» » ҚАРБЫЗ туралы қызық дерек

ҚАРБЫЗ туралы қызық дерек

Қарбызды көпшілік ең үлкен жидек ретінде біледі. Алайда ботаниктер әлі күнге дейін бұл тұжырыммен келіспейді. Қарбызды асқабақ тұқымдасына жататындықтан жалған жидек деп те атайды. Оңтүстік Африка қарбыздың отаны болып саналады. Бұл жидектің барлық түрі Калахари шөлінде өсетін бір тұқымнан тараған. Қарбыздың байырғы түрлері қазіргі заманғы бәрімізге таныс қызыл жемістерге көп ұқсамайды. Бастапқыда құрамында ликопин, яғни қарбыздың мәйегін бояп тұратын пигменттің аз мөлшеріне байланысты, жабайы жемістер алқызыл түсті болған. Сөйтіп, тек XX ғасырда ғана селекционерлер қызыл қарбыз өсіре бастаған.
Сондай-ақ, перғауындардың қабірінде тұқымдардың табылуы және оның қабырғаларында қарбыз суретінің салынуы ежелгі Египетте өскеніне дәлел бола алады. Мұнда, тіпті қарбызды Египеттің жауынгер-құдайы жаратты деген де аңыз бар екен. Римдіктер болса қарбызды жеп, тұздап, одан қайнатылған шәрбат жасаған. X ғасырда бұл жеміс Қытайға келіп, мұнда оны «Батыс қауыны» деп атаған. Қарбыз бүкіл әлемде, көбінесе Қытай, Үндістан, Иран, Түркия, Өзбекстанда кең тараған. Кейбір елдерде жыл сайын қарбыз фестивальдері өткізіледі. Тіпті Ресей, Украина, Аустралия мен АҚШ-та ескерткіштері де бар екен.
Ал Қазақстан өсіру жағынан Қытай көш бастаған қарбыз өндіруші мемлекеттердің алғашқы он бестігінің ішіне кіреді. Аталған жидек еліміздің жылы аймақтарында, әсіресе, қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш, Жетісай, Шардара елді мекендерінде, Алматы, Жамбыл облыстарында көп өсіріледі. Айта кетерлігі, қарбыздар тағам ретінде ғана емес, карвинг үшін де пайдаланылады. Яғни, карвинг дегеніміз – өнімдерді көркем ойып, оған сурет салу өнері. Бұл бағыт батыс елдерінде жоғары дамыған. Сонымен қатар көптеген фильмнің дыбыс режиссерлері соққылардың, лақтырылған тастар мен басқа да дауыстарды алу үшін қарбызды тиімді әдіс ретінде қолданған.
Енді жаз келсе көпшілігіміз сүйсіне жейтін қарбыздың адам ағзасына берер пайдасы туралы айтсақ. Қарбыз 90 пайыз судан тұрғандықтан, шөлді жақсы басады. Мәйегінде ақуыздар мен майлар жоқ, бірақ тез еріп, қуат беретін көмірсулар көп. Бұл жеміс, әсіресе, физикалық белсенді адамдар үшін пайдалы. Жаттығу кезінде аздап қарбыз шырынынан немесе бір тілімінен дәм татсаңыз, денедегі су қорын толтырып, қантпен қанықтырады. Қарбыз құрамында ликопиннің қызыл пигменті өте мол. Денедегі ликопин басқа каротиноидтар сияқты А дәруменіне айналмайды. Пигмент күшті антиоксиданттық қасиетке ие. Көптеген зерттеулер тағамдағы ликопиннің жоғары мөлшері жүрек және қан тамырлары ауруларының қаупін төмендететінін көрсеткен. Кейбір зерттеулер, тіпті қуық асты безі мен ішек қатерлі ісігінің дамуы азаяды деп мәлімдейді. Бірақ бұлай нақты қорытынды жасау – нақты зерттеуді талап ететіні анық. Қарбыз мәйегіндегі дәрумендер төмен концентрацияда кездескенімен, С және А дәрумендері мен минералдарға бай. Онда бұлшықеттерге арналған магний көп. Аталған магний кальцийді сіңіруге көмектеседі, онсыз сүйектер сынғыш болатыны белгілі. Ал дәнегі мәйекке қарағанда қоректік заттарға қаныққан. Олардың құрамында фолий қышқылы және РР дәрумені, сонымен қатар фосфор мен магний бар. Сол себепті дәнекті кептіріп немесе қуырып жеген пайдалы.
Пайдалы саналатын кез келген тағам шамадан тыс тұтынғанда зиянын тигізетіні жалпыға белгілі тұжырым. Жас баладан кәріге дейін сүйсініп жейтін бұл жемісті шексіз мөлшерде жеуге болады деген жаңсақ түсінік бар. Бірақ бұл дұрыс емес. Не нәрсенің де орта тұсын ұстанып, орнымен қолдансақ, ұтылмайтынымыз анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 тамыз 2024 ж. 233 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031