» » ҰСТАЗ БЕН МҰҒАЛІМНІҢ АЙЫРМАСЫ ҚАНДАЙ?

ҰСТАЗ БЕН МҰҒАЛІМНІҢ АЙЫРМАСЫ ҚАНДАЙ?

Ұстаз бен мұғалімнің айырмасы бар ма? Бар болса, несімен ерекше? Ұстаз да, мұғалім де – бала жанының бағбаны емес пе? Олай болса оны бір-бірінен айырып қараудың қажеті бар ма? Әлде, бұл сөздердің астарында біз білмейтін, біз тереңірек бара алмайтын басқа сыры мен сымбаты бар ма екен? Қош, әңгімеміздің әлқиссасын ұлылардың сөзімен бастап көрелік.
Ұлылардан қалған сөз
Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби ұстаз жайында: «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Өнер-білімге құштар, ас қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» дейді. Ал, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев болса, «Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан болады» дегенді айтады. Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновты тыңдасақ, «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен көбірек білім алып шықпақшы», деп тұжырым жасаса, жазушы Мұхтар Әуезов: «Ұстаз – ұлы есім» деп, ұстазға ең жоғары баға береді. Ұстаз тұрғысында сөз қозғамаған адам жоқ десек болғандай. Оның ішінде әлемдік деңгейдегі белгілі тұлғалар да бар. Жан Жак Руссо: «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деп ұстаздық етудің машақатын осылайша түсіндіреді. Мұғалім туралы да ой-пікірлер жетіп артылады. Қазақ даласына алғаш мектеп салдырып, қараңғы түнек көзіне, күн болып жарқыраған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі, – дейді. Қазақтың тағы бір аяулы ұлы Мәлік Ғабдуллин: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді», – дейді. Зерделей қарағанда, қай қоғам қайраткері де ұстазға да, мұғалімге де зор құрметпен, қошеметпен қарайтыны аңғарылады. Бұл жағынан ұстаз бен мұғалімді бөліп қараудың қажеті шамалы сықылды.
Тағы оқи отырыңыз
Ұстаз дегеніміз кім?
Ұстаз – әсілінде, ұста, шебер, тәлімгер дегенге саятындай. Мағынасы жағынан да, мәні жағынан да ауқымы анағұрлым кең тұрғандай. Себебі, ұстазсыз өмірде қандай да бір жетістікке қол жеткізу оңай емес-ау. Тарихқа көз жіберер болсақ, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алған. Соған қарап «Ұстаз – тәрбиелеуші» тұлға дегенге тоқтауға толық негіз бар. Оны тек қана мектеппен, білім ордасымен байланыстырсақ, қателеспейміз бе? Сондай-ақ, белгілі бір құжатқа теңеп қою да міндетті емес. Байқап қарасақ, ұстаз сөзі – бұл адамға ғана айтылмайды екен. Кейде аталарымыздың: «Менің ұстазым – өмір» дейтінін жиі естиміз. Адамның адам болып қалыптасуына, іс бастауына, берекелі болуына расында да, кей кезде өмірдің өзі ұстаз болып жатады. Қазақ даналығында «өмір – шебер» дегені бекерге айтылмаса керек-ті. Ал, діни танымда ұстаз – ақиқаттың ақтаңгері, адамды ізгілікке, жақсылыққа бастаушы, жол көрсетіп, бағыт сілтеуші. Түптеп келгенде, ғылым-білім маңызын шәкірт жүрегіне егуші. Яғни, ұстаз болудың өзіндік жауапкершілігі аз емес. Діни ұғымда ұстазға – пір деп те қаралса, қазақтың дәстүрлі мәдениетінде рухани адамгершілігі жоғары, өнегесі күллі адамзат баласы мен түркі әлеміне жол нұсқайтын рухани ұстаз ретінде сипатталады. Мысалы, Абай ақынның ағартушылық, көшбасшылық идеясын Алаш­тың арда азаматтары өздеріне әдіс­темелік ұстаным еткенін білеміз. Ке­ңестік дәуірде де осы идеялар жаңа бағыт алды. Өңі өзгергенімен, өзегі сақталды.
Ұқсас жаңалық
Мұғалім – мәртебелі мамандық
Серке Қожамқұлов ағамыз: «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген екен. Мұғалім – мәртебелі де ме­рейлі мамандық. Өйткені, мұғалімнен сабақ алмайтын, мектеп табалдырығын аттамайтын адам болмайды. Мемлекет­тің болашағы – жас ұрпақ десек, ұрпақ­тың тәрбиелі де, білімді болып ер жетуі, өмір­ге бейімі – алтын ұя мектептегі абзал жүректі ұстаздарға байланысты. Ұстаздық – барлық мамандықтың анасы. Батырлық та, батылдық та – бала санасына ұстаз арқылы сіңеді. Ұстаздың құлаққа жағымды жылы даусы, мейірімге толы жүзі, тіпті оның киім киісі мен жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, бәрі, бәрі бала жадында сақталады. Әрине, үлкен жүректі ұстаз болу – бір күннің ісі емес. Бұл пікірмен кім болса да келісер. Мұғалім де әртүрлі. Бірі – жас, енді бірі – жан-жақты ізденуші, ал кейбірі өмірден де, еңбек тәжірибесінен де жиған-тергені мен көрген-түйгені мол мұғалім. Мейілінше, мұның соңғысы – ұлағатты ұстаз атауына әбден сай келмек. Жоғары оқу орнын бітіріп келіп, еңбек жолын жаңа бастаған жалынды жас­тан да күтер үміт көп. Қазір уақыт мүлдем басқа. Салаға да қойылар талап, көзқарас өзгеруде. Орта мектептер жаңартылған білім бағдарламасымен дәріс алуда. Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы қызмет» дейді. Себебі, келешектің данасын да, дарасын да, ғалымын да, еңбеккерін де өсіріп, тәрбиелейтін, үлкен өмірге қанатын қатайтатын да – ұстаз, осы мәртебелі мамандық иелері. Ана – баласына өмір сыйласа, ұстаз – адам баласына ізеттілік, әдептілік нұрын себеді. Ұстаздан тәрбие алмайтын, тәлімін теңемейтін адам жоқ. Баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу де, балаға білім беру – мемлекет болашағына инвестиция құюмен тең. Бүгінгідей алмағайып дүниеде келешек ұрпағымызды саналы да сапалы, бәсекеге қабілетті ету – мұғалім мойнындағы басты міндеттің бірі болып отыр. «Өмірдің заңы – ілгерілеу, озу. Соған сай, өзінен шәкірті озған ұстаз – ең бақытты ұстаз», – дейді бала бақытын аялай білетін ізгі ниет иелері. Бұл күн нұрынан жаралған ұстаздар қауымының балаға деген махаббатынан туған ақ тілек болса керек.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
10 қазан 2018 ж. 9 331 1

Жанат от 9 маусым 2021 12:50
Қайырлы күн! Мақала өте керемет жазылған. "ҰСТАЗ БЕН МҰҒАЛІМНІҢ АЙЫРМАСЫ ҚАНДАЙ?" сұрақ кімнің де болса көкейінде. менің ойымша, ұстаз еңбегіне ақы сұрамайтын, барымен беріліп білім беруші. Ұстаз-ана, ұстаз - әке, ұстаз - аға, ұстаз - әже болғанымен, мұғалім бола алмайды. Айырмашылық "менің ойымша" осы да!

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031