» » Мамандығының мақтаны

Мамандығының мақтаны



«Ер еңбегімен еңселі» дейді халқымыз. Ырыс-несібеңді еселеп, отбасыңа құт-береке дарытар, әл-ауқатыңды арттырар адал еңбек, маңдай тер екендігі мәлім. Адал еңбегімен көпке үлгі болған жанның бірі ­– Нұрлан  Жанғабылов.
Түрлі қызметтік сатылардан өтіп, саналы ғұмырының 30 жылдан астамын зоология саласына арнаған ол мамандыққа адалдығын танытты. Жұмысына жауапкершілігі мол білікті маман ауданға қарасты Тұрмағамбет ауылының тумасы. Сол ауылдағы мектепті тәмамдап, Шымкенттегі медициналық училищеде санитарлық дәрігердің көмекшісі мамандығын меңгереді. Өзімен бірге оқитын Айгүлді ұнатып,
Тараздық бойжеткенді Қармақшы жеріне келін етеді. Онан кейінгі өмір жолы қызметпен өріледі. Еңбекке кіріскендегі алғашқы қадамы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында санитарлық дәрігердің көмекшісінен басталады. Мұнан соң Жосалы обаға күрес бөлімшесінде зертханашы қызметін атқарса, кейін сол мекеменің зоолог қызметіне ауысқан. 2007 жылдан бастап «Аса қауіпті инфекциялардың эпизоотологиясының алдын алу» зертханасында  зертхана меңгерушісі қызметін атқаруда.
Көпшілік бұл мамандықтың қыр-сырын жете түсінбеуі мүмкін. Десе де бұл саланың мамандары қоғам үшін маңызды орынға ие. Нақтырақ тоқталсақ, зоологтар – жануарлар түрлерінің кең ауқымын зерттейді. Олардың міндетіне ғылыми жобаларды әзірлеу және жүргізу, деректерді талдау, ғылыми есептерді жазу және жариялау, жануарлардың әл-ауқатын қамтамасыз ету, қоғамды тәрбиелеу, табиғатты қорғау шараларын дамыту және асыл тұқымды мал шаруашылығы бағдарламаларына көмек көрсету жатады. Жан-жануарларды зерттеу арқылы қоғамды зиянды нәрселерден қорғау да сала мамандарының басты ұстанымы.
Өз жұмысына деген аса ұқыптылығымен, іскерлігімен, біліктілігімен және мамандығына деген адалдығымен көптеген жетістікке жеткен маманның қоржыны жақында тағы бір орны бөлек марапатпен толықты.  Ол – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі мен ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың «Адал еңбегі және денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» деген құрмет грамотасы. Құрметке лайық жанның жоғары марапатқа ие болғанына әріптестері де қуанышты. Ал марапат иесі ең бастысы адал еңбек ету керегін алға тартады.
­ – Отбасым мен балаларым үшін, олардың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еттім. Оларды да адал еңбекке баулып, өзгенің ала жібін аттамауға, білім-ғылымға ұмтылуға үйретудемін. Өз кәсібіңді сүю, істің көзін тану қай кезде де оң нәтижеге, жақсы жетістікке жетелейді. Біз қиын-қыстау кезеңді де, жаңа елдің құрылу кезеңін де бастан кешірдік. Жалақы мен жұмыс жағдайына аса мән бермедік. Нәтижелі және сапалы жұмыс істеуді мақсат еттік. Бүгінде біздің ізімізді жастар жалғап келеді. Олардан жастық жалын есіп, жігері жанып тұруы тиіс, ­­ – дейді Нұрлан Мырзаханұлы.
Иә, адам баласы істеген кәсібімен, игерген мамандығымен көгереді деген рас-ау. Ұзақ жылғы тынымсыз еңбек өзіне лайықты бағасын алуда. Денсаулық сақтау министрлігінен келген бұл марапат ­– білікті маманға берілген әділ баға десек, артық айтқандық емес. Нұрлан Мырзаханұлы жары Айгүлмен бірге ұл-қыз өсіріп, 4 немере сүйіп отыр. Бір саланы таңдаған ерлі-зайыптылардың өмірі өнегеге толы. Отанасы Айгүл Жанғабылова да ұзақ жылдан бері «Ұлттық сараптама орталығында» зертханашы болып қызмет етеді. Ата-ана жолын жалғаған қыздары Айгерім бүгінде облыстық обаға қарсы күрес мекемесінде зоолог қызметін атқарады. Марапат төрінен көрінген әкені отбасы да, әріптестері де мақтан тұтады. Ағалық ақылы мен іскерлігі, үлгі тұтуға лайықты өмір жолы бар осындай өнегелі жандардың қатары көбейе берсе екен дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
03 тамыз 2021 ж. 655 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031