» » Білімді жастың ертеңі жарқын

Білімді жастың ертеңі жарқын

Ұлт ұстазы, қазақтың өткен ғасырдағы руханиятының көш басшысы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы» деген. Арада бір ғасыр өтсе де Алаш арысының бұл сөзі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Өйткені қай дәуір болмасын, ол қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ.
Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, мейірімділік пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Әр таңның атысы мен әр күннің батысы өзінің емес, сіздің қамыңыз үшін қамығып жүретін әрбір ұстаз атаулы жандардың еңбегін ұлы демей не дейсіз?!... Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Отанымыздағы миллиондаған балаға білім үйретіп, тәрбие тағылымын дарытып келе жатқан мыңдаған мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеріп, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық иелері.
Әлем күн сайын жаңаруда. Күн сайын түрлі жаңалық ашылуда. Күн сайын жаңа жобалар іске асырылуда. Сондықтан әр күнге жаңаша көзқараспен қарайтын мұғалімге жүктелген міндет үлкен жауапкершілікпен атқарылып келеді.
Мұғалімнің еңбегі және өзіндік орны соңғы алты ай ішінде ерекше байқалғаны даусыз. Бұған себеп, әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Елдегі мегаполистердің карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы – біздер үшін күтпеген жаңалық болды. Ал, ең үлкен өзгеріс – мектептердің қашықтан оқытуға көшуі. Бұл жағдайда сапалы, ең бастысы нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру екі есе қиындай түскені анық. Сондықтан қашықтан оқыту жүйесіне бейімделмеген мұғалімдер мен оқушылар біраз қиындыққа тап болды. Бұл қиындықтарға қарамай, оқушылардың білім алуына ұстаздар аянбай еңбек етуде.
Дегенмен, ұстаздар қауымы білім мен білік бәсекелес заманда шәкірттерінің биіктен көрінуіне, сапалы білім алуына тәжірибелерінің жаңашылдығы мен жан-жақты берген тәрбиесі арқылы қол жеткізіп келеді. Ауданда 2048 мұғалім қызмет етеді. Білім беру жүйесі жаңару тұсында педагог қызметкердің де кәсіби дайындық сатылары өзгерді. Бүгінгі күнгі тәртіптемемен аттестациядан өткен мұғалім саны – 1163. Оның ішінде біліктілік санаты бойынша «педагог-модератор» – 497, «педагог-сарапшы» – 536, «педагог-зерттеуші» – 270, «педагог-шебер» – 1 мұғалім бар. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Өмірін шәкірт тәрбиелеу жолына арнаған ардақты ұстаздардың еңбегін ерекше атағанды жөн көрдім. Есімі құрметпен аталатын "Ы.Алтынсарин" төсбелгісінің иегерлері – ардагер ұстаз Д.Жалғасбаева және М.Төрешова, Г.Қазтуғанова, Г.Тұрымтаева, М.Әбдіқасов. «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрметті төсбелгісімен 15 мұғалім марапатталды. Бұл ұстаздардың есімін жас толқынға өнеге етіп мақтанышпен айта аламыз.
«Бала оқытуда ұстаздың жұмысы ширақ, өзі жігерлі, қызу болғаны дұрыс» деген Жүсіпбек Аймауытов сөзінің бүгінгі күн үшін мәні өте зор. Қазіргі таңда аудан мектептерінде жаңа технологиямен қаруланған, білім мен ғылымдағы соңғы жетістіктерді серік еткен шығармашыл ұстаздар білім беруде. Осындай шығармашыл ұстаздардан білім алған шәкірттер де ізденіс арқылы табысқа жетуге дағдыланған. Ал олардың түбінде бір-бір тұлға болып қаланып шығатындары да даусыз. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» демекші, жеке даралыққа жастай дағдыланып келе жатқан жастарымызды өз замандастарынан тек білім арқылы озық тұрады деп батыл айтуға болады.

Білім сапасының таразысы – пәндік олимпиада мен ғылыми-зерттеу конкурстары. Өткен оқу жылында аудан оқушылары түрлі білім додасына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданнан 31 оқушы 13 пән бойынша өз білімдерін сынға салды. Нәтижесінде 16 оқушы жүлделі орынмен оралды. Олимпиада қорытындысымен облыс бойынша «Ең үздік команда» атымен Қармақшы командасы ІІІ орынды иеленді. Пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне 7 мектептен 8 оқушы жолдама алды. 9-11 сынып оқушылары арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне ауданның 15 мектебінен қатысқан 26 оқушы (І орын – 2, ІІ орын – 4, ІІІ орын – 20) жүлделі орын алса, 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының республикалық «Зерде» конкурсының облыстық кезеңіне 13 оқушы қатысып, нәтижесінде 10 оқушы жүлделі орынға ие болды. Ақмола облысы, Щучинскі қаласында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен «Зерде» конкурсының Республикалық қорытынды кезеңінде облыстан оза шыққан №199 орта мектептің 3 сынып оқушысы Тыныштық Асқар І орынды алып қайтты. Бұл дегеніміз – мектеп мұғалімдерінің аянбай еңбек етуінің жемісі екендігі сөзсіз. Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылғы еңбегінің жемісі – білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім.
Өскелең ұрпақтың болашақтағы қызметі алған білімінің сапасына байланысты болады. Білім мен ғылым – еліміздің ең басты байлығы. Сапалы білім алған жастар өздерінің алға қойған мақсатына қол жеткізе алады. Ал, оқушылардың алған білімдерін саралайтын үлкен сынақ ол – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Ұлттық бірыңғай тестілеу – Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі. ҰБТ нәтижесі мұғалімнің де, мектептің де жұмысының нақты көрсеткіші. Өткен оқу жылында аудан бойынша бітіруші 563 түлектің 459-ы жоғарғы оқу орнына орналасса, 559-ы жалпы оқу орнымен қамтылды, 1 оқушы әскерге, 3 оқушы жұмысқа орналасты. (100%) Жоғарғы оқу орнының жалпы білім грантының конкурсына 386 бала қатысып, 326-сы мемлекеттік грант жеңіп алды. Осы орайда, ұлттық бірыңғай тестілеудің оқушы мен ұстаз үшін маңыздылығын айта келе бұл маңызды жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін атап кеткім келеді.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Ал, ұстаздарымыз үшін басты міндет бүгінгі ХХІ ғасыр талабында жанжақты, ел тарихын жетік білетін, заман талабына сай егеменді еліміздің ертеңі бола алатын азамат тәрбиелеу.
Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет пен ұстаздық еңбек. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Мектеп қабырғасында болсын, қашықтан оқыту үрдісі болсын мұғалімдердің білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы сіңіріп жатқан еңбегі зор.
Білім деңгейі мен ұстаз беделінің шарықтауы әлбетте ұстаздардың шығармашылыққа қабілеттілігі, ізденімпаздығы, өз пәнін терең игеруі, жаңашылдыққа жақын тұруы, Отан алдында жауапкершілігін сезіне білу болса, Мемлекет басшысы ұстаздардың осы еңбегін бағалап, мүддесін қорғау мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл ұстаздардың мерейін одан әрі өсіріп, еңбекке деген құлшыныстарын арттырды. Мұғалім еңбегінің лайықты бағалануы – баянды болашағымыз үшін жасалып жатқан игі іс.
Осы тұста барлық білім саласы қызметкерлерін төл мерекесі – Мұғалім күнімен құттықтаймын! Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Ұстаз деген атқа ие болған адам – ең бақытты адам. Өйткені сіздер көп адамның тағдырына әсер ете аласыздар. Сондықтан еліміздің ертеңгі келешегі сіздердің қолдарыңызда. Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін! Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңізге табыс, шығармашылық жетістіктер, саламатты денсаулық және білім мен ғылымды игеруде ілгері ізденісте болуларыңызды тілеймін.
Дастанбек НӘЗІКБАЕВ,
аудандық білім бөлімінің басшысы
03 қазан 2020 ж. 1 215 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031