» » Атақты ма, ардақты ма?

Атақты ма, ардақты ма?

Ұстазға керегі не осы? Баланың шамшырағын жағу ма? Әлде еңбегін пұлдап, атақ қуу ма? Ұстаз дегеннен асқан атақ бар ма өзі?
Бар екен! "Ұлт ұстазы", "Алаш ұстазы", "Ұлы дала ұстазы", "Ғасыр ұстазы"...
Бұл атақты алу соңғы уақытта сәнге айналды. Екінің бірі – "Ғасыр ұстазы", екінің бірі – "Алаш ұстазы". "Ұлт ұстазын" тағы қосыңыз. Ақысын беріңіз, жеті атаңызда болмаған, жетпіс жеті бабаңыз алмаған атаққа ие боласыз. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз.
Қазақта ұстаздан асқан ұлық мамандық жоқ. Әкім де, хәкім де, ел басыда, қолбасы да ұстазға бас иеді. Ал қазіргі мұғалімнің бәрін ұстаз деп айта аламыз ба? Сұрақ қайда жатыр. "Менің атым Қожа" фильмін көрген боларсыз. Сонда Рахманов ағай: "Ұстаз – баланың шамшырағын жаға білу керек" – дейтін еді ғой. Қандай ұлы сөз. Баланың шамшырағын жақпаған қалайша ұстаз болмақ?
Енді мынаны ұғу керек: мектепке барып-кетіп, 45 минут дәрісін ғана беріп жүргендер мұғалім де, оқушы шамшырағын жаққандар ғана ұстаз болады.
"Ұлт ұстазы" деген атақ тек Ахаңда, Ахмет Байтұрсынұлында ғана бар. Басқа ешкімде. Қазақ үшін Абай Құнанбайұлы қаншалықты ұлық болса да, "Ұлт ұстазы" не "Алаш ұстазы" һәм "Ғасыр ұстазы" деген атағы жоқ. Ал Ахметке неліктен "Ұлт ұстазы" деген атақ берілді? Өйткені А.Байтұрсынұлы негізін салған "Әліппемен" кешегіге дейін ("Сауат ашу" оқулығы шыққанға дейін) миллион ұрпақ дүниені таныды, сауатын ашты. Алла бұйыртса, келер оқу жылынан бастап, атқа мінерлердің сөзіне илансақ қанша ұрпақ әлі талай "Әліппемен" сусындамақ. Ал осыдан кейін қай ұстаз өзін "Ғасыр ұстазы", "Алаш һәм ұлт ұстазымын" деп кеуде соғар? Әлде Мөңке би айтқан "Көл – теңізге теңеледі, сиыр – өгізге теңеледінің" кері ме?
Ал мұндай атақ бізде қайдан жүр? Әлде мектептегілерге "Мадақ жиыңдар, атақ алыңдар, медаль мен орден табыңдар" дейтіндер бар ма? Бұрын бір қазақ "Қысыла, қысыла қыз болдық" деген екен. Соның кері емес пе? Әдетте мұғалімнің мойнына бар жүкті іліп қоятын әдетіміз. Атаулы-атаусыз шараға қатысатын да, көше сыпыратын да, мерекеде "келмегендердің" орнын толтырып тұратын да мұғалім. Қаптаған "міндетті емес" міндеттердің қатарын саусақпен санасақ алақанға біткендердің саны жетпейді.
"Мақалам шығу" керек деп шырылдап жүрген талай ұстазды көргенбіз. Әлі талайы редакция аралайды. Осындайда көмекке "коммерциялық" журналдар келеді. Ішіне топтастырып мұғалімдердің мақаласын орналастырады да шығарады. Ара-тұра мақтау қағазын таратып, мұғалімдерді арзан мадаққа мәз етіп, ел кезіп келіп-кетіп жүр сол жорналшылар. Олардікі "ақысын берсе, дәнеңесін шығаратын" тірлік. Сондай бизнесті жандандыруға тапсырма беруді әдетке айналдырған құзырлы орындар себепші ме деп қаламыз кейде.
Ұстаз, ұлт, ұлы, ұлық, ұят. Аса қастерлі сөздер. Ал қастерлінің мәнін жойып, қасиетін қашыру үшін жанына арзан дүниені қоса салса болғаны. Қазір не арзан, мадақ арзан! Аулада жүрген ит те "жақсы сөз" есту үшін аяққа оратылмай ма? "Күшкә, күшкә, алыпсоқ, түлкі қуып, қасқыр соқ" деп басынан сипасаң, одан әрі далақтап кетеді.
Ахмет Байтұрсынұлына "Ұлт ұстазы" деген атақты Мағжан Жұмабаев телген. Өз мақаласына арқау етіп, Ахаңның меншікті құрметі еткен. Ал Байтұрсынның баласынан астым дегендер бар еңбегін жиып Мағжан Жұмабаевқа барсын. "Ұлттың екінші ұстазы" деген атақ бере ме екен? Жоқ. Ұстаздық – қасиет. Арзан атаққа иланып, қасиетіңді қашырма, инемен құдық қаздырғандарым.
Дастанбек Садық
06 тамыз 2019 ж. 2 217 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Ақсұлу
29 желтоқсан 2024 ж. 72
СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ

20 қараша 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031