» » Тәлімі ерек, тұлғасы бөлек

Тәлімі ерек, тұлғасы бөлек

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жан. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын адам жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған.
Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушығалым Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалауы тегін емес. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған.
Осындай құрметке ие ұлағатты ұстаз – Тұрсынкүл Керуенбаева туралы ой толғағым келді. Тұрсынкүл апайымды мақтанышпен айтумен қатар, ұстазым жайлы ойлағанымда тамағыма өксік тығылып отыр. Апайдың мерейтойына жырдан шашу шашып, балалық шақтың бал күндеріне саяхат жасаймыз деп жүргенде апай туралы естелік жазамын деп ойламаппын. Т.Жайылханқызы бар ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаздың бірі. Ол Тұрмағамбет ауылындағы №29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ұстаздық етті. Саналы ұрпақ пен білікті тұлға тәрбиелеуде айрықша үлес қосқан апайдың еңбегі елеусіз қалған емес. «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі кеудесінде жарқыраған апайымызбен біз де кеудемізді кере мақтанамыз. Оның шәкірттері әр алуан мамандықтың тізгінін ұстап, бірі – мемлекеттік қызметте жұмыс істесе, енді бірі – абырой биігінен көрініп жүр. Бастауыш сыныпта әліппеден бастап, мектепті бітіртіп, біздердің өмірде өз жолымызды тауып, кірпіш болып қалануымызға мұрындық болды. Сол балалық шақтағы кездер есіме түссе, еріксіз жымиямын. Ол кісі ұстазым әрі жеңгем болып келетін-ді. Үй тапсырмасын сұрамақшы болып, тақтаға шығарарда сіңілім Айгүл екеумізді (Жадырадан қалмай, мен де мектепке барамын деп, алғырлығының арқасында Айгүл екеуміз бір сыныпта оқығанбыз) фамилиямызды атамай, атымызбен шақыратын. Бұл да апайдың көрегенділігі мен тектілігі, келіндік міндетін сезінгені, әулетке деген ерекше құрметі еді. Ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтыны, қол жеткізсе де тиісінше кәдеге асыра алмайтыны имандылықта айтылады. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлімтәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Апай сабақ түсіндіргенде сыныпта шыбынның ызыңы ғана естіліп, барлығымыз ұйып тыңдайтынбыз. Апайдың тілі жатық, жазуы тайға таңба басқандай анық, әріптерді маржандай тізілтіп сұлу жазатын. Әрі соны бізден талап ететін. Сыныпта барлық оқушылар сауатты жазатын, қандай сайыс болсын ылғи алдыңғы орынды жеңіп алатынбыз. «Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөзде айтылғандай, жыраулық өнерге баулыған әкем, ұстазым Сүйінбай Ақбаевтан дәріс алуыма да, сөз құдіретін түйсініп осы жолды таңдауыма да, мені апайдың әдебиетке жастай баулығаны себеп болды-ау деп ойлаймын. Қазіргі уақытта Қызылорда қалалық «Өнер» мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөнінде орынбасары қызметін атқарып, ұстаздық жолды жалғастырудамын. Тәрбиелеп жүрген шәкірттерім халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы ретінде абыройға бөлеп келеді. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт болмас, сірә. Абай атамыз айтпақшы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан», деп Тұрсынкүл апайдың ұлағатымен өз орнымызды таба білдік. Пенденің арманы таусылған ба, әттең қазір Тұрсынкүл апай арамызда болғанда ғой, мен осы жүрекжарды әңгімемді өзінің жүзіне қарап отырып айтқанымда, апайдың ажары қуаныштан бал-бұл жанған болар ма еді?! Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі – ұстаздың қолында. Тәуелсіз ел атанып, көк байрағымызды желбіретудеміз. Тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы мұғалім. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенбек.
Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Жадыра ҚОЖАТАЕВА
06 қазан 2020 ж. 1 295 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031