» » КӨКШЕ БАЙЛЫҚТАН ҚАУІП БАР МА?

КӨКШЕ БАЙЛЫҚТАН ҚАУІП БАР МА?

Жаз шықса кенттегі сауда нүктелерінде жеміс-жидек пен бау-бақша өнімінің саудасы қыза түседі. Әсіресе базардағы қызу саудаға түскен қауын-қарбызға деген жұрттың қызығушылығы жоғары. Тау болып үйілген қауын-қарбыздың кешке дейін бірі қалмай өтіп кеткенін байқаймыз. Десе де мезгілінен ерте піскен қауын-қарбыздың қауіпі бар ма? Тұтынушылар оны сатып аларда нені ескеру керек?
Сатылымға маусым айында шыға­­рылғанмен, қауын-қарбыздың нағыз пісетін уақыты – шілденің соңы. Тамыз айынан бастап жеміс-жидектің саудасы бұрынғыға қарағанда қыза түседі. Тақырыпқа дәйек болу үшін кент орталығындағы базарға аттандық. Үлкенді-кішілі иісі танауды қытықтаған қауын-қарбыз көздің жауын алады. Адам қарасы көп. Сауданың қызған шағы.
– Мына қауынның үлкені – 800 теңге. Жергілікті әміре – 400 бен 600 теңгенің аралығында. Ал қарбыздың келісі – 50 теңге. Өнімнің басым бөлігі Шиелі мен Жаңақорғаннан келеді. Жүк көлігі қауын-қарбызға тола келсе, ол 1-2 күнде сатылып кетеді, – дейді сатушы Зухра Мусаева.
Дегенмен нитраттармен улану қаупінің жоқ емес екенін қаперден шығармаған абзал. Мамандардың айтуынша, құрамында шамадан тыс нитраты көп мөлшерде кездесетін ауыл шаруашылығы өнімінің адам ағзасына тигізер зияны шаш етектен. Диқандар жерді өңдеуде улы химикатты шектен тыс қолданғанда адам ағзасына қауіпті бактерия түзіледі екен. Құзырлы мекеменің қызметкерлері өз бетінше саудаға түскен қауын-қарбыздың жеуге жарамдылығын анықтау үшін тексеру жүргізе алмайды-мыс. Тұрғындардан шағым түскенде сауда орны немесе дүкен иесіне тексеру жүргізілетіні туралы алдын ала ескерту жасайтын көрінеді. Бұл тұрғындардың тәуір тағам тұтынуына кедергі. Соның салдарынан жедел ішек инфекциясы өршиді. Дәрігерлердің айтуынша, жаз айында ерте піскен өнімнің сапалық құрамында мөлшерден тыс бактериялардың болуы ағзаны улауға әкеледі. Сондай-ақ бақша дақылын тазалап жуып пайдалануды ескертеді.
Қауын-қарбыз қабығында артық сызат, жарық болмауы тиіс. Тілінгені де керек емес. Содан соң қауын-қарбызды түбіне дейін жемеген дұрыс. Себебі, онда нитрат көп жиналуы мүмкін. Әсіресе, сәбилер улануға бейім келетіндіктен, жасқа толмаған балаға сақ болу қажет. Жалпы, қауын-қарбыз көлеңкелі орында, жерден 20 сантиметр биіктікте сақталуы керек. Сондықтан көше бойындағы қарбызды сатып алуға құмартпаңыз.
Аудандық тауарлар мен көр­се­ті­­летін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау басқармасының эпи­демиологиялық қадағалау бөлімі және Ұлттық сараптама орталығы облыс бо­йынша филиал мамандарымен бірлесіп әр жылы «Физикалық белсенділік», «Өз денсаулығың өз қолыңда», «Болашаққа қадам», «Ұнды фортификациялау, оның артықшылығы мен қажеттілігі», «Қауіпсіз тағам таңда» секілді акциялар өткізіп келеді. Аталмыш акция халық жиналатын дүкендер, сауда қатарлары мен базарда өткізіледі. Сондай-ақ, акция барысында тұрғындардың ұсынуы бойынша санитарлық химиялық зертханаға қарбыз, қияр, қызанақ, өрік, қызыл өрік, алмұрт, алма сияқты бақша дақылы мен жеміс-жидек тексерілген. Жүзімдегі нитрат 68 мг/м көрсетсе, қарбыздан 120 мг/м көлеміндегі сәйкессіздік анықталған. Бұл – жеуге жарамсыз дегенге саяды. Себебі норма 60-тан аспауы қажет.
– Базардағы, сауда нүктелеріндегі ауыл шаруашылығы өнімін сатушылардың қолында осы нитрат қалдығына тексерілгені туралы токсикологиялық сертификаты болу міндетті. Әсіресе ерте көктемде және жаз айларының басында ерте пісетін бау-бақша өнімдерін тексеру маңызды. «Ауру астан» демекші тұрғындарды осы тамақтан улану мәсе­лесіне мән беру керегіне назар аударуы керек. Олай болса, өз денсаулығыңызға пайдаланатын азық-түлікке мән беруге маман ретінде кеңес береміз. Көкөніс, жеміс-жидек пен бақшалық өнімдерді сатып алу кезінде олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын, құрамындағы нитраттардың деңгейін анықтайтын ілеспе құжаттары болуы тиіс. Аталған ілеспе құжаттарды талап етуге әр тұтынушы құқылы, – дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлнар Төлепбергенова.
Жаз келсе жан біткеннің аңсары ауатын қауын-қарбыздың дәмділігіне дау жоқ. Десе де, тұтынушы өз денсаулығына ке­лер қауіп-қатердің алдын алып, абайла­ғаны абзал.
Айнұр ӘЛИ
05 тамыз 2019 ж. 1 845 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031