бұрынғыдан әлдеқайда ажарлана, абаттана түскеніне риза болғаны.

Кенттің батысынан өтіп, шығысына бет алдық. «Жастар» саябағына аялдап, жан-жағымызға бажайлай қараймыз. Екі-үш бала ойнап жүр. Ойнап жүріп, жерде жатқан қағаз қалдықтарын қоқыс жәшігіне апарып салады. Үлкендерден мақтау күткендей, бір-біріне қарап жымиып қояды. Біз оларға қарап: «Жарайсыңдар!», – деп жылы жымидық. Темір жолдың арғы бетінде де ағайынның ауызбірлігі байқалады. Бәлкім бұл, қазіргі ауданда жүріп жатқан санитарлық тазалық айлығының ықпалы мен жеке тұрғындардың тазалыққа қалыптасып қалғанының белгісі болар.
«Бала – болашағымыз». Бүгінгі істің – ертең игілігін көретін де осы жас ұрпақ. Бәрі жақсы-ау, бірақ Жосалыны қанша аралағанмен бала ойнайтын арнайы алаң кезіктірмедік. Төребай би ауылында балалардың ойын алаңы қоғамның кішкентай мүшелеріне қуаныш сыйлап тұрғанда, мұндай игілікті кәсіпкерлеріміз кентке де келістірер деген үміттеміз.
Түйін:
«Бір кісі қазған құдықтан – мың кісі су ішеді», – дейді қазекем. Қалаға бергісіз кентіміздің әр азаматы мың кісіге су ішкізе алса, біз мықты болмай, кім мықты болсын. Осылайша, кентке жасаған шағын саяхатымыз осымен тәмам. Расында да, кенттің күзгі келбеті қандай керемет.
«Бір кісі қазған құдықтан – мың кісі су ішеді», – дейді қазекем. Қалаға бергісіз кентіміздің әр азаматы мың кісіге су ішкізе алса, біз мықты болмай, кім мықты болсын. Осылайша, кентке жасаған шағын саяхатымыз осымен тәмам. Расында да, кенттің күзгі келбеті қандай керемет.
С.Райымбаева