Тылдан түлеп шыққан түлек еді...
НҰРТАЙ АҒАМЫЗ ЖҰМЫСҚА ТҰРҒАНДА ҚЫСТЫҢ БАСЫ БОЛАТЫН. ЯҒНИ, 1944 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАН АЙЫ ЕДІ. СОНДА ОЛ АЛТЫ АЙДАН КЕЙІН КЕҢЕС ӘСКЕРЛЕРІНІҢ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕТІНІН БІЛІП ПЕ ЕКЕН... ӨЗІ СОЛ КЕЗДЕ ЖҰМЫСҚА ӘРЕҢ ТҰРДЫ, ЖАСЫ ДА ЖЕТПЕЙ, НЕБӘРІ ОН ТӨРТТЕ БОЛАТЫН.
Ересек жігіттер, ағалары, жарамды деген ер азаматтар түгелімен Отан қорғау жолында неміс басқыншыларына қарсы соғыста жүр. Бұлар енді сол ағаларына азды-көпті көмек қолын созып, елден қажет деген сұраныстарын жеткізуге күш салмақ.
Алғаш рет темір жол мекемесінің басшылығына жолыққан Нұртай Штатбаев кеңседен көңілі толмай шыққан. Жас балаға не сынақ керек, «бұған ананы істеу керек, мынаны көрсетуің қажет» деп, біраз тапсырмаларды алдына тартты. Жастық жігер қойсын ба, бұл да текетіресіп, теміржол бойындағы шпалдарды ауыстыруға икемденіп, рельс ұштарын түзеуге күш салды. Ә дегеннен, бригадир, жол шеберлерінің көзіне шалынған жас бірден сынақтан сүрінбей өтті. Сынақ қорытындысымен мұны жол бойын жағалап жүріп, рельс ақауын іздестіруші мамандығына қабылдады.
Тылдағы елдің жайы мәз емес. Соғысып, қар бетінде сұлап жатқан солдаттың халі боса да мүшкіл. Бұл кезде тыл да, майдан да бір мақсатпен, ортақ мүдде жолында бар қиындыққа төтеп беріп жатқаны белгілі. Ел басына түскен қиындықтарды жыбырлаған жан қабырғасы қайыса бірге көтерумен әлек. Еңкейген қария мен он үш-он төртке толған бозбала шаруа қамымен күн кешер жағдайға тап болды. Әйтеуір жарамды дегендері теміржолда, ауылдағы жалғыз соғыс жарақтарын шығаратын зауытта, ауылшаруашылығы алаңдарында жұмыс жасауға құлшыныс жасады. Басы бос жан жоқ, кеудесінде жаны бар жандар қолынан келген бір істі тындыруға дайын, ол да сонау қан майданның солдатымен бірдей күй кешетін, соны сезеді.
Сол бір сәт мұны да ерте есейтті. «Көп көтерген, жүк жеңіл» демекші, ердің жүгін арқалауға дайын болды. Жас болса да, кеудесін намыс оты кернеп, жігері қоза түсті. Осылайша жауапты істерге баруына еріксіз күш қозғау салды. Міне, бұл біз әңгімелеп отырған Нұртай Штатбаев ағамыз болатын.
Он төрттен енді асқан жас балаға сол кездегі теміржолшылар таңырқай қарап, қиындыққа қарсы ұмтыла еңбек етіп жүрсің, осы өмір сені тез есейтіп, ер жеткізгені деп арқасынан қағып қоятын. Бала емес пе, сонда сары бала жұмсаған жаққа қолды-аяққа тұрмай шауып кететін де, жұмысын бітіріп келетін. Қыстың көзі қырауда пәлен шақырым жердің жолын қарап, керекті жөндеу жұмыстарын жүргізу түкке де тұрмады.
Осылайша уақыт өтіп жатты. Күндердің күнінде мекеме басшысы мұны Ақтөбе қаласындағы теміржолшылардың шағын курстық оқу мекемесіне жіберуге қолқа салды. Оған Нұртай бірден келісімін берді.
Бірақ, әзірге осы жұмысшылармен бірге әлде де іс тәжірибесін жинақтау керектігін біліп, оның үстіне соғыстың шарықтау шегіне жақын шақтағы қарбаласта уақытты бос өткізгісі келмеді.
Батысқа қарай жүйткіген эшалондар үсті әскери техникаға толы. Әскери құрамдар тиелген вагондар да ағылып жатты. Мұны сезген жас бала оқуды қоя тұрып, мына жұмысты аяқасты еткісі келмеді. Екі бағытта жүріп жатқан ерсілі-қарсылы пойыздар құрамы қаншама. Қыстың суығына домбыраның қос шегіндей тартылған рельсті солқылдатқан құрамның салмағы шыдата ма. Оның тез істен шығуына көп ретте сол әсер етеді. Міне, Нұрекең бұл істе өзін едәуір епті екендігін аңғартты. Жұмысқа қиын кезеңде алынса да, жауапкершілікті жақсы түсіне білуінің арқасында өз ісінің шебері атанды. Бір жыл ішінде теміржол бақылаушысы ретінде жаңа жұмысқа көтерілді. Қариялар мен қыз-келіншектер бригадасын басқаратын болып, ақаулы рельстерді ауыстыратын күрделі істерді қолға алды. Осылайша қиын сәттерде балалық шақты жоғалтып, өмірдің өзі есейткен кезеңде жауапкершілікті де қолға алуға болатынын ойлап білді. Кіші басымен үлкендерге ақыл айтып, жол сілтеумен болды. Өмір майданында жүріп, білмеген тұстарын аңғарып, тәжірибесін ұлғайта түсті.
Осы салада жүргеніне алты жыл өткенде ғана баяғы басшысы айтқан оқу жайын қолға алуды ойлады. Сөйтіп, 1950 жылы Ақтөбе қаласындағы теміржолшылар оқуына түсіп, теміржол бригадирі курсын бітіріп шықты. Алты айлық курс болса да бұрынғы тәжірибесіне ұштасып, мамандықтың қыр-сырын игеруге бұл толықтай ықпал етті. Соның нәтижесі ғой, Нұрекеңді нағыз маман ретінде таныған Жосалы теміржол бөлімшесінің бастығы оны Ордазы карьеріне баратын теміржолға жол шебері қызметін ұсынды.
Жиырмаға толған балаң жігіт бұл іске тек басшылық жасаумен тынған жоқ, бригада мүшелерінің біркісідей жұмыс жасауына, олардың отбасы жағдайларының тұрақты болуына да күш жұмсады. Олармен бірге жұмыс істеуі өзін қанша қызықтырғанмен бір ойы карьердегі тас тиеуші алып техникалардың жұмыс істеуінде болды.
Карьердегі алып экскаватордың ауыр құрамды әп-сәтте тиеп шығатынына қызыға қарап, экскаватор машинистерінің қажырлы істеріне көп тамсанатын, айналшықтап қастарынан шықпайтын-ды. Бірде оған сондағы экскаватор машинисі Алексей Викторович Наставица қолқа салды.
– Машинист болғың келе ме, – деді ол төтесінен.
– Иә, – деген жас жігіт әу баста қызығып жүрген техникаға қалай қол жеткізерін білмей, бірден келісімін берді. Келешектегі арманы сол Алексейдің қолында тұрғандай сезінді.
Бұл 1953 жылдың көктемі болатын. Осы жылдан бастап украин жігітінің қарауында болып, оның іскерлік шеберлігін үйренді. Тіпті, уақытпен санасуды білмеді. Күндіз-түні вагондарға тас тиеумен жүріп, басқаны мүлдем ұмытқандай болды. Алып техниканың тілін жетік меңгеріп, енді оны қалай баптап-күту керектігін еске тоқып алды. Теміржол экскаваторында он жыл еңбек еткен кезеңде жер қазу жұмысында, жол бойындағы паровоз шлагін жинауда біршама шеберлігімен көрінді.
1963 жылы Жосалы кентінде жаңадан бір құрылыс бөлімшесі бой көтере бастады. Ол аудан шаруашылықтарында су жолдарын дайындау, егістік алқаптарын тегістеу үшін жасақталып жатқан механикаландырылған колоннаның тұңғыш ошағы еді. Жаңадан салынып жатқандықтан оның да өзіндік қиындықтары көп қой. Көптеген техникалар: бульдозер, экскаватор, ротор, скрепер, тағы басқа техникалары жетерлік. Тек оларды игеретін мамандар болса ғой, шіркін. Мамандарды шақырып, жарнама жасап жатқан облыстық, аудандық газеттерде хабарландырулар жиі шығып жатты. Радио арқылы да хабарланды. Осы колоннаға сонда бірінші болып келген Нұртай Штатбаев алғашқы бригадирдің санатында болды. Басшылардың сөзін екі етпей орындайтын Нұртай сол кездің өзінде маман қабылдауда еркіндік алып, қалауынша небір жастарды қасына жиып алды.
– Жігіттер, бұл санаулы жылдың жұмысы емес, келешекте жерді инженерлік жүйеге келтіру үшін, гидротехникалық құрылыстар, яғни егістік жерлерді даярлайтын маман ретінде көрінуіміз керек,– деді сонда ол.
– Жайылымдықтар мен шабындықтарды, егістікті меңгеру ұзақ мерзімді бағдарлама. Ауқымды істің қанатты қарлығашы болып, ауданымыздың егіншілік мәдениетін көтеруге атсалысамын деген, жалпы халықтық мүддені көздеген жас қана мына техникаларды меңгереді, – деп сөзін түйіндеді.
– Аға, қасыңызға мені алыңызшы, – деген сонда жас жігіт Өтеш Құдайбергенов. – Туған жерге туымды тігем бе деп келген жігіттің бірімін.
– Мені де... деген жігіттер саны көбейе берді. Артынша Қазақбай Қорғанбаев, Батыр Тоқманбетов, Алтынбек Жүсіпов, інісі Балабек Штатбаев келіп қосылды.
Нұртай Штатбаев алғаш осындай тепсе темір үзетін бес жігітті қасына алды. Бұл сан арада жиырма екі жыл өткенде жиырмаға жетті. Олардың бәрі де өзі сияқты кеуделері орден, медальға толы нағыз мамандар қатарына ілікті. Бұларды іскер еткен осы мақтаулы механизатор, «Құрмет», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегері Нұртай Штатбаевтың ұстаздық қасиеті болатын. Нұрекеңнің алмаған марапаты қалмаған шығар. Кезіндегі бірнеше бесжылдықтар, социалистік жарыстардың жеңімпазы, Бүкілодақтық Ауылшаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс медальдарының иегері болды. Жетістігінің бірі ретінде сыйға алған жеңіл автокөлігі де бар. Облыстық, аудандық кеңестерге бірнеше мәрте депутат болып сайланды.
Нұртай Штатбаев Жосалы кентіндегі №30 жылжымалы мехколоннада еңбек еткен жылдары ішінде қаншама шәкірт тәрбиелеп, жас мамандарды өз қолынан түлетті. Солардың ішінде өз балалары, Ақылбек пен Бердібек те бар, інісі Балабек өз алдына бір төбе. Бәрінің де жүргізгендері экскаватор, ылғи алдарына жан салмайтын мықты машинистер санатында болды.
Ұлағатты әке атанған Нұртай зайыбы Жібек апамызбен бірге тату-тәтті өмір сүріп, бес бала тәрбиелеп өсірді. Жібек апамыз ұзақ жылдар бойы Жосалы жұмысшыларын жабдықтау кәсіпорнының асханасында аспазшы болды, ол да халықтың қошеметіне бөленіп, тиісінше марапатқа ие болған жан.
Екі ұлы мен үш қызынан бірнеше немере сүйді. Иә, соғыс ардагерлерімен теңестірілген Нұрекең тылда еңбек етіп, соғыс жылдарындағы бар ауыртпалықты басынан өткерген жанның бірі.
Нұрекеңмен 22 жыл бойы бірге жұмыс істеген колоннаның прорабы Рүстем Боранбаев бір сөзінде: «Ол бақытын еңбектен тапқан жан» деген еді. Расында солай. Аудан көлеміндегі барлық су жолы каналдары мен су қашыртқыларын қазу, тазалау жұмыстарына қолы тимегені жоқ. Тіпті, облыстың Шиелі, Арал аудандарына барып та канал қазған кездері көп. «Бұл кезде інісі Балабек екеуі бір ауысымда кезекпен істеп, бар тапсырманы артығымен орындайтын, сөйтіп айлық жоспарларын үнемі 130-150 процентке дейін жеткізіп отыратын» деп еске алады прораб ағамыз. Сонымен қатар, ол облыстың таңдаулы құрылысшысы, «КСРО Су шаруашылығы министрлігінің үздігі» атақтарына ие болған ең құрметті жан.
Соғыс кезінде, одан кейінгі Кеңес одағы тұсында, Тәуелсіздік алған жылдары еліне ерен еңбегімен көрінген ұлағатты әке Нұрекең, анамыз Жібек те қазір ортамызда жоқ. Ұл-қыздары Ақылбек, Сәуле, Бердібек, Жанат, Жанымкүлден он төрт немере, жиырма шөбере бар. Олардың бәрі түрлі салада еңбек етеді. Белгілі маман иелері, айталық, бір немересі – Қарлығашы Алдашбай ахун ауылында мәдениет саласын басқарады, Мұраты банкте, кейбірі дәрігеркардиолог, экономика, мұнай саласында жауапты қызметтер атқарып жүр. Ал, балалары ішінде Ақылбегі мен Сәулесі ата-ана жолымен ізін басып, бүгінде зейнеткерлікте.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, оңтайландыру жылдары жоғарыдағы жылжымалы мехколонна да, апамыз еңбек еткен Жосалы жұмысшыларын жабдықтау мекемесінің асханасы да жабылып қалды, ол кісілермен қатарлас, бірге істегендерінің көбісі марқұм болып кетті. Тірі болса, бүгінде кейіпкерлеріміз Нұрекең мен Жібек апамыз тоқсаннан асып кеткен қариялар қатарында болар еді.
Біз бүгін сол кісілерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында осы мақаланы жарыққа жария еткіміз келді. Бұл да бәлкім, кішілік, кісілік болар...
Төребай КЕНЖЕБАЙ