» » Дәрігер бақыты

Дәрігер бақыты

Ақ халатты абзал жан дегенде өз мамандығына барынша берілген, адамның тәні мен жанын қоса емдейтін білікті дәрігер көз алдыңа келеді. Оның үстіне ол аяулы дәрігер ана деген асыл жандарға қуаныш сыйлап, іңгәлап дүние есігін ашатын нәрестелерді алғаш ыстық алақанымен аялап, ана құшағына ұсынып, ақ жаулықтылардың өміріне жаңалық әкелетін жан болса, ол мамандық иесіне қандай құрмет көрсетсең да жарасымды.
Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алтынкүл Төлепбергенқызы бүкіл өмірінің шұғылалы сәттерін денсаулық саласының гүлденуіне, ана мен бала саулығына, ұрпақ пен ұлттың көбею жолында тынымсыз еңбек еткен. Білікті дәрігер Дауылкөл ауылдық кеңесінде 1951 жылы 5 қазанда дүниеге келген.
Әкесі Төлепберген Өмірбаев, анасы Бәтіш Қабылбайқызы Қызылқұм алқабында мал басын көбейтуге атсалысып, мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек еткен. Ата-анасы жемісті еңбектері үшін бірнеше мәрте аудандық кеңес атқару комитетінің мақтау қағаздарымен марапатталған.
Осындай өнегелі отбасында дүниеге келген жанның өмір жолына зер салсақ, 1959 жылы Ақжар ауылындағы №28 қазақ орта мектебінің 1-ші сыныбына барып, 1969 жылы Т.Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектепті бітірді. 1 жыл Қуаңдариядағы №186 орта мектепте аға тәлімгер болып жұмыс істейді.
Тұлымшағы желбіреген жас қыз онжылдықты бітірісімен бала арманын қанат қылып, өзінің жүрек қалауымен дәрігерлікті таңдаған. Осылайша ол 1970 жылы Ақтөбе қаласындағы медицина институтына түсіп, армандаған мамандығының тереңіне бойлайды. Институт қабырғасында жүріп өзінің жан-жақты белсенділігін көрсетіп, 1976 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, акушер-гинеколог мамандығын алып шығады. Еңбек жолын аудандық емханада дәрігер болып бастап, әйелдер кеңесі, перзентхана, гинекология бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады.
–Менің өмір жолымда үнемі жақсылар мен жайсаңдардың жүргеніне шексіз ризамын. Шүкір, жақсы ұстаздар мені еңбек жолымда білмегенімді үйретіп демеді, дәрігерлік мамандықтың құпиясына қанықтырды. Олардың қатарында акушер-гинекологтар Г.Наурызбаева, Б.Қалымбетова, А.Елемесова, А.Төрешбаев, Р.Кәрібаева, Г.Төралиева, хирург Н.Оңайсыновтар бар. Осындай аға буынның үздіксіз тәлім-тәрбиесінің, үздік тәжірибесінің арқасында еңбек жолын аудандық емханада дәрігер болып бастап, әйелдер кеңесі, перзентхана, гинекология бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерінде абыройлы еңбек еттім. Бүгінде құрметті еңбек демалысындағы зейнеткермін. Алайда зейнеттемін деп қол қусырып отырмай, өз тәжірибемді жас дәрігерлерге үйретумен келемін, – дейді ол.
Иә, осынау өмір тармағында кейбір жандардың пешенесіне осындай жоғары бақ пен биік абырой бұйырады. Бірақ оның бәрі әсте ерен еңбек, жоғары жауапкершілік, өз мамандығына деген құрметпен келеді. Өзі еселі еңбек еткен жылдары ақ халатты мейірімді жан талай нәрестенің кіндік анасы болып, көптің ыстық ықыласы мен батасын алған. Сол аналардың лебізін тыңдау да бір ғанибет!
Нұржамал Бектайқызы, Ақжар ауылының әкімі «Алтынкүл дәрігер менің үш баламның кіндік анасы. Ол кісіге алғысым шексіз. Бүгінде 1993 жылы дүниеге келген Нұржан қазір – инженер, 2000 жылғы егіздерім Нұрсұлтан – юрист, Ерсұлтан – экономист. Бұны неге жазып отырмын? Себебі, олардың бойында осы дәрігердей аңқылдаған ақжарқын, жүрегі даладай жанның жылы алақанының, ақжолтай таза пейілінің табы бар деп білемін» десе, дәрігердің шәкірті Әсем Мерекова «Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет бола білген жан ол – Алтынкүл Төлепбергенқызы. Менің денсаулық саласындағы ұстазым. Қармақшы ауданының көптеген балаларының кіндік анасы, акушер-гинекологтардың ардақты ұстазы, ақылшы, сыртта жүрсе де акушерлік салаға тілеуші, тілекші. Құлаған жанды жылы сөзімен демей білетін, аналық ақылын айта білетін сондай ақкөңіл, ақжарқын, маған акушер саласының әліппесін үйреткен, қызығушылығымды арттырған, тұлға болуға баулыған ерекше жан. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белесінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей болып, үлкен әулеттің ақылшысы, тілекшісі, алтын діңгегі болып отыр» дейді ол.
Иә, «көп тілегі – көл» деген бар ғой. Мұндай алғыс пен батаны қармақшылық аналардың атынан білікті дәрігер, адам жанының арашасысы Алтынкүл Төлепбергенқызы үнемі естіп келеді. Шынында жақсы сөз – жан шырағы, көңіл биігі.
Халықтың риясыз көңілінен шыққан ақ батасы қабыл болып, Алтынкүл апамыз бүгінде құрметті еңбек демалысына абыроймен шығып, үлкен әулеттің отанасы, әзиз әжесі болып, жолдасы Ибракім Тасқараев екеуі 4 перзент тәрбиелеп, одан немере сүйіп, ұлағатты ошақтың түтінін түтетіп отыр. Отағасы Ибракім аға болса инженер-гидротехник, эколог, «ҚР Қоршаған ортаны қорғау саласының үздігі», «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы».
Ел ардақтысы, алтын қолды дәрігер Алтынкүл Төлепбергенқызының медицина саласында ұзақ жылдар еткен еселі еңбегі жоғары бағаланып, ол аудандық, облыстық, республикалық денсаулық сақтау саласының мақтау грамоталарымен, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісін өңіріне тақты. Былтыр облыстық перинаталды орталығының 80 жылдығының мерекелік медалін иеленді.
Дәрігердің алақанының жылуын сезініп, өмірдің алтын қақпасын ашқан әрбір сәби мен ана өз ісінің шебері, мейірімді жанға өздерінің жүрек түкпіріндегі алғаусыз алғысын жеткізуде. Ал дәрігердің ізгілікке толы жүрегі елі деп еміреніп тұр. Бәлкім дәрігер бақыты деген осы болар!

Гаухар ҚОЖАХМЕТОВА
20 қараша 2021 ж. 859 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031