» » Қармақшының нар қызы

Қармақшының нар қызы

Сыр өңірінде Назира Мықтыбаеваны білмейтін жан кемде-кем. Қармақшы ауданының қаржы саласында 45 жыл бойы үзіліссіз еңбек еткен майталман маманның есімін республикадағы әріптестері де әркез құрметпен атап, мақтан тұтады. Ғұмыр жолында кездескен қиындықтар мен ауыртпалықтарды ер адамдарша еңсеріп, еңбегімен ел алғысына бөленген нәзік жанның өмірі – өнегеге толы.
Адалдық пен адамдықты бәрінен биік қойған Назира апайдың жарық дүниеге келуінің өзі аңызға бергісіз әңгіме. 1953 жылдың 5-інші желтоқсаны. Қылышын сүйрете келген қақаған қыстың қаһарына мініп тұрған кезі. Белтақырда қоныс тепкен 10 шақты шаңырақтың саман үйлері таңнан бері жылымай, айналдырған 3 бөлме азынап кеткен. Әсіресе, Ләтипаға қиын соқты. Қайта-қайта толғақ қысып, жанын қоярға жер таппаған ол пештің жанына жете алмай әлек. Отағасы болса, күнделікті күйбең тірліктің қамымен кеткен. Ол заманда қазіргідей дайын тұрған дәрігер дегенің атымен жоқ. Абырой болғанда, сол күні түс ауа қайынсіңілісін Құдай айдап келіпті. Ол дереу көрші кемпірді көмекке шақырып, екеуі амалдап жүріп, босандырып алады. Алланың құдіретіне шек бар ма, сәби желбезек қаппен бірге туылады. Әдетте, құлынның осылай шығатынын көрген олар таңғалғандарынан шағын бекетті бастарына көтеріпті. Ақырында станса әйелдері ақылдаса келе, әлгі «қапты» пышақпен жарып, ішінен сәбиді алуға бел байлайды. «Біссімілләлап» қапты тілген кезде, ішіндегі жылаған сәбидің дауысы ана қорқынышын сейілтіп, үйді азан-қазан қылып жібереді. Міне, қызық! Қаптың ішіндегі сәби біреу емес, екеу болып шығады. Екеуі де – қыз. Қамкөңіл ана тұла бойы тұңғыштарының мұндай тылсым жағдайда дүниеге келгеніне аздап қобалжыса, бір жағынан жақсылыққа балайды. Бір өлім аузынан қалған Ләтипа есін жиған соң, егіз қыздарына Назира, Қанзира деп ат қояды. Неге екені белгісіз, сол күннің ертеңіне Қанзира шетінеп кетеді. Ең болмаса, егіздің сыңары тірі қалғанын ерлі-зайыптылар жандарына медет тұтады. Араға 3 жыл салып, Назираның артынан өмірге шекесі торсықтай ұл келеді. Бұдан әрі құрсақ көтермеген Ләтипа Алланың маңдайына сыйлаған осы ұл-қызына шүкіршілік етумен өмірден өтіпті.
Сөйткен Назира бала кезінен еңбекқор, зерек болып өсті. Өзі жұдырықтай болса да, анасына әрқашан көмектесіп, үй шаруасына қарайласып жүретін. Артынан ерген жалғыз інісі Ертуғанға да қамқор болды. Әке-шешесі тіршілік қамымен кетіп, қайтып оралғандарында алдынан ас-суларын дайындап қоятын. Қызының көз алдында алғыр, еңбексүйгіш болып өсіп келе жатқанына қарап шеше жүрегінің уайым-қайғысы ұмытылып сала беретін.
Анасының сүйенішіне айналған ол мектепте де құрбыларының алды болды. Басқа оқушылар қиын пәндерден бойын алыс ұстап, қашқақтап жатса, бидай өңді сары қыз есеп-қисапқа келгенде алдына жан салмады. Күрмеуі қиын есептердің шешуін тапқанша талай рет таң атырған Назира 1969 жылы Жосалы қыстағындағы №26 қазақ орта мектебін үздікке бітірді. Көңілі бала кезден өзі армандаған бухгалтер мамандығына түсуді қалағанмен, әке-шешесінің тұрмыстық жағдайы оны көтермейді. Қызының бұл қалауын анасы да сезеді. Оқимын деп тұрған қызының бетінен қақсын ба? Үйіндегі жалғыз ала сиырын сатып, тұңғышын Қызылордаға алып келді. Сөйтіп, осындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсірді.
Білуге, ізденуге құмар бойжеткен бұл оқуды да қиналмай меңгерді. Оқумен қоса, спортты жанына серік етіп, жеңіл атлетикадан студенттер арасындағы бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы болды. Әке-анасының ақ тілеулі үмітін ақтап, қаржыгер мамандығын алып шықты. Алғашқы еңбек жолын 1972 жылы техникумды бітірген бойда жолдамамен Қазалы аудандық ауруханасында қарапайым есепші болып бастады. Жұмысына деген адалдық, табандылық, маңдай тердің арқасында ол қиындығы мол ортаға тез сіңісіп кетті. Алғырлығының арқасында ұжым арасында үлгілі қызметкер атанды. Оның осы еңбегін бағалаған жергілікті басшылар көп ұзамай, оны аудандық СЭС мекемесінің аға есепшісі етіп тағайындайды. Бұл қызметті де ұршықша үйіріп әкеткен өжет қыз үнемі ауылда қалған ата-анасына алаңдап отыратын. Туған жері Қармақшыға ауыстыруды сұрап, талай табалдырықты тоздырған. Ақыры, 1976 жылы Жосалыға оралып, аудандық орталық ауруханаға бас есепші болып орналасады. Өзіне тапсырылған істі әрқашан тиянақты атқарып, сенім үдесінен шыға білген Н.Мықтыбаева 1979 жылы аудандық ауылшаруашылық басқармасына еңбекақы жөніндегі экономист қызметіне шақырылады. Бұл қызметте де айы оңынап туып, шарболаттай шыңдалған білікті маман 1985 жылы аудандық Халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің жоспарлау бөліміне аға экономист қызметіне келді. Осы жолы оған бір мекеменің емес, түгел бір ауданның экономикалық жағдайы, дамуы сеніп тапсырылды. Аталған қызметті абыроймен атқарып қана қоймай, аудан экономикасы мен әл-ауқатының артуына зор үлес қосқан қажырлы қаржыгердің есімі елге танылып, оның қаталдығы мен талапшылдығы туралы әңгімелер жұртқа тез-ақ тарап кетті.
Қызметке жеке бастың жұмысын араластырмайтын «қисық» мінезі ауылдастарының аузында жүрді.
Ел егемендігін алып, азаттықтың ақ таңы атқан тұста жер-жерлерде аудандар мен әкімдіктердің жаңадан құрылып жатқан кезі еді. 1992 жылы Қармақшы ауданының әкімдігі жаңадан құрылған шақта Назира Мықтыбаева алғашқылардың бірі болып аудан әкімі аппаратының бас есепшісі қызметіне шақырылды. Бұл жолы оған бәрін «нөлден» бас­тап, жоқтан бар жасау керек болды. Алдында қаржы бөлімін құрып қана қоймай, оның жұмысын бір жүйеге түсіру міндеті тұрды. Басында расымен қиын соқты. Талай күндері тынымсыз, түндері ұйқысыз өтті. Бірақ кез келген қиындықты еңсеріп үйренген жан бұл қызметтің де «жілігін шағып, майын ішті». Аппараттағы аталған бөлімнің бір жүйеге түсуіне өзінің бай тәжірибесі мен қажыр-қайратын жұмсап, өлшеусіз еңбек сіңірді. Мекеменің тыныс-тіршілігін нарықтық жағдайға бейімдеп, ұйымдастырушылық қабілеті мен табандылығының, заман талабына тез бейімделіп, еліміздің қаржы-экономика саласындағы жаңашылдақтарды лезде меңгеріп, жан-жақты іздене жұмыс жасауының нәтижесінде аудан әкімдігі мен оның аппаратының құқықтық-эконо­микалық тұрғыдан нығаюына қол жеткізді.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында жау­ап­­кершілігі орасан мол, қиын қызметке келген кейіпкеріміз аудан әкімі аппаратының бас маман – бас есепшісі, бас инспекторы қызметтерінде зейнеткерлік жасқа келгенше 20 жыл бойы табан аудармастан ерен еңбек етті. Осы жылдар ішінде мамандығының қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін меңгерген, білімді де білікті маман Н.Ермағамбетқызының атқарған жұмысынан шашау шығып, қателік кеткен емес. Бір тиынына дейін санаулы қиын қызметте құзырлы органдардан қандай тексеру келсе де, «тұяғы сүрінбеді». Өзіне сеніп тапсырылған миллиондаған қаржының «мұрты бұзылмай», тиісті жерлеріне жеткенінше тыным таппады. Заман ағымына ілесіп, білімін күн сайын жетілдіріп отыруды да әдетке айналдырды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай тер төгіп, өзінің бар күш-жігерін жұмсады. Осылайша, ел танып, ауданда оны білмейтін жан кемде-кем болды. Кез келген жерде құрметпен қарсы алып, төрін ұсынды, пікірімен санасты.
Қармақшы ауданына қарасты ауылдық округ әкімдіктерінің есеп бөлімі аудан әкімдігінің аппаратына қараған тұста да, осы жұмыстың басы-қасында болып, ауыл әкімдіктерінің қаржы қызметін шебер ұйымдастыра білді. Қандай жұмыс сеніп тапсырылса да, соңына дейін жеткізгенше тынбайтын оның есімі ауыл әкімдіктерінің есеп бөлімі аудан әкімі аппаратынан өз алдына жеке-дара бөлініп шыққанша сүйемелдеп, аталған жұмысты бір жүйеге қоя білуімен өңір тарихында қалды.
Қаржы саласының үздігі, есеп ісінің шебері Мықтыбаеваның бай тәжірибесі тек Қызылорда облысында ғана емес, республика көлемінде өзінің лайықты бағасын алды. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орын алатын түрлі деңгейдегі мәслихат, Мәжіліс, Парламент, Президент сайлаулары кезінде ауданға бөлінген қаржыны ысырап қылмай, тиімді әрі үнемді пайдалануы – Астана төрінде бірнеше рет ерекше атап өтілді. Бір ғана мысал. 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында ол аудан бойынша 8 миллион теңгені үнемдеп, еліміз бо­йынша үздік үлгі көрсетті. Оның осы еңбегі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы тарапынан жоғары бағаланып, сайлаудағы тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі ретінде насихатталды.
Н.Ермағамбетқызы өзінің еңбек жолында Қармақшы ауданының әкімдігі құрылған алғашқы күннен бастап ауданды басқарған 9 әкіммен түсінісе, қойын-қолтық жұмыс жасады. Қасиетті Қармақшы елінің тізгінін ұстаған аудан басшылары да оның ерен еңбегі мен қажырлы қызметін әркез жоғары бағалады.
Майталман маман зейнеткерлік жасқа шыққан соң да, өмірінің 5 жылын осы қызметке арнап, 2016 жылға дейін аталған лауазымда жемісті әрі абыройлы жұмыс атқарды. 45 жылдық еңбек тәжірибесінде есеп және қаржы саласының көптеген мамандарын тәрбиелеп, осы саланың тұтас бір толқынын баулып шығарды. Бүгінде оның шәкірттері ауданымыздың барлық саласында, түрлі мекемелерде жемісті еңбек етіп келе жатқандарын ерекше атап өткен жөн.
Өзі атқарған қызметіне деген адалдығынан болар, ол ешқашан атақ қуып, марапатқа ұмтылған емес. Керісінше, жұмысына деген жауапкершілікті бәрінен жоғары қойып, қарапайымдылығынан бір жаңылған жоқ.
...Назираның кеудесінде әлі күнге дейін сөнбей, алаулап жанып келе жатқан сағыныш оты бар. Ол – әке-анасына деген сағыныш сезімі. Қаршадай қыздың тағдыры о бастан қиын болды. Оқи жүріп, жұмыс та істеді. Өзінің керек жабдықтарын өз маңдай терімен тапты. Әке-шешесіне еш салмақ салмады. Оқуын өзіндік қиыншылықтармен бітіріп, басқа ауданға жолдамамен қызметке орналасты. Ебін тауып туған жеріне, ата-анасының жанына келіп, еңсесін енді тіктей бергенінде, асқар таудай әкесі айықпас дертке шалдықты. Оны қаратпаған дәрігері, көрсетпеген емханасы қалмады. Басқа қалалар былай тұрмақ, Мәскеу асты. Бірақ емі табылмады. Көп ұзамай әкесі ауыр науқастан мәңгілік сапарға аттанды. Назира іштей әкесін ажалдан арашалап алып қала алмағанына қынжылды. Бұл бұл ма?! Әкесін жер қойнына тапсырғанына ай өтпей жатып, анасы да төсекке таңылды. Бұл оқиға оған қатты соққы болды. Анасын да арқалап апармаған жері қалмады. Медицинадан еш қайран болмаған соң, үлкендердің айтуымен әулие-әмбиелерді жағалады. Бірақ бұл жолы да ешқандай ем қонбады. Арада жыл өтпей жатып ардақты анасынан айрылған оның жүрегі қанжылап қала берді. «Тағдырдың жазуы ғой» десек те, әкесі де, анасы да өте жас кетті. Назираның өзегін өртейтін өкініш те – осы. Осы оқиғадан кейін нәзік жүректі қыздың еңсесі түсті, күш-жігері сарқылды. Өмір сүруге деген үміті жоғалды. Жас­тайынан бейнет көріп, қиындықтан көз ашпаған әке-шешесін армандарына енді жеткіземін деп жүргенінде, бір жылдың ішінде бірінің соң бірі о дүниелік болып кете барғандарын ойлап, қатты қайғырды. Бір емес, екі бірдей асылын бірден жоғалту соншалықты ауыр тиді. Анасын арулап көмген соң, Назира төсек тартып жатып қалды. Ұзақ ойланды. Өмірден баз кешті. Бірақ өзімен бірге аңырап жылап қалған жалғыз інісінің артындағы ұл-қыздарына қарап, бойын қайта тіктеді. Інісінің үлкен ұлы Нұрсұлтанды анасы бауырына басқан болатын. Айналшықтап жанынан шықпай жүрген соған қарап, анасының: «Қызым, Назираш. Мен мына баланы әке-шешесінің жылы құшағынан айырып, бауырыма басып едім. Бекер жасаған екенмін. Ауру дендеп, қапияда кетіп бара жатырмын. Әрі қарай жеткізу – саған аманат. Артыңдағы ініңнің ұл-қыздарына, жалғыз келініңе қамқор бол. Нұрсұлтаным дұрыс тәрбие алмай, дүбәра болып қалмасын» деген соңғы аманаты есіне түсіп, өмірден қанша баз кешсе де, қайтадан атқа қонды. Анасы жеткізе алмай кеткен Нұрсұлтанды бауырына басты. «Не әкемді, не шешемді ажалдан арашалап алып қала алмадым, ендігі жерде менің отбасым – сендерсіңдер» деп бауыры мен келініне қамқор болды. Жалғыз өзі қаншама қиындықтарға, қатал тағдырға қарсы тұрды. Кемесін толқынға қарсы жүзгізді. Інісінің ұл-қыздарын оқытты. Қатарынан, құрбы-құрдастарынан кем қылмады. Сіңілілерінің ұзату тойларына дейін өзі жасап берді. Аудан басшылары сеніп тапсырған қызметін де қатар алып жүрді. Бір сөзбен айтқанда, бәріне үлгерді, кез келген істе алда болды. Кіршіксіз таза ниетпен жайған ақ дастарқанынан еліміздің танымал тұлғалары, әр кездері қызмет еткен облыс басшылары мен қоғам қайраткерлері, еліміздің өнер саласының белгілі адамдары дәм татқаны – өз алдына бөлек әңгіме.
Бүгінгі таңда Назира Ермағам­бетқызы – тамырын тереңге жайған үлкен әулеттің ақылшы данасы, бауырлары мен немерелерінің жол көрсетер шамшырағы, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, үлкен өмір жолына қанат қақтырған кеңпейілді тұлға. Ата дәстүрмен бауырына басқан баласы Нұрсұлтан – бұл күнде есімі елге белгілі журналист.
Бауыры Ертуған мен келіні Бақытгүлдің кенже қызын: «Әке-анамды ұмытпай, күнде аттарын айтып отырайық» деген ниетпен ырымдап Ләтипа деп атап, тегін атасының атына жаздырды. «Нұрсұлтаным үйден жырақта жүргенде, жаныма серік болсын» деп бауырына басты. Бұл күндері Ләтипа да бой жетіп, студенттік өмірге қадам басқалы отыр.
Қай кезде болса да әділ, қатал сыншы – ең алдымен халықтың өзі. Бұл күнде тұрғындар арасында Мықтыбаеваның абырой-беделінің жоғары болуы – ең алдымен ұзақ жылдар бойы аудан игілігі жолында атқарған тынымсыз еңбегі мен сарқылмас қажыр-қайратының арқасы болса керек. Өмірінің 45 жылын қаржы саласына арнап, Қармақшының әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, ауданда осы саланың алға басуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Назира Мықтыбаева өткен жылдың соңында «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атанды.
Әр адамның тағдыр-талайы, өмір жолы өзінше ерекше. Алла тағала қуаныштары мен жақсылықтарын әркімге-ақ береді. Ал қиындықтары мен ауыртпалықтарын белі бүгілмей, туы жығылмай көтере білетін нар мінез, қарағайдың бұтағына қарсы біткен қайтпас, қайсар, табанды құлдарына сынақ ретінде жібереді екен. Назира Ермағамбетқызы да жаратылысынан бүгілуді білмеген, болымсызға үгілуге көнбеген жан. Міне, осы қасиеттерінен болса керек, елін, кәсібін ерекше сүйген, елдік қасиеттерді көкірегіне тұмар қылып түйген асыл жанды ауылдастары мен облыс халқы «Қармақшының нар қызы» деп атап, ерекше қадір тұтады. Бұл атау өзіне жарасады да. Әрі Назира апайға деген жерлестерінің ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігінен туған осынау теңеу оның тұлғасын, кісілік келбетін дәл ашады. Себебі, жүк ауырын нар ғана көтеретіні ақиқат.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

29 қаңтар 2022 ж. 12 503 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031