» » Мамандыққа деген адалдық

Мамандыққа деген адалдық


Әр адамның өмірінде ұстаздың орны бөлек. Кімде-кім өміріне көрік беріп, көкірек көзін оята білген ұстазын есінен шығармасы анық. Ал мұғалім болу оңай көрінгенімен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мамандығын сүйетін нағыз ұстаз атану – бақыт, әрі абырой. Ұлы педагог Ы.Алтынсариннің «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» дегеніндей, ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық атаулының ұлысы.
Біздің мекенде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шеберіне айналған кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің еңбегімен дараланған – Алмасбек Тоқабаев. Ол шәкірттерін мамандыққа баулыған ұлағатты ұстаз. Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Алмасбек Науқанбайұлы ауданға қарасты Ақтөбе ауылының тумасы. 1979 жылдан бастап бүгінге дейін Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінде «Өндірістік оқыту шебері» болып жұмыс атқарып келеді.
– Ұзақ жылдар бойы арнайы кәсіби мамандарды тәрбиелеп келемін. Әрдайым «Тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» дегенді негізге аламын. Басты ұстанымым да – осы. Өйткені кәсіби маман болу бір бөлек. Ал шынайы адам болудың жөні бір басқа. Қай деңгейде болсаң да, адами болмысты сақтап, адалдықты ту ету – әр пендеге парыз. Шәкірттеріме де осыны ұқтыруды мақсат етемін, – дейді А.Тоқабаев.
Әрбір ұстаз ұлт пен ел тағдырының жарқын келешегі үшін қызмет етеді. Саналы өмірінің 46 жылында білім саласында қызмет етіп қана қоймай, шәкірттерін терең білім, адалдық, ізеттілікке баулыды. Осылайша, ой жарыстыратын заманда бүгінгі оқу-білімнің маңыздылығын сіңіртуде бірнеше буын ұрпаққа өмір әліппесін үйретіп, сапалы, жан-жақты білім алуға жол салып берді. Парасатты педагогтың жас ұрпақтың санасына сыналай енгізген тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі өлшеусіз. Сонысымен де ордалы білім ошағында қажырлы қызмет атқаруымен абыройлы. Кәсіби маман даярлауға бет алған колледждің жас мамандарының білікті ұстаздан үйренері мол.
Білікті маманның өлшеусіз еңбегінің еленусіз қалмайтыны анық қой. Заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, зерделі, ой-өрісі кең жастарды тәрбиелеуге, білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алған марапаттары мен жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай көп. Бір парасына тоқталып өтсек. Білім берудегі тынымсыз еңбегі үшін облыстық кәсіподақ комитетінің, облыстық білім басқармасының марапаттарына ие болса, 1997 және 2001 жылдары «Үздік өндірістік оқыту шебері» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанған. 2019 жылы «Смағұл Ысқақовтың 100 жылдық» мерекелік медалін кеудесіне тағынса, студенті «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының облыстық іріктеу кезеңінде ІІ орынды иеленіп, ұстаз мерейін асқақтатты.
Бұл жетістіктер – үздіксіз еңбек пен төгілген тердің шынайы нәтижесі. Алмасбек Науқанбайұлы – ұлағатты ұстаз ғана емес, сан жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін әріптестерімен бөлісе білетін тағылымды жан.
– Ұстазымыз – талапшыл. Бірақ сол қатаң талаптың арқасында таңдаған саламыздың қыр-сырын толық меңгерудеміз. Өз ісін жетік білетін білікті маманнан тәлім алғанымызға қуаныштымыз, – дейді шәкірттері.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 қараша 2020 ж. 1 582 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031